Сәу 26, 2016 16:33 Asia/Almaty

Бүгінгі бағдарламада Шахабеддин Сухравардидің «ешрақ» философиясымен таныстырамыз.

Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған  философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді. Сухравардидің қысқа, бірақ жемісті өмірінен 50 ғылыми еңбек қалған. Оның еңбектері көркем сөз тұрғысынан ерекше  мадаққа ие. Оның туындыларының тілі – шешен де мықты прозалық тіл және Иран әдебиеті тарихының барлық дәуірлеріндегі философиялық прозаның ең үздік үлгісі болып табылады. Доктор сейіт Хоссейн Насрдың пікірі бойынша, «Парсы прозасының мың жылдық тарихында ешкім Сухраварди сынды  философиялық тақырыптарды осыншалықты нәзік те төгілмелі тілмен баяндамаған». Сухравардидің ең маңызды шығармаларының қатарына «Хикмет ул-ешрақ», «Талвихат», «Мұқавемат», «Машаре уа мутарехат», «Партунама», «Хайа кол ән-нур», «Әлвах Эмади», «Ресалат ут-Тейр», «Жебірейіл қанатының әні», «Ағл-е сорх», «Сопылар қауымымен бірге өткен күн», «Ресале фи хале ат-Туфулие», «Ресале фи хақиқат ул-ешқ», «Варедат» және «Тақадисат» жатады. Бұл еңбектердің кейбіреулері парсы тілінде, басқалары  араб тілінде жазылған.

Шейх Шахабеддин Сухравардиді «Шейх  ешрақ» деп атаған, өйткені ол негізін қалаған тәсіл (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақи» тәсілі болды, ал оның хикметі «Ешрақи хикметі» деген атпен танымал.  Ешрақи хикметі – ақыл мен дәлелге ғана сүйенбейтін, керісінше дәлел тәсілін жүрекпен ақиқатты іздеу тәсілімен қатар алып жүретін болмыс туралы пікірталастардың бір түрі. Ешрақи хикметі Сухравардидің Абу Әли Синаның перипатетикалық философиясы, ислами сопылық, ежелгі Иран мен Грекияның философиялық ойлары негізінде тудырған хикметі болып табылады. Ешрақи хикметі – талғамның ісі, яғни дәлелді өзінің негізі әрі қажеттісі деп санайды және рационалдық жүйе мен дәлелдің күшін танымға ұмтылған адамның кемелденуінің бірінші сатысы деп санайды. Шын мәнінде Ешрақи хикметі философия, калам мен дәруіштер үйіндегі сопылық арасындағы маһшар (ғарасат) болып табылады.

Сухравардидің пайымдауынша, ешрақи философы ақылдың дәлелімен тапқан дүниелердің барлығын өз ішінде тәжірибеден өткізуге тырысады. Ол тек дәлелге негізделген философиялық зерттеулерді нәтижесіз, ал рационалдық жүйе мен дәлелсіз атқарылған рухани ізденісті адасуға себеп болады деп санайды.

Сухравардидің көзқарасынша, хикмет – «мәңгілік қамыр», оның негізін Гермес қалаған.  Оның айтуынша, пифагорлықтар, Баязид Бистами және содан соң Мансур Халладж бен Абулхасан Харақанидің ақиқат жолындағы тармағы – осы хикметтің рухани мұрагерлері. Сухраварди ойларының дереккөздері әрқилы. Мысалы, исламға дейінгі Иранның діни-философиялық ойлары – осындай дереккөздердің бірі. Ол ирандық данышпандардың әлемді түсіндірудегі хикметін «жарық пен қараңғылық ережесі» мен жан дүниені тазарту деп біледі. Нұр ұғымына көңіл аудару және оны болмыс ұғымымен алмастыру Сухравардидің хикметін Платон мен Аристотель сияқты грек философтарының ойларынан ерекшелендіріп, оған неоплатондық және діни түсініктермен астасып кеткен  шығыстық-ирандық сипат берді. Сухраварди өзінің ой әлемінде өзін гректерге қарыздар санамай, көне замандардағы және ислам дәуіріндегі ирандық хакімдер мен мистиктерге ықылас аударған.

 «Ешрақи хикметінің бастаулары» атты еңбектің авторы Самад Мувахедтің пайымдауынша, Сухравардидің ирандықтардың көне хикметімен таныс болуы үш түрлі жолмен жүзеге асырылған. Бұл жолдарға Иранның түкпір-түкпірінде тіршілік еткен зәртуштермен байланыста болу және олардың атадан балаға беріліп отыратын тағылымдарын үйрену; сол заманға дейін пехлеви тілінен араб және парсы тілдеріне аударылған кітаптар мен трактаттарды оқу және Иранның нағыз мистикасымен таныс болу жатады. Зерттеушілердің растауынша, ирандық мистиканың зәртуштердің   тағылымдарымен ортақтықтары өте көп. Оны «моғ» (зәртушт абыздары)  әдебиетінен де көруге болады.

Алайда Сухраварди грек философиясын да назардан тыс қалдырмаған, бәрінен бұрын ол Платон мен неоплатонизмнің ықпалында болған. Аристотельдің «Қисыны» мен «Метафизикасын» қолданғанда оларды да неоплатонистік тәсілмен түсіндірген.

Доктор сейіт Хоссейн Наср Сухравардидің парсы тіліндегі еңбектеріне жазған кіріспесінде: «Сухраварди өзін ежелгінің екі дәстүрі, яғни ирандық және грек дәстүрлерінің мұрагері санаған. Оның ойынша, Платон мен Зәртушт, ежелгі Иранның хакім патшалары  мен Грекияның Сократқа дейінгі хакімдері бір ақиқатты баяндап, бір рухани жолдауды түсіндірген. Сухраварди өзін осыны қайта жандандырушы санаған»,-дейді.

Доктор Наср Ешрақи хикметінің ең маңызды қасиеттерінің бірін  ежелгі Иран хикметінің исламдық мистика мен хикметпен араласуы деп біліп, ерекше ешрақи көзқарас тұрғысынан Сухравардидің трактаттарының ең көрнекті тарауын нәпсіге қатысты тарау деп атаған.  

Сухраварди табиғат және оның элементтері жайында ой білдірген өз философиясының бір бөлігінде перипатетик хакімдер сияқты сөйлейді, бірақ «нәпсі» жайлы сөйлегенде оның осы тақырыпқа қатысты көзқарасы перипатетиктерден өзгеше.

Сухравардидің нәпсі мәселесі жөнінде перипатетиктерден айырмашылығы мынада: перипатетик хакімдер (мейлі исламдық, мейлі грек) нәпсі туралы ілімді жаратылыстанудың бір тарауы санайды. Ал Сухраварди нәпсі туралы ілімді теологиялық тақырыптарға жақындатып, денені қалай құтқару және адамды материалдық дүниеден босату туралы сөз сөйлейді.  Ешрақи хикметі тұрғысындағы нәпсі туралы ілім әрдайым Сухраварди хикметінің ең негізгі принципімен қатар жүреді. Мұның өзі түпнегіз теориясы мен перипатетикаға деген сенімнен туындайды. Ол Платонды «Хикметтің имамы» және ешрақи хакімдерінің жетекшісі деп есептеген. Оның көзқарасынша, Платон пікірталас пен дәлелді мистикалық талғаммен жинаған.

Сухравардидің философиясы жарық пен қараңғылықтың ақиқатына негізделген. Сол себепті оның философиясы («жарықтандыру, нұрландыру» деген мағынада) «Ешрақ» деп аталған.

 «Ешрақ» сөзі бір жағынан «нұр және жарықтандыру» деген мағынада, екінші жағынан «Шығыс» деген географиялық бағытқа сілтеме жасайды. Өйткені «Ешрақ» философиясы мистикалық географияға негізделген. Онда Шығыс – таза нұр әлемі немесе періштелер әлемі, материалдық дүниеден абстракциялануға (ада болу) байланысты жердегі тіршілік иесі оны көре алмайды. Сухравардидің философиясында Батыс – толығымен қараңғылық немесе материалдық әлем.

Сухраварди заттардың шынайылығын нұрмен өлшеп, тіршілік иелерінің айырмашылығы олардың нұрлылығының күшеюі мен әлсіреуінде жатыр деп біледі. Шынайы нұр затынан жарық, кез-келген нәрсенің жарықтығы соған байланысты. Сол себепті барлық нәрсе нұрлылықтың көмегімен сипатталады. Абсолюттік болмыс болып табылатын Алла Тағаланың заты – нағыз нұр. Сухраварди Құран Кәрімнен шабыт алып, оны «Нұрлардың нұры» деп атап, қайта тірілуді осы жарыққа толығымен қосылу деп пайымдайды.  

Перипатетикалық (дәлелге сүйенген) философияда тіршілік иелері арасындағы себеп-салдарлық қатынас деп аталған нәрсе Ешрақи хикметінде табиғаттан тыс (метафизикалық) ғашықтық деп түсіндірілген. Яғни, «Нұрлардың нұрының» кәміл нұрдан тұратын өз затына деген ғашықтығы мақұлықтарға да таралады. Болмыстың барлық кезеңі Хақтың нұры, рақымы мен жарылқаушылығы саясында жаратылады.