Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (78)
Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Занджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді.
Сухравардидің қысқа, бірақ жемісті өмірінен 50 ғылыми еңбек қалған. Осы ирандық философтың туындыларының бір бөлігін тұспалды және құпиялы трактаттар мен әңгімелер құрайды. Зерттеушілердің пікірінше, бұл туындылар Сухравардидің болмыс-бітімін бүкпесіз көрсетеді. Әдемі тіл және құпия-тұспалдармен жазылған бұл туындылар Сухравардидің рухани тәжірибелерін қамтиды. Сондай-ақ, Сухравардидің құпия мен тұспалға бет бұру себептерін баяндадық. Шейх Ешрақтың құпия сөздерінің парсы әдебиетінің ұлыларына, соның ішінде Моулави, Аттар мен Хафизге әсері жайында сөз қозғадық.
Шейх Шахабеддин Сухравардидің кітаптарында қолданылған құпияларды үшке бөліп қарастыруға болады: бірінші топқа ешрақи терминдер мен құпия сөздер жатады. Олар ешрақи жүйесіндегі нұр мен зұлматқа қатысты. Құпиялардың бұл түрі Сухравардидің туындыларында аз кездеседі. Екінші топқа хосроулық терминдер немесе ежелгі Иранға қатысты құпиялар жатады. Үшінші топқа тұспалды құпиялар кіреді. Бұлар шейх Ешрақтың тұспалды трактаттарында қолданылған. Мұндай құпияларда Шахабеддин Сухраварди оларды қолдану үшін өзінің бастамашыл, жаңашыл күші мен қиялын кең түрде пайдаланған.
«Жебірейіл қанатының әні» – Сухравардидің парсы тіліндегі трактаттарының бірі. Бұл трактат Генри Корбон мен Павел Карвас тарапынан түсіндірме жазылып, француз тіліне аударылып, бір рет жарық көрді. Парсы тілінде доктор Мехди Баянидің талпынысымен басылып шықты. Доктор Забихулла Сафа «Парсы тілі мен әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде «Жебірейіл қанатының әні» трактаты жайында: «Сухравардидің осы трактатты жазу тәсілі өте қарапайым да төгілмелі. Шейх құпия мен тұспалға толы трактатты әңгіме түрінде сұрақ-жауап қою арқылы қарапайым сарын мен оқырманның сөйлеу тіліне жақын тәсілмен жазған. Осы тұрғыдан оны х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда халық арасында қолданылған парсы тілінің табиғи үлгісі деп санауға болады»,-дейді. Араб сөздерінің көптігі мен құпия тәсілдің болуы бұл кітаптың прозалық тілін аздап төмендетті.
«Жебірейіл қанатының әні» деп аталатын трактаттың атауының өзі оның құпияға толы екендігін білдіреді. Оның атауынан рухани иіс аңқып тұр. Оның терминдерінің көбі жұмбақ пен құпияға толы. Көп жағдайда өте күрделі әрі бұлыңғыр теңеулер мен метафоралар қолданған, сондықтан оны түсіну қиынға соғады. Бұл трактаттың құпиялары мистиканың дәстүрлі символдары мен бірқатар өзіндік нышандардан тұрады. Оларды көне сопылардың әдебиетінен таба алмаймыз.
Шейх Шахабеддин Сухраварди трактатты Алланың атымен бастайды. Бұл оның бір Аллаға сенетінін білдіреді. Оның сенімі – шынайы сенім. Діни фанатизм мен қоғамдық жағдай оны құпия тілмен сөйлеуге мәжбүрледі.
Трактат шейх Шахабеддиннің рухани өрістеуінен хабар береді. Оның мазмұнынан хикая шейхтің өңінде емес, түсінде орын алған деген нәтиже шығарылады. Шейх Ешрақ әңгімеге кіріспес бұрын бұл кітапты жазуға себеп болған түрткіге тоқталған. Трактатты жазуға түрткі болған нәрсе – көкірек көзі соқыр бір адамның теріске шығаруы болған. Ол көрегендікті теріске шығаратын соқыр сеніммен өткен заманның танымал тұлғалары, соның ішінде қажы Абу Әли Фармандиге тіл тигізген. Сухраварди хикаяны әлгі адамның қажы Абу Әли Фармандиден сұраған сауалынан бастап баяндайды. Қажыдан: «Көк киетіндер неліктен кейбір дыбыстарды Жебірейілдің қанаты санайды. Сезім мүшелерімен қабылдауға болатын нәрселердің көбі Жебірейіл қанатының әнінен шыға ма?»-деп сұраған екен әлгі адам. Қажы Абу Әли Фарманди оған: «Жебірейіл қанаты әндерінің бірі сенсің»,-деп жауап берген. Әлгі соқыр сенімге бой алдырған теріске шығарушы «Бұл сөздің қандай мәні бар? Бұл бос сөз»,-деп қоймайды. Сухраварди жаңағы уәж айтушы адамның табандылығын көріп, оны жалпы халықтың сөзі деп атап: «Мен Жебірейіл қанатының әнін түсіндіру үшін мықты ой мен дұрыс талпыныспен осы атаулы трактатты бастаймын. Егер сен еркек болсаң және ерлердің өнеріне ие болсаң, осы трактатты түсініп көр»,-дейді. Қысқа кіріспеден кейін трактат бірінші жақтан айтылған хикаят түрінде түнде баяндалған. Бұл жауап пен қорғау Сухраварди хикметінің ең терең трактаттарының бірінің жазылуына себеп болды.
Хикаят екіге бөлінеді: бірінші бөлім шейх Ешрақтың өзі болып табылатын ақиқатты іздеуші туралы. Ол бір дәруіштердің үйіне барады. Үйдің екі есігі бар екен. Бір есік қалаға, екіншісі далаға қарай ашылады. Ақиқатты іздеуші далаға кетеді. Жол ортасында ыстық, суықты көрген 10 адамға кездеседі. Олардың айбыны мен айбаты ақиқатты іздеушіні қорқытады. Хикаяның кейіпкері ақиқатқа жету жолында оның ішкі пайғамбары мен жолнұсқаушы періштесі болған хакімнен: «Оның үйі қайда?»-деп сұрайды. Сондай-ақ, одан жаратылыс жұмбағы, тариқаттың дәрежелері, аспанның құрылысы, абстрактілі заттар әлемі мен оның қауіп-қатерлері жайында сұрайды. Бұл диалогта бір сұрақтың артынан басқа бір сауал туындайды. Сухраварди осылайша Құранның құпияларын түсінуге қажетті тариқат жолына кіру және ешрақи тағылымдарының негізгі элементтерін анықтайды.
Әңгіменің екінші бөлігінде Сухравардидың өзі әрі хикаяның кейіпкері болып табылатын шәкірт әңгіменің бірінші бөлімінде оның рухани пайғамбары мен жолнұсқаушысы болған ұстаздан «ұлы есімді» оған үйретуді сұрайды. Ұстаз келісіп, алдымен оған «таңғажайып буын» үйретеді. Шейх Ешрақтың парсы тіліндегі туындыларының текстологы доктор сейіт Хосейн Насрдың айтуы бойынша, бұл таңғажайып буын «Джафар ғылымының құпиялары» болған. Ұстаз оған «джафардың» ішкі ғылым екенін, әріптер мен сөздердің мағынасына сандық тұспал мен құпия тәсіл арқылы жетуге болатынын үйреткен. Содан соң Алла періштелер іспетті сөздерді тудырған, артынан күннің жарығы жұлдыздардікінен көп болатыны сияқты періштелерден әлдеқайда жоғарырақ «әла» (жоғары) сөзін тудырған. Адамның өзі де Алла тудырған сөз әрі Жебірейілден шыққан ән. Жебірейілдің қанаты аспан мен жерді баурап жатыр. Бұл әлем – көлеңкелердің әлемі. Батыс Жебірейілдің сол қанатының көлеңкесінен басқа ештеңе емес. Періштелер нұрының әлемі немесе Шығыс та Жебірейілдің оң қанатының көрінісі. Осылайша осы әлемнің барлық мақұлықтары Жебірейіл қанатының дыбысынан пайда болған. Осы жақын періштенің сөзі мен әнінің арқасында адам пайда болып, сөз, яғни Алланың атымен ол кемеліне жетіп, бастапқы қалпына келіп, өз негізін табады.
Бұл трактатта Сухраварди өз танымтануының негізгі элементтерін илаһи хикметтің басқа тұрғысынан баяндайды. Ол сопылық проза мен поэзияның дәстүрлі символдарына сүйеніп, рационалистер мен мистикалық тәсілді жақтаушылар арасындағы қайшылықтарды талдаған. Сухравардидің құпия сөйлеуге бет бұруының себебін көркемдеп жазу, сөздің мүмкіндігін пайдалану, сөздің сұлулығын сақтау, сондай-ақ шәкірттерге қозғау салу үшін рухани тартымдылықты тудыру деп санауға болады. Осындай трактаттарына таңдаған атаулары мен оларды өте әдемі әрі төгілмелі тілмен жазуы осы әйгілі хакімнің ынтасы, нәзік болмысы мен теңдессіз қиялын көрсетеді.