Сәу 03, 2024 17:05 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 918-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Жәсия" сүресінің 21-22-аяттарына құлақ түріңіздер:

«أَمْ حَسِبَ الَّذِینَ اجْتَرَحُوا السَّیِّئَاتِ أَن نَّجْعَلَهُمْ کَالَّذِینَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ سَوَاءً مَّحْیَاهُمْ وَمَمَاتُهُمْ  سَاءَ مَا یَحْکُمُونَ»، «وَخَلَقَ اللَّـهُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ بِالْحَقِّ وَلِتُجْزَى کُلُّ نَفْسٍ بِمَا کَسَبَتْ وَهُمْ لَا یُظْلَمُونَ»

 

Аяттардың аудармасы:

Немесе жамандықтарды істегендер, өздерін; иман келтіріп, ізгі іс істегендер сияқты қылатындығымызды, тіршіліктерінде, өлімдерінде тең боларын ойлай ма? Олардың берген үкімі нендей жаман. (21)

Негізінде Алла (Т.) көктерді әрі жерді шындық бойынша жаратты. Әркімге қылығының бодауы беріледі. Сондай-ақ олар әділетсіздікке ұшырамайды. (22)

 

Өткен бағдарламаларда Қиямет күніндегі мүміндер мен кәпірлердің тағдыры талқыланған болатын. Бұл аяттарда осы екі топ cалыстырылып, былай делінген: "Құдайдың жақсы және жаман адамдармен қарым-қатынасы бірдей болады деп күтетін адам бар ма?"

Бұ дүниеде әркім қалағанынша әрекет етіп, қоғамға қызмет еткендер мен халыққа зұлымдық жасағандарға бірдей қатынас көрсетілуін сіз қабылдайсыз ба?

Кімде-кім иман мен салих амал немесе күпірлік пен күнәнің адам өміріне әсері жоқ деп ойласа, қатты қателеседі. Мүмін мен кәпірдің өмірі мен өлімі бөлек екені күмәнсіз. Мүміндер иман мен салих амалдар нұрында ерекше тыныштыққа бөленеді, осылайша өмірдегі ауыр оқиғалар мен дауылдар олардың рухтарына көп әсер етпейді. Құдайдың жігерлендіретін уәделеріне сенетін адамдар болашақ көкжиегін анық көреді және оған үміт артады. "Әнәм" сүресінің 82-аятында айтылғандай, "Сондай иман келтіріп, сенімдерін зұлымдықпен былғамағандар, міне соларда сенімділік/қауіпсіздік бар. Және олар тура жолға түсірілгендер. (82)"

Ал имансыз жемқорлар үнемі алаңдап, мазасызданады. Олар нығметке малынып жүрсе де, айырылып қаламын-ау деген қорқыныш оларды мазалай береді. Қалай болғанда да, олар болашақты қараңғы, өлімді мүлде жойылу деп біледі.

Жетекшілік нұры бірінші топтың жүрегін нұрландырады. Олар жылы шыраймен ізгі де құнды мақсаттарға қарай жылжиды. Ал екінші топта өмірге деген нақты мақсат жоқ. Олар қараңғылық толқындарының арасында сергелдеңге түскендей болады. 

Бақи әлемнің есігі болып табылатын өлім келгенде бұл екі топтың тағдыры да екі түрлі болады. Иманды, салиқалы жандар дүниеден өткенде жәннатпен сүйіншіленеді. Ал имансыз қылмыскерлерге тозақтың есігінен кіретіндері және сонда мәңгі қалатындары айтылады.

Тағы бір жайт: көктер мен жердің жаратылуы ақиқат пен әділеттікке негізделген. Адам өмірінің жүйесі ғана емес, ғаламдағы барлық тіршілік иелерінің жүйесі әділетке/хаққа негізделген. Сондықтан Алла ешкімге зұлымдық жасамайды, адамдарды жалғыз қалдырмайды.  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Аллаға қатысты жалған болжамдардан аулақ болыңыз және Алланың жазасы мен сыйының өлшемі біздің қалауымыз бен орынсыз болжамдарымыз емес, амалдарымыз екенін біліңіз.
  2. Адамның өмірі, өлімі мен тағдырында иман мен ізгі амалдың да,  күпірлік пен жағымсыз амалдардың да рөлі мен ықпалы бар.
  3. Болмыс жүйесі әділет/хаққа негізделген. Сондықтан адамдарға әділ қатынас жасалады.
  4. Қиямет күнін белгілеудегі философия – әділдік пен илаһи хикмет. Осылайша жаратылу мақсаты айқындалады. Хақ әділ адамға беріледі.

 

"Жәсия" сүресінің 23-аятына құлақ түріңіздер:

«أَفَرَأَیْتَ مَنِ اتَّخَذَ إِلَـهَهُ هَوَاهُ وَأَضَلَّهُ اللَّـهُ عَلَى عِلْمٍ وَخَتَمَ عَلَى سَمْعِهِ وَقَلْبِهِ وَجَعَلَ عَلَى بَصَرِهِ غِشَاوَةً فَمَن یَهْدِیهِ مِن بَعْدِ اللَّـهِ أَفَلَا تَذَکَّرُونَ»

 

Аяттың аудармасы:

(Мұхаммед Ғ.С.) көңлі тартқанын тәңір жасап алған, сондай-ақ Алла, өзін біліп адастырған және құлағын, жүрегін бітеп, көзіне қалтқы жасаған біреулерді көрдің ме? Енді Алладан кейін оны тура жолға кім салады? Түсінбейсіңдер ме? (23)

 

Бұл аятта қылмыс пен күнәнің тамырына меңзеп, былай делінген: Күнәһарлар мен қылмыскерлер өздерінің нәпсі қалаулары мен талап-тілектерін әр нәрсенің өлшеміне айналдырады. Олар өздерінің нәпсіге ерген құбылмалы көңілдерін өздеріне бұйрық беретін құдай ғып алғандай. Бұл оларға көбірек ләззат алатын нәрселермен айналысуды бұйырады. Олар қалағанын жасайды, тіпті ақыл-парасаты мен ой-санасын нәпсі қалауларына жету үшін пайдаланады. Мұндай адамдардың көзі де, құлағы да ақиқатты тани алмайтыны заңдылық. Олар тек өздерінің ләззаттары мен мүдделеріне сай нәрселерді дұрыс әрі шындық деп санайды, ал оған қарсы кез келген нәрсені жалған деп есептейді.

Мұндай көзқарас адамның білімі мен біліктілігін тиімділігін жоғалтатын деңгейге дейін жеткізеді. Сондықтан нәпсіге ергендер ғалым болса да адасып, құлдырайды.

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Тарихта ағаш пен тастан жасалған пұттар, Ай мен Күн немесе кейбір жануарлар ғана адамзаттың құдайы болған жоқ, өз құмарлығына табынып, тек нәпсі ләззатын көздегендер де көп болды.
  2. Адамдарға нәпсіқұмарлық үстемдік етсе, ғылым мен білім өзінің тиімділігін жоғалтады. Білімі көп болса да, адамды адастырып жібереді. (Темекі шегудің зиян екенін түсініп, сонымен бірге темекі шегетін дәрігер сияқты!)
  3. Нәпсіқұмарлық адамға фактілерді сол қалпында көруге және соған қарап дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік бермейтін түрлі-түсті шынылары бар көзілдірік тәрізді. Сондықтан нәпсіқұмар адам өз жолын жоғалтады.

 

"Жәсия" сүресінің 24-25-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَقَالُوا مَا هِیَ إِلَّا حَیَاتُنَا الدُّنْیَا نَمُوتُ وَنَحْیَا وَمَا یُهْلِکُنَا إِلَّا الدَّهْرُ وَمَا لَهُم بِذَلِکَ مِنْ عِلْمٍ  إِنْ هُمْ إِلَّا یَظُنُّونَ»، «وَإِذَا تُتْلَى عَلَیْهِمْ آیَاتُنَا بَیِّنَاتٍ مَّا کَانَ حُجَّتَهُمْ إِلَّا أَن قَالُوا ائْتُوا بِآبَائِنَا إِن کُنتُمْ صَادِقِینَ»

 

Аяттардың аудармасы:

Олар: “Тіршілігіміз дүниедегі ғана. Өлеміз, өмір сүреміз. Бізді заман ғана өлтіреді” дейді. Негізінде олардың бұған байланысты мәліметі жоқ. Олардікі межелеу ғана. (24)

Оларға аяттарымыз ашықша оқылған кезде: “Егер сөздерің шын болса, аталарымызды тірілтіп, келтіріңдер” деулерінен басқа дәлелдері болмады. (25)

 

Алдыңғы аятта нәпсіқұмарлық және оның адамды ақиқаттан алыстатудағы рөлі туралы айтылған. Бұл аяттар нәпсіқұмарлықтың  бір салдарына тоқталып, былай делінген: түйсік (инстинкт) негізінде ләззат іздеп, тек нәпсіқұмарлыққа ергендер өлім мен қайта тірілуден кейінгі дүниені жоққа шығарады. Олар: "Біз өліммен аяқталамыз. Қайта тіріліп, өз істеріміз үшін жауап беретіндей ештеңеміз қалмайды. Бір күні дүниеге келеміз. Бір күні өлеміз. Біз өмір сүріп жатқан дүниеден басқа ойлағымыз келетіндей дүние жоқ"-дейді. Оларда қайта тірілуді жоққа шығаруға және күдіктеріне сүйеніп сөйлеуге ешқандай дәлел жоқ. Олар иман иелеріне: "Егер өлгендердің қайта тірілетіні рас болса, ата-бабаларымызды осы дүниеде тірілтіңдер. Сонда қайта тірілуге болатынына сенеміз",-дейді.

Ал бұл жағдайда Алла тағала өлгендерді тірілтудегі өз құдіретін түрлі жолдармен, соның ішінде алғашқы адамды жарату  кезінде көрсетті. 

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Нәпсінің қалауларына еру адамның қиямет күнін жоққа шығаруына себеп болады, сонда ол қауіпсіз және алаңдамай нәпсінің қалауына еріп, қылмыс пен күнә жасауды жалғастыра алады.
  2. Қайта тірілуді жоққа шығаратындардың оны жоққа шығаруға еш негізі жоқ, бірақ күдік пен болжамдарына сүйеніп оны теріске шығарады.
  3. Сену үшін Құдайды көру керек дейтіндер сияқты қайта тірілуді жоққа шығаратындардың кейбірі: "Сену үшін ата-бабаларымыздың қайта тірілгенін көруіміз керек. Олардың ақыл-парасаты көзінде сияқты, сондықтан көрмегенін жоққа шығарады",-деді.

Осымен бүгінгі бағдарлама аяқталды. Аман-сау болыңыздар!  

Тегтер