Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы (2)
"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың екінші эпизодының тақырыбы: Ислам революциясы – күш қолданбау әдісі
Армысыздар, ардақты ағайын! Осы подкасттың бірінші эпизодында мынадай сұрақтар қойылды: "1979 жылы Иранда революцияның жеңіске жетуіне септігін тигізген өзгерістердің қандай ерекшеліктері болды? Отандық және шетелдік тәжірибелі сарапшылардың барлығы дерлік және әлемнің көрнекті саясаткерлері неге оны болжай алмады?" Осы сұрақтарға жауап бергенде екі негізгі жайтқа тоқталдық: біріншіден, саяси сарапшылар мен саясаткерлердің Ирандағы революциялық өзгерістерді түсінуге қауқарсыз болуының және соның салдарынан Ислам революциясының жеңіске жететінін болжай алмауының маңызды дәлелдерінің бірі халықтық наразылықтардың діни сипаты болды. Ирандағы революциясының діни-идеологиялық сипаты мұндағы өзгерістерді секуляризм мен лаицизм көзілдірігімен бақылап отырған батыстық ойшылдар мен саясаткерлер үшін түсініксіз етті. Сол себепті олар 20 ғасырдың соңғы ширегінде тағы да діннің адамзат өмірінің саяси-әлеуметтік сахнасына шығып, зұлымдық, деспотизм және тәуелділікке қарсы наразыларды біріктіре алатынына сенбеді. Солшыл лагердің ойшылдары мен саясаткерлері де дінді тобырды улайтын апиын санап, ол қаналған халықты залымдар мен үстемшілдерге қарсы ынталандырып, хабардар ете алады деп ойламағандықтан, революциялық өзгерістерді түсіндіріп, болашақты болжай алмады. Екіншіден, бірінші эпизодта әлем ойшылдары мен саясаткерлерінің Ирандағы Ислам революциясын түсініп, болжай алмау себебіне тоқталдық. Революцияның қалыптасып, жеңіске жетуінде діни көшбасшылар, әсіресе аятолла Хомейни ерекше рөл атқарған.
Олар Иран тарихында дін мен үкімет арасындағы қарым-қатынас туралы нақты да дұрыс түсінікке ие болмады. Атап айтқанда, олар бұл қарым-қатынастардағы имам Хомейнидің жеке басын толық түсінуге тырыспады. Енді осы подкастта алдыңғы тақырыптың жалғасы ретінде біз Ислам революциясының әлемдегі басқа революциялармен салыстырғанда тағы бір көрнекті және ерекше бір қырын, яғни Иран революциясының күш қолданбау, қатыгездік жасамау аспектісін қарастырамыз.
Әлемнің саяси әдебиетінде революция мен зорлық-зомбылық арасында тығыз байланыс бар. Басқаша айтқанда, билеуші саяси жүйені құлатып, оның орнына жаңа саяси жүйені орнатуды көздейтін революцияның болмысында зорлық-зомбылық пен қатыгездік болады. Өйткені революция – ұлттық, тіпті халықаралық деңгейдегі екі саяси ағым арасындағы текетірес пен қарама-қайшылықтың ең үлкен әрі ең ауыр көрінісі. Және бұл текетірестің қантөгіссіз аяқталуы мүмкін емес. Бұл мағынада зорлық-зомбылық негізінен билеуші саяси жүйенің іс-әрекетін көрсетеді. Өйткені билеуші элита билікті қолында ұстап, қарсыластарын мәжбүрлі түрде басып тастайды. Бірақ революциядағы зорлық тек мемлекет қайраткерлері мен билеуші саяси жүйенің әрекеттерімен шектелмейді. Өйткені көптеген революцияларда наразылық білдірушілер билеуші саяси жүйені жеңу үшін немесе оның зорлық-зомбылығына жауап ретінде қатыгездік жасайды. Сол себепті әлемдегі барлық төңкерістерде мыңдаған, тіпті миллиондаған адам осындай саяси қақтығыстарда қаза тапты. Сонымен қатар, барлық жағдайда бұл текетірес пен зорлық-зомбылық революционерлердің жеңісіне әкелмеді. Басқаша айтқанда, зорлық-зомбылық сәтті де сәтсіз революцияларда болды. Дегенмен, көбінесе революциялардың жеңісіне әкелген зорлық-зомбылықтың көлемі, ауқымы және тереңдігі сәтсіз революцияларға қарағанда әлдеқайда көп болды. Бірақ саяси сарапшылардың пікірінше, Иран Ислам революциясы бұл ережеден тыс. Иран революциясы 20 ғасырдағы ең бейбіт және зорлықсыз революция болды. Бұл ғасырда әртүрлі елдерде ондаған төңкеріс болып, миллиондаған адам көз жұмған. Әрине, бұл жерде 21 ғасырдың басында әлемде революциялардың жаңа түрі пайда болғанын айта кеткен жөн, олардың басты ерекшелігі зорлық-зомбылықсыз сипаты болды. Осы себепті олар "барқыт революциялар" деп аталды. Бірақ 20-шы ғасырда Ислам революциясы ең аз зорлық-зомбылықпен орын алған және ең бастысы жеңіске жеткен жалғыз революция болды.
Сарапшылар арасында Иран Ислам революциясының 20-шы ғасырдағы әлемдегі зорлығы аз революциялардың бірі болғаны туралы пікір қайшылығы жоқ. Бірақ себебін түсіндіруде әртүрлі пікірлер бар. Кейбіреулер шах халыққа сүйіспеншілігінің арқасында шерушілерге жаппай күш көрсетуден бас тартты деп есептейді. Шахтың өзі биліктен кеткен соң бір-екі жылдан кейін жарық көрген «Тарихқа жауап» кітабында да осы уәжді алға тартып, халыққа мейірімді жүз көрсетуге тырысады. Бірақ шындық бұлай емес. Өйткені шах өз кезінде талай рет адамдарды өлтірген. 1332 жылы 16 азарда (1953 ж. желтоқсан) Никсонның Тегеранға келуіне наразылық білдірген студенттерді өлтіру, төңкеріске қарсы базаршыларды басып-жаншу, 1342 жылғы 15 хордадтағы (1963 ж. маусым) көтеріліс кезінде халықты қыруы, х.ш.ж.с.б. 1340-жылдардың аяғында режимге қарсы шыққан партизандық күштерді басып-жаншуы, 1350 жылдардың алғашқы жылдарында үрей мен қорқыныш кеңістігін тудыру – осының барлығы шахтың оппозицияға қарсы күш пен зорлық көрсеткенінің мысалдары болды. Революцияның жеңіске жетуіне дейінгі екі жылда шахтың халықты баса алмауының (өзі қаламағаны емес) оның мейірімі мен жанашырлығына еш қатысы жоқ. Керісінше, оған екі фактор әсер етті: бірі – Картер дәуіріндегі Иран мен Америка қарым-қатынасының салыстырмалы түрде өзгеруі және оның шахты қолдауының азаюы, екіншісі – шахтың қатерлі ісігі және оның өзіне деген сенімінің төмендеуі. Тіпті Картер дәуіріндегі Иран мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың салыстырмалы түрде әлсіреуі оппозицияға зорлық-зомбылық жасамаудың негізгі факторы болған жоқ. Өйткені шах пен америкалық жетекшілер арасында бірнеше кездесу өткен соң, әсіресе Бжезинскийдің консультацияларынан кейін Картер ақыры оппозицияны басу үшін шахты қолдауға көнді. Олай болса, Ислам революциясында зорлық-зомбылық пен қантөгістің айтарлықтай аз болуының басты себебі не?
1979 жылғы революцияда зорлық-зомбылық пен қантөгістің аз болуының басты себебін әсірелеусіз-ақ айтсақ, имам Хомейнидің діни-моральдық мінезі мен саяси ұстанымынан табуға болады. Бірер сәт бұрын айтып өткеніміздей, саяси дамуда зорлық-зомбылықтың екі аспектісі бар: бірі билеуші саяси жүйеге қатысты, екіншісі оппозиция мен наразылықтарға қатысты. Мәселе мынада, зорлық-зомбылық – синергетикалық процесс, зорлық басқа да зорлық-зомбылықты тудырады. Бірақ халықтың қаны үлкен құндылық пен құрметке ие деп санайтын ислам дінінің ілімдеріне толық сеніп, сүйенген имам Хомейни қарсыластардың зорлық-зомбылығын болдырмауға тырысты, оппозицияның зорлық көрсетпеуін қадағалап, басқа мүмкіндіктерді, мысалы, қоғамды хабардар ету және жаппай күресу, сондай-ақ халықаралық қолдауға ие болу арқылы режимнің қатыгездік жасау деңгейін айтарлықтай төмендетуге талпынды. Имам Хомейнидің діни және саяси саясаты қатыгездік жасамауға негізделді. Мұны Ислам революциясында зорлық-зомбылық пен қантөгісті азайтудың кілті ретінде қарастыруға болады. Имам Хомейнидің күрес процесінде күш қолданбау әдісі революцияға қатысты оқиғаларымен шектеліп қалмады. Керісінше, діни тәлім алып, өткінші эмоцияларға негізделген шешімдерден аулақ болып, бай саяси интеллектке ие болған имам Хомейни жастайынан-ақ зорлық-зомбылықты саяси күрестердің дерті санаған. 1320 (1940 ж.) жылдары Навваб Сефеви басқарған "Фадаян-е Ислам" тобының күрестері жүріп жатқанда ол олардың қарулы қатынасына келіспеді. Исламның қасиетті құндылықтарына ашық тіл тигізген Касравиді өлтіруде де ол ешқашан діннен шығу туралы жарлық немесе кісі өлтіру туралы пәтуа беруге құштар болмады. Имам Хомейни сондай-ақ 1340 (1960) жылдардағы «Халық можахедтер ұйымы» және «Фадаян-е халқ" партизан ұйымы» сияқты топтардың қарулы күресіне қарсы болды. Ол шахтың автократиялық және тәуелді саяси жүйесі заңды және бейбіт күрестің барлық жолдарын жауып тастаған кездің өзінде осындай көзқарас білдірді.
Имам Хомейни 1350-ші жылдардың ортасында (1970-ші жылдар) шахтың автократиялық және тәуелді режиміне қарсы саяси күресте жаңа стратегия қабылдау арқылы революцияның жеңіске жетуіне және сол үдерісте зорлық-зомбылықтың азаюына септігін тигізді. Бұған дейін наразылық білдірушілердің шайқасы бүлік сипатында болды. Негізі оппозиция режимді құлату үшін зорлық пен қарулы соғыс әдісін қолданды. АҚШ-тың қолдауына, сондай-ақ мұнайдан түсетін мол табысқа, озық әскери және қауіпсіздік техникасына сүйенген шахтың автократиялық және тәуелді режимі қарулы күреске бел байлаған оппозиционер жастарды басып тастады. Сол себепті 1350 жылдардың ортасында ешбір қарсы дауыс естілмейтін. Ал шеруге шыққандардың барлығы басып-жаншылды. Осындай жағдайда имам Хомейни қырағылық танытып, әлемде адам құқықтарын қорғауға бағытталған қолайлы ортаны пайдалана отырып, осыған байланысты қатты қысымға ұшырап отырған шах режиміне қарсы қарулы күрес фазасын жаппай бейбіт күреске алмастыра алды. Бұл жаңа стратегия оппозицияны жаппай басып тастауды көздеген шахтың қолын байлады. Француз философы, тарихшысы әрі заманауи ойшылы Мишель Фуко Иран халқының 1979 жылғы революциялық наразылықтарын «жалаң қолды революция» деген атпен атап өтті. Халық зорлық-зомбылықсыз, тек өз сенімі мен ерік-жігеріне, жұмылған жұдырығына сүйеніп, шах режиміне қарсы шықты. Патша бұл стратегияға қарсы ештеңе істей алмады. Өйткені енді оған зорлық-зомбылықты ақтау оңай болмады. Бұрыннан-ақ қарулы күреске қарсы болған имам осы кезеңде жаппай бейбіт күрес стратегиясына ерекше тоқталды. Оқ пен қорғасынның орнына күрестің қозғалтқышы ретінде халықтың ояу санасын ұсынды. Соның нәтижесінде режимге табанды қарсылық халықтың көше шерулері түрінде көрініс тапты. Имам зорлық-зомбылық пен қарулы күрес әдістерінің оң нәтиже бермейтініне сенді. Өйткені режимге қарсылар, яғни оппозиционерлер әлемде "лаңкес" деп танылып, бұл дүрбелеңде халықтың қисынды үні естілмейді. Сонымен қатар, оппозиционерлер террор жасап, кісі өлтірсе, режим бұрынғыдан да дөрекіленіп, өлтірілген басшының орнына одан да жаман адам келеді. Сондай-ақ қарулы күрес елде бейберекетсіздік тудырып, мемлекеттің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді.
Иран халқы имам Хомейнидің нұсқауларына сүйене отырып, революция процесінде зорлық-зомбылықтың таралуына себеп болатын кез келген әрекеттен аулақ болды. Мысалы, 1357 жылы 16 шахриварда көшеге шыққан адамдар шах армиясының көліктері алдында тұрған сарбаздарға гүл сыйлады. Олар: «Біз саған гүл береміз, сен бізге оқ атпа» деп ұрандатты. Бұл әрекет басқа жағдайларда да қайталанып, ақырында әскер халыққа қосылды. Күмәнсіз, егер әскер Иран халқының жанында болмай, шахтың саяси жүйесін сақтап қалу үшін наразылық білдірушілерді өлтіруге дайын болса, көптеген елдер сияқты Иранда да қантөгіс орын алар еді. Бірақ әскер халық сөзінің ақиқатына және имамның қырағылығына сеніп, шахты қолдаудан бас тартты. Имам Хомейни сарбаздарға жолдауында: "Иранның патриот армиясы, халықтың сендермен дос екенін, гүл беріп жатқанын көрдіңдер. Шах режимі өз жауыздығын жалғастыру үшін сендерді өз бауырларыңды өлтіретін құралға айналдырып отырғанын көрдіңдер. Сондықтан шахты тастап кеткен басқа әскери ағаларыңа қосылыңдар. Көтеріліңдер! Халық жойылып, бауырларыңның қанға бөгуіне жол бермеңдер",-деді.
Азаматтық қарсылық пен халықтың жаппай бейбіт күресу стратегиясы зорлық-зомбылықты азайтуда да, революцияның жеңіске жету процесін жеделдетуде де тиімді болды. Иран Ислам революциясы ең аз қантөгіспен және ең жылдам уақытта жеңіске жетті. 1942-1957 жылдар аралығындағы ислам қозғалысының құрбандарының саны 5000-нан аз деп есептелді. Мұны әлемдегі басқа революциялармен салыстыруға келмейді. Бұл маңызды оқиға имам Хомейнидің ішкі әлеуеттер мен халықаралық мүмкіндіктерді пайдаланудағы қырағылығынсыз орындалуы мүмкін емес еді.
Ардақты ағайын, "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың екінші эпизодын назарларыңызға ұсындық. Бұл подкастта 1979 жылғы Иран революциясының қалыптасу үдерісін нақты түсіндіруге тырысып, оны басқа маңызды революциялардан ерекшелендіретін тұстарды санамалап береміз.