Ақп 17, 2024 19:14 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 916-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Жәсия" сүресінің 9-11-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَإِذَا عَلِمَ مِنْ آیَاتِنَا شَیْئًا اتَّخَذَهَا هُزُوًا أُولَـئِکَ لَهُمْ عَذَابٌ مُّهِینٌ»، «مِّن وَرَائِهِمْ جَهَنَّمُ وَلَا یُغْنِی عَنْهُم مَّا کَسَبُوا شَیْئًا وَلَا مَا اتَّخَذُوا مِن دُونِ اللَّـهِ أَوْلِیَاءَ وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِیمٌ»، «هَـذَا هُدًى  وَالَّذِینَ کَفَرُوا بِآیَاتِ رَبِّهِمْ لَهُمْ عَذَابٌ مِّن رِّجْزٍ أَلِیمٌ»

 

Аяттардың аудармасы:

Мүбада ол, аяттарымыздан бір нәрсе білсе, оны келемежге алады. Міне соларға қорлаушы азап бар. (9)

Артынан тозақ дайын. Олардың істері де, Алладан өзге жасап алған достары да ешбір пайда бермейді. Сондай-ақ оларға зор қинау бар. (10)

Бұл Құран бір жетекші. Сондай Раббыларының аяттарына қарсы болғандар үшін күйзелтуші азаптың ең қоры бар. (11)

 

Өткен бағдарламада Алланың аяттарын естіп, хабардар болса да, тәкаппарлық пен қырсықтықтан оны қабылдауға дайын болмай, оған қарсы шыққан адамдар жайлы айттық.

Мына аяттарда былай делінген: Олар Алланың аяттарын естіп, түсінсе де, қабылдамайды, керісінше оны масқаралап, пайғамбар мен мүміндерді қорлайды. Құдай да оларды бұ дүние мен ақыретте ауыр азапқа салады.   

Құдайдың орнына қойып, табынған заттар мен адамдардың ешқайсысы Қияметте оларға көмектеспейді. Сол жерде олар өздерінің жаңылысқанын, әлсіздігін түсінеді, Алла азабының алдында жалғыз да панасыз қалғанын көреді.

Аяттың жалғасында былай делінген:  Құран – тура жол көрсетуші. Ол дұрыс пен бұрысты ажыратып, адам өмірін нұрландырып, ақиқат жолындағыларды баратын жеріне жеткізеді. Ал Алланың аяттарына сенбеген адамдарға ауыр азап беріледі.

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Азап пен жаза құлдардың күнәларының түріне сәйкес келеді. Сол себепті келемеждеу мен масқаралаудың жазасы – қорлық.
  2. Кәпірлер бұл дүниеде байлық, билік пен достарына сүйенеді, бірақ олардың ешқайсысы Қияметте көмектеспейді.
  3. Илаһи жетекшілікті қабылдамаған адам лас дүниелерге шалынады. Бұлар Қиямет күні оған азап әкеледі. 

 

 

"Жәсия" сүресінің 12-13-аяттарына құлақ түріңіздер:

«اللَّـهُ الَّذِی سَخَّرَ لَکُمُ الْبَحْرَ لِتَجْرِیَ الْفُلْکُ فِیهِ بِأَمْرِهِ وَلِتَبْتَغُوا مِن فَضْلِهِ وَلَعَلَّکُمْ تَشْکُرُونَ»،

«وَسَخَّرَ لَکُم مَّا فِی السَّمَاوَاتِ وَمَا فِی الْأَرْضِ جَمِیعًا مِّنْهُ إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَاتٍ لِّقَوْمٍ یَتَفَکَّرُونَ»

Аяттардың аудармасы:

Ол сондай Алла, теңізді еріктеріңе берді. Оның бұйрығымен теңізде кемелерді жүргізіп, Оның кеңшілігінен несібе іздейсіңдер. Әрине шүкірлік етерсіңдер. (12)

Және де Ол, өз тарапынан сендер үшін көктердегі әрі жердегі барлық нәрсені іске қосты. Шын мәнінде осыларда түсінген ел үшін белгілер бар. (13)

 

Бұл аяттарда болмыстағы таухидтің басқа бір белгілері айтылып, былай делінген: Сендер сауда үшін кемеге отырып, теңіз арқылы әлемнің әртүрлі бөліктеріне саяхат жасайсыңдар. Ал бұл іске негіз болған нәрсе – Алланың суға берген қасиеті. Жүк тиеп, жолаушы мінгізген кеме суға батып кетпей, діттеген жеріне аман-есен жетеді.

Кемелер оңай жүзіп, ары-бері жүретіндей суды жұмсақ әрі тегіс еткен кім? Немесе кейбір кемелердің қозғалысын қамтамасыз ету үшін теңіздер мен мұхиттардың бетіндегі желдерді кім жасады?

Бір қызығы, автомобильдер, пойыздар және ұшақтар сияқты әртүрлі көлік құралдарын жасаған адамзаттың барлық жетістіктеріне қарамастан, әлемдегі тауарлардың көп бөлігі әлі де кемелер мен теңіз жолдары арқылы тасымалданады. Бұл бағыттар – салуды және күтіп ұстауды қажет етпейтін және әрқашан адамдарға оңай қол жетімді жолдар.

Теңіздер ғана емес, Күн мен Ай, жел мен жаңбыр, кеніштер мен жер асты байлықтары, ормандар, шөлдер мен таулар сияқты жердегі және аспандағы табиғи құбылыстардың барлығын Алла сендерге қызмет етсін деп жаратып, игіліктеріңе берді. Бұл нығметтердің барлығы Одан. Ол сендерге әртүрлі нығметтерден пайда алу мүмкіндігін берді. Ойшылдардың көзқарасынша,  адамзат үшін болмысты тану және қолдану илаһи аяттардың үлгісі екені даусыз.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Алла барлық тіршілікті адамға бағындырды. Сондықтан адам оны өз пайдасына қолдана алады. Бірақ адам баласы Құдайға алғыс айтуға да жарамай отыр.  
  2. Күнкөрісті қамтамасыз етуге тырысу –  исламның талабы. Жақсы әл-ауқатта өмір сүру діндарлыққа қайшы келмейді.
  3. Болмыстың әртүрлі құбылыстары туралы ойлау бізді Құдайға жетелеп, бізде таным мен санаға негізделген иман тудырады.

 

 

"Жәсия" сүресінің 14-аятына құлақ түріңіздер:

 

«قُل لِّلَّذِینَ آمَنُوا یَغْفِرُوا لِلَّذِینَ لَا یَرْجُونَ أَیَّامَ اللَّـهِ لِیَجْزِیَ قَوْمًا بِمَا کَانُوا یَکْسِبُونَ»

 

Аяттардың аудармасы:

(Мұхаммед Ғ.С.) иман келтіргендерге айт: “Алланың ауыр күнін үміт етпегендерді кешірім етсін. Өйткені Алла, бір елдің қылықтарының жазасын береді. (14)

Кәпірлердің илаһи аяттарға қатысты тәкаппарлығы және өздерінің бұрыс ойларына табандылық танытуына қатысты мына аяттарда мүміндерге былай делінген: Қиямет күнін қабылдамайтын адамдармен дауласпаңыздар. Оларды Құдайға қалдырыңыздар. Құдай өзі оларға тиісті жазасын береді.  

Әрине надандық және жәһілдіктен ширк пен күпірлікке ұрынған кәпірлердің ақиқаттан алшақтығы арта түспес үшін оларға құрметпен қарау керек. Бұл жақсы мінез бен кешірім оларды немқұрайлылық ұйқысынан оятып, ақырында хақ дінге жетелеуі мүмкін. Қырсығып қасақана хақты қабылдағысы келмейтін кәпірлермен дауласуды қойып, оларға көңіл аудармай, жайына қалдыру керек.  

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Қарсыластарға қатынас олардың жағдайы мен мүміндердің дәрежесіне қарай әртүрлі. Кей кезде оларға қарсы тұру керек, кейде оларды жайына қалдырып, Құдайға тапсыру керек.
  2. Құдайдың жазасы біздің әрекеттерімізге тікелей байланысты. Әр әрекетіміз дағдыға айналған. Дағдымызды сақтауға әрдайым табандап тұрып аламыз.

Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Аман-сау болыңыздар!

 

Тегтер