Иран ертегілері мен аңыздары (110)
Пайғамбарлар мен олардың ертегі желісіне қатысуы халық ауыз ертегілерінің маңызды мәйектерінің бірі екендігін айттық.
Сондай-ақ, пайғамбарлардың түске еніп немесе өңерінде пайда болып, кейіпкерлерге көмектесіп, оның қиындықтары мен ауруларын жоятындықтарын айттық. Пайғамбарлардың құралдары мен қаруларын иелену де халық ауыз ертегілерінің маңызды мәйектерінің бірі болып табылады.
Кейбір халық ауыз ертегілерінің батырлары мен кейіпкерлері хазірет Сүлеймен, Дәуіт, Қызыр мен Ысмайыл сияқты кейбір пайғамбарлардың көмектесетін сиқырлы қарулары мен құралдарын иеленеді. Бұл құралдар мен қару-жарақтар оларды жеңілмейтін мықты адамға айналдырумен қоса, олардың күрестері мен талпыныстарына діни сипат беріп, кейіпкерлерді пайғамбарлар жолының мұрагері етіп көрсетеді. Кейде ертегіші бір немесе бірнеше пайғамбардың өзі қалаған қару-жарақтары мен құралдарын ертегінің кейіпкеріне мұраға қалдырғанын айтады. Манучехр хан хакімнің «Ескендірнамасында», сондай-ақ, «Хамзанамада» ертегіші осы жайтты бірнеше рет қайталап айтқан. Кейбір жағдайларда кейіпкер осы қасиетті мұраларға қол жеткізуге күш салып, сиқырдың күшін жойып, көптеген қауіп-қатерлерден өтуі тиіс. Соғыс киімі, қарапайым киім, айшанақ, қылыш, тақ, сақина, асатаяқ, Сүлейменнің кілемшесі, таңба мен жылқы – осылардың кейбіреулері пайғамбарлардың қасиетті заттары болып табылады. Ертегілерде осылар жайлы сөз болады.
«Ховарнама» ертегісінде танымал жәуәнмәрт Амру Зимари дұшпаннң әскері орналасқан қосынға тыңшылық жасау немесе шабуыл жасау үшін баратын кезде хазірет Адамның (ғ.) айшанағындағы суды басына құйып, өз кейпін өзгертеді. «Ескендір мен айлакерлер» атты ертегіде де пайғамбарлардың қарулары мен құралдары, соның ішінде Дәуіттің сауыты, Худтың дулығасы, Сүлейменнің тағы Ескендірдің еркіне беріліп, оның жеңіске жетуіне көп көмектеседі. Манучехр хан хакімнің «Ескендірнамасында» Сүлейменнің тәжі, таңбасы, асатаяғы мен кілемшесі ертегінің кейіпкерін отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын етеді. Сондай-ақ, бұл ертегіде кейіпкер Сүлейменің сүрмесін көзіне жағып, диюлар мен перизаттарды көру қабілетіне ие болады.
«Хамзанамада» Хамза садақ жасаушыдан Ысқақ (ғ.) пайғамбардың садағын алады, ал бір бақтан сол хазіреттің аты мен өз ата-бабасы мұраға қалдырған сауыт пен қару-жарақтарды қолға түсіріп, диюлармен айқасады, хазірет Қызырдың (ғ.с.) көмегімен олардың барлығының көзін жояды. Сонымен қатар соғыс алаңына бару үшін пайғамбарлардың құралдарын пайдаланады. Барлық жағдайда бұл пайғамбарлар өздерінің соғыс әбзелдерін Хамзаға мұраға қалдырған. Сондай-ақ, Хамза хазірет Ысқақтың (ғ.) бақтағы құжырада қалдырған қазынасына қол жеткізеді. «Атақты әмір Арсыланда» да хазірет Сүлейменнің (ғ.) қылыштарының бірі – зүмірет тасымен безендірілген қылыш әмір Арсыланның қолына беріледі.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Жавантиғ» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, баяғы өткен заманда бір патша болыпты. Ол бір балаға зар болған екен. Дәруіш оның тілегін орындамақ болып, оған алма беріп: «Осы алманы жеген соң ұлды боласың. Атын «Жавантиғ» деп қойыңдар. Содан соң Құдай сендерге үш қыз береді»,-дейді. Дәруіштің патшаға айтқаны орындалады. Жылдар өтіп, патша қайтыс болады. Қайтыс болар алдында өз ұлына қарындастарының тұрмысқа шығуына қатысты өсиет қалдырады. Жавантиғ әкесінің өсиетін орындайды. Бір күні Жавантиғ сарайдың бөлмелерінің бірінен Челгистің суретін көріп, оған ғашық болып қалады. Дариябор мен Жұлдызшы деген екі досымен бірге кептер мен мысықты және тазы итті ертіп жолға шығады. Ол жолында кезіккен қалалардың халқын дию мен айдаһардың қаһарынан құтқарады, ақырында көптеген қиындықтардан өткеннен кейін бір кемпірдің жолнұсқауымен Челгисті тауып алып, соған үйленеді. Бір күні Челгис өзінің қызметшілерімен бірге моншаға барады. Қызметшілердің бірі абайсызда тарақпен Челгистің бір тал шашын жұлып алады. Сосын Челгис байқап қоймасын деп әлгі бір тал шашты ағашқа байлап, өзенге лақтырып жібереді. Су ағашты Харут пен Маруттың қаласына алып барады.
Сол қала патшасының ұлы өзеннің маңынан өтіп бара жатып, шаш оралған ағашқа көзі түседі. Өзінің нөкерлеріне ағашты әкеліп, бір тал шашты шешіп алуға бұйырады. Шашты ағаштан шешіп алған кезде шахзадаға оның бір әйел адамға тиесілі екенін және ұзындығы 12 кез екенін хабарлайды. Шахзада: «Маған бұл әйел керек. Қайткенде де оны тауып, осында әкеліңдер»,-дейді. Сарайда ұн мен шырынды өте жақсы көретін бір кемпір болыпты. Сол шахзадаға: «Егер құмырамды ұн мен шырынға толтырсаң, саған қызды алып келемін»,-дейді. Шахзада кемпірдің құмырасын ұн мен шырынға толтыруға бұйрық береді. Кемпір құмыраны құшақтап алып, жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып Челгистің үйіне жетеді. Есік қағып: «Жолымнан адасқан кемпірмін. Түнеп шығуға рұқсат беріңдер. Ертең кетемін»,-дейді. «Ішке кір, қанша қалам десең де, еркің»,-дейді Челгис. Кемпір он-жиырма күн сол үйде қалып, Челгистің сеніміне кіреді. Бір күні Челгистің жанында отырып, оның басы мен бұрымынан сипап ұйықтатып отырғанда: «Күйеуің күндіз қайда барады?»-деп сұрайды. Челгис: «Тауға аң аулауға барады»,-дейді. Кемпір: «Онда осыншама байлықты қайдан алдыңдар?»-дейді. Челгис: «Бізде бір Сүлейменнің сақинасы бар. Ол не қаласақ, соның барлығын бізге әзірлеп береді, қайда барғымыз келсе, сонда апарады»,-дейді. Кемпір: «Бұл сақина қайда? Маған көрсете аласың ба?»-дейді. Челгис: «Сақина Жавантиғтің қолында»,-дейді. Кемпір: «Егер күйеуің үйде жоқ кезде бір құрметті қонақ келді дейік, сол кезде не істемексің?»,-дейді. Челгис ішінен: «Кемпір дұрыс айтады. Сақина өзімнің жанымда болғаны жөн»,-деп ойлайды. Кешке Жавантиғ үйге қайтып келгенде Челгис онымен сақина жайында сөйлеседі. Жавантиғ: «Сенің жаныңда болғанының айыбы жоқ. Тек жоғалтып алма»,-дейді. Бір түні Жавантиғ пен Челгис ұйықтап жатқан кезде кемпір Челгистің киімінің қалтасынан сақинаны алып, Жавантиғтің белдігіндегі пышақтың жүзін босатып алып, өзенге лақтырып жіберіп, өзі Челгистің қасына қайтып келіп: «Ей, Сүлейменнің сақинасы, бізді Харут пен Маруттың қаласына апар»,-дейді. Сақина кемпір мен Челгисті Харут пен Маруттың қаласына апарады. Мысық пен кептер және тазы ит есінен танып жатқан Жавантиғтің жанында қалады. Жұлдызшы Жавантиғтің жұлдызының аспаннан көрінбей кеткенін байқайды. Жолға шығып Дариябордың үйіне келіп: «Жавантиғ бәлеге ұшыраған сияқты. Жүр, екеуміз оны тауып алайық»,-дейді. Екеуі Жавантиғтің үйіне жетеді. Сонда мысыққа тіл бітіп: «Сендер пышақтың жүзін теңізден алып шығыңдар. Біз өзіміз Челгистің соңынан барармыз»,-дейді. Кептер мен мысық және ит барлығы бірге Челгисті іздеуге аттанады. Харут пен Маруттың қаласына жеткенде сырнай мен кернейдің дауысын естіп, Челгис пен шахзаданың тойы болып жатқанын түсінеді. Мысық халықтың арасынан өтіп, Челгиске жетеді. Челгис оны танып, сипай бастайды. Кемпір: «Мысыққа қолыңды тигізбе, ауырып қаласың»,-дейді. Челгис кемпірді үйден қуып шығуға бұйрық береді. Мысық кемпірдің соңынан жүріп отырып, бір қирандыға жетеді. Сонда кемпір тойдан ұрлап алған нан мен етті жерге тығып, кетіп қалады. Мысық сол жерде қалған кезде тышқандардың патшасы кемпір тыққан тамаққа келеді. Жалма-жан тышқанды тарпа бас салып, кемпірдің үйіне апарады. Барлық тышқандар жиналып, өз патшаларын мысық жеп қоймауы үшін қам-қарекет жасамақ болады. Мысық: «Егер мына кемпірден менің қожайынымнан ұрлаған сақинаны алып келсеңдер, патшаларыңды босатамын»,-дейді. Тышқандар қанша қараса да, сақинаны таба алмай қояды. Ең соңында бір ақсақ тышқан келіп: «Сақина қазір төбедегі бағандардың үстінде деп ойлаймын. Бір күні кемпірдің сонда бірдеңе жасырып жатқанын көргенмін. Алайын деп едім, таяқпен ұрып аяғымды сындырды»,-дейді. Тышқандар барып, бір түйіншекті алып келеді. Мысық ашып қараса, сол сақина екен. Сол кезде тышқандардың патшасын босатып, өзі тойға қайтып келіп, сақинаны Челгиске береді. Челгис күйеу баладан екі рекет намаз оқып келуге рұқсат алады. Күйеу бала рұқсат берген соң Челгис жайнамазды алып төбеге шығып, сақинаны саусағына тағып: «Ей, Сүлейменнің сақинасы, мені өзің жақсы білетін жерге апар»,-дейді.
Енді Жавантиғ жайлы тыңдаңыздар. Дариябор бүкіл өзенді аралап, пышақтың жүзін тауып алып, судан алып шығады. Сол кезде Жавантиғ есін жиып, Челгисті тосып қалады. Жолға қараған Жавантиғ Челгис пен кептердің, мысық пен иттің сүрініп-қабынып келе жатқандарын көреді. Челгис күйеуіне қарап: «Бұл енді қалатын жер емес. Кел, екеуміз бар мүлкімізді жинап, сенің қалаңа барайық»,-дейді. Жавантиғ келісіп, жол-жөнекей қарындастарына соғып, оларды да өздерімен бірге алып, алдымен Дариябордың үйіне барады. Содан оны да өздерімен бірге ертіп, Жұлдызшының үйіне барады. Сол жерден бәрі бірге Жавантиғтің үйіне барады. Баласын күте-күте қартайып, көзінің нұры тайған Жавантиғтің анасы өз баласын тани алмайды. Челгис енесінің бет-жүзін қолымен сипап, оның көзін сауықтырып, жасартып жібереді. Сол кезден бастап барлығы бірге тату-тәтті ғұмыр кешіпті.