Иранға сапар
Сабзевар ауданы Хорасан-е Разави облысының батысында орналасқан. Бұл ауданның орталығы – Сабзевар қаласы. Аудан таудың етегі мен алқаптың арасында орналасқан. Сондықтан оның ауа райы әралуан.
Тау мен шөлдің арақашықтығының жақындығы, тың шыңдар мен жартастарға толы екі таулы сілем – ұзындығы 110 км құрайтын Шағатай тауы мен ұзындығы 90 км құрайтын «Меш» тауы бұл өңірдегі бірегей табиғи тартымдылықтарды тудырды. Аудандағы көптеген маусымдық бұлақтар өзінің бастауын осы таулардан алады. Мысал ретінде Сабзевардан 5 км жердегі 22629 га ауданды алып жатқан «Ширахмад» жабайы жануарлар қорығы мен Паранд ауылының батыс бөлігінде 16900 га ауданды алып жатқан «Парванд» аң аулауға тыйым салынған аймағын атауға болады.
Археологиялық зерттеулер бойынша, Сабзевар қаласының пайда болуы тарихы б.з.д. 4 мыңжылдықтан басталады. Сабзевардың бұрынғы аты – «Бейхе» немесе «Бейхақ» болған. Х.қ.ж.с.б. 600 жылдан (1203 жылдан) бастап Сабзевар көне Бейхақ қаласын мұраға алды. Сабзевардың пайда болуы Иранның ең маңызды тарихи дереккөздерінің бірі «Бейхақи тарихы» еңбегі бойынша 2500 жыл бұрын, яғни Сасанилер заманынан басталады. Тарих пен география тұрғысынан Сабзевар мен Бейхақ екі бөлек қала. Тарих Бейхақтың Сабзевардан көптеген жыл бұрын пайда болғандығын, кейінен уақыт өте келіп, Бейхақтан аса алыс емес жердегі қазіргі Сабзевардың әлгі тарихи қаланың орнын басқанын жақсы көрсетеді. Тарихы терең Бейхақ қаласы Сабзевардан 6 шақырым жерде орналасқан қазіргі Хосроугерд аулының атырабында орналасқан, кейін қиратылған. Біртіндеп қазіргі Сабзевар қаласының орталық бөлігіндегі Сабзевар ауылы дамып, кеңейе түсті.
Сабзевар қаласы моңғол шапқыншылығы кезінде толығымен қиратылғанымен біртіндеп қайта абадтандырылды. Бұл қалада көптеген тарихи оқиғалар орын алды. Мысалы, х.қ.ж.с.б. 737 жылы қала Сарбедаран әулетінің паналайтын жері мен астанасы болған. Сабзевар қаласы «Дар ул-муменин» деген атпен танымал.
Моңғол шапқыншылығының осы қала халқына салған жарасы жазылмай жатып, Аббас шах Сефевидің кезінде тағы да Сабзевар өзбектердің аттарының тұяғы астында тапталды. Оның халқы жаппай қырылды, бірақ осы оқиғадан кейін бұл қала біртіндеп қайта абадтандырылды. Сефевилер дәуірі бұл қала үшін тарихи жадысын қайта жаңғыртудың басталған кезеңі болды. Бұл қала соңғы онжылдықтарда қайта қарқынды дамып, әлі де даму мен жаңартылу үстінде.
Бүгінде Сабзевар Иранның солтүстік-шығысындағы ең маңызды университеттік, мәдени, ислами, тарихи орталықтардың және Иранның тарихы мен ғылымының символдарының бірі саналады. Осы қаланың ғылыми орталықтары мен университеттері, сондай-ақ, діни ғылыми орталықтарының тарихы тереңнен басталады. Мұның өзі осы қала халқының ғылым мен мәдениетті сүйетіндігін көрсетеді. Ислам әлемінің ұлы философы Хадж Молла Хади тарихта мәңгіге қалған. Иранның ұлы тарихшысы Абулфазл Бейхақи осы қалада дүниеге келіп, осында соңғы тұрақ тапқан. Осы қаладан шыққан ұлы ақындар ғылым мен әдебиет әлеміне жол тартты.
Сабзевар бағзы заманда Ұлы жібек жолының бойында орналасқан болатын. Бүгінде Теһран-Мешхед тас жолы осы ауданның орталығынан өтеді. Қаланың географиялық жағдайы Хорасанның оңтүстігі мен Солтүстік Хорасанның Теһранмен қатынасы осы қаладан өтетін болғандықтан өте оңтайлы. Сабзевар «Хорасанның дарбазасы» деп те аталады. Бүгінде бұл қала – Мешхед пен Нишапурдан кейінгі Хорасан-е Разави облысының ең үлкен әрі маңызды қаласы. Айта кету қажет, Сабзевар – Хорасанның ең беделді сауда және өнеркәсіп орталықтарының бірі. Қала халқының көбі сауда-саттықпен айналысады. Жыл сайын Сабзевардан мақта, жібек, дәнді-дақылдар, зире мен трагакант (шайыр) көп мөлшерде экспортталады. Әсіресе, бұл қаланың зиресі өте сапалы және әлемнің нарықтарында өзіндік орынға ие.
Сабзевардың жамағат мешіті – осы қаланың тарихи ғимараттарының бірі. Ол «Құбыла» және «Солтүстік» террасалары, аула, намаз оқитын зал мен жабық галереядан тұратын шамамен 4 мың шаршы метр ауданды алып жатыр. Мешіт қаладағы Бейхақ көшесінің оң бетінде орналасқан. Архитектуралық айғақтарға сәйкес, бұл мешіт әртүрлі кезеңдерде жөндеуден өткізілген. «Құбыла» террасасының оңтүстік жағында михраб орналасқан. Оның үстіне х.қ.ж.с.б. 1292 жылы жазылған тақташа ілінген. Террасаның басынан кірпіштен жасалған екі мұнара көрінеді. Осы бөліктің екі жағында Оңтүстік террасамен бірге биік аркалы намаз оқитын залдар салынған. Мешіттің Солтүстік террасасының шығыс жағындағы дәлізде Сефевилер дәуірінен қалған х.қ.ж.с.б. 979 жылғы және 1136 жылғы тас тақташалар сақталған. Сабзевар орталық мешітінің басты безендірулеріне жеті түсті сырлы кірпіштер мен шикі қыш тақташаларды жапсыру жатады. Бұл ғимарат х.қ.ж.с.б. 8 ғасырға тиесілі сәулет өнерінің ерекшеліктерін көрсетеді.
Археологиялық қазба жұмыстарының негізінде Хосроугерд мұнарасы (бағаны) – Хорасан-е Разави облысының ең биік тарихи құрылысы ретіндегі оқшау баған. Ол керуендерге жол көрсету үшін Ұлы жібек жолының бойына салынған. Ол шөлдегі теңіз шамшырағы іспетті керуендерге жол көрсету міндетін атқарады. Сабзевардың батысынан 10 км қашықтықта орналасқан Хосроугерд мұнарасы – шөл далада махаббат және ақылмен өмір сүріп жатқан халықтың мейірімділігі, достығы мен қонақжайлылығының символы.
Хосроугерд мұнарасының тарихы х.қ.ж.с.б. 6 ғасырға тиесілі. Бұл мұнара х.қ.ж.с.б. 505 жылы Селжұқтар билігі кезінде салынған. Бұл мұнараның архитектурасы – 38 метрлік кірпіштен жасалған құрылыс. Ол іргетас, қаңқа және ұшар бас деген үш бөліктен тұрады. Тік төртбұрышты іргетас кірпіштен жасалған сегіз қырлы құрылыстың ішінде орналасқан. Одан кішкене қашықтықта әр қырда бөлмеге ұқсас төрт құжыра салынған.
Хосроугерд мұнарасының қаңқасы шеңбер пішінде салынған. Оның диаметрі жоғарылаған сайын кеми түседі. Мұнараның бетіне кірпіштен геометриялық пішіндер пен куфа жазуымен жазылған тақташалар өте нәзік түрде салынған. Хосроугерд мұнарасы Сабзевардың х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдағы ең әдемі тарихи мұнараларының қатарына жатады.
Бүгінгі бағдарламаның басында Сабзевардан ғылыми, әдеби және діни салалардағы көптеген көрнекті тұлғалардың шыққанын айттық. Философ, мистик әрі хакім Хадж Мулла Хади Сабзевари – Иранның осы өңірінің жарқын жұлдыздарының бірі. Хадж Мулла Хади Сабзевари х.қ.ж.с.б. 1212 жылы Сабзеварда дүниеге келген. Ол балалық шағынан бастап діни ғылымдарды үйренуге ден қойған. Мешхед және Исфахан қалаларына барып қайтқаннан кейін Мешхедке қайтып оралып, хикмет, фикх пен тәпсірден дәріс берумен шұғылданған. Біраз уақыт Керманда болып, содан өзінің туған қаласына қайтып оралып, Фасихие медресесінде сабақ берген. «Асрар» деген атпен танылған Хадж Мулла Хади Сабзевари х.қ.ж.с.б.1289 жылы 77 жасында қайтыс болған. Одан «Философиялық жүйе», «Логика саласында жүйені түсіндіру», «Шарх-е Лайали», «Абстракті жайлы бірер сөз» және т.б. сынды құнды еңбектер қалды. Мешхедтегі имам Реза (ғ.) кесенесін зиярат етуге аттанған адамдар Сабзевар қаласындағы бұл ұлы философтың кесенесін де зиярат етеді. Кесененің ішкі кеңістігі крест пішінде жобаланған. Онда құжыралар мен бөлмелер салынған. Кесенені безендіру, жөндеу және беріктендіру жұмыстары х.ш.ж.с.б. 1340 жылы Иранның Ұлттық мұра ұйымы тарапынан атқарылды. Көк аяға түрлі түсті сырлы кірпіштер жапсыру және көгілдір түсті күмбез кесенеге ерекше салтанат пен тартымдылық сыйлады.
Бүгінде Хадж Мулла Хади Сабзевари арамызда жоқ болса да, оның теориялары мен ойлары Иранмен қоса, одан тыс жерлердегі университеттерде әлі оқытылып, әлемнің философтары мен ғалымдары арасында талқыға салынады. Хадж Мулла Хади Сабзевари тұлғасы мен мінез-құлқы жайында көптеген ойшылдар пікір білдірген. Пәкістаның ақыны әрі философы Мұхаммад Экбаль Лахури Хадж Мулла Хади Сабзевари жайында былай дейді: «Хадж Мулла Хади Сабзевари – Молла Садрадан кейінгі Иранның соңғы ғасырдағы ең үлкен ойшылы».