Maм 26, 2016 12:59 Asia/Almaty

Ахваз ауданы Иранның оңтүстік-батысында 7848 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Хузистан облысы мен осы ауданның орталығы – Ахваз қаласы.

Ахваз ауданында маңызды зауыттар мен нысандар, соның ішінде ірі мұнай-газ, құрыш құю, құбыр жасау кешендері, Ахваздың құбыр жасау зауыты, Белак көміртек зауыттары, қант тазалау зауыты, электр стансалар мен басқа да көптеген шеберханалар бар. Осы тұрғыдан Ахваз ауданы құрыш балқыту кешендерінің полюсы ретінде танымал. Өнеркәсіп тұрғысынан Хузистан облысы деңгейінде бірінші орынға ие. Өнеркәсіппен қоса, егін шаруашылығы да Ахваз ауданында жақсы дамыған. Ауданның жері өте құнарлы. Онда егін шаруашылығының мүмкіндігі мол. Жылына әртүрлі өнімдер, соның ішінде бидай, арпа, бұршақ тұқымдастары, көкөністер, құрма өнімдері өндіріледі. Ахваз ауданының тарихи және туристік ескерткіштері ретінде Ахваз көне қаласынан қалған ескерткіштерінің, Карун көне көпірінің қалдықтарын, аспалы көпірді, Әли бен Махзияр Ахвази кесенесін, Карун өзені мен оның әдемі жағалауын атауға болады.

Хузистан облысының орталығы Ахваз қаласы – Ирандағы мегаполистердің бірі. Бұл қала Хузистанның ойпатты бөлігінде теңіз деңгейінен 18 метр биіктікте Теһраннан 850 км қашықтықта орналасқан. Соңғы ресми статистикалық мәлімет бойынша, Хузистан облысы халқының 32 пайызы Ахваз мегаполисінде өмір сүреді. Иранның ең ірі зауыттарының кейбіреулері осы қалада орналасқан. 200 шаршы шақырым ауданды алып жатқан Ахваз қаласы Иранның аумағы үлкен қалаларының қатарына жатады. Иранның ең суы мол өзені – Карун Бахтияри тауларынан бастау алып, Ахвазға кіргеннен кейін қаланы шығыс және батыс болып екіге бөлді. Бұл қалаға ерекше сұлулық сыйлады. Ұзындығы 950 км қашықтықты құрайтын бұл өзен Ирандағы ең ұзын, сонымен қатар бұл бір бөлігі кеме қатынасына жарамды жалғыз өзен болып табылады. Сондай-ақ, Ахваз қаласының тұщы суы Карун өзені арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл өзеннің жолындағы ирелеңдер Хузистанды теңдессіз алқапқа айналдырды. Карун өзенінің үстіне әртүрлі бөгеттер салынған. Олардың ең маңыздысына «Карун-1», «Карун-3», «Карун-4», «Сүлеймен мешіті», одан төменірек «Гетванд Алиа» және «Гетванд» бөгеттері жатады.

Мұнымен қоса, оңтүстіктегі мұнай шығатын аймақтар мен Иранның Ұлттық бұрғылау компаниясының үлкен өнеркәсіптік зауыттары мен кеңселерінің болуы Ахвазды Иранның ең маңызды өнеркәсіптік орталықтардың біріне айналдырды. Дәл осы жағдай оны Иранның мигрант қабылдайтын қалаларының бірі болуына себеп болды. Ахваз тас жол, темір жол мен әуе жолдары арқылы Иранның басқа жерлерін Абадан, Хоррамшахр, Имам Хомейни мен Махшахр айлақтарымен байланыстыратын өте маңызды транзиттік өзек болып табылады.

Ахваз қаласының салыну тарихы жайында жеткілікті мәлімет болмаса да, қолда бар айғақтар эламдықтардың бұл аймақтың алғашқы тұрғындары болғанын көрсетеді. Ахваз өз тарихы барысында көптеген ойрандықтың куәсі болды, алайда әрбір шапқыншылықтан кейін қала қайтадан абадтандырылып отырған. Эламдықтар Ахваз қаласының қазіргі жерінде көне қала –Тариананы салған. Эламдықтар тарих сахнасынан кеткеннен кейін бұл қала да қирады. Ардашир I Сасани Тариананы қайта салып, оны «Хормозд-е Ардашир» деп атаған. Ардашир Карунның үстіне бөгет салдырғаннан кейін бұл қала қарқындап дамып, беделге ие болып, Сузиананың (Хузистанның) орталығына айналды. Сасанилер заманында Ахваз Хузистанның басты қалаларының бірі саналып, облыстың текстиль өнеркәсібінің орталығы болған. Бұл қала Ирандағы христиандық орталықтардың бірі әрі Хузистанның епископтар мекендеген жері саналған. Мұнымен қоса, «Хормозд-е Ардашир» деп аталған Ахваз басты сауда-саттық орталықтарының бірі болған, сонымен қатар кеме қатынайтын мүмкіндігі бар Карун өзенінің жағасында орналасуына байланысты саудагерлердің тауарын қабылдап, сауда жасауға қолайлы жер болып саналды. Ахваз қаласында «Чандишапур» сияқты ғылыми-мәдени орталықтардың болуы осы аймақтың маңыздылығы мен қарқынын көрсетеді. Мұнда Грекия, Мысыр, Үндістан мен Римнен келген медицина ғылымының білікті ұстаздары жұмыс істеген. Танымал әрі көрнекті ұстаздар бұл университетте науқастарды емдеп, студенттерге медицина бойынша дәріс берген. Шапур I-нің (271-241 жылдары) бұйрығымен құрылған осы Медицина университеті Шапур II тарапынан жөндеуден өткізіліп, Ануширванның кезінде дамытылып, толықтырылды.

Ислам келгеннен кейін «Хормозд-е Ардашир» атауы «Соуқ ул-Ахваз» атауына ауысты. Ахваз Умавилер мен Аббасилер кезінде абадтанған, қарқынды дамыған қала және қант құрағын егетін орталық болған. Бірақ х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың аяғында құлдырай бастады. Әрине кейін оны абадтандыру жолында талпыныстар жасалды. Бірақ х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда бөгеттің қирауы қаланың түбегейлі қиратылуына әкеліп соқтырды. Ахваздың қайта жандануының себебі х.қ.ж.с.б. 1306 жылы Суец каналының салынуы және еуропалықтардың Иранның оңтүстігіне отарлау мақсатында көңіл аударуы болды. Бұл жағдай қаланың сауда-саттық саласында өзгерістер тудырды. Насыреддин шах та осы мүмкіндікті Карун өзенінде кеме қатынасын дамыту үшін пайдаланды. Ол Хузистанның билеушісі арқылы көне Ахваз қаласының маңына «Насери» атты айлақ салды. Осы айлақ салынғаннан кейін Ахваз қаласы атын «Насерие» деп өзгертті. Бірақ х.қ.ж.с.б. 1314 жылы Министрлер кабинетінің шешімімен қайтадан «Ахваз» атанды.

Араб поэзиясының басты тұлғаларының бірі саналатын Абунавас Хасан бен Хани Хузистани, Абдулла бен Меймун Ахвази, астроном Ноубахт Ахвази мен оның балалары, Бахтишу Гандишапурдың ұлы Джувар Джейс сияқты ғұламалар мен ұлы ақындар, өз өлеңдерінде велаят пен имаматты жырлап, қарсыласа тіл қатқан Ибн Сакит пен Даабал Хазаи сияқты араб тілді шиіт ақындар осы аймақта туып өскен.

Ахваз қаласының ең маңызды туристік тартымдылықтарының бірі – қала көпірлері. Қазіргі таңда Карун өзенінің үстіне қаланың батысы мен шығысын байланыстыратын 8 көпір салынған. Олардың біріншісі, яғни қара көпір пойыз қатынасына арналған. Осы көпірлердің арасында ақ көпір – Ирандағы алғашқы аспалы көпір, құрыш көпір – әлемдегі төртінші құрыш көпір, кабельдік көпір ерекше архитектуралық стилі мен бірегей жобасына байланысты Таяу Шығыс аймағында ең үлкен кабельдік көпір болып табылады. Бұлар қалаға ерекше сұлулық сыйлады. Ахваз қаласында Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген тарихи үйлер де өте көп. «Аджам сарайы» х.ш.ж.с.б. 1382 жылы ұлттық мұра тізіміне тіркелген ғимараттардың бірі саналады. Бұл үй бұрынғы замандарда шейх Хазалдың керуен сарайларының бірі ретінде де, базар ретінде қолданылған, ал қазір ол қойма ретінде пайдаланылады. «Аджам сарайы» бір қабаттан тұрады. Онда әдемі кірпіш қаландылары, қашалған бағандар, көптеген құжыралар, тас еден, ағаш есік пен терезелер бар. Ол архитектура тұрғысынан бірегей.

Ахваз қаласында орналасқан Әли бен Махзиярдың кесенесі – осы қаланың зиярат ететін орындарының бірі. Ол әрдайым Пайғамбар әулетін сүюшілерді қабылдайды. Әли бен Махзияр Ахвази Дурағи х.қ.ж.с.б. 125 жылы дүниеге келген. Ол ислам мен шиіттік ағымның танымал тұлғаларының бірі. Оның тегі ирандық. Х.қ.ж.с.б. 254 жылға дейін өмір сүрген. Ол шиіттік әлемнің ең көрнекті діни заңгерлері мен хадисшілерінің қатарына жатады. Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың алғашқы жартысында Хузистан аймағындағы шиіттердің идеологиялық және қоғамдық жетекшілерінің бірі болған. Бұл ұлы данышпан құнды еңбектер жазып, Пайғамбар әулетінің жолын ирандықтарға таныстырған. Бұл шиіттік ұлы тұлға ғылыми, діни және рухани дәрежелермен қоса, шиіттердің саясаты мен экономикасы жөнінде теория жасаған адам болған. Оның діни заңгерлік саласындағы еңбектері талдап, талқылауға тұрарлық.

Исламның ең көрнекті діни заңгері шейх Туси (р.) «Рәджал» атты еңбегінде: «Әли бен Махзияр – имам Джавад (ғ.) пен имам Хадидің (ғ.) сахабаларының бірі. Ол көптеген рауаяттарға ие қадірлі ойшылдардың бірі. Әли бен Махзияр фикһ-діни заңгерлік ғылымы мен діни үкімдерді меңгеріп, хазірет имам Реза (ғ.) мен имам Джавадтан(ғ.) көп рауаят келтірген. Ол имам Джавадтың (ғ.) сахабаларының бірі саналып, сол хазіреттің сенімді өкілі болған. Сондықтан осы хазіреттің алдында жоғары орынға ие болған. Ол имам Хади (ғ.)-ның сахабаларының бірі әрі кейбір аудандарда осы имамның сенімді өкілі болған»,-деді.