Жетекшілік хадисы 6
Исламның ұлық пайғамбары мен хазірет әулетінің нұрлы хадистеріне арналған бағдарламаның келесі бөлімін ұсынамыз. Өткен бағдарламада Құран мен рауаяттардағы ойлану мәселесіне тоқталдық.
Бүгін де ойлану мен ақылға салу туралы мәселелерді баяндауды жалғастырамыз. Исламдық дереккөздерде ақыл мен даналық туралы көп айтылған. Бұл рауаяттардың көбісі ислам дінінің А...ны тану, адамның бақыты мен құтқарылуын оның ақылымен байланыстырады. Хадистердің ең маңызды жинағы болып саналатын «Усуль Кафи» кітабының бірінші бөлімі ақыл мен надандыққа арналған. Аталмыш кітапта имам Әли (ғ.с.)-ның төмендегі сөз келтірілген: «Жебірейіл хазірет Адамға түсіп: «Мен саған үш нәрсені ұсынуға міндеттімін, сен солардың арасынан біреуін таңдауың керек»,-деді. Хазірет Адам: «Олар не?»-деп сұрады. Жебірейіл: «Ақыл, ұят және дін»,-деп жауап береді. Хазірет Адам: «Мен ақылды тандаймын» дейді. Жебрейіл ұят пен дінге: «Одан кетіңдер, өз жолдарыңмен жүре беріңдер» дейді. Олар болса: «Біз барлық жерде ақылмен бірге болып, одан бөлінбеуге міндеттіміз» дегенде Жебрейіл: «Ондай болса, міндеттеріңді орындаңдар»,-деп аспанға көтеріліп кетеді». Бұл ақыл және оның ұят пен дінмен байланысы туралы айтылған ең әдемі хикая болар. Өйткені егер ақыл діннен бөлінсе, оңай түрде бұрыс жолға түсуі мүмкін. Адамдарды күнәдан алыстататын ұят та білім мен ақыл ағашының жемісі саналады. Шын мәнінде бұл хадис хазірет Адамның терең ойларға ие болуын көрсетеді. Ол ұсынылған үш қасиеттің арасынан ақылды таңдап, соның аясында дін мен ұятын қорғап қалды. Исламда ақыл қабылдаған нәрсені шариғат та қабылдайды деген заң бар. Керісінше, яғни шариғат қабылдайтын нәрсені ақыл да қабылдайды. Сол себепті исламның қасиетті ахкамының негіздерінің бірі ақыл саналады. Имам Садық (ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Ақылы бар адамның діні бар, ал діні бар адам жәннәтқа кіреді»,-деген болатын. Яғни, жәннәт ақылдылардың орны. Имам Садық (ғ.с.) келесі хадистерінің бірінде: «Ақыл – мүміннің белгісі»,-деген. Өйткені түзу ақыл адамға хақты жалғандықтан ажырататын күш береді. Имансыз адам мұндай күш-қуатқа ие емес. Осыған орай илаһи пайғамбарлардың сөздері ақыл мен қисынға сай болады. Біраз адамдар А... елшісінің алдында бір мұсылманды мақтап, мадақтайды. Хазірет: «Оның ақылы қандай еді?»-деп сұрайды. Олар: «А... елшісі, біз оның ғибадаты мен түрлі жұмыстардағы талпыныстары туралы айттық, сіз ақылы туралы сұрап тұрсыз»,-деп жауап береді. Хазірет: «Ақмақтың жасағаны жамандардың күнәсінен жаман. А..Т.. қиямет күні пенделерінің деңгейін олардың ақылына қарай көтеріп, Өзіне жақындатады» дейді. А..елшісінің келесі бір хадисінде: «Адамның ниеті мен дұрыс амалдарын көріп, қанағаттанбаңдар. Оның ақылы мен ойына назар аударыңдар. Өйткені адамның әр амалының сыйы оның ақылына тең»,-деген. Исламның көзқарасынша, ақыл адамның дамып, кемелдікке жетуіне себеп болады. Бірақ адамның А..ға жақындау жолында оны дұрыс жолдан бұрмалайтын кедергілер кездеседі. Солардың бірі – шаһуат. Хазірет Әли (ғ.с.): «Егер адам шаһуатын жеңсе, өзінің ақылдылығын көрсетеді»,-деген болатын. Ашу да дұрыс ойлануға кедергі болады. Имам Әли (ғ.с.)-ның айтуынша, «шынайы хикмет пен ілімнен пайдаланбайтын адам ашу және шаһуаттан ақылы науқасқа шалдыққан жан саналады». Бейқамдық – ақылдың дамуына кедергі болатын келесі себеп. Хазірет Әли (ғ.с.) -ның айтуынша, егер адамның бойын бейқамдық билесе, оның жүрегі мен ақылы өледі. Менмендіктің де рауаяттарда ақылдың дамуына теріс әсер ететіні туралы айтылған. Хазірет Әли (ғ.с.) осы жағымсыз сипат туралы: «Өзін басқадан артық санайтын адамның ақылына нұқсан келіп, ол дұрыс түсіну қабілетінен айрылады»,-деген болатын. Бағдарламаның соңында ақылды адамның дүниеде өз ақылымен кемелдікке жете алатындығын, қияметте одан оның ақылы мен амалына қарай есеп алынатындығын айтқан жөн. Имам Бақер (ғ.с.): «А..Т... қияметте пенделерінен оларға осы дүниеде берген ақылына қарай есеп алады»,-деп айтқан болатын.