Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (76)
Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді.
Сухравардидің қысқа, бірақ жемісті өмірінен 50 ғылыми еңбек қалған. Оның еңбектері көркем сөз тұрғысынан ерекше мадаққа ие. Сухравардидің ең маңызды шығармаларының қатарына «Хикмет ул-ешрақ», «Талвихат», «Мұқавемат», «Машаре уа мутарехат», «Партунама», «Хайа кол ән-нур», «Әлвах Эмади», «Ресалат ут-Тейр», «Жебірейіл қанатының әні», «Ағл-е сорх», «Сопылар қауымымен бірге өткен күн», «Ресале фи хале ат-Туфулие», «Ресале фи хақиқат ул-ешқ», «Варедат» және «Тақадисат» жатады. Бұл еңбектердің кейбіреулері парсы тілінде, басқалары араб тілінде жазылған.
Шейх Шахабеддин Сухраварди Иранның хикметі мен мистикасының аспанында аққан жұлдыздай жарқ етіп, мұсылмандардың ой-санасында өшпес із қалдырды. Бұл исламдық дарын қысқа ғана ғұмыр кешсе де, одан парсы және араб тілдерінде 50-ден астам еңбек қалды. Зерттеушілер оның араб тіліндегі прозасын көркем де тартымды деп сипаттаған. Оның парсы тіліндегі жазбалары парсы әдебиетіндегі бірегей туындылардың бірі саналып, философиялық және мистикалық сарындағы әңгіме жазушылардың үлгісіне айналды. Сухравардидің туындылары әралуан және ерекше динамикаға ие. Философиялық тақырыптарды түсіндіру және тәпсірлеуде ол көбінесе терең мистикалық рауаяттарды пайдаланған. Оның туындылары перипатетикалық, мистикалық және платондық стильдерде жазылған. Соңғы бірнеше онжылдықта Сухравардидің еңбектерінің көбі сейіт Хасан Наср мен Генри Корбонның талпынысымен халыққа таныстырылды, оның еңбектерінің бірқатары әлі жарық көрмеді. Сухравардидің жарық көрген еңбектерінің қатарында оның жаратылыстану ғылымдары, математика мен логика туралы туындылары бар. Бұлар «Мотарехат», «Моқавемат» және «Талвихат» атты маңызды еңбектерінің бір бөлігі болып табылады. Мұнымен қоса, оның «Әлвах Эмади», «Ләмхат», «Варедат» пен «Тақадисат» атты туындыларының араб тіліндегі толық мәтіндері қолымызда жоқ. Генри Корбон «Қызыл Жебірейіл» атты еңбегінде Сухравардидің парсы тіліндегі туындыларының көп бөлігін аударған. Корбон «Хикмет ул-ешрақ» атты еңбектің логика бөлімінен басқаның барлығын және де Құтбеддин Ширази мен Молласадраның «Хикмет ул-ешраққа» жазған тәпсірлерін аударып, Сухраварди ойларын зерттегісі келетіндерге өте жақсы дереккөзін дайындап берді.
В. М. Такстон «Шахабеддин Яхия Сухравардидің мистикалық және көріністік трактаттары» атты еңбегінде Сухравардидің парсы тіліндегі мистикалық трактаттарының бірқатарын аударған.
Сухравардидің туындылары бірнеше топқа бөліп қарастырылады. Алғаш рет франциялық зерттеуші әрі ирантанушы Луи Массиньон Сухравардидің туындыларын үшке бөлді. Ол Сухраварди кітаптарын жазылған уақытына қарай кезең-кезеңге бөліп қарастырған. Бірінші кезең Сухравардидің жастық шағында жазылған алғашқы туындыларын қамтиды. Екінші кезеңге оның перипатетикалық шығармалары жатады. Массиньонның көзқарасынша, үшінші топты Ибн Сина мен Платонның ойларының қосындысынан тұратын жазбалар құрайды.
Массиньоннан кейін тағы бір ұлы француз зерттеушісі Генри Корбон Сухравардидің туыдыларын 4-ке бөлуді ұсынды. Осы екі зерттеушіден кейін сейіт Хосейн Наср азғана өзгеріс енгізіп, Сухраварди еңбектерін беске бөліп, оларды құрылысы бойынша классификациялады. Сухравардидің еңбектері, оларға жазылған тәпсірлер мен түсіндірмелерді, сондай-ақ Сухравардидің ой-пікірі мен платондық философия туралы еңбектерін жіті зерттегенде оның шығармаларын алтыға бөлуге болатынын көреміз.
Бірінші топ Сухравардидің платондық ойларын баяндауға арналған кітаптарынан тұрады. Бұл топқа тек бір ғана еңбек – «Хикмет ул-ешрақ» кіреді. Ол Сухравардидің басқа барлық туындыларынан бөлек және ешрақи философиясының алғашқы дереккөзі болып саналады. Ол бұл кітапта өзі құрған мектептің толық сипаттамасын ұсынады.
Екінші топқа Сухравардидің тәлім-тәрбиелік және теориялық төрт үлкен кітабы жатады. Олардың барлығы араб тілінде жазылған. Бұл туындыларда алдымен перипатетикалық философия Сухравардидің ерекше тәпсірімен берілген, содан соң ешрақ философиясы талқыланған. Төрт кітаптың әрқайсысында логика, жаратылыстану мен теология деген үш бөлім бар. Бұл төрт кітапқа «әл-Талвихат», «Машаре уа мутарехат», «әл-Моқавемат», «әл-Ламхат» жатады. Бұл төрт кітаптың арасында «әл-Талвихат» ең маңызды. «Машаре уа мутарехат» кітабы «әл-Талвихатқа» жазылған түсіндірмемен бірдей, «Ламхат» кітабы «әл-Талвихатты» қорытындылайтын сияқты, ал «әл-Моқавемат» кітабы «әл-Талвихатқа» қосымша болып табылады.
Үшінші топты Шейх Ешрақтың парсы және араб тілдеріндегі қысқарақ трактаттары құрайды. Онда бес кітап – «Хикмет ул-ешрақ», «әл-Талвихат», «Машаре уа мутарехат», «әл-Моқавемат» және «әл-Ламхат» қарапайым тілмен қысқаша баяндалған. Шейх Ешрақтың осы топтағы туындыларына өте маңызды екі трактат – «Хайа кол ән-нур» пен «әл-Әлвах әл-Эмадие» жатады. Олар араб тілінде жазылған. Парсы тіліндегі «Пәртунама» мен «Бостан ул-қулуб» трактаттары да осы топқа жатады. Кейбіреулер «Бостан ул-қулубтың» Сухравардиге тиесілігі жайында күмән білдірген, бірақ Сухравардидің туындыларын зерттеп, шығармаларының текстологиясымен айналысқан ғалымдар адамдар «Бостан ул-қулубты» Сухравардидің еңбектерінің бірі санайды.
Нәпсінің дәрежелерге көтерілу және нұр мен бақытқа жету сапары туралы сөз болатын құпияға толы хикаялар мен әңгімелер Сухраварди туындыларының төртінші тобын құрайды. Бұл трактаттардың көбі парсы тілінде жазылған. Олардың қатарын «Ағл-е сорх», «Самұрықтың ысқырығы», «Жебірейіл қанатының әні», «Лоғат-е муран», «Ресале фи хале ат-Туфулие», «Сопылар қауымымен бірге өткен күн», «әл-Ғарбе әл-Ғарбие» атты өте маңызды трактаттар мен әлі күнге дейін жарық көрмеген «Ресалат фил-Мерадж» құрайды.
Шейх Шахабеддин Сухраварди еңбектерінің бесінші тобына өткендердің философиялық еңбектері мен Құран Кәрім мен хадистер туралы жазылған кітаптарды редакциялау, аудару, тәпсір жазу, түсіндіруге қатысты туындылары жатады. Осы туындылардың қатарына Құран Кәрімнің бірнеше сүресі мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) кейбір хадистеріне жазған тәпсірлері жатады. Олар әлі жарық көрген жоқ. Ибн Синаның «Ресалат ут-Тейр» атты еңбегінің парсы тіліндегі аудармасы, бәрінен маңыздырақ шейх әр-Раистың «Ресалат фил-ешқ» атты еңбегінің негізінде жазылған «Ресале фи хақиқат ул-ешқ» немесе «Мунес ул-Ушшақ» шейх Шахабеддин Сухраварди еңбектерінің бесінші тобына жатады. Толығымен араб тілінде жазылған дұғалар мен мінәжаттар «әл-Варедат» және «әл-Тақадисат» деп аталады. Олар Аллаға жалбарынуға арналған жиынтықтар болып саналады және шейх еңбектерінің алтыншы тобын құрайды. Өкінішке орай, олар әлі күнге дейін жарық көрген жоқ. Сухраварди еңбектерін жазылған уақыты бойынша тәртіпке келтіру қиын, өйткені Сухраварди еңбектерінде өзінің басқа туындыларына сілтеме жасап отырған. Сондықтан оның туындыларының нақты жазылған уақытын анықтау мүмкін емес.