Маусым 11, 2023 00:13 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 893-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Шура" сүресінің 40-аятына құлақ түріңіздер:

«وَجَزَاءُ سَیِّئَةٍ سَیِّئَةٌ مِّثْلُهَا فَمَنْ عَفَا وَأَصْلَحَ فَأَجْرُهُ عَلَى اللَّـهِ إِنَّهُ لَا یُحِبُّ الظَّالِمِینَ»

Аяттың аудармасы:

Бір жамандықтың жазасы өзіндей ғана жамандық. Сонда кім кешірім етіп, жарасса; онда оның сыйлығы Аллаға тән. Күдіксіз Ол, залымдарды жақсы көрмейді. (40)

Өткен бағдарламаның соңғы аятында басқыншыдан қорғану туралы сөз болды. Мүмін адам зұлымдыққа үнсіз қарап тұрмайды. Залымды орнына қою үшін қажет болған жағдайда басқалардың көмегіне жүгінеді.  

Мына аятта былай делінген: Әрине жамандық жасаушыны жазалағанда шектен шығып кетуге болмайды. Оны істеген зұлымдығына қарай, әділет негізінде жазалау керек. "Бақара" сүресінің 194-ші аятында да тиісті жаза берілу керегі айтылған.

Аяттың жалғасында былай делінген: Әрине егер залым өз ісіне өкініп, кешірім сұраса, онымен татуласып, бейбіт қатынас көрсетіңіздер. Құдай мұны көбірек жақсы көреді. Кешіргеніңіз үшін сізге сый береді.

Құдайдың бұл бұйрығы залымдарды қорғап-қолдау деген мағына бермейді, керісінше қоғамда адамдар арасында реніш пен кекті жойып, бітім мен бейбітшілік орнату мақсат тұтылады.    

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Халыққа зұлымдық жасаған адамды жазалау жапа шеккен адамның ықтиярында. Ол залымды әділ түрде жазалай алады немесе кешіре алады. Әрине кешірмеген жағдайда жаза қылмыстың көлеміне сәйкес болуы тиіс. Бұл салада асыра сілтеудің қажеті жоқ.
  2. Жазалауға ықтиярыңыз болса да, дін қателескен адамды кешіруге кеңес береді. Әрине кешірген адамға Құдай тарапынан үлкен сый беріледі.
  3. Әділ заңдарды сақтай отырып, адамдарды бір-бірімен әділ әрі сыпайы қарым-қатынас жасауға ынталандыру керек. Құран қысаспен қатар кешірім жасауға кеңес береді.  

 

"Шура" сүресінің 41-42-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَمَنِ انتَصَرَ بَعْدَ ظُلْمِهِ فَأُولَـئِکَ مَا عَلَیْهِم مِّن سَبِیلٍ»، «إِنَّمَا السَّبِیلُ عَلَى الَّذِینَ یَظْلِمُونَ النَّاسَ وَیَبْغُونَ فِی الْأَرْضِ بِغَیْرِ الْحَقِّ  أُولَـئِکَ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِیمٌ»

Аяттардың аудармасы:

Әлбетте біреу зұлымдық көргеннен кейін өшін алса, сонда оларға сын жоқ. (41)

Шынында сөгіс, адамдарға зұлымдық қылып, жер жүзінде орынсыз шектен шыққандарға лайық. Міне солар үшін жан түршігерлік азап бар. (42)

 

Залымды жазалау немесе кешіру туралы аяттың жалғасында мына мәселе баса айтылған: Жапа шеккен адам өз еркімен залымды кешіруі тиіс. Басқалар оны кешіруге мәжбүрлей алмайды. Өйткені ол өз құқығын орындау үшін залымды жазалай алады. Тіпті егер жалғыз өзі жазалай алмаса, басқалардан көмек сұрай алады.

Сондықтан жапа шеккен адам өз құқығын орындауға талпыныс жасаса, оны жазғыруға болмайды. Өйткені ол қателік жасамады. Шын мәнінде қоғам басқалардың құқықтарын бұзып, зұлымдық жасайтындарды жазғыруы керек. Жөн-жосықсыз өздерін өзгелерден артық санайтындар жүгенсіздік көрсетіп, заң бұзады. Мұндай адамдар бұ дүниеде халықтың жазғыруына, қияметте Алланың қаһарына ұшырап, тозақ отына тасталуға лайықты.     

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Жапа шеккен адам басқалардан көмек сұрауға құқылы. Қоғам да оған құқығын орындауға көмектесуі керек.
  2. Халықтың құқығын бұзу кімнің тарапынан болса да, жөнсіз. Сондықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс.
  3. Алланың бұйрығы мен әлеуметтік заңдардан бас тарту қоғамда жемқорлық пен азғындық тудырады. Сондықтан мұндай істер әшкереленіп, қылмыскерлер қоғам мүшелері тарапынан жауапқа тартылуы тиіс.  

 

"Шура" сүресінің 43-аятына құлақ түріңіздер:

« وَلَمَن صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِکَ لَمِنْ عَزْمِ الْأُمُورِ»

Аяттың аудармасы:

Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы. (43)

Бұл аятта тағы да қылмыскерді кешіру туралы айтылып: "Жапа шеккен адамның залымды жазалау құқығы халықтың бір-біріне кешірім мен рақымшылық жасауды естен шығаруына себеп болмауы тиіс",-делінген.

Сондықтан: "Біреулердің қылмыстарын кешіру ауыр. Сабырлық пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ өте құнды іс. Нәпсіні тежеп, хақтан бас тарту кез келген адамның қолынан келмейтіні анық. Өйткені оңай жұмыс емес. Бірақ ерік күші мықты әрі ізгі қасиеттерге ие адамдар кешірім жасап, өз құқығынан бас тарта алады",-деді.

Жалпы бұл аятта басқаларға зұлымдық жасаған адамға көрсетілетін екі түрлі қатынас жайлы айтылады: біріншісі – жаза, екіншісі – кешірім. Бұл мәселеде адамдардың – залым мен жапа шегушінің жағдайы назарға алынатыны анық.

Кейде залым өз ісіне өкініп, кешірім сұрауы мүмкін. Кейде залым өз ісіне өкінбей, асау мінез көрсетіп зұлымдығын жалғастыра беруі мүмкін.

Жапа шегуші парасаты мол адам болып шығып, басқалардың қылмысы мен қателігін оңай кешіруі мүмкін. Бірақ кейде жапа шегуші басқалардың зұлымдығына төзе алмайтын жағдайда болып, өз құқығын талап етуі ықтимал.  

Өткен бірнеше аятта осы жағдайлар қарастырылып, олардың әрқайсысына сәйкес үкім айтылды.  

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Құранның ақлақтық кеңесі – басқалардың қателігін кешіріп, жазалаудан бас тарту. Ал негізі заң бойынша қылмыскерді жазалау құқығы сақталады.
  2. Сабырлық пен кешірім жасау – адамның Құдай қолдаған көрнекті сипаты.
  3. Ислам – жапа шеккеннің құқығын ресми түрде танитын және оны кешірім мен рақымшылық жасауға ынталандыратын дін.

 

Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.