Қыр 13, 2022 22:29 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 878-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Фуссиләт" сүресінің 24-25яттарына құлақ түріңіздер:

«فَإِن یَصْبِرُوا فَالنَّارُ مَثْوًى لَّهُمْ  وَإِن یَسْتَعْتِبُوا فَمَا هُم مِّنَ الْمُعْتَبِینَ»، «وَقَیَّضْنَا لَهُمْ قُرَنَاءَ فَزَیَّنُوا لَهُم مَّا بَیْنَ أَیْدِیهِمْ وَمَا خَلْفَهُمْ وَحَقَّ عَلَیْهِمُ الْقَوْلُ فِی أُمَمٍ قَدْ خَلَتْ مِن قَبْلِهِم مِّنَ الْجِنِّ وَالْإِنسِ إِنَّهُمْ کَانُوا خَاسِرِینَ»

 

Аяттардың аудармасы: Егер олар, енді шыдайтын болса, олардың орны от. Олар, кешірім тілесе де қабыл етілмейді. (24

Оларға сыбайластар қостық. (Шайтандарды ерікті қылдық). Сонда оларға алды-артындағы нәрселерді әдемі көрсетті. Сондықтан бұлардан бұрын өткен, жын және адам баласынан болған елдерге берілген азап әмірі бұлардың басына да келді. Өйткені олар, зиянға ұшыраушылардан еді. (25)

Мына аяттарда адамның өміріндегі достың рөлі және жаман адамдармен араласудың салдарына тоқталып, былай делінген: Қиямет күні күнәһарлардың кешірімін қабылдау күні емес. Өйткені олар өз еріктерімен емес, тозақ отын көріп, қобалжығаннан кешірім сұрайды. Сондықтан сабырлық пен төзімділік таныту-танытпауы олардың жағдайына әсер етпейді. Кешірім сұраса да, ештеңе өзгермейді. Олардың орны – тозақ.   

Аяттың жалғасында бұл ауыр азаптың тамыры осы дүниеде ниеті қара әрі пасық достар мен таныстарды таңдау деп аталған. Нашар әрі лайықсыз істер істеп жатқан кезде адамға насихат пен ескерту айтудың орнына жаман әрекеттер жасауға итермелейтін достар шын мәнінде сұрқия істерді әдемі әрі жағымды етіп көрсетеді. Мұндай сұмпайы достар адамдарды жан-жақтан қоршап, олардың ойын орап алатыны сондай, жақсы мен жаманды айырудан қалдырады. Сондықтан оларға ақиқат теріс, сұрықсыз дүниелер әдемі көрінеді. Осылайша нашар дос таңдаудың нәтижесінде адам азғындық шырмауына  түсіп кетеді. Ол осы қате көзқарас негізінде өзінің қазіргі өмірін ғана емес, осы жолды жалғастыру арқылы өзінің болашағын да құртады. Осылайша өзінің құтқарылу жолдарын жабады. Әрине бұл жолды көптеген адамдар жүріп өтті, бірақ тозақтан басқа мақсатқа жетпеді.

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Осы дүниеде бізге тәубе етіп, кешірім алуға мұрсат бар. Ал ақыретте кешірім сұрап, қайта оралуға ешқандай жол жоқ.
  2. Айналамызға нашар әрі бұзылған достардың жиналуынан сақ болу керек. Өйткені олар түрлі тәсілдермен біздің ойымыз бен болмысымызға әсер етеді. Бізді өздерімен бірге тозаққа ала кетеді.
  3. Біздің жаман істерімізді мақтайтын адам шын мәнінде біздің досымыз емес, адам кейпіндегі шайтан. Өйткені ол шайтан сияқты жаман істерді жақсы деп көрсетеді.  
  4. Адамның құлдырауы біртіндеп жүзеге асады. Бірінші кезекте бұзылған достар сұрқия істерді оған әдемі деп көрсетеді. Содан соң адам лайықсыз істерге қуана бастайды. Бұрыс жолын жалғастыра келіп, ақырында зиянкеске айналып, болашағын құртады.
  5. Нашар дос адамға ештеңе бермейді, тек оны осы дүниеде де, ақыретте де құрдымға итереді.  

 

 

 "Фуссиләт" сүресінің 26-28яттарына құлақ түріңіздер:

«وَقَالَ الَّذِینَ کَفَرُوا لَا تَسْمَعُوا لِهَـذَا الْقُرْآنِ وَالْغَوْا فِیهِ لَعَلَّکُمْ تَغْلِبُونَ»، «فَلَنُذِیقَنَّ الَّذِینَ کَفَرُوا عَذَابًا شَدِیدًا وَلَنَجْزِیَنَّهُمْ أَسْوَأَ الَّذِی کَانُوا یَعْمَلُونَ»، «ذَلِکَ جَزَاءُ أَعْدَاءِ اللَّـهِ النَّارُ  لَهُمْ فِیهَا دَارُ الْخُلْدِ جَزَاءً بِمَا کَانُوا بِآیَاتِنَا یَجْحَدُونَ»

 

Аяттардың аудармасы: Және қарсы келушілер: “Бұл Құранды тыңдамаңдар, оқылғанда шуылдаңдар. Бәлкім жеңіске ие боларсыңдар” десті. (26)

Әрине қарсы қелгендерге қатты азап таттырамыз. Сондай-ақ істеген жамандықтарының сазайын береміз. (27)

Міне осы Алланың дұшпандарының сазайы от. Олар үшін онда мәңгілік орын бар. Аяттарымызға қарсы келгендердің жазасы (осы). (28)

 

Бұл аяттарда Меккедегі мүшріктердің пайғамбарға қарсы жасаған қасақана әрекеттерінің біріне тоқталып, былай делінген: Пайғамбар Мекке халқына Құраннан жанға жағымды аяттар айта бастаған кезде кейбір мүшріктер ысқырған немесе қатты дауыстап өлең оқыған. Сөйтіп пайғамбар сөздерінің халықтың құлағына жетуіне, халықтың оған иман келтіруіне кедергі жасауға тырысқан.

Қазіргі таңда бұл қатынас түрлі тәсілдермен жалғасып жатыр. Өйткені дұшпандар Құран тағылымдарының ақиқатынан хабардар болған адамдардың көбі ақиқатқа бет бұратынын біледі. Сондықтан өздерінің ауқымды ақпарат және үгіт-насихат құралдары арқылы және дау-жанжал тудыру арқылы Құран мен исламның ақиқатын әлем халықтарынан жасыруға тырысады. Олар өз мақсаттарына жету үшін тікелей және жанама тәсілдерді пайдаланады. Олар фильм, театр, сурет, карикатура, әңгіме мен роман сияқты құралдар арқылы діни құндылықтарды масқаралайды. Бұл топ, сондай-ақ, дін туралы жалған әрі қате мағлұматтар, айыптаулар мен күдік-күмәндар тарату арқылы исламның келбетіне сызат түсіріп, халықтың оған бет бұруына кедергі жасауды көздеп отыр.

Әрине бұл – осындай жолдармен исламның таралуына тосқауыл қоямыз деп ойлаған дұшпандардың жалған қиялы. Хақтың ерекшелігі сондай, ол кедергілерді бірінен соң бірін жойып, өзіне жол ашып алатыны сөзсіз. Сол себепті күн өткен сайын Құранның ақиқаты әлем халықтарына ашыла түседі.

Әрине адамдарды Алланың аяттарын тыңдаудан мақрұм қалдыратын және басқаларды адастыруды қалайтын адамдарың ауыр жазаға ұшырайтыны анық. Хақтың аяттарын ұдайы теріске шығаратын адамдар – шын мәнінде Құдай мен Оның дінінің дұшпандары. Бұл адамдардың жазасы олардың зиянды әрекетіне сәйкес ауыр болатыны күмәнсіз. Олар үшін тозақтан құтылар жол жоқ.

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Қисынды да дәлелді сөзі жоқ адамдар әдетте түрлі сылтаулармен басқаларды қисынды сөз тыңдаудан мақрұм қалдыруға тырысады.
  2. Құранда айрықша әсерлі тартымдылық бар. Тіпті кейбір аяттарды тыңдау жүректердің Аллаға ынтықтығын арттырады. Сондықтан дұшпандар бұған кедергі жасайды.
  3. Дұшпандар әртүрлі құралдармен, жанжал мен теріс жарнама арқылы Құран мен исламның ақиқатын әлем халықтарынан жасырып қалуға тырысады.  
  4. Хақпен саналы түрде әрі қасақана күрескен адамдар үшін мәңгілік тозақ – әділ жаза.

Бүгінгі бағдарламамыз осымен аяқталды.  Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер