Там 30, 2022 21:29 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 876-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Фуссиләт" сүресінің 13-14-аяттарына құлақ түріңіздер:

«فَإِنْ أَعْرَضُوا فَقُلْ أَنذَرْتُکُمْ صَاعِقَةً مِّثْلَ صَاعِقَةِ عَادٍ وَثَمُودَ»، «إِذْ جَاءَتْهُمُ الرُّسُلُ مِن بَیْنِ أَیْدِیهِمْ وَمِنْ خَلْفِهِمْ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا اللَّـهَ  قَالُوا لَوْ شَاءَ رَبُّنَا لَأَنزَلَ مَلَائِکَةً فَإِنَّا بِمَا أُرْسِلْتُم بِهِ کَافِرُونَ»

 

Аяттардың аудармасы: (Мұхаммед Ғ.С.) Олар бет бұрса: “Сендерге Ғад, Сәмүд елінің басына келген найзағай сияқты апатты ескертемін” де. (13)

Сол уақытта оларға ілгері кейін елшілер келіп: “Аллаға ғана құлшылық қылыңдар” дегенде, олар: “Егер Раббымыз қаласа, әлбетте періштелер түсірер еді. Расында біз сендер арқылы жіберілген нәрсеге қарсымыз” деді. (14)

 

Өткен бағдарламада жер мен көкке қатысты илаһи ғылым мен құдіреттің белгілеріне тоқталдық. Бұл аяттар Алланы теріске шығаратындарға: "Хақтан бас тартып, қырсығу Алланың қаһарына ұшыраудан басқа нәтиже бермейді. Кейбір бұрынғы қауымдар илаһи пайғамбарлардың шақыруын естісе де, олардың кереметтерін көрсе де, оларды теріске шығарды",-дейді. Олар өз қарсылықтарын түсіндіру үшін пайғамбарларға: "Саған иман келтірсін десең, саған көктен түсіп, уәһи беретін періштелерді бізге көрсетуің керек. Ал бұлай істей алмайды екенсің, біз саған және сенің шақыруыңа иман келтірмейміз, кәпір болып қала береміз",-деген. Әрине осындай қыңыр қарсылық илаһи қаһардың түсуіне әкеліп соқтырады. Құдайдың мейірбандығының символы саналатын табиғат олардың қырылуына себеп болады.   

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Пайғамбарлардың міндеттерінің бірі – адамдарға лайықсыз әрекеттердің  салдары туралы ескерту.
  2. Барлық жаза ақыретте берілмейді. Кейбір жазалар осы дүниеде беріледі. Жағымсыз әрі лайықсыз қылықтарымыз осы дүние мен ақыретте өкінуге әкеп соқтырмауына абай болуымыз керек.
  3. Алла тағала адамдарда күпірлік пен ширкке сылтау болмауы үшін пайғамбарлар арқылы дәлелдер келтіреді.
  4. Алланың заңы бойынша, халыққа дәлел келтірілмейінше қарсылар мен теріске шығарушылар жазаланбайды.   
  5. Пайғамбарлар миссиясының басты өзегі халықты бір Аллаға сыйынуға шақыру болды. Сондықтан ешқай пайғамбар халықты өзіне табынуға шақырған емес.

 

"Фуссиләт" сүресінің 15-16яттарына құлақ түріңіздер:

 

«فَأَمَّا عَادٌ فَاسْتَکْبَرُوا فِی الْأَرْضِ بِغَیْرِ الْحَقِّ وَقَالُوا مَنْ أَشَدُّ مِنَّا قُوَّةً  أَوَلَمْ یَرَوْا أَنَّ اللَّـهَ الَّذِی خَلَقَهُمْ هُوَ أَشَدُّ مِنْهُمْ قُوَّةً  وَکَانُوا بِآیَاتِنَا یَجْحَدُونَ»، «فَأَرْسَلْنَا عَلَیْهِمْ رِیحًا صَرْصَرًا فِی أَیَّامٍ نَّحِسَاتٍ لِّنُذِیقَهُمْ عَذَابَ الْخِزْیِ فِی الْحَیَاةِ الدُّنْیَا  وَلَعَذَابُ الْآخِرَةِ أَخْزَى وَهُمْ لَا یُنصَرُونَ»

 

 

Аяттардың аудармасы: Сонда Ғад елі жер жүзінде орынсыз өздерін жоғары санап: “Бізден артық күшті кім бар?”,-деген еді. Олар өздерін жаратқан Алланың олардан көрі күштірек екендігін білмеді ме? Олар, аяттарымызға қарсы келді. (15)

Оларға дүниеде қорлық азабын таттыруымыз үшін өздеріне сәтсіз күндерде суық дауыл жібердік. Әрине ақырет азабы одан да сорлаушы. Оларға көмек етілмейді. 16)

 

Ғад пен Сәмуд қауымдарының аты аталған аяттардың жалғасында олардың күпірлік жасағаны және олардың жаза түрі туралы айтылған. Айта кету керек, Ғад қауымы Арабия түбегінің оңтүстігінде өмір сүрген. Олар жауынгер халық еді. Күш-қуаты зор, байлығы мол еді. Биік жерлерге ғимарат тұрғызатын. Берік қамалдар мен әдемі сарайларға ие еді. Олар өздерін ешқашан жеңілмейтін, бәрінен жоғары қауым санады. Бұл олардың тәкаппарланып, Алла сөзіне мойынсұынбауына себеп болды. Сондықтан өздерін Аллаға шақырған хазірет пайғамбар Һудқа тәкаппарлана: "Аллаға бағынбау азап берілуіне себеп болады деп бізге ескерту жасайтындай сен кімсің? Бізді жеңіп, жойып жіберуге кімнің құдіреті жетеді?"-деді. Олар өздерінің күш-қуаты мен халқының көптігіне масаттанғаны соншалықты, Құдай мен пайғамбарға қарсы шығып, оларды терістеп, наразылық білдірді. Олар өздерін жаратқан Құдайдың олардан әлдеқайда мықты екенін ұмытты. Алла оларды Жаратушы ғана емес, жер мен жеті қат көкті Жаратушы. Жалпы адамның қарым-қабілетін Оның құдіретімен салыстыруға келмейді.  

Қалай болғанда да, Ғад қауымының мойынсұнбауы салдарынан оларға қорлыққа толы азап түсірілді. Бір апта бойы алапат жел соғып, олардың үйлері мен бақтарын қиратып, осы тәкаппар қауымның тіршілігін жойды. Ақырында әлгі салтанатты сарайлар, бай өмір мен мол мал-мүліктен қирандыдан басқа ештеңе қалмады. Бұл – осы дүниенің азабы. Әрине ақырет азабы бұдан да ауыр. Оларға ешкім көмектеспейді.   

  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Тәкаппарлықтан туындаған күпірлік пен теріске шығаруға осы дүниеде де жаза беріледі.
  2. Құдіретім күшті деп тәкаппарлану – әрбір адам мен қоғамға қауіп төндіретін қатер. Олар осы дүниеде қорлыққа ұшырайды.
  3. Табиғи күштер нығмет түсірсе де, азап әкелсе де, Құдайдың бұйрығын орындайды.
  4. Алланың рақымы түскен кездер құтты. Алланың қаһары мен апат түскен шақтар қайғылы әрі қорқынышты.  

 

 "Фуссиләт" сүресінің 17-18яттарына құлақ түріңіздер:

«وَأَمَّا ثَمُودُ فَهَدَیْنَاهُمْ فَاسْتَحَبُّوا الْعَمَى عَلَى الْهُدَى فَأَخَذَتْهُمْ صَاعِقَةُ الْعَذَابِ الْهُونِ بِمَا کَانُوا یَکْسِبُونَ»، «وَنَجَّیْنَا الَّذِینَ آمَنُوا وَکَانُوا یَتَّقُونَ»

 

Аяттардың аудармасы: Ал енді Сәмүд еліне келсек, оларға тура жол көрсеттік; бірақ олар туралықтан көрі көзсіздікті жақсы көрді. Сондықтан оларды қылықтарының салдарынан қорлық азабының найзағайы қолға алды. (17)

Сондай иман келтіріп, сақсынғандарды құтқардық. (18)

 

Бұл аяттарда Ғад қауымынан кейін Сәмуд қауымы жайлы айтылған. Олар Арабия түбегінің солтүстігінде өмір сүрген. Таулардың ортасына мықты үйлер салған, жап-жасыл алқаптары мен нығметке толы бақтары болған. Алла тағала Сәмуд қауымы туралы былай дейді: "Бұл қауымға да басқа қауымдар сияқты жетекшілік жасадық. Хазірет Салихті жетекші болу үшін жібердік. Салих ашық дәлел мен қисынға сүйеніп, илаһи мұғжизалармен оларға келді. Бірақ олар Алла елшісінің сөздерін қабылдаудың орнына теріске шығаруға кірісті. Жүрек көздері соқыр болып қалуды қалағандай, хақты қабылдағысы келмеді". Бұл қауымның қарсылығы надандық пен ақиқатты танымағандықтан емес, қырсықтық пен қыңырлықтан болғандықтан, олар осы дүниеде қорлыққа толы ауыр азапқа душар болды. Жойқын найзағай түсіп, қалалары жанып, жойылып кетті. Жарқылы үрей мен қорқыныш тудырған найзағайдан кейін қатты жер сілкінісі болып, дүние төңкеріліп, қирап қалды. Әрине иман келтіріп, лайықты іс атқарған адамдар кәпірлердің жазасына ортақтаспады. Алла оларды ауыр да қорқынышты азаптан құтқарды.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Күпірлік – жүрек көзінің бітеулігінің белгісі. Күпірлік пен бұрыс жүруге табандылық таныту адам үшін өте зиянды.
  2. Алланың рақымы мен қаһарының өзіндік қағидасы бар. Шын мәнінде ол адамның амалының нәтижесі. Тазалық пен иман – құтқарылудың кілті. Күпірлік пен күнә – жойылудың себебі.

Осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер