Иранға сапар
Фердоус ауданы Оңтүстік Хорасан облысының солтүстік-батысында 4103 шаршы шақырым ауданды алып жатыр. Бұл аудан қолайлы географиялық жағдайы, ылғалды ауа массасының болмауына, сондай-ақ, Орталық және Тұзды шөлдерге жапсарлас орналасуына байланысты жауын-шашыны аз, құрғақ, шөлді ауа райына ие.
Фердоус ауданындағы жылдық орташа жауын-шашын мөлшері шамамен 155 мм. Бұл аудан аумағының кеңдігіне байланысты ауа райында айырмашылығы бар екі аймаққа ие.
Бұл ауданның солтүстігіндегі таулы аймақтардың қысы әдетте өте суық, ал жазы қоңыржай келеді. Ауданның оңтүстігі мен оңтүстік-батыс бөліктерінде жаз өте ыстық әрі құрғақ.
Фердоус ауданының ең биік таулары солтүстіктен солтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Бұл таулы сілемнің ең биік шыңы – 2813 метрлік Сиахкух. Сондай-ақ, Фердоус ауданының оңтүстік-батысында аласа тау сілемі бар. Ол Бирджанд тауларына ұласып жатыр. Онда «Кух қале» және исмаилиттер кезіндегі тарихи ескерткіш-қамал орналасқан «Хасанабад» деген екі шың бар.
Фердоус ауданының тарихы тереңге бойлаған. Оның аты х.ш.ж.с.б. 1308 жылға (1929 жылға) дейін «Тун» деп аталған. Археологиялық төбелер мен аудандар б.з.дейінгі дәуірлерден басталады. Тун тарихи қаласы сол заманнан қалған ескерткіштердің бірі саналады. Фердоус ауданы Хорасан-е Разави облысы мен Оңтүстік Хорасан облысының байланысқан жері және Иранның тарихи аудандарының бірі болып табылады. Ондағы 190 тарихи ескерткіштің арасында осы күнге дейін 90 ескерткіш Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.
Фердоустың жамағат мешіті, Кушк мешіті, «Елмие-е Әлиа» медресесі, «Тун» тарихи қаласы, этнографиялық мұражай, Сұлтан Мұхаммад пен Ибрахим имамзадалары Фердоус ауданының ең маңызды тарихи, мәдени және діни тартымдылықтарының қатарына жатады.
Оңтүстік Хорасан облысындағы Фердоус ауданының орталығы – Фердоус қаласы. Бұл қала Мешхедтің оңтүстігінен 345 шақырым қашықтықта, ал облыс орталығы Бирджанд қаласының солтүстік-батысынан 195 шақырым қашықтықта Йезд, Керман, Исфахан, Бушер, Хормозган мен Фарс облыстарын Мешхедпен байланыстыратын негізгі өзектің бойында орналасқан. Фердоус ауданының ең маңызды егіс өнімі – шафран; ең маңызды бау-бақша өнімдері – анар мен пісте. Сондай-ақ, Фердоус ауданы Оңтүстік Хорасан облысының ең маңызды кілем тоқу орталықтарының бірі әрі Иранда шафран өндіретін полюстердің бірі. Фердоустың шафраны Хорасанның зерттеу орталығында иісі мен түсі бойынша ең сапалы шафран болып танылды.
Мұнымен қоса, Фердоус ауданы – Ирандағы анар өндірілетін ең негізгі аудандардың бірі. Анардың 30 мың тонна жылдық орташа көлемімен ол Оңтүстік Хорасан облысының бау-бақша өнімдерінің шамамен 40 пайызын құрайды. Фердоус ауданында өндірілетін анардың 80 пайызы Парсы шығанағы жағалауы елдеріне, Оңтүстік Корея мен басқа да елдерге экспортталады. Анар өндіру көлемі бойынша Фердоус ауданы Саве мен Нейриз аудандарынан кейін Ирандағы анар өндіретін үшінші аудан болып табылады.
Бұл ауданда анардың көп өндірілетіндігіне байланысты анарға қатысты кәсіпорындар, соның ішінде анар концентратын өндіретін зауыт, Анарин компаниясы, 5 мың тонналық анар тоңазытқышы, анарды экспортқа шығару үшін сұрыптап-қораптау компаниялары құрылған. Фердоус анарының түрі әралуан. Олардың ең танымалы және ең сапалысы тәтті дәмімен қоса, қоймада ұзақ сақталу қасиетіне ие. Бұл ерекшелік Фердоус анарының бүлінбестен әлемнің ең алыс жерлеріне жіберілуіне, Фердоус бағбандары мен оның айналасындағы ауылдарының өз анарын тоңазытқышты қолданбастан, дәстүрлі түрде 4 айға дейін ең жақсы күйде сақтауына себеп болды.
Оңтүстік Хорасан облысында көптеген құнды тарихи ескерткіштер бар. Оңтүстік Хорасан облысында тіркелген ең ежелгі туристік тартымдылықтардың бірі – Хусеф қаласының оңтүстігінен 5 шақырым жердегі Ашканилер дәуіріне тиесілі «Кал-е Джангял» тас тақташасы. Жаңа зерттеулер барысында соның айналасынан тағы 14 тас тақташа табылған.
«Кал-е Джангял» – Рич тауының терең сайларының бірінің атауы. Осы сайдың айналасындағы таулардың салыстырмалы биіктігіндегі шыңдар мен тегістелген тастардың бетінде мүсіндер мен ашканилік пехлевилік жазумен жазылған тақташалар бар. Мұның өзі осы аймақта өмір сүрген адамдардың салтанатты өмірінен хабар береді. Тақташалар арасында парттық ер адамның арыстанмен күресі бедерленген. Бұл бейнеде жауынгер оң қолын беліне қойып, сол қолымен арыстанмен күресіп жатыр.
Бирджандтың Куч ауылындағы «Лах Мазар» тақташалар жиыны да Оңтүстік Хорасан облысына қатысты ең сенімді тарихи құжаттардың бірі саналады. Жартастың бетіне қою жасыл түспен 5х5 метр көлемде қашалған бұл жазбалар б.з.д. ғасырлардан бастап исламның соңғы дәуірлеріне дейінгі аралықты қамтиды.
«Лах Мазар» тақташалар жиынына 307 тақташа жатады. Онда адам, аң, өсімдік, әртүрлі таңбалар, пехлевилік, ашканилік және сасанилік тақташалар, араб және парсы жазбалары бар.
Оңтүстік Хорасан облысында таңғажайып табиғи тартымдылықтар мен құнды табиғи ескерткіштер бар. Бұлар Оңтүстік Хорасан облысын Иранның шөлді кесіп өту полюсі ретінде танымал етті. Бұл облыс 3 алуан шөлді аймақ – астрономиялық-туристік мүмкіндіктерге ие «Сеқалле», тың табиғи панорамаларға ие «Хемматабад» пен «Дехсаламнан» тұрады. Осы әлеуеттерге көңіл аудару облыста туризмді дамыту тұрығысынан ең қолайлы мүмкіндік болып саналады. Мұнымен қоса, Фердоустағы минералды гейзерлік су көзінің емдік қасиеті бар. Ол Фердоус қаласының солтүстігінен шамамен 20 шақырым жерде орналасқан.
Емдік қасиетінің болуына байланысты табиғи гейзерлік су көзіне жыл сайын көптеген отандық және шетелдік туристер келеді. Тері және буын ауруларының көбін емдеу үшін пайдалы болып табылатын Фердоус табиғи гейзерін пайдалануға көптеген дәрігерлер кеңес береді.
Қаенат ауданы да Оңтүстік Хорасан облысындағы аудандардың бірі. Бұл ауданның орталығы – Қаен қаласы. Ол Оңтүстік Хорасан облысының солтүстігінде 17 722 шаршы шақырымды алып жатыр. Шығыста Қаенат ауданының Ауғанстанмен шекарасы шамамен 130 шақырымға созылып жатыр.
Тазкере-өмірбаян жазушылар мен тарихшылардың деректері бойынша, 30 мың жылдық тарихы бар Қаенат аймағы – Хорасан өркениетінің алғаш туындаған жерлерінің бірі. Қаен Сасани билеушілері кезінде де маңызды билік орталығы әрі Иранның санаулы стратегиялық қалаларының бірі саналған. Көптеген тарихшылар өздерінің еңбектерінде Қаенатты атап көрсеткен. Эстахри х.ш.ж.с.б. 340 жылы Қаенді Қахестанның орталығы деп атап, аймақта шиіттік мазхабтың таралғанын айтқан. Насер Хосроу Құбадиани 440 жылы Қаенатқа келіп, Қаенді үлкен қала деп атаған. Марко Поло да Қаеннің ауа райын қоңыржай деп сипаттаған. Яқут Хамави мен Абдулла Мұхаммад бен Ахмад Мұқаддаси ол жерді Хорасан айлағы мен Керманның қазына сақтайтын орны деп атаған. Құйындай соққан тарихи шапқыншылықтар барысында Қаенге көп нұқсан тиген жоқ. Деректер бойынша, х.қ.ж.с.б. 773 жылы Әмір Темір Қаеннің айналасына әскерін орналастырған. Бірақ қала әкімінің даналығы мен қырағылығының арқасында бұл әскер соғыс пен қантөгіссіз қаланың жанынан өтіп кеткен. Сефевилер заманында да х.қ.ж.с.б. 1002 жылы Аббас шах Сефеви Қаенді көріп қайтқан. Ұзақ жылдар өткеннен кейін Зендтер әулеті заманында Лүтфәли хан Зенд Керманнан қашып, Қаенге келген кезде оны қала қошеметпен қарсы алған. Қаендықтар қайтарда оған Мұхаммад хан Қаджармен соғысу үшін салт атты қол берген.
Қаен ауданында, әсіресе аң аулауға тыйым салынған Шаһкух аймағында құстың шамамен 59 түрі, сүтқоректілердің 25 түрі, жорғалаушылар мен қосмекенділердің 17 бірегей түрі тіршілік етеді. Бұл аймақта Рудшур, Рудбихуд, Афин мен Ахангаран сияқты маңызды өзендер ағып жатыр. Бидай, арпа, қызылша, пісте, әсіресе шафран, бөріқарақат пен өрік осы ауданның ауыл шарушалығы өнімдерінің қатарына жатады.