Maм 26, 2016 13:15 Asia/Almaty

Оңтүстік Хорасан облысы Иранның ең шығыс нүктесінде орналасқан. Ол 151193 шаршы шақырым ауданды алып жатыр. Шығыста Ауғанстанмен, солтүстікте Хорасан-е Разави облысымен, батыста Йезд және Керман облыстарымен, оңтүстікте Систан мен Белуджистан облыстарымен шектесіп жатыр.

 Оңтүстік Хорасан облысы Иранның оңтүстік облыстарын елдің ең маңызды зиярат мекені – қасиетті Мешхед қаласымен байланыстыратын өзекті жолдың бойында орналасқан.

Облыстың ауа райы құрғақ, жері шөлді. Ондағы жылдық жауын-шашын мөлшері 150 мм-ге жетеді. Бұл облыс ИИР үкіметінің бұйрығымен х.ш.ж.с.б. 1383 жылы (2004 жылы) Хорасан облысын үшке бөлген кезде пайда болды.

Оңтүстік Хорасан облысының орталығы – Бирджанд қаласы. Облыста жалпы 11 аудан бар. Бұл облыс бау-бақша өнімдерінен бөріқарақат пен кәдімгі шилен өндіру бойынша Иранда бірінші орында, шафран мен мақта өндіру бойынша екінші орында тұр. Пісте, анар, бадам, алма, алмұрт, айва, шие, қызыл шие, сары өрік, шабдалы, құрма, тұт, жидек, жаңғақ, інжір мен шырғанақ осы облыстың басқа да бау-бақша өнімдері болып табылады.

Егіс өнімдері саласында Оңтүстік Хорасан облысы қант қызылшасын өндіру бойынша елде сегізінші орында тұр. Сондай-ақ, бұл облыста бидай, арпа, мақта, бұршақ тұқымдастар, көкөністер мен малдың жем-шөбі өсіріледі.

Оңтүстік Хорасан облысы пайдалы қазбалар саласында жоғары әлеуеттерге ие. Тіпті Иранның магнезит қорлары Бирджанд пен Сарбише аудандарында орналасқан. Мұнымен қоса, Ирандағы асбесттің ең үлкен қоры мен жалғыз кен орны Хаджат-е Нахбанданда орналасқан. Бентонит, гранит, ақ балшық пен базальттың маңызды қоры мен кен орындары осы облыста жұмыс істеуде. Оңтүстік Хорасан облысының тағы бір маңызды кен орындарының бірі – осы облыстың оңтүстік-батыс жағында орналасқан Қала Зари мыс кен орны. Бұл кендегі мыс алтынның жоғары сынамасына ие болғандықтан әлемге танылған.

Кілем тоқу, қыш бұйымдарын жасау, бояу өндіру, ұсталық, мыс бұйымдарын жасау, ши бұйымдарын жасау, себет тоқу, киіз илеу, «зилу»-тықыр кілем тоқу, мата тоқу, жіп иіру, тықыр кілем тоқу, джаджим тоқу, зергерлік, тері илеу, кесте тігу, міне, осының барлығы Оңтүстік Хорасан облысының қол өнер түрлерінің қатарын құрайды.

Оңтүстік Хорасан облысының орталығы Бирджанд қаласы теңіз деңгейінен 1480 метр биіктікте, елдің астанасы Теһранның шығысынан 1320 км қашықтықта орналасқан. Қаланың негізгі аты бағзы замандардан бері «Бирджанд» болған. Ол жазбалар мен сөздіктерде «Бирджанд», «Бәрджан», «Барканд» мен «Бирканд» деген атаулармен жазылған. Алғаш рет бұл қала х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда жазылған «Маджам әл-Булдан» атты еңбекте аталған. Сондай-ақ, Марко Поло, Яқут Хамави, Мұқаддаси, Хамдулла Мостуфи сияқты саяхатшылар мен тарихшылар да өздерінің еңбектерінде осы қала жайында айтып өткен.

Бирджанд Оңтүстік Хорасан облысының ең маңызды көне аймақтарының бірі болып саналады. Бирджанд кішкене бөлігі болып табылатын аймақ Қаһестан деп аталады. Бұл аймақ бір жағынан таулы жерлерді алып жатқандықтан исмаилиттер сияқты қозғалыстардың жақтастары паналайтын жер болған, екінші жағынан ауа райының құрғақтығы мен Сауд Арабиясы түбегінің ауа райына ұқсас шөлді жерлерге ие болғандықтан Аббаси халифтері мен сол кездегі билеушілерден қашқан арабтардың назарына түскен. Климаттық жағдай тұрғысынан екі маңызды элемент – биік таудың етегі мен кең жазық дала Бирджанд аймағының ауа райына әсер ететін маңызды факторлар болып саналады. Иранның орталық шөліне жақындық пен кең дала осы аймақта жазы ыстық шөлді ауа райының қалыптасуына себеп болды.

Басқа жағынан көбінесе батыстан шығысқа созылып жатқан аймақтың таулары ыстықтың азаяюына және бұл аймақтың басқа жермен салыстырғанда көбіне қоңыржай ауа райына ие болуына себеп болды.

Бирджанд – бүгінде Оңтүстік Хорасан облысының ең маңызды қалаларының және ең негізгі сауда-экономикалық орталықтарының бірі.

Бирджанд ауданында әдемі ғимараттар, көне бақтар мен тарихи моншалар бар. Олардың көбінің тарихы Қаджарлар мен Зандие дәуірлерінен басталады. Бирджандтың ең көрнекті тарихи ғимараттардың бірі ретінде қаланың ортасындағы «Кулаһ фаранги» аркасын атауға болады. Бұл ғимарат 6 қабаттан тұрады. Оның тек 2 қабатын ғана қолдануға болады, ал қалған қабаттар ғимаратқа пішін беру үшін салынған. Бірінші қабатта жасалған кеңістіктердің жиыны әртүрлі безендіру түрлерімен көркемделген. Кіреберіс дәліз, күмбездер мен бөлмелер сияқты әртүрлі кеңістіктер ішкі дәліздер арқылы бір-бірімен байланыста болатындай жобаланған.

Осы ғимараттың ортасында хауызхана бар. Бұл хауыз өзінің көңіл аударуға тұрарлық архитектуралық ерекшеліктерімен бірінші қабатта орталықтанған жоба тудырды. Тіпті хауызхананың айналасына осы жерге кіруге арналған әртүрлі есіктер салынған. Хауызхананың аумағы ғимараттың негізгі еденінен 1 метр төменірек және 8 қырлы пішінде жобаланып, салынған. Бұл жердің айналасындағы кеңістікте әдемі архитектуралық сталактиттермен көмкерілген кішкене аркалар бар.

Хауызханадағы жарық «Кулаһ Фаранги» күмбезі мен нұртүсіргіш терезелер арқылы қамтамасыз етіледі. Ерекше пішіндегі әдемі субұрқақ хауызхананың ауасын тазартумен қоса, бұл кеңістікті ылғалды ауамен қамтамасыз етеді. «Кулаһ Фаранги» аркасы Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

Бирджанд қаласының ескі бөлігінде орналасқан «Шоукатие» медресесі де осы қаланың құнды тарихи ескерткіштерінің қатарына жатады. Бұл ғимаратта бір биік терасса, кіреберіс дәліз, ішкі дәліз, аула, ауланы айнала салынған құжыралар, қонақ күту залы мен монша бар. «Шоукатие» медресесі кіреберіс есігінің маңдайшасында архитектуралық сталактиттермен көмкерілген шошақ басты арка бар. «Шоукатие» ғимараты х.қ.ж.с.б. 1312 жылы мұхаррам айының аза тұту рәсімдерін өткізу үшін салынған. 1326 жылы онда Бирджандтың алғашқы жаңа медресесі ашылды.

Бирджанд тарихи қаласының тағы бір маңызды тартымдылығы – осы қаланың «Төрт ағаш» махаллесі. «Төрт ағаш» тарихи-мәдени өзегі «Шоукатие» медресесінен басталып, «Ашура» жамағат мешітімен аяқталады. Тек осы көшенің бойында ғана Иранның тарихи мұралар тізіміне тіркелген 20-дан аса тарихи ескерткіш орналасқан. Олардың әрқайсысы өзіндік архитектуралық ерекшеліктерге ие. Бұл өзекте бірнеше медресе, үй, хосейние, мешіт, су қоймасы орналасқан. Бирджандтың «Төрт ағаш» махаллесі жамағат мешіті, монша мен көне медресемен бірге 1371 жылы Мәдени және туристік ұйым тарапынан Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.

 «Акбарие» ғимараты мен бағы да Бирджанд қаласының тарихи ғимараттарының біріне жатады. Бұл 2 қабатты ғимарат Қаджарлар дәуірінде Шоукат ул-Молк тарапынан салынған. Ол 2011 жылы ЮНЕСКО ұйымында әлемдік мұра ретінде тіркелді. Кешенді салу Қаджарлар дәуірінің басынан аяғына дейінгі аралықта бірнеше кезеңде атқарылған. 45 га ауданды алып жатқан кешен бірнеше ғимараттан тұрады. Олардың ең ескісі бақтың шығыс жағында орналасқан 2 қабатты «Хешмат ул-Молк» ғимараты болып табылады. Бірінші қабатта орналасқан салыстырмалы түрде ұзын екі дәліз кешеннің үш маңызды бөлігі, яғни негізгі бақ, оңтүстік бақ пен қора арасын байланыстырады. Қонақтарды қабылдау мен күтуге арналған орталық ғимарат бақтың орталық нүктесі болып саналады. Ол әдемі көркемдеу құралдарымен безендірілген. Орталық ғимаратқа бастап апаратын, негізгі көшелерге келіп тірелетін көшелердің екі жағына отырғызылған биік шырша ағаштар бақ пен оның көрінісіне сұлулық пен тазалық сыйлап тұр.

Дәл қазір бұл бақ пен ғимараттың әртүрлі бөліктері Оңтүстік Хорасан облысының Мәдени және туристік мұра департаментінің қолданылуына берілген. Қаджарлар дәуірінің бас кезінде салынған бөлік кітапхана ретінде қолданылған. Орталық бөлік археологиялық және этнографиялық мұражай ретінде қолданылады. Бұл кешеннің хайуанаттар мұражайында Хорасанның оңтүстігіндегі, әсіресе Бирджанд ауданындағы жануарлардың көрнекті әрі сирек кездесетін түрлері жұрт назарына ұсынылған. Хорасанның оңтүстігіндегі құстардың ең сирек түрлері де осы кешенде орналасқан. Сондай-ақ, «Акбарие» бағының археологиялық және этнографиялық мұражайы бірінші қабатта орналасқан. Ол жерде Хорасанның оңтүстік аймағындағы өмір сүру тәсілі, әдет-ғұрыптары, кәсіптер мен жұмыс түрлері жұрт назарына ұсынылған.