Maм 26, 2023 00:53 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (25)

Йезд қаласында қыдыруды жалғастырып, оның тағы басқа тарихи-туристік жерлерімен танысамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! "Иранның туристік тартымдылықтары" атты бағдарламаның жаңа бөлімінде Йезд тарихи қаласымен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

Йездтің тарихи ғимараттарының маңыздылығы сондай, шетелдік туристер бұл қаланы өз сапарының мақсаты етіп алады. Иранға сапар шегіп, Йездті көрмей кету мүмкін емес. Йезд қаласы ирандықтар арасында "Желтартқыштар қаласы" деген атпен танымал. Шын мәнінде желтартқыштар қаланың тыныс алу жүйесі саналады. Олар көбіне көне тұрғын аудандарда орналасқан. Біліп жүргендеріңіз жақсы, әлемдегі ең биік желтартқыш Доулатабад бағында орналасқан. Бұл бақ – Ирандағы ең әдемі тарихи бақтардың бірі. Біз де Доулатабад бағына баруды жөн көрдік. Өйткені ол ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне тіркелген 9 ирандық бақтың бірі.    

Доулатабад бағы

 

Йезд облысы суы аз шөлді жерде орналасқанына қарамастан, йездтік сәулетшілердің талғамы мен жасампаздығының арқасында бұл жерден түрлі бақтарды көруге болады. Солардың арасында Доулатабад бағы, Хан бағы, Мошир бағы, Гүлкар бағы, Махмұдия бағы, Паһлаванпур Маһриз бағы, Титу Бафақ бағы, Хафези Тазарджан бағы, Гүлшан-е Табас бағын атауға болады.

Доулатабад бағында орналасқан ғимарат х.қ.ж.с.б. 1160 жылы Зендтер мен Афшарлар заманында "Ұлы хан" деген атпен танылған Мұхаамед Тақи хан Бафақидың бұйрығымен салынған. Ғимарат маңдайша, кірпіш құрылыс, желтартқыш, екі есікшелі су қоймасы, Беһешт-е аин (Рәсімдер жұмағы) залы, Айна залы, Теһран үйі, бақ, қыстық және жаздық үйлерден тұрады.

Бақта шырша, шынар, сауырағаш, жүзім және анар ағаштары мен Дамаск раушан гүлі егілген. 

Доулатабад бағы

Доулатабад бағындағы желтартқыш – Зендтер мен Афшарлар заманында, яғни 270 жыл бұрын салынған ең әдемі желтартқыштардың бірі әрі әлемдегі ең биік желтартқыш. Йездтік сәулетшілердің бірегей инженерлік туындыларының бірі саналатын бұл желтартқыштың биіктігі 33,8 метр. Құнды ерекшелігі – оның сегіз қырлылығы. Соның арқасында жел кез келген тараптан оңай әрі жылдам желтартқыштың төменгі жағына жетіп, оның астындағы су толы хауызшаға түсіп, салқын ауа тудырады. Айта кету керек, Иранның шөлді аймақтарында желтартқыштар ғимараттардың ішкі ауасын салқындату үшін пайдаланылған. 

Доулатабад бағының маңызы жайлы мынаны айтуға болады: Зендтер заманында Кәрімхан Зенд осы бақта тұрған. Ғимараттың негізгі бөлмелерінің есіктері түрлі түсті ұсақ шынылармен безендірілген. Есіктердің барлығы аулаға қарай ашылады. Күн шыққанда күн нұры ауладағы хауыз суына және түрлі түсті шыныларға шағылысып, әдемі панорама тудырады. Бұл көрген көзді қуантады. 

Х.ш.ж.с.б. 1390 жылы (2011) бұл теңдессіз бақ ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне тіркелді.

Ирандық зороастрлардың үлкен тобы Йезд облысында өмір сүреді. Сондықтан қаланың көрнекті жерлерінің бір бөлігін зороастрларға тиесілі ғимараттар құрайды. Йездтің тарихи аташкадесі-отқа табыну орны – осы аймақта зороастризм дінін ұстанатындардың барын білдіретін белгілердің бірі. Қаланың сыртында зороастрлардың дахмесі-қайтыс болғандарды жерлейтін жері бар. Бүгінде ол жер туристік тартымдылықтардың біріне айналған.

Йезд аташкадесінің қазіргі ғимараты х.ш.ж.с.б. 1313 жылы (1934) қалада тұратын зороастрлар мен үндістандық парсылардың қаржылай көмегімен салынған. Аташкаде ғимараты Ахеменилер дәуірінің архитектуралық стилімен үлкен әрі жап-жасыл ауланың ортасында биік жерде салынған. Ғимараттың маңдайшасында Фаравахардың суреті салынған.  

Йезд аташкадесі

Йезд аташкадесінің маңызы онда жанып тұрған отқа байланысты. Ол 1520 жылдан бері өшпей сақталып тұр деседі. Қасиетті отты алдымен Наһид Парс аташкадесінен Ақданың маңындағы Һафтадар аулына әкелген, содан Ардакандағы Түркабадқа жеткізген. "Шегефт-е яздан" үңгірінде 30 жыл сақтағаннан кейін х.ш.ж.с.б. 1325 жылы Йездке апарған. От ұзақ уақыт бойы Йездтегі зороастр діни қызметкерлері ауданында сақталған Содан соң қазіргі жаңа ғимаратқа жеткізілген.

Йезд аташкадесіндегі от

Йезд облысындағы зороастрларда көптеген ғибадатханалар бар. Солардың ішінде Пир Һерешт, Парс Бану (әйелдерге арналған), Пир Нараки, Пир Чакчаку ғибадатханасын атауға болады. Бәрінен маңыздысы – Пир Чакчаку (Пир Мұрад) ғибадатханасы. Зороастрлар "Пир Сабз" деп те атайтын бұл ғибадатхана Йезд қаласынан 48 км қашықтықта орналасқан. Жыл сайын бұл ғибадатханада Меһреган мейрамы өтеді. Зороастрлардың көбі осы жерге жиналады. "Чакчак" немесе "Чакчаку" атауы тастан тамшылап ағып, қазір бір су қоймасына жиналып жатқан судың дыбысынан алынған деседі. "Пир сабз" ғибадатханасында электр қуаты, тұщы су мен бірнеше бөлме бар. Демалуға арналған бөлмелерді "хейле" деп атайды. Бөлмелердің бірінде тереңдігі 50 метрден асатын құдық бар.  

Йезд қаласының көшелерімен келе жатып, "Тәтті қала" атауы шынымен-ақ оған жарасатынын көреміз. Әрбір көшеден тәтті-дәмділер сатылатын дүкендерді көруге болады. Тәттілердің буы дүкеннің сыртына тарап жатады. Дүкенге кіргенде түрлі түсті тәттілерді, соның ішінде йездтік торт, хаджи бадами – құрғақ домалақ печенье, қатаб, баклава мен пәшмәкті-мақтаны көруге болады. Иранның түкпір-түкпірінде бұл тәттілер ерекше танымал,  Йездің сәлем-сауқаты саналады.

Баклава – Йезд қаласының танымал дәстүрлі тәттілерінің бірі.

Йездтің қолдан тоқылған маталары да тәттілердей танымал. Бұл қала ежелден бері текстиль саласында дәстүрлі мата тоқумен әйгілі болған. Өнерпаздар алуан түрлі өнім шығарады. "Терме" – осы қала халқының теңдессіз өнер үлгісі. Базарда оның алуан түрін кездестіруге болады.

Жерге жаятын төсеніштер, соның ішінде зилу, тықыр кілем мен сапалы қалы кілемдер де бұл қаладан табылады. Олар да сәлем-сауқат ретінде жақсы таңдау бола алады. 

Сіздерге де осы әдемі тарихи қаланы көріп, түрлі сәлем-сауқат сатып алуға мүмкіндік туар деп үміттенеміз.  

Тегтер