Maм 26, 2016 13:28 Asia/Almaty

«Хакім Омар Хайям» деген атпен танымал Ғиасаддин Абулфатх Омар бен Ибрахим Хайям – Иранның философы, математигі, астрономы мен ақыны. Ол х.ш.ж.с.б. 427 жылы Нишапурде дүниеге келіп, 510 жылы қайтыс болған.

 

Хайям өз заманының көптеген ғылымдары бойынша танымал тұлға болған. Жастық шағында теңіз суының көтерілу және қайту тәсілі туралы трактат жазған. Ал Самарқанда болғанда алгебра мен салыстыру туралы трактат жазған. Бұл трактатта екінші және үшінші дәрежелі есептер геометрия мен алгебра жолдарымен шешілген. Ол алгебралық мәселелердің көбін конустық қималар арқылы шешкен. Хайям математика саласында келесі ғасырларда еуропалық математиктер көп қолданған жаңалықтар ашқан.

Ол х.қ.ж.с.б. 467 жылы (1074 жылы) 27 жасында сол замандағы атақты данышпандар мен математиктермен бірлесе отырып қазіргі күнтізбені жасауға тапсырма алады. Исфаханның обсерваториясында төрт жылға созылған осы топтық істің нәтижесі – Джалали күнтізбесі. Ол әлі күнге дейін әлемдегі ең нақты күнтізбелердің бірі саналады.

Хайям х.қ.ж.с.б. 470 жылы (1077 жылы) геометрия туралы трактат жазды. Бұл трактатта Евклидтің геометриялық принциптерін, әсіресе оның бесінші принципін талдап, жүздеген жыл бойы әлемнің жер-жеріндегі оқу орталықтарында оқытылған бұл принциптердің қателіктерін атап көрсетіп, Евклидтен бөлек геометрияның негізін қалады.

АҚШ тарихшысы Джордж Сартон (George Sarton) Хайямды Орта ғасырлардағы ұлы математиктердің бірі деп атап, былай дейді:

«Хайям жүйелі ғылыми зерттеулер арқылы бірінші, екінші және үшінші дәрежелері есептерді шығаруға күш салып, оларды мадақтауға боларлық категорияларға бөлген бірінші адам болған... Оның осы зерттеулерге кірген алгебра ғылымы туралы трактаты жүйелі ғылыми ойды таныстырады. Бұл трактат – Орта ғасырлардағы ең көрнекті туындылардың бірі, сондай-ақ, осы ғылым бойынша ең құнды еңбек болуы ықтимал».

Хайямның еңбектері көп. Оның кейбір туындылары, соның ішінде «Алгебра мен салыстыру» атты еңбегі математика ғылымы әлемінде ерекше маңызды. Хайямның ғылыми дәрежесі оның әдебиеттегі орнынан жоғары болып, «Ходжат ул-хақ» деген лақап атқа ие болғанымен ол әлемге көбінесе рубаиларымен танымал болған. Хайямның рубаилары парсы тілінде жүздеген рет, ал оның әртүрлі тілдердегі аудармалары да сан рет басылып шыққан. 1859 жылы британдық ұлы жазушы, ақын әрі шығыстанушы Эдвард Фицджеральд Омар Хайям рубаиларының ағылшын тіліндегі аудармасын жасаған. Бұл аударма ағылшын тіліндегі бірегей туындылардың қатарына жатады.

Хайямның кесенесі қазір Нишапур қаласында имамзада Махруқтың кесенесі де сол жердегі бақта орналасқан. Иранның осы ұлы ғалымының қабірінің үстіне Иранның шебер сәулетшісі Хушанг Сейхун әдемі кесене салған. Иранның қазіргі және көне заман сәулет өнерлерінің қосындысынан тұратын бұл құрылысты салуда геометриялық пішіндер мен математикалық принциптер қолданылған.

Кесененің құрылысының биіктігі он екі метрлік 10 тұғырдан тұрады. Ол обсерватория пішіндес. Ондағы саңылаулардан жұлдыздарды тамашалауға болады. Бұл құрылыстың тұғырлары текше пішіндес, ал олардың арақашықтығы үшбұрыш пішіндес. Тұғырлар күмбезге ұқсайтын төбеде түйісіп, 132 шаршы метрлік ауданды құрайды. Хайям кесенесіндегі геометриялық пішіндер өте әдемі жазумен жазылған ақынның өзіне тиесілі рубаилармен көмкерілген. Сонымен қатар Хайям кесенесі орналасқан бақта әртүрлі салаларда мамандандырылған құнды кітаптарды қамтитын кітапхана бар. Бұл кітапхана оқырмандардың игілігіне айналған.

Фаридаддин Аттар Нишапури – х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдың аяғы мен 7 ғасырдың басында өмір сүрген парсы әдебиетінің танымал мистиктері мен ақындарының бірі. Ол х.қ.ж.с.б. 540 жылы (1144 жылы) Нишапурдағы Кадкан деген мекенде дүниеге келіп, 618 жылы қайтыс болған. Аттардың кесенесі х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда салынған. Кесененің қазіргі құрылысы сегіз қырлы. Оның күмбезі сырлы кірпіштермен жабылған. Онда 4 кіреберіс есік бар. Оның сыртқы беті сырлы кірпіштермен көмкерілген. Кесененің ортасында Аттардың қабірі мен 3 метрлік 8 қырлы 1 баған бар. Аттар Иранның табысты ақындарының бірі саналады. Мистиктер мистикалық жол саласында Аттардың мәртебесін жоғары санайды. Иранның атақты ақыны әрі мистигі Моулави ол жайлы былай деген:

«Аттар ғашықтықтың сегіз қаласын аралады,

Ал біз әлі бір көшенің бұрылысынан аса алмадық».

Аттардың атақты туындыларынан «Асрарнаме», «Илаһинаме», «Мантеқ- ат-Тейр», «Масибатнама», «Мұхтарнама», «Тазкерат ул-Оулиа» мен өлеңдер жинағын атауға болады. Бұл атақты ақын моңғолдардың Нишапурға шабуылы кезінде қаза тапты.

Аттардың кесенесінің маңында Камал ул-Мүлктің кесенесі де бар. Өнерге қызығушылар мен әсіресе Иранның сурет өнерін сүюшілердің көбіне Камал ул-Мүлктің есімі өте таныс. Камал ул-Мүлк – х.қ.ж.с.б. 13 ғасырдың екінші жартысында (19 ғасырдың бірінші жартысында) өмір сүрген танымал өнер иесі. Оның сурет өнері саласына аяқ басуы стиль мен тәсілде жаңашылдықтар мен бастамашылықтармен бірге Ираның көркем өнерлер саласындағы жаңа тарауды ашты.

 «Камал ул-Мүлк» деген атпен танымал Мұхаммад Ғаффари – Қаджарлар дәуірінің аяқ шеніндегі ең ұлы суретші. Ол х.ш.ж.с.б. 1226 жылы (1847 жылы) Иранның орталық бөлігіндегі Кашан қаласында дүниеге келген. Ол сол қалада бастапқы білімін алғаннан кейін Теһранға келіп, сол замандағы ең атақты медресе – «Дар ул-фунунде» білім алған. Камал ул-Мүлк өнер мен танымды сүйетін отбасыда дүниеге келгендіктен, көп ұзамай оның бойынан өнерге деген қабілет пен дарын байқалды.

Ол мадақтауға тұрарлық қабілеті арқылы білім алып жүрген жылдардың басынан-ақ өнер мен ғылым саласынадағы тұлғалардың ерекше назарына іліккен. Насыреддин шах Қаджардың кезінде ол сарай маңындағы өнер иелерінің ортасына жол тауып, ұстаздардан тәлім алған. Содан бірінен соң бірі көркем туындылар ұсынып, қысқа уақытта өзінің орны мен құнын арттырған. Ол осы кезеңде өзінің «Айна залы» деп аталатын танымал туындысын өнер әлеміне ұсынды.

Сол заманда Иранда саяси өзгерістер орын алғаннан кейін Камал ул-Мүлк Еуропаға сапар шекті. Сонда болған кезінде сурет өнерін зерттеумен бірге өте нәзік әрі нақты түрде Еуропадағы танымал суретшілердің туындыларының көшірмесін жасаған. Бұл осы ирандық танымал өнер иесінің шеберлігін көрсетеді. Өйткені оның туындыларының түпнұсқадан айырмашылығы жоқ, тек онда қолданылған бояулар түпнұсқадағы бояулармен салыстырғанда тазарақ әрі қанық. Камал ул-Мүлк 92 жыл жемісті өмір сүріп, х.қ.ж.с.б. 1319 жылы Нишапурда қайтыс болған. Оның кесенесінде алты кішкене терраса бар. Оның іші ақ және көк түсті сырлы кірпіштермен көмкерілген.

Тегтер