Жел 14, 2022 22:57 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 884-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Фуссиләт" сүресінің 49-аятына құлақ түріңіздер:

«لَّا یَسْأَمُ الْإِنسَانُ مِن دُعَاءِ الْخَیْرِ وَإِن مَّسَّهُ الشَّرُّ فَیَئُوسٌ قَنُوطٌ»

Аяттың аудармасы:

Адам баласы жақсылық тілеуден жалықпайды да, егер оған бір жамандық душар болса, сонда мүлде күдер үзіп, үмітсізденеді. (49)

Имансыз немесе иманы әлсіз адамдар – таяз әрі шыдамсыз адамдар. Мұндай кісілер бұ дүниеде жайлы өмір сүру үшін мал-мүлік пен байлық жинаудан шаршамайды. Қанша жинаса да, көбірек болғанын қалайды. Ешқашан тоймайды. Бірақ егер дүние олардан айналып кетсе, қиыдыққа ұшыраса, зиян тиіп, мұқтаж болса, қатты үмітсізденеді, тіпті дүние ақырына жеткендей болады. Шын мәнінде дұрыс тәрбие көрмеген осындай адамдар материалдық әлемге байланып қалған. Олар істері сәтті жүріп тұрса, мақтаншақ әрі тәкаппар болады. Ал дүние теріс айналса, ұнжұрғасы түсіп, қайғырады.   

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Адамның болмысы жалпы сараң әрі тойымсыз келеді. Өзіне бар жақсыны қалайды. Ал пайғамбарлардың тағылымдары адамды барымен бөлісуге, жанпидалыққа, басқаларды ескеруге тәрбиелейді.
  2. Өмірде үмітсіздікке бой алдырып, тығырыққа тірелгенін сезген адамның иманы әлсіз, өзі шыдамсыз келеді. Шынайы мүмін ешқашан үмітін үзбейді.  

 

"Фуссиләт" сүресінің 50-51-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَئِنْ أَذَقْنَاهُ رَحْمَةً مِّنَّا مِن بَعْدِ ضَرَّاءَ مَسَّتْهُ لَیَقُولَنَّ هَـذَا لِی وَمَا أَظُنُّ السَّاعَةَ قَائِمَةً وَلَئِن رُّجِعْتُ إِلَى رَبِّی إِنَّ لِی عِندَهُ لَلْحُسْنَى فَلَنُنَبِّئَنَّ الَّذِینَ کَفَرُوا بِمَا عَمِلُوا وَلَنُذِیقَنَّهُم مِّنْ عَذَابٍ غَلِیظٍ»،

«وَإِذَا أَنْعَمْنَا عَلَى الْإِنسَانِ أَعْرَضَ وَنَأَى بِجَانِبِهِ وَإِذَا مَسَّهُ الشَّرُّ فَذُو دُعَاءٍ عَرِیضٍ»

Аяттардың аудармасы: 

Ал егер оған шалдыққан бейнеттен кейін өзіне жанымыздан мәрхамет етсек: “Бұл менің ақым; тіпті қиямет-қайым боларын да ойламаймын” дейді. Мүбада Раббыма қайтарылсам да сөзсіз мен үшін Оның жанында тағы жақсырағы бар” дейді. Әлбетте осындай қарсы болғандардың не істегендерін түсіндіреміз. Сондай-ақ оларға азаптың ауырын таттырамыз. (50)

Қашан адам баласына бір нығмет берсек, бет бұрады да өз жағына қыңыраяды. Қашан оған бір сұмдық душар болса, сонда ол, көлемді түрде жалбарынады. (51)

 

Алдыңғы аяттарда қуаныш пен қайғы кезіндегі имансыз немесе иманы әлсіз адамдардың ерекшеліктерін баяндадық. Бұл аяттарда осы тақырып кеңірек қарастырылып, былай делінген: Бұл адамдар тәкаппарлыққа бой алдырған. Тәкаппарлық адамға өз өмірінде Құдайды көруге мұрсат бермейді. Оларға берілген нәрселердің барлығы – Құдайдың нығметтері. Бұған қарамастан, Оның нығметтеріне шүкір етудің орнына олар: "Мен лайықты болғандықтан осындай нәрселерге қол жеткіздім. Құдай немесе басқалардың бұған қатысы жоқ",-дейді. 

Тәкаппарлық ақыр соңында адамды Жаратушыны жоққа шығаруға алып келеді. Сондықтан олар қиямет күнін жоққа шығарып, астамдықпен: "Қиямет күні болмайды. Ал бола қалған күннің өзінде онда да менің жағдайым жақсы болып, жайлы да ыңғайлы орналасуға қақым бар",-дейді. Алайда Құдай мұндай бейбастақ адамдарға: "Біз жуырда оларды істеген істерінен хабардар етеміз. Қиямет күнінде оларға ауыр азаптың дәмін таттырамыз",-дейді.  

Аяттардың жалғасында имансыз немесе иманы әлсіз адамдардың басқа бір ерекшелігі атап көрсетіліп, былай делінген: олар әл-ауқаттары жақсарғанда Құдайды ұмытып кетеді, діни тағылымдардан теріс айналады. Тіпті Құдайға сенбейтіндей көрінеді, Құдай олардың өмірінде ешқандай рөл ойнамайтындай жүреді. Бірақ түрлі қиыншылық туындағанда Құдайды шақырып, үсті-үстіне дұға оқиды. Олардың қиыншылығына Құдай себепкердей Оны өршелене шақырады.

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Дұрыс тәрбие көрмей, жолынан адасқан адамдар шыдамсыз әрі тәкаппар келеді. Олар нығметке жетсе, тәкаппарлық пен мастыққа ұшырап, тек өздерін ғана көреді.
  2. Алланың нығметтері біз  лайықты болғандықтан берілетін дүние емес. Олар Жаратушының мейірімі мен рақымының белгісі. Біз Құдайдан ештеңе талап ете алмаймыз. Бірақ Оған қарыздармыз. Оған шүкір етіп отыруымыз керек.
  3. Билік, байлық пен материалдық мүмкіндіктерге ие болу Құдай алдында қадірлі болу дегенді білдірмейді. Мұндай адамдар Қияметте де жақсы жағдайға ие боламыз деп күтпеуі керек.
  4. Әл-ауқатымыз жақсы кезде Құдайдан ғапыл қалудан сақтануымыз керек. Оның бұйрықтарын естен шығармайық. Болмаса, нығметтер жаза мен сынаққа айналады.  

 

 

"Фуссиләт" сүресінің 52-54-аяттарына құлақ түріңіздер:

«قُلْ أَرَأَیْتُمْ إِن کَانَ مِنْ عِندِ اللَّـهِ ثُمَّ کَفَرْتُم بِهِ مَنْ أَضَلُّ مِمَّنْ هُوَ فِی شِقَاقٍ بَعِیدٍ»، «سَنُرِیهِمْ آیَاتِنَا فِی الْآفَاقِ وَفِی أَنفُسِهِمْ حَتَّى یَتَبَیَّنَ لَهُمْ أَنَّهُ الْحَقُّ أَوَلَمْ یَکْفِ  بِرَبِّکَ  أَنَّهُ عَلَى کُلِّ شَیْءٍ شَهِیدٌ»،«أَلَا إِنَّهُمْ فِی مِرْیَةٍ مِّن لِّقَاءِ رَبِّهِمْ أَلَا إِنَّهُ بِکُلِّ شَیْءٍ مُّحِیطٌ»

Аяттардың аудармасы:

(Мұхаммед Ғ.С.): “Көрдіңдер ме? Я, осы Құран Алланың қасынан келген болып, сосын оған қарсы келсеңдер, ол ұзақ қайшылыққа түскен біреуден артық адасқан кім бола алады?” (52)

Құранның мүлде шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе? (53)

Абайлаңдар! Расында олар Раббыларына жолығудан күдіктенуде. Көңіл бөліңдер. Әрине Алла әр нәрсені толық меңгеруші. (54)

Мүшріктер мен кәпірлер жайлы айтылған аяттардың жалғасында былай делінген: Сендер Құран Құдай тарапынан түсірілгеніне сенбейсіңдер ме? Сонша неге қарсы шығасыңдар? Егер бұл кітап Құдай тарапынан болса, жұмақ пен тозақ туралы жазылғаны шын болатын болса, сендер қияметте не істейсіңдер? Сондықтан аздап ойланыңдар, ата-бабаларыңа еліктеуден және жөнсіз фанатизмнен бас тартып, шындыққа бет бұрыңдар. Содан соң былай дейді: Әлемде және адамдардың ішінде Құдайдың барлығын білдіретін белгілер өте көп. Құдайдың хақ екенін анықтау үшін неге бұған көңіл бөлмейсіңдер? Шариғат кітабына шәк келтіресіңдер. Табиғат кітабына да күмән келтіресіңдер ме? Бұл ғалам дана әрі құдіретті Жаратушыны қажет ететіні белгілі емес пе?

Нақты жүйемен жаратылған Күн, ай мен жұлдыздар, күнде жаңа құпиясы ашылатын сансыз таңғажайыптарға толы теңіздер мен таулар, түрлі жануарлар, өсімдіктер – осының барлығы Құдайдың пәк болмысының хақ екенінің белгілері.

Сондай-ақ, адамның денесіндегі әртүрлі ағзалар, соның ішінде тыныс алу жүйесі, ас қорыту жүйесі, қан айналым жүйесі, жүректің жүйелі қағысы, мидың құрылысы және т.б. Жаратушыны тануға берілген бір-бір кітап бола алады.

"Өзімізді аяттарда көрсетеміз" деген сөйлемге назар аударсақ, осы шақ қолданылған. Бұл жалғастықты білдіреді. Яғни келешекте де өз белгілерімізді көрсетеміз. Шын мәнінде адам ғылымда бір қадам жасаған сайын бір таңғажайып құпияның сырын ашады. Бұл Жаратушының білімі мен қуатын білдіреді. Басқа сөзбен айтқанда, әрбір ғылыми жаңалық – Құдайдың құдіреті мен хикметінің көрінісі, Оны тануға қарай бір қадам. Алайда өкінішке қарай, бұл адамдар болмыстың басталуына да шәк келтіреді және болмыстың соңына және Жаратушымен кездесуге де күмәнмен қарайды. Әрине олардың күдік-күмәні зерттеп-тексерген соң жойылатын табиғи күмән емес, Хақ пен ақиқатты қабылдауды қаламағаннан туындаған күдік болып отыр. Олар ғапылдық пен тәкаппарлыққа ұрынып, Жаратушымен кездесетінін ұмытқаннан кейін амал кітабы таразыға салынып, жаза алатындарына сенбейді. Сондықтан кез келген сұрқия да сұмпайы іске қол салады. Бірақ Құдай барлық нәрсені көріп отырғанын білуі керек. Олардың барлық сөздері мен істері амал кітабында айқын жазылған. Олардың істері Қиямет сотында қаралу үшін тіркеліп, сақталады.  

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Ақылды адам алдында үлкен қатер мен зиян барын болжаса, абайлайды. Ықтималды зарардан алшақ болуға тырысады. Тіпті қияметтің болу ықтималы да адамды күнә мен жаман істер жасаудан бас тарттыруы тиіс.
  2. Бүкіл ғалам, адамдар мен басқа тіршілік иелері, соның ішінде өсімдіктер мен жануарлар, аспан мен жер, жұлдыздар мен алыс галактикалар – Құдайтану пәнінің сыныбы.
  3. Жаратылыстың басталған және аяқталар күндеріне сену бір-бірінен бөлек емес. Өйткені ғаламның басталуы мен аяқталуы бір Алланың қолында.

Осы аяттардың тәпсірімен "Фуссиләт" сүресі аяқталды. Келесі бағдарламада "Шура" сүресін бастаймыз. Оған дейін баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер