Ақп 05, 2023 23:35 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 887-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Шура" сүресінің 11-12-аяттарына құлақ түріңіздер:

                         

«فَاطِرُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ جَعَلَ لَکُم مِّنْ أَنفُسِکُمْ أَزْوَاجًا وَمِنَ الْأَنْعَامِ أَزْوَاجًا  یَذْرَؤُکُمْ فِیهِ  لَیْسَ کَمِثْلِهِ شَیْءٌ  وَهُوَ السَّمِیعُ الْبَصِیرُ»، «لَهُ مَقَالِیدُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ یَبْسُطُ الرِّزْقَ لِمَن یَشَاءُ وَیَقْدِرُ  إِنَّهُ بِکُلِّ شَیْءٍ عَلِیمٌ»

Аяттардың аудармасы:

Көктер мен жердің жаратушысы; сендер үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, хайуандар үшін де жұптар жаратушы. Өстіп сендерді өсірді. Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші. (11)

Көктер мен жердің (қазыналарының) кілті Оған тән. Кімді қаласа, несібесін кеңітеді де шамалайды. Өйткені Ол, әр нәрсені толық білуші. (12)

 

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Құдай – адамдардың шынайы билеушісі әрі жетекшісі. Бірақ кейбір адамдар Алланың билігін қабылдағысы және оның заңдары мен бұйрықтарын орындағысы келмейді. Мына аяттарда былай делінген: Ол аспан пен жерді жаратқан. Оларды басқарып тұрған жүйені Ол ойлап тапқан. 

Жаратушы құдіретінің бір белгісі: Адамдарға өз түрінен жұп жаратты. Олар бір жағынан адамдардың рухы мен жанын тыныштандырады, басқа жағынан ұрпақ жалғастырып, әулетті сақтауға көмектеседі. Құдай адамдармен қоса, жануарлар мен басқа да тірі тіршілік иелері арасында жұп болу тәртібін орнатты. Бұл олардың сақталуына септігін тигізеді.

Әлемде осындай ғылым мен құдіретке ие біреуді білесіңдер ме? Бұл дүниеде ештеңе Оған ұқсамайды және тең келмейді. Ол басқа тіршілік иелерінде бар кемшіліктерден ада.

Өкінішке қарай, кейбір адамдардың сенімінше, Құдай болса да, Ол ғаламды жаратып болған соң істі адамдарға тапсырған және қазір әлемде ешқандай рөл ойнамайды. Құран бұл қате көзқарасты кесімді түрде теріске шығарып, былай дейді: Ол Жаратушы және ғаламның ісін басқарушы, тыңдаушы әрі көруші. Ол дәл қазір адамдардың айтқаны мен көргенін бақылап отыр. Аспан мен жердің қазынасының кілті Оның қолында. Барлық тіршілік иелерінің ырзығы Оның құдіретіне тәуелді. Ол қажет деп тапса, кез келген адамның ырзығын арттырады. Ал қажет деп таппаса, ырзығын шектейді. Мұның бәрі Оның ғылымы мен хикметіне негізделген. 

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Адамзат баласының сақталуы үйленуге байланысты. Әрине біржыныстылардың үйленуі емес, әйел мен ер адамның үйленуі. Өкінішке қарай, қазір кейбір қоғамдарда біржыныстылардың некелесуі көбейіп барады.
  2. Құдайға тең келетін ешкім жоқ. Ол адамдар сияқты жұбайға зәру емес.
  3. Құдай өзі жаратқан мақұлықтарын қараусыз тастап кеткен жоқ. Керісінше әрдайым оларды бақылап, істерін басқарады.
  4. Ырзықтың артуы мен кемуі Құдайдың қолында. Оның мейірленгені мен ашуланғанының белгісі емес. Бай кәпірлер де, кедей мүміндер де бар. Керісінше болуы да мүмкін.

 

"Шура" сүресінің 13-аяттына құлақ түріңіздер:

«شَرَعَ لَکُم مِّنَ الدِّینِ مَا وَصَّى بِهِ نُوحًا وَالَّذِی أَوْحَیْنَا إِلَیْکَ وَمَا وَصَّیْنَا بِهِ إِبْرَاهِیمَ وَمُوسَى وَعِیسَى أَنْ أَقِیمُوا الدِّینَ وَلَا تَتَفَرَّقُوا فِیهِ  کَبُرَ عَلَى الْمُشْرِکِینَ مَا تَدْعُوهُمْ إِلَیْهِ  اللَّـهُ یَجْتَبِی إِلَیْهِ مَن یَشَاءُ وَیَهْدِی إِلَیْهِ مَن یُنِیبُ»

 

Аяттың аудармасы:

(Мұхаммед Ғ.С.) Алла Нұх (Ғ.С.) қа нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ыбырайым, Мұса және Ғиса (Ғ.С.) ға нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды: Дінді мықты орындаңдар да, дінде бөлінбеңдер. Сенің шақырған нәрсең мүшріктерге ауыр келді. Алла оған (сен шақырған дінге) кімді қаласа, оны сайлайды. Кім Оған бейімдесе оны тура жолға салады. (13)

 

Бұл аятта пайғамбарлардың шақыруының негізі бір болғаны айтылып, былай делінген: Ислам пайғамбарының миссиясы – тарих бойында болған пайғамбарлар жолының жалғасы. Таухид – бір Құдайға табынуға шақыру жаңа іс емес. Мұхаммед пайғамбар халықты шақырған дін – бұрынғы пайғамбарларлар шақырған діннің жалғасы.

Олардың бәрі былай деуге келген: Құдайдың діні мен рәсімдерін ұстаныңдар, оның үкімдері мен бұйрықтарын орындаңдар, нәпсіден туындаған жеке талғамдарыңнан бас тартыңдар және Құдайдың бұйрығына мойынұсыныңдар.

Бұл аятта дін жекеше түрде қолданылған. Бұл илаһи діндердің негізгі түп-тамыры бір екенін көрсетеді. Бұған қарамастан, адамзат қоғамының дамуына сәйкес пайғамбарлардың шариғаттары тарих бойында адамдардың дамуына үйлесе өзгеріп, жоғарылап, соңғы кезеңге жетті. Ислам діні – соңғы илаһи дін ретінде діндердің қорытынды нұсқасы, ең кемел әрі жан-жақты шариғатқа ие.

Әрине діндердің көбі шалдыққан дерт – жікке бөліну. Ол діннің кейбір ережелерін дұрыс түсінбеу немесе жеке және топтық талғам мен талап-тілектерді қосудың салдарынан туындады. Сондықтан Құран діндерді ұстанушыларға жікке немесе мазхабқа бөлінуден аулақ болыңдар деп ескертеді.   

Аятта айтылған тағы бір жайт: мүшріктерді бір Құдайға сыйынуға шақыру өте ауыр әрі қиын. Өйткені жалған да шірік ойлар бойларына сіңіп қалғаны соншалықты, олар таухидке шақырылғаннан қатты қорқады.

Аяттың жалғасында бір маңызды жайтқа назар аударылған: пайғамбарларды таңдау халықтың қолында емес. Алла тағала өз білімі негізінде осы миссияға кімді лайықты деп тапса, соны пайғамбарлыққа таңдап, халыққа жетекшілік жасауды тапсырған. Аллаға бет бұрған әрбір адамға Оның рақымы төгіліп, жетекшілік нұрынан нәр алуға жағдай жасалады.   

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Барлық пайғамбарлардың шақыру негізі бір: Алланың дінін орнату және кез келген жікшілдіктен бас тарту.
  2. Хазірет Нұх – жан-жақты шариғатқа ие алғашқы пайғамбар. Хазірет Мұхаммед – жан-жақты шариғатқа ие соңғы пайғамбар. Ислам Алланың соңғы діні болғандықтан, бұрынғы өткен барлық діндерді қамтиды. 
  3. Қайшылық пен жікшілдік – діннің дерті. Ол қоғамда діни тағылымдардың дұрыс орындалуына кедергі келтіреді.
  4. Пайғамбарларды Құдай таңдайды. Ол таза әрі лайықты адамдарға осы миссияны тапсырады.

 

                  

"Шура" сүресінің 14-аяттына құлақ түріңіздер:

 «وَمَا تَفَرَّقُوا إِلَّا مِن بَعْدِ مَا جَاءَهُمُ الْعِلْمُ بَغْیًا بَیْنَهُمْ  وَلَوْلَا کَلِمَةٌ سَبَقَتْ مِن رَّبِّکَ إِلَى أَجَلٍ مُّسَمًّى لَّقُضِیَ بَیْنَهُمْ وَإِنَّ الَّذِینَ أُورِثُوا الْکِتَابَ مِن بَعْدِهِمْ لَفِی شَکٍّ مِّنْهُ مُرِیبٍ»

Аяттың аудармасы:

 

Олар өздеріне білім келгеннен кейін араларындағы көре алмастықтың салдарынан ғана бөлінді. Егер Раббың тарапынан, белгілі бір мерзімге дейін сөз бекіген болмаса еді, әлбетте араларында іс біткен болар еді. Расында олардан кейін Кітапқа мұрагер етілгендер де әлбетте одан шәк ішінде күдіктенуші. (14)

Өткен аятта айтылғандай, барлық пайғамбарлар халықты діни жікшілдіктен сақ болуға шақырған, өйткені діндердің бәрінің негізі бір. Халық арасында бір мезгілде бірнеше дін мен шариғаттың болуында еш мән жоқ.

Қай пайғамбар келсе де, сол заманның халқы оның шақыруын қабылдауға міндетті. "Біз бұрынғы пайғамбарың дінін ұстанамыз. Жаңа дінге бетбұрғандар кәпір" деп айтпауы тиіс.  

Жаңа пайғамбардың сөздерінің ақиқатқа сай екені анықталса да, оған қарсы шығудың себебі соқыр сенім мен көре алмаушылықтан басқа ештеңе емес. Осы қате көзқарас біздің заманымызда кейбір дін өкілдері, мысалы христиандар мен иудейлердің өз дінінен кейін келген исламды қабылдауға дайын болмай шығуына себеп болды. Өкініштісі, осы діндердің кейбір көшбасшылары халық өз дінінде қалуы үшін күн сайын түрлі құралдармен, әсіресе БАҚ арқылы ислам мен Құранның ақиқатына шәк тудырып, күдік ұялатын жатыр. Олар күмән тудыру арқылы осы діндерді ұстанушыларға исламға бет бұруға, бір Құдайға сенетіндердің барлығының бір дін мен шариғатты ұстануына жол бермей отыр.

Аяттың жалғасында: "Жаратушы кәпірлер белгілі бір мерзімге дейін тірі әрі еркін болсын деген бұйрық бермегенде, оларға төрелік етіліп, жалғанды жақтаушылар жойылып, хақты ұстанушылар жеңіске жеткізілер еді",-делінген.

Аяттың аяғында илаһи кітаптары болса да, хаққа күмәнданып, иманынан айырылғандар жайлы айтылған. Олардың күдігінің бастауы қырсықтық пен теріс пиғыл болғандықтан, ешқашан ақиқатты түсінбейді.

    

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Құдайдың діні бір. Діндер арасындағы алауыздықтың себептері – көре алмаушылық, соқыр сезім мен жауластық.
  2. Діндердің үлемдері мен ғалымдарының міндеті – жікке бөлу емес, әртүрлі дін өкілдерін біріктіруге талпыну.
  3. Қателесушілер мен күнәһарларға мұрсат беру – илаһи сүннеттердің бірі.
  4. Шәк табиғи болса, адам зерттеп-талдау арқылы одан арылады. Алайда егер күмән қыңырлық пен теріс пиғылдан туса, адамға ақиқатты танып, қабылдауға тосқауыл болады.

Бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

 

Тегтер