Қаз 30, 2022 12:26 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 881-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Фуссиләт" сүресінің 37-38-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَمِنْ آیَاتِهِ اللَّیْلُ وَالنَّهَارُ وَالشَّمْسُ وَالْقَمَرُ  لَا تَسْجُدُوا لِلشَّمْسِ وَلَا لِلْقَمَرِ وَاسْجُدُوا لِلَّـهِ الَّذِی خَلَقَهُنَّ إِن کُنتُمْ إِیَّاهُ تَعْبُدُونَ،» «فَإِنِ اسْتَکْبَرُوا فَالَّذِینَ عِندَ رَبِّکَ یُسَبِّحُونَ لَهُ بِاللَّیْلِ وَالنَّهَارِ وَهُمْ لَا یَسْأَمُونَ ۩»

 

Аяттардың аудармасы:

Түн мен күндіз және күн мен ай Алланың дәлелдерінен. Күнге де, айға да сәжде қылмаңдар. Оларды жаратқан Аллаға сәжде қылыңдар; егер Оған құлшылық қылатын болсаңдар. (37)

(Мұхаммед Ғ.С.) егер олар тәкаппарланса, Раббыңның қасындағылар (періштелер), Оны күндіз-түні дәріптеуден жалықпайды. (38)

Өткен бағдарламада басқаларды бір Аллаға табынуға шақыру туралы сөз қозғалды. Бұл аяттарда тарих бойында болған ширктің бір үлгісі туралы айтылып, былай делінген: Күн мен Ай – Алланың жаратылыстары. Қалайша кейбіреулер Күн мен Айды жаратқан Ұлы Аллаға табынудың орнына олардың өздеріне бас ұрады?

Ақиқат мынада: күн мен түн, Күн мен Ай – осының бәрі Жаратушының белгілері саналады. Тыныштық сыйлайтын түн мен жарық беретін күн – қозғалыс пен әрекеттің құралы. Бұл екеуі адамдардың өмірін жүйелі әрі үйлесімді түрде айналдырып тұрады. Егер күн мен түннің әрқайсысы мәңгілік немесе ұзақ уақыт болса, тіршілік иелерінің өмірі бұзылар еді және Жер планетасы тіршілік етуге жарамсыз болар еді.

Күн – осы жүйедегі барлық материалдық байлықтың көзі. Жер планетасындағы тіршіліктің Күнге қарыздар екені күмәнсіз. Жарық, жылу, жел қозғалысы, жауын-шашын, өсімдіктердің өсуі, жемістердің пісуі және тіпті гүлдердің әдемі түстерінің барлығы Күннің болуымен тікелей байланысты. Егер Күн болмағанда, Жер бетінде тірі тіршілік иесі болмас еді. Ай да түрлі тұрақтарда жүйелі қозғалысқа ие, түнде сәуле шашып, далада жүрген жолаушылар мен сахарада жоғалғандарға жол сілтейді.

Осы табиғи құбылыстардың барлығы – Алланың жаратылыстары және Оның барлығының ашық нышандары. Бірақ кейбір адамдар Ай мен Күннің мол берекесіне байланысты аспандағы осы екі жұлдызға бас иіп, оларға табынады. Ай мен Күн өздігінен пайда болды дегенге қандай сау ақыл сенеді? Сендер Ай мен Күнді және бүкіл нығметтерді жаратқан Құдіреттің алдында бас июлерің керек.

Ай мен Күнге табыну өте әдемі картинаны көріп, шебер суретшіні мадақтаудың орнына картинаның алдында тағзым еткенге ұқсайды!

Аяттың жалғасында былай делінген: Бір Аллаға табынуға шақырылғанда ақиқатты іздеген адамдардың бір тобы оны қабылдап, монотеизмге бет бұрады. Ал кейбір адамдар ата-баба сеніміне берік болып, үстемшіл рухты сақтап қалғандықтан хаққа қарсы ұстаным білдіріп, ойланып-толғануға дайын болмай шығады.

Көп адамдар өздерінің қате ойларына табандылық танытқанына ренжімеңіздер, өйткені Аллаға жақын періштелер Оны мадақтап, тасбих айтады және Оған ғибадат етуден ешқашан жалықпайды.     

                           

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Күн мен түннің ауысуы және олардың адам мен басқа тіршілік иелері үшін мол пайдасы – Алланың құдіреті мен хикметінің белгілерінің бірі.
  2. Табиғат пен өмірдің маңызды элементтерін тану – Алланы танудың ең жақсы жолы. Әрине жаратылыстың бастауын танығысы келетін адам үшін жақсы жол болмақ.
  3. Негізі табыну – табиғи іс. Бірақ көп адамдар не нәрсеге табыну керегін анықтауда қателеседі. Пайғамбарлар адамның осы табиғи қажеттілігін дұрыс жолға бағыттауға келеді.
  4. Тәкаппарлық пен ұлылық талап ету – ақиқатты танып, қабылдауға кедергі жасайтын сипаттардың бірі.
  5. Алла өз пенделерінің жалбарынуына зәру емес. Егер бүкіл халық Құдайды ұмытса да, періштелер Оған бас ұрып, күндіз-түні тынымсыз Оны мадақтайды.

 

"Фуссиләт" сүресінің 39-аятына құлақ түріңіздер:

«وَمِنْ آیَاتِهِ أَنَّکَ تَرَى الْأَرْضَ خَاشِعَةً فَإِذَا أَنزَلْنَا عَلَیْهَا الْمَاءَ اهْتَزَّتْ وَرَبَتْ  إِنَّ الَّذِی أَحْیَاهَا لَمُحْیِی الْمَوْتَى إِنَّهُ عَلَى کُلِّ شَیْءٍ قَدِیرٌ»

 

Аяттың аудармасы:(Мұхаммед Ғ.С.) расында жердің құрғап қалғанын көресің. Сонда Біз оған жаңбыр жаудырған мезгілде құлпырып көпсуі Алланың дәлелдерінен. Күдіксіз оны тірілткен Алла, өліктерді де тірілтеді. Өйткені Оның әр нәрсеге толық күші жетуші. (39)

 

Ай мен Күннен кейін бұл аятта Жер мен ондағы құрғақ аймақтар жайлы айтылған. Жаңбыр жауғаннан кейін топырақ нәр алып, құрғақ жерлер гүлдер мен түрлі өсімдіктер жайқалған жап-жасыл аймақтарға айналады.  

Кірпіш пен қыш тақташалардан басқа өнім бермейтін жансыз да құрғақ жерде су жүріп өткеннен кейін түрлі тіршіліктің белгілері көріне бастайды. Жаңбыр жауғаннан кейін жер түрлі өсімдіктер мен ағаштардың өсуіне қолайлы жерге айналады және онда тіршілік пен қозғалыс байқалады.

Шынымен-ақ, жаңбыр тамшыларын жіберіп, өлген жерден осынша тіршілік белгілерін көрсете алатын тағы қандай құдірет бар? Бұл Алланың шексіз құдіреті мен ғылымының белгілері екені сөзсіз. Құдіреті барлық жерде көрінетін Құдай қиямет күні өлген адамдарды тірілте алмай ма? Оның құдіретіне шәк келтіресіңдер ме? Бұлай істеу мүмкін емес деп ойлайсыңдар ма?

Аяттың аудармасы:

  1. Жел, жаңбыр, топырақ пен өсімдіктер сияқты табиғи құбылыстардың барлығы – Алланың шексіз құдіретінің белгілері. Оның құдіретіне күмән келтірген кезде осындай табиғи құбылыстарға назар аударайық.
  2. Алланың құдіретіне күмән келтіру – кейбір адамдардың қиямет күнін теріске шығару себептерінің бірі. Бірақ оларда қиямет күнін жоққа шығару үшін мықты рационалды дәлел жоқ.

 

"Фуссиләт" сүресінің 40-аятына құлақ түріңіздер:

«إِنَّ الَّذِینَ یُلْحِدُونَ فِی آیَاتِنَا لَا یَخْفَوْنَ عَلَیْنَا  أَفَمَن یُلْقَى فِی النَّارِ خَیْرٌ أَم مَّن یَأْتِی آمِنًا یَوْمَ الْقِیَامَةِ  اعْمَلُوا مَا شِئْتُمْ  إِنَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِیرٌ»

 

Аяттың аудармасы: Шын мәнінде сондай аяттарымызда бұрмалаушылық жасағандар, Бізге жасырын емес. Ендеше отқа тасталған біреу жақсы ма? Немесе қиямет күні аман-есен келген біреу жақсы ма? Қалағандарыңды істеңдер. Сөзсіз Алла, не істегендеріңді толық көруші. (40)

 

Халықты Аллаға табынуға шақырып, Ол жайлы баяндайтын пайғамбарлар мен иман келтіргендер алдында халықты дұрыс жолдан тайдырып, адастыратын адамдар тұрады. Олар басқаларды өздері сияқты дінсізге айналдырып, Алла мен пайғамбарлар жолынан алшақтатуға тырысады.

Бұл топ сырттай дұрыс, бірақ алдамшы сөздермен Алланың сөзі мен пайғамбарлардың тағылымдарын ақылға қонымсыз деп тәпсірлеп, адамдарды Алла кітабынан алшақтатуға себеп болуға тырысады. Мысалы, қазір де түрлі құралдармен, әсіресе ақпарат құралдары арқылы халықты дін мен қиямет күніне сенуден бас тарттыруға күш салып жатқан мектептер мен ағымдар бар.

Күмән тудыру арқылы адамдарды хақ жолынан тайдыратын адамдардың жазасы қияметте тозақ оты болары анық. Ал ақиқатты танып, оны қабылдаған адамдар Алланың қауіпсіз саясына алынып, жұмақта қауіпсіздік пен тыныштықта болады.   

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Егер Алла адастырушылар мен адасушыларға мұрсат берсе, Оның хабарсыздығы немесе қапы қалғанының белгісі емес. Жалпы Алланың сүннеті – мұрсат беру. Сонда адамдардың еркі сақталады және тәубе етіп, қайта оралуға мүмкіндік жасалады.
  2. Ақыретте адам үшін ең маңызды нығмет – жан мен тәннің қауіпсіздігі және көңілінің тыныштығы.
  3. Ықтиярға ие болу кез келген нәрсе жасауға рұқсат деген сөз емес. Тек ақыл мен діни ережелерге сай істерді атқаруға болады.

Осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

 

Тегтер