Қаз 22, 2022 01:34 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 880-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Фуссиләт" сүресінің 31-32-аяттарына құлақ түріңіздер:

«نَحْنُ أَوْلِیَاؤُکُمْ فِی الْحَیَاةِ الدُّنْیَا وَفِی الْآخِرَةِ وَلَکُمْ فِیهَا مَا تَشْتَهِی أَنفُسُکُمْ وَلَکُمْ فِیهَا مَا تَدَّعُونَ»، «نُزُلًا مِّنْ غَفُورٍ رَّحِیمٍ»   

Аяттардың аудармасы: “Біз, дүние тіршілігінде де ақыретте де достарыңбыз. Сендерге ол жаннатта көңілдерің көксеген нәрселер бар. Сондай-ақ сендерге не тілесеңдер бар.” (31)

Бұл аса жарылқаушы, тым мейірімді Алла тарапынан бір сыйлық. (32)

 

Алдыңғы аяттардың жалғасында шынайы мүміндердің жүректеріне илаһи періштелердің түсетіні туралы айтылып, «Олар осы дүниеде ғана мүміндерге рухани қолдау білдірмейді, о дүниеде де сенімді дос ретінде оларға көмектесіп, жұмаққа жол бастайды» делінген.

Бұл дүниеде періштелер табанды да мықты мүміндерге хақтың жалғанды жеңетінін айтып сүйіншілейді. Ақыретте де оларды жұмақтағы үлкен илаһи дастарханға шақырады. Онда олар қандай нығмет қаласа, алдын ала дайын болады. Материалдық нығметтер ғана емес, қалаған рухани ләззаттар да олардың ықтиярына беріледі. 

Бұ дүниеде мүміндердің басты міндеті – нәпсіні бақылауда ұстап, нәпсінің асау талап-тілектеріне бой алдырмау. Өйткені ол бұрыс жолға салып, азғыртады. Бірақ ақыретте Құдай бұл шектеулер мен тыйымдардың өтеуін қайтарады, оларға жүректері не қаласа, соны береді. Өйткені жұмақ бұзылып, азғындайтын жер емес. Олар мәңгілік жұмақта Ұлы Алланың қонақасына барады. Қонақ иесі қайырымды да мейірімді Құдай болса, қонақасының меймандары пәк адамдар болады.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1.  Егер мықты мүміндердің бұл дүниеде достары аз болса, періштелер олардың илаһи достары болады. Осы дүние мен ана дүниеде оларды қолдап, қорғаштап жүреді.
  2. Жұмақтың ләззаттары тек материалдық және физикалық талап-тілектермен шектелмейді. Онда адамға ләззат әкелетін кез келген нәрсе бар. Жұмақтықтар үшін рухани ләззат пен қуаныштың орны материалдық ләззаттардан кем емесі анық.
  3. Алланың жұмақтықтарға қатынасы қайырым мен кешірімге негізделген. Бұл Жаратушының оларға шексіз мейірім және кешіріммен қарайтынын білдіреді.

 

"Фуссиләт" сүресінің 33-аятына құлақ түріңіздер:

«وَمَنْ أَحْسَنُ قَوْلًا مِّمَّن دَعَا إِلَى اللَّـهِ وَعَمِلَ صَالِحًا وَقَالَ إِنَّنِی مِنَ الْمُسْلِمِینَ»

Аяттың аудармасы: “Шын! Мен Мұсылмандарданмын.” деп, Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады? (33)

Халықты пайғамбарлардың сөздері мен Құранның аяттарын тыңдаудан мақрұм қалдырып, хақ сөзінің халықтың құлағына жетуіне жол бермейтін адамдарға қарсы мына аятта былай делінген: Кейбір адамдар ізгі сөз және істерімен халықты Құдайға шақырады. Олар «Мұсылманбыз. Мұсылман болғанымызға мақтанамыз» дейді.

Осы аятқа сәйкес ешкімнің сөзі Құдайға шақыратындар мен таухидті жаршылайтындардың сөздерінен артық емес. Олар тілмен шақырғандарын ізгі де лайықты істерімен дәлелдейтін адамдар. Әрине адамның хақты тек өзі танып, әрекет етуі жеткіліксіз, басқаларды да Құдайға шақырып, іс жүзінде Құдайға бас ұрып, оның бұйрықтарын өмірде қолданатынын көрсетуі тиіс.

Осы орайда кейбір адамдар арнайы ден қойып, дінді танып, хақтың рәсімдерін жарнамалауға талпынуы тиіс. Үлемдер мен дінді насихаттаушылардың міндеті – дінді қорғау, Құдайдың құлдарының жүректерінен күдік пен күмәнді жою.  

Әрине олардың іс-шаралары басқалардың мойнынан жауапкершілікті алып тастамайды. Шын мәнінде кез келген адам шама-шарқынша Алланың дініне шақырып, бір Құдайға табынушылықты (монотеизмді) таныстырып, таратуға міндетті.

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Ең жақсы сөз – халықты Құдауға шақыру. Әрине адам Құдайға бас ұратынын іс жүзінде көрсетуі тиіс.
  2. Азан айту – халықты Құдауға шақырудың ең қарапайым үлгілерінің бірі.
  3. Мұсылман болғанымызды, Алла алдында бас иетінізді мақтан тұтайық. Қарсылардың қорлауы мен масқаралауынан қорқып, әлсіздікке бой алдырмайық.

 

"Фуссиләт" сүресінің 34-35-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَا تَسْتَوِی الْحَسَنَةُ وَلَا السَّیِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِی هِیَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِی بَیْنَکَ وَبَیْنَهُ عَدَاوَةٌ کَأَنَّهُ وَلِیٌّ حَمِیمٌ»، «وَمَا یُلَقَّاهَا إِلَّا الَّذِینَ صَبَرُوا وَمَا یُلَقَّاهَا إِلَّا ذُو حَظٍّ عَظِیمٍ»

Аяттардың аудармасы: Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді. (34)

Бұл қасиет; сабыр еткендерге ғана нәсіп болады. Сондай-ақ бұл сипатқа зор несібелілер ғана ие бола алады. (35)

 

Хаққа қарсылар жамандау, жала жабу, келекелеу және түрлі қысым мен қоқан-лоққы жасауға бет бұрады. Демек, қарсыларды хақ жолына шақыру үшін өте төзімді де сабырлы рухқа ие болу керек. Сол себепті Алла осы аяттарда былай дейді: Олар сендермен қарсыласу үшін қате жолдарды қолданса да, сендерге олар сияқты әрекет етуге болмайды. Сендер хақ негізінде әрекет етулерің керек. Ешқашан жамандыққа жамандықпен, сұмпайылыққа сұмпайылықпен жауап бермеңдер. Сендердің тәсілдерің жұмсақтық пен махаббатқа негізделуі тиіс. Сондықтан олардың жөнсіз өткір сөздеріне жұмсақ та қисынды сөздер және ізгі тәсілмен жауап беру керек. Осындай қатынас жалғасса, басқалар іштей өзгеретіні анық. Кек пен жауластық бәсеңдей түседі. Олар сендермен дос болуға ұмтылады.   

Алла елшісі мен оның Әһл-е бейтінің өмірі мен үгіт-насихат тәсілі осы құрани тағылымға негізделген. Олар әрдайым өз қарсыластарымен қатынаста өз сөзі мен қатынасынан ұялмайтындай әрекет еткен. Мысалы, Меккені жаулап алу оқиғасында бір топ мұсылман «Кек аламыз» деп ұрандатқан, бірақ Алла елшісі жалпыхалықтық кешірім жариялады. Пайғамбардың осы таңданыс тудыратын қатынасы жүректерге қатты әсер етті.

Әрине қарсыластармен қатынастың бұл түрі оңай іс емес екені анық. Биік рух, кеңшілік, сабырлық пен төзімділікті қажет етеді. Шындығында адам иман мен өз-өзін қалыптастыру аясында ақлақ тұрғысынан кемелдікке жетуі керек. Ол жылдам кек алуға ұмтылмай, жамандыққа жақсылықпен жауап беруі тиіс.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

1.     Халықты Алла дініне шақырудың практикалық үлгісі – жамандыққа жақсылықпен және лайықты қатынаспен  жауап беру.

2.     Дұшпанмен соғыс сахнасында қарымта жауап беру – дұрыс әрі қабылданатын іс. Алайда коғамдық қатынаста тура өзіндей жауап беріп, кек алу – шыдамсыздықтың белгісі. Тура өзіндей жауап беру қоғамда текетіресті арттырады.

3.     Басқалардың жөнсіз сөздері мен қатынасына төзімділік таныту үшін адам берік иман мен ізгі ақлаққа ие болуы тиіс.  

"Фуссиләт" сүресінің 36-аятына құлақ түріңіздер:

«وَإِمَّا یَنزَغَنَّکَ مِنَ الشَّیْطَانِ نَزْغٌ فَاسْتَعِذْ بِاللَّـهِ  إِنَّهُ هُوَ السَّمِیعُ الْعَلِیمُ»

Аяттың аудармасы:

Ал енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сиын. Өйткені, Ол әр нәрсені толық естуші, білуші. (36)

 

Айта кету керек, сайтанның азғыруы түрлі қалыпта адамға жіберіледі. Мұның дәлелдерінің бірі мынада: сайтан әрдайым адамдар арасында араздық пен кек тудыруды көздейді, адамдар арасында бейбітшілік, жайлылық пен шынайылық орнауына қарсы. Сондықтан Алла тағала осы аятта пайғамбар мен барша мұсылмандарға: «Халықты Алла дініне шақыру жолында жөнсіз сөздерге төзіп, халыққа махаббат пен жанашырлық тұрғысынан сөйлесеңіздер, сайтан сипаттылар қарсыластардың алдында бас имеу керек, керісінше оларға өздеріндей қатынас көрсетіп, оларға тіс сындырарлықтай жауап беру керек деп үгіттейді. Абай болыңыздар, сайтанның мұндай сөздері кейбір достардың аузынан сізге жетуі мүмкін»,-дейді.

Сондықтан ешқашан мұндай сөздерді бойларыңызға дарытпаңыздар. Халыққа жетекшілік ету деген мақсатқа жету үшін нәпсіні белден басып, жөнсіз сөздерге ашуланудың орнына халыққа жұмсақ тілмен сөйлеңдер. Өздеріңді Құдайға тапсырыңдар. Оның саясынан пана табыңдар. Оған сеніңдер. Ол естуші әрі хабардар.  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

1.     Басқалардың жаман ісіне кек алу – сайтанның азғыруы. Басқалардың ісіне жұмсақ әрі жай сөзбен жауап беру – Алланың кеңесі.

2.     Біреуді жаман істер істеуге азғыратын кісі – адам кейпіне енген сайтан.

3.      Сайтанның азғыруынан арылудың жолы – Алладан пана сұрау және тәубе ету.

 

Бүгінгі бағдарламамыз осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер