Maм 26, 2016 13:17 Asia/Almaty

Торбат-е Хейдарие ауданы шығыста Тайбад, Торбат-е Джам және Раштхар аудандарымен, батыста Кашмар ауданымен, солтүстікте Мешхед, Нишапур мен Фариман аудандарымен, ал оңтүстікте Мехвелат ауданымен шектесіп жатыр.

 

Тарихы исламға дейін Ашканилер заманынан басталатын, бұрын «Заве» деп аталған Торбат-е Хейдарие ауданы х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген атақты мистик Құтбеддин Хейдар қайтыс болғаннан кейін қазіргі атауға ие болды. Бұл қаланың тарихы Сефевилер дәуірінен басталады. Қаланың абадтандырылып, қарқынды дамуы шамамен екі жүз жыл бұрын, яғни Қаджарлар заманындағы саяси қайраткерлердің бірі Исхақхан Қараи басқарған кезден басталған.

Исхақхан Торбат-е Хейдарие қаласын жөндеуден өткізіп, абадтандырып, қаланы өзгерткені соншалықты, бұл қала біраз уақытқа дейін Торбат-е Исхақхан деген атпен танымал болған. Иранның жаңа заманғы екі революциясында, яғни х.ш.ж.с.б. 1285 жылғы (1906 жылғы) Конституциялық революция мен х.ш.ж.с.б. 1357 жылғы (1979 жылғы) Ислам революциясында Торбат-е Хейдарие диктаторлыққа қарсы Иранның алғы шептегі қалаларының бірі болды. Торбат-е Хейдарие Мешхедтің оңтүстігінен 140 км қашықтықта, ал Теһраннан 1005 км қашықтықта орналасқан. Бұл қаланың ауданы 53 шаршы км. Оның теңіз деңгейінен биіктігі 1333 метр.

Торбат-е Хейдарие ауданы жылына 150-ге жуық құрғақ шафран өндіретіндіктен әлем бойынша осы өнімнің ең үлкен өндірушісі, ал пісте бойынша Хорасан облысы деңгейінде ең үлкен өндіруші болып табылады. Стратегиялық өнімдерді өндіру бойынша басты рөл мен маңызды орынға ие. Ауданның шафран мен пісте өндірудегі әлеуетіне байланысты онда өңдеуші кәсіпорындар да құрылған. Бұл ауданда 98 кәсіпорын мен 19 белсенді кен орын бар. Сондықтан ол Хорасан-е Разави облысының өнеркәсіптік аймақтарының бірі саналады. Торбат-е Хейдариенің қант зауыты, Заве Торбат цемент зауыты, Заррин керамикалық тақташалар зауыты, Тус мыс зауыты, сым және каолин зауыттары, Валеси және Бехнам үлкен ұн зауыттары, Зәрмехр алтын компаниясы мен т.б зауыттардың болуы осы сөзіміздің дәлелі. Торбат-е Хейдарие ауданындағы қалалардың бірі «Баиг» Иранның жібек орталығы атанған. Иранда өндірілетін жібектің 80 пайыздан астамы осы жерде өндіріледі. Қауын, пісте мен бадам да осы ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің қатарын құрайды. Сонымен қатар, Торбат-е Хейдарие ауданындағы Зәрмехр ауылында орналасқан Зәрмехр алтын кен орындары елдегі алтын құймаларын өндіреді. Олар Теһранның бағалы қағаздар биржасында саудаға салынады.

Кремнезем (әлемдегі ең бай кремнезем кен орны ретінде), барит, магнезит, ақық, бентонит, балауыз, өндірістік топырақтар, ақ балшық, алебастр, хром, марганец, мыс, күміс, алтын, көгілдір ақық және декоративтік тастардың (травертин, гранит пен мәрмәр) кен орындардың болуы Торбат-е Хейдарие ауданын Хорасан-е Разави облысының кендік полюстерінің қатарына қосты.

Хорасан-е Разави облысы – Иранның ең тартымды жерлерінің бірі. Жыл сайын Иран мен әлемнен миллиондаған адам осы жерге келіп, имам Резаның (ғ.с.) қасиетті кесенесін зиярат етіп, осы облыстың табиғи және тарихи тартымдылықтарын тамашалап, жағымды естелікпен қайтады. Бұл облыстың танымал сәлем-сауқаттарының бірі – шафран. Хорасан-е Разави облысының шафраны әлемнің түкпір-түкпірінде ерекше танымал. Бүгінгі бағдарламаның осы бөлігінде Хорасан-е Разави облысының аталмыш өнімін көбірек таныстырамыз.

Шафран – ирандық дәмдеуіштердің арасында түсі мен дәміне байланысты ерекше орынға ие дәмдеуіш. Ирандықтар шафранды тамаққа қолдануды жақсы көреді. Гладиола гүлінің күлтешесі болып табылатын шафран – жетіжылдық өсімдік. Оны өсіру үшін қолайлы қоршаған орта мен ерекше жағдай қажет. Шафранның алуан түрі бар. Олардың көбісі жабайы әрі жеуге жарамсыз. Иранда, әсіресе Хорасан-е Разави облысы мен Оңтүстік Хорасанның бір бөліктерінде шафранның жеуге жарамды түрі кең көлемде егіледі.

Біліп жүргендеріңіз жақсы: шафран тамақта қолданылумен қоса әртүрлі дәрілерді дайындауда да пайдаланылады. Бірақ бұл өсімдіктің танымалдығына себеп болған нәрсе – оның тағамға беретін ерекше түсі мен дәмі. Кейде шафран дастарханды безендіру үшін пайдаланылады.

Алайда, шафранды ирандықтардың ғана тамаққа қолданбайтынын біліп жүргендеріңіз жақсы. Әлемдегі ең сапалы шафранның түрі болып табылатын Иран шафранының шетелдік сатып алушыларының көп болуы – осы сөзіміздің дәлелі. Иран шафраны экспортталатын ең негізгі нарықтар – Германия, Франция, Италия, Канада, Үндістан, Люксембург, Жапония, Ұлыбритания мен Парсы шығанағы елдері.

Торбат-е Хейдарие 150 тоннадан астам құрғақ шафран өндіретіндіктен әлемдегі шафран өндірісі жөнінен бірінші аймақ болып табылады. Иран жалпы алғанда 150-170 тонна шафран өндіретіндіктен әлемде ең үлкен шафран өндіруші ел болып саналады. Иран бойынша Хорасан-е Разави облысында ең көп шафран өндіреді. Тіпті Торбат-е Хейдарие ауданының жалғыз өзі әлемдегі шафранның 90 пайыздан астамын өндіреді.

Торбат-е Хейдарие ауданында көптеген тарихи ескерткіштер бар. Соның ішінде Қаджарлар дәуіріне тиесілі Абусаид Абулхейрдің кесенесін атауға болады. Бұл ескерткіш х.ш.ж.с.б. 1384 жылы 5 тирде Иранның ұлттық ескерткіштерінің бірі ретінде тіркелді. «Абусаид Абулхейр» деген атпен танымал Абусаид Фазлулла бен Абулхейр (х.қ.ж.с.б. 357-440 ж.ж.) – х.қ.ж.с.б. 4-5 ғасырларда өмір сүрген Иранның танымал мистигі, ақын. Абусаид Абулхейр мистиктердің арасында үздік әрі ерекше орынға ие болған. Оның аты мистика мен поэзиямен терең байланыстырылады. Өзі аса көп өлең шығармаса да, парсы поэзиясының маңызды бөлігінде оның тұлғасы Моулави және Хайяммен қатар аталады. Мистикалық ойлардың тарихында Абусаид Абулхейр кең даланың ойшылдарының арасында Халладж, Баязид Бистами мен Абулхасан Харақанидің қатарында саналады. Сухреварди бұл адамдарды ежелгі философия мен «хосравани» хикметін жалғастырушылар деп атаған.

Х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдағы мистик әрі Хейдарие ағымының басшысы Құтбеддин Хейдардың (х.қ.ж.с.б. 513-618 ж.ж.) кесенесі де Торбат-е Хейдарие қаласында орналасқан. Ол Сефевилер дәуіріне тиесілі ескерткіштердің бірі.

Құтбеддин Хейдардың кесенесі биік терраса, кіреберіс пен күмбездің астындағы ауладан тұрады. Шамамен 100 метр ауданды алып жатқан кеңістік күмбезханаға ұқсас салынған. Оның жобасының сыртқы келбеті крест пішіндес. Шейхтің қабірі күмбездің астындағы аулаға қойылған. Оның ағаш шарбағы х.қ.ж.с.б. 987 жылы жасалған. Кіреберіс кеңістіктің жалғасында михраб салынған. Аталған құрылысқа бірнеше тарихи дәуірде көңіл бөлініп, бірқатар өзгерістер енгізілген.

Торбат-е Хейдарие ауданы географиялық жағдайына байланысты бірегей табиғи тартымдылықтарға ие.

Торбат-е Хейдариенің солтүстігіндегі Каме Алиа мен Сафали бақтары мен Хесар мен Сенубар өзендері, Маджан өзенінің сарқырамасы мен аң аулау жері – осы ауданның табиғи тартымдылықтарының бірі. Торбат-е Хейдарие қаласының көрнекті туристік тартымдылықтарының бірі ретінде Ұлттық бақтар кешені мен «Пишкух» орманды паркі сияқты жерлерді атауға болады.

Аң аулауға тыйым салынған Бұрнай мен Жарф аймақтары Торбат-е Хейдарие ауданының шығысы мен Заве ауданының биіктіктерінде орналасқан. Бұл орманды аймақтың кей жерлерінде әдемі жартасты биіктіктер бар. Бұл жабайы жануарлардың тіршілік етуіне қолайлы жер болып табылады. Аймақта таулы арқар, жабайы қой, қырғауыл, қасқыр мен бүркіт сияқты аң-құстар тіршілік етеді.

Торбат-е Хейдариенің «Қызыл алтын» қаласына жақын жердегі төбелер мен тау етектерінде, қаланың оңтүстік-батыс жағында 800 га ауданды алып жатқан Пишкух таулы паркі орналасқан.

Пишкух таулы паркінде табиғи панорамалармен бірге қолдан жасалған бассейн мен сарқырама кешені, тас парк, мейманхана, балалар паркі орналасқан. Бұл парк Хорасан-е Разави облысының үлгілі туристік жерлерінің бірі болып табылады. «Самен» паркі Азия жолы бойында жолаушылар мен зияратшылар демалу үшін салынған.

Тегтер