Иранға сапар
Кашмар ауданы орталық және Қызыл тау деген екі бөліктен тұрады. Бұл аудан Хорасан-е Разави облысының 3390 шаршы шақырымын алып жатыр.
Кашмар ауданы солтүстікте Нишапур және Сабзевар аудандарымен, шығыста Торбат-е Хейдариемен, оңтүстікте Ганабад және Фердоуспен, батыста Кавир шөлімен шектесіп жатыр. Бұл аудан Мешхед қаласынан шамамен 240 км жерде орналасқан.
Кашмар ауданында солтүстікте Қызыл тау мен оңтүстікте Фоған Боджестан биіктіктері, батыс пен оңтүстікте шөл мен құрғақ аймақ, қала мен ауылдардың атырабында құнарлы жерлер бар. Кашмар ауданының ауа райы құрғақ әрі жартылай құрғақ. Осы ауданның орталығы Кашмар қаласы бір жағынан тауларға, екінші жағынан шөлге жақын болғандықтан құбылмалы ауа райына ие аймақта орналасқан. Онда суық әрі салқын және ыстық әрі құрғақ екі климат байқалады.
Кашмар ауданы – егін шаруашылығының аймағы. Ол бір замандары Хорасанның дәнді-дақылдар қоймасы болған. Бұл ауданның егіс алқаптарында әртүрлі дәнді-дақылдар өсіріледі. Кашмардың ең маңызды егіс өнімдеріне бидай, арпа, қант қызылшасы, мақта, күнбағыс, зире, жүзім, малдың жем-шөбі, көкөністер, бұршақ тұқымдастар мен шафранды атауға болады. Мал және құс шаруашылығы Кашмарда дәстүрлі және өнеркәсіптік тәсілмен атқарылады. Халық қой, ешкі, сиыр және түйе өсірумен айналысады. Кашмардың экономикасы ауыл шаруашылығымен қоса, өнеркәсіпке сүйенген. Мұнда ол зауыттарға негізделген өнеркәсіп пен қолөнер кәсібі болып екіге бөлінеді.
Қалы кілем тоқу, зилу-тықыр кілемнің бір түрін тоқу, жіптен аяқ киім тігу, қолдан мата жасау, жібектен күрке тігу осы ауданның ең маңызды қолөнер түрлерін құрайды. Кашмардың қалы кілемі сан және сапа жағынан ерекше танымалдыққа ие. Осы аудандағы қалы кілемдер мен кілемшелер көбінесе кашмарлық, кашандық жобалар мен торандж, арабеска, персеполис және ағаш сияқты нақыштардың негізінде жүннен тоқылады. Кашмардың қалы кілемі тоқыма, жоба мен түсінің сапалылығына байланысты Хорасан-е Разави облысындағы атақты кілемдердің бірі болып табылады. Бірақ осы ауданда жүзім бақтарының көптігіне байланысты Кашмардың ең маңызды сәлем-сауқаты мен өнімі мейіз болып отыр. Жоғары сапасы, түсі мен ерекше дәміне байланысты Кашмар мейізі үздік өнім саналады. Бұл өнім ел ішінде де, экспортта да өзінің шынайы орнын тапқан.
Кашмар ауданында тарихи ескерткіштер мен көрнекті жерлер көп. Бірақ бұл қаланың тарихын баяндағанда оған салтанат пен сұлулық сыйлайтын дүние – тарихи ғимараттар мен имамзадалардың кесенелері. Бұл ауданда 16 имамзада бар. Олардың ең танымалы имамзадалар сейіт Мұртаза (ғ.) мен сейіт Хамзе (ғ.) – ислам пайғамбары әулетінің ұрпақтары. Кашмардың басқа тарихи ғимараттарынан Селжұқтар заманынан қалған жамағат мешітін, шаһид сейіт Хасан Мұдаррес кесенесін, Аташгаһ қамалын, Әлиабад мұнарасы мен Фирузабад және т.б. атауға болады.
Кашмардың жамағат мешіті қала ортасында орналасқан. Ондағы тақташадағы жазба бойынша мешіт х.қ.ж.с.б. шамамен 1213 жылы Фатхали шах Қаджар билігі кезінде салынған. Жамағат мешіті қарапайым да салтанатты ғимарат, аула, терраса мен намаз оқитын зал, ауланың айналасындағы бөлмелерден тұрады. Мешіттің ауласының айналасында кірпіштен жасалған бірнеше бөлме, оңтүстік жағында бір мұқарнас-архитектуралық сталактиттермен көмкерілген терраса мен бағандармен тірелген екі намаз оқитын зал бар. Мешіттің михрабы пен террасасы сырлы кірпіштермен безендірілген.
Сейіт Хамзе бен Мұса бен Джафардың кесенесі де Кашмар қаласының зиярат ететін орындарының бірі. Ол қаланың ортасында орналасқан. Бұл кесене қабір, 1000 шаршы метр ауданды алып жатқан күмбез, мұнара мен жабық галереяларды қамтыған кеңістіктен тұрады. Ол сауырағаштар мен жеміс ағаштарына толы бақтың аумағында орналасқан. Бұл кесененің ғимаратында нақышталған жасыл сырлы кірпіштер мен айна сынықтарымен безендірілген бір биік күмбез бар. Айғақтар бойынша, бұл орын Сефевилер дәуірінде салынған және әртүрлі кезеңдерде, соның ішінде соңғы жылдары жөндеуден өткізіліп, жаңа сырлы кірпіштер жапсырылып, оған бірнеше құрылыс қосылған.
Кашмардың солтүстігінен 5 шақырым жерде орналасқан жаңадан салынған кешен де имамзада сейіт Хамзе (ғ.) мен имам Резаның (ғ.с.) інісі сейіт Мұртаза (ғ.)-ның мазарына тиесілі. Көне тарихи деректер бойынша, ол х.қ.ж.с.б. 2 ғасырда Умавилердің қолынан шәһид болып, осы жерде жерленген. Бүгінде бұл қасиетті мекен 1800 шаршы метр аумақты алып жатыр. Оның негізгі ғимараты сырлы кірпішпен көмкерілген бір кіреберіс терраса мен оның екі жағында азан айтатын орын, көгілдір күмбезден тұрады. Қазіргі құрылыс х.қ.ж.с.б. 1399 жылы салынған. Бұл жерге күн сайын зияратшылар келеді.
Иранның қазіргі заманғы діни-саяси тұлғаларының бірі шәһид аятолла сейіт Хасан Мұдаррестің кесенесі – Кашмар ауданының құнды ескерткіштерінің бірі.
Аятолла сейіт Хасан Мұдаррес – конституциялық кеең мен содан кейінгі жылдардағы діни және саяси қайраткерлер бірі. Ол х.ш.ж.с.б. 1249 жылы Исфахан облысының Ардестандағы ауылдардың бірінде дүниеге келді. 16 жасында діни білім алу үшін Исфаханға, содан кейін Наджафқа аттанып, 7 жыл өткен соң Исфаханға қайтып оралды. Көп ұзамай Мұдаррес саясатқа араласып, кейін Ұлттық Кеңес Мәжілісіне жол тартқан. Жоғары дәрежелі ғалым ретінде Мәжіліске енген Мұдаррес Ұлттық Кеңес Мәжілісінің екінші, үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы кезеңдерінде қызмет еткен. Мұрсат туған кезде өзінің кесімді де тура сөздерімен рационалды және логикалық тәсілдер арқылы Реза ханның диктаторлық үкіметіне қарсылық білдірген. Саясатты діннен бөлек деп санамаған Мұдаррес Англияның отаршылдығы, әсіресе оған бағынышты Реза хан Пехлевимен күрескен. Мұдаррестің ашық ұстанымдары Реза ханның мазасын алып, қоқан-лоққы, тіпті террор арқылы Мұдарресті өз жолынан қайтаруға күш салды. Бірақ осындай тәсілдердің көмегімен Мұдарресті өзі мен англиялық үстемшілдерге бағындыра алмағандықтан осы құдайшыл берік адамның үнін өшіріп, оқшауландыру үшін оны Ауғанстанмен шекаралас жердегі Мешхедтің алыс ауылдарының біріне жер аударып, содан оны Кашмарға жөнелтіп, түрмеге қамады.
Бірақ Мұдаррес қиындықтар мен ауырлықтарға мұқалып, өз мақсатын ұмытатын адам емес еді. Ол бұрынғыдай өзінің диктаторлыққа қарсы исламдық ойларына табандылық танытты. Сондықтан Реза хан 1316 жылы Мұдарресті өлтіруге бұйрық берді. Оның адамдары рамазан айында Иранның қазіргі заман тарихындағы көрнекті тұлға әрі мұджахед дінбасыны Кашмардың түрмесінде шәһид етті.
Шәһид Мұдаррестің денесін айнала қоршаған салтанатты құрылыс х.ш.ж.с.б. 1363 жылы оның бұрынғы қабірінің орнына кең бақтың ортасына салынды. Оның кесенесінің құрылысы Сефевилер дәуіріндегі сәулет өнерінің тәсілі негізінде салынды. Онда көгілдір күмбез, орталық күмбезхана мен төрт терраса бар. Қазір ол Иранның азат халқының зиярат ететін орны болып табылады.
Кашмар ауданы қолайлы ауа райына ие болуына байланысты көптеген өте әдемі табиғи панорамаларға ие. Қызыл тау үлгілі туристік аймағы – осы ауданның жанға жайлы ауа райына ие аймақтарының бірі.
Қызыл тау ауа райының әралуандығы мен аймақтың әртүрлі биіктігіне байланысты түрлі өсімдік жамылғысына ие. Оның шөлді аймағында халуа, таулы аймағында жабайы бөріқарақат, таспашөп, рауғаш, түйетікен, жебіршөп, мыңжапырақ, қияршөп сияқты дәрілік өсімдіктер өседі. Сондай-ақ, бұл ауданда тауға өрлей салынған көне құрылысты әдемі ауылдар бар. Олар әрбір тамашалаушының назарын өзіне аударады.