Maм 26, 2016 13:01 Asia/Almaty

Хузистан облысы Иранның оңтүстік-батысында шамамен 65 мың шаршы шақырым ауданды алып жатыр. Бұл облыс солтүстікте Луристан мен Элам облыстарымен, батыста Ирак елімен, оңтүстікте Парсы шығанағымен, шығыста Чахармахал-е Бахтияри мен Коһгилуйе және Буйерахмад облыстарымен шектесіп жатыр. Облыс орталығы – Ахваз қаласы.

Хузистан облысы жер бедері бойынша таулы және алқапты аймақ болып екіге бөлінеді. Таулы аймақ облыстың солтүстігі мен шығысында орналасқан. Бұл аймақтың таулары Загрос таулы сілемімен жалғасып жатыр. Аймақтың ең маңызды тауларының қатарында Зардкух, Кухсиях, Кухчал мен Аббанданды айтуға болады. Екінші бөлігіне Хузистанның оңтүстік және батыс алқабы жатады. Бұл алқаптың үлкен бөлігіне 41 мың шаршы шақырым ауданды алып жатқан Корун, Керхе мен Джарахи өзендері тартылғаннан қалған шөгінді тұнбалар жатады. 

Хузистан облысында жер қыртысының төмендігіне байланысты жағалаулық бөліктерден теңіз суының, ал басқа жерлерде өзендердің ағысы салдарынан ауқымды батпақтарды көруге болады. Бұл жер «Хур» деп аталады. Маңызды «хур» ормандары Азадеган және Шадеган алқаптарында орналасқан. Хузистанда қалыптасқан ең үлкен «хур» «Хур ул-Азим» деп аталады. Ол Керхе мен Дуирадж сулары және Арундуруд суларының бір бөлігінен пайда болған.

Хузистан облысынан әралуан ауа райын көруге болады. Соның ішінде биік таулы аймақтар қыста суық, жазда қоңыржай ауа райына ие. Тау етегі аймағында жартылай шөлді ауа райы, ал алқапты аймақта шөлді ауа райы қалыптасқан.

Климаттық ерекшеліктер бойынша Хузистан мен оның жағалауы ыстық аймаққа жатады. Ахваз, Абадан мен Дезфул қалаларындағы жазғы температура кейде плюс 50 градусқа жетеді. Бұл ыстық Парсы шығанағымен жапсарлас Сауд Арабиясындағы кең шөл даладан келеді. Сондай-ақ, облыстың оңтүстік бөлігінде аласа таулардың болуы бұл ыстықтың аймаққа кедергісіз енуіне себеп болады. Әрине, Хузистан облысының маңызды, салтанатты, абадтанған болуы ұзақ жылдар бойы онда ағып жатқан көптеген өзендердің арқасында екенін айта кету керек. Бұл облыста маңызды өзендердің ағып жатуы ондағы құнарлы жерлердің ғасырлар бойы билеушілер мен халықтың назарына алынуына себеп болды.

Хузистан облысы су, жер мен күн қуаты көздерінің молдығы, жұмысқа қолайлы мезгілдер мен еңбекқор халқының болуына байланысты Иранның егіс шаруашылығы полюстерінің бірі болып табылады. Ирандағы өзендердің үштен бірі осы облыстан ағып өтеді. Хузистан облысы тағамдық шөптер мен көкөністер өндіру бойынша Иранның көрнекті аймақтарының бірі болып табылады. Жылдың кейбір мезгілінде Хузистанның егіс өнімдері елдің көп бөлігін қамтамасыз етеді. Мұнымен қоса, осы облыстағы қант құрағы мен пальма алқабы өте маңызды.

Ауа райы мен жер бедерінің әралуандығының нәтижесінде Хузистанның кейбір аймақтарын ағаштар мен бұталар жапқан.

Хузистан қыста қысқа мерзімге жануарларға қолайлы жасыл алқап пен шұрайлы шалғынды жерлерге айналады. Хузистанның шалғынды жерлері әдетте қыстақ ретінде пайдаланылады, ал олардың кейбір жерлері көршілес облыстардан келетін бахтияр тайпасының қыстайтын жері болып табылады.

Хузистан аймағындағы жануарлар дүниесін балықтар мен аңдар құрайды. Өзендер, батпақтар мен Парсы шығанағының суларында балықтың 200 түрі тіршілік етеді. Хузистанның тұщы сулы өзендерінде балықтардың көп түрі тіршілік етеді. Бұлар аймақ халқының басты тағам көздері болып саналады. Парсы шығанағында да балықтардың алуан түрі тіршілік етеді. Бұлар аймақ халқының азығы ретінде ғана қолданбайды, оның бір бөлігі шетелдерге де экспортталады. Мұнымен қоса, бұл облыстан әртүрлі аңдар табылады. Бағзы замандардан бері Хузистан маралдар тіршілік ететін орындарды бірі болған. Бүгінде олардың саны күрт азайып кетті. Қазіргі таңда маралдар облыстың қорғауға алынған аймақтарында өсіріледі. Үйректердің алуан түрі – ұзын тұмсықты үйрек, бірқазан мен шіл облыстағы батпақтар мен қамысты көлдерде көптеп кездеседі. Түлкі, қорқау қасқыр, қасқыр, доңыз сияқты аңдар Хузистан облысының таулы және орманды аймақтарында тіршілік етеді.

Хузистан облысының тарихын зерттеу бұл аймақтың «Элам» атты тәуелсіз мемлекеттің кең байтақ жерінің бір бөлігі болғанын көрсетеді.

Франциялық Жан Дилафой (Jane Dieulafoy) мен Жак Деморган (Jacques DeMorgan) сияқты зерттеушілердің еңбектері көрсеткендей, эламдықтар б.з.д. шамамен 8 мың жыл бұрын осы аймақта өмір сүріп, сол жерде тәуелсіз мемлекет құрған алғақшы тайпа болуы мүмкін. Тарихи деректерге сәйкес б.з.д. шамамен 13 ғасырға дейін Хузистан аймағы «Элам» деп аталған. Содан соң «Эншан Сусанка», яғни «Эншан мен Шуш» деген атаумен эламдық жазбаларда тіркелген.

Ахеменилер осы аймақты басып алғаннан кейін (б.з.д. шамамен 640 жылы) Эншанды «Энзан» деп атаған. Бірақ ашуралықтар бұрынғыдай бұл аймақты «Элам» деп атаған. Ахеменилер мен Селевкилер заманындағы Геродот пен Ксенофон сияқты грек тарихшылары Хузистанды «Шуш» деген сөзден алып, «Сузиана» деп атаған.

Хузистан қант құрағының жоғары сапасы мен молдығына байланысты кеңінен танылған. Х.қ.ж.с.б. 3-4 ғасырлардан бастап бұл аймақ «Хузистан», яғни қант жері деген атпен аталады.

Хузистан облысы әртүрлі дәуірлерде көптеген шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткерді. Бірақ үнемі Иранның ажырағысыз бөлігі болған. Хузистан 19 ғасырда мол мұнай қоры мен Парсы шығанағындағы сауда жолдарына ие болғандықтан Британияның отаршыл үкіметі үшін ерекше маңызды болған. Сол себепті Бірінші дүниежүзілік соғыста (1914-1918) Англия өзінің алғашқы шабуылын генерал Диламиннің Арундурудтағы басқармасына бағыттады. Ағылшындар өз әскерін Хузистанға кіргізіп, сол жердегі арабтардың көбін басқарған шейх Хазалды бағындырып, оны осы аймақтағы өздерінің өкілі етіп тағайындады.

Айта кету керек, ағылшын күштерінің Хузистанға шабуылы кезінде Ахваздың батысындағы араб тайпалары көтеріліске шығып, жандарын аямай отандарын қорғады. Бұл оқиға «джаһад соғысы» деген атпен танымал.

Бірақ ақырында шейх Хазал өзінің сатқындығының сазайын тартты. Х.қ.ж.с.б. 1339 жылы Англия мен оның басқа бір өкілі Реза шахтың келісімі нәтижесінде ол Хазалдың көтерілісін басып тастады. Резаханнан кейін оның ұлы Мұхаммадреза бұрынғыдай батыстық алпауыттардың билігіне мойынсұнды. Ол АҚШ пен Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен басқа да мемлекеттердің талаптарын қабылдап, оларды орындауға міндеттеме алды. Бұл талаптардың маңыздысы Батыс елдеріне мұнайды арзан бағаға сату болды. Мұнайдың көбі Хузистанда өндірілетін еді. Иран Ислам революциясы жеңіске жетіп, отаршылар Иранның мұнайынан айырылғаннан кейін олар Саддамды арандатып, Иранға 8 жылдық соғысты таңып, ИИР-ын әлсіретумен қоса, Хузистанды Ираннан бөліп алғысы келді. Бірақ бұл жолы да ирандықтар – араб, парсы, түрік, күрд пен лур бірлесіп, өздерінің діні мен отанын қорғау жолында күресіп, жанпидалықпен осы қастандықты залалсыздандырды. Осы тұрғыдан Хузистан – Иран халқының жадында махаббат пен қан астасқан атау. Бұл атау оларға өз араларынан шыққан жауынгерлердің асқан табандылықпен отанын қорғап, тәуелсіздікті берік сақтап қалған жылдарын еске түсіреді.

Хузистан облысы терең тарихына байланысты ежелден бері отандық және шетелдік саяхатшылардың назарын аударған көптеген тарихи, табиғи және өнеркәсіптік тартымдылықтарға ие. 7 мың жылдан астам тарихы бар бұл облыс көптеген тарихи ескерткіштерге ие. Олардың кейбіреулері әлемге танылған.

Тегтер