Maм 26, 2016 13:33 Asia/Almaty

Нишапур ауданы – Хорасан-е Разави облысының маңызды аудандарының бірі. 1,5 млн тұрғыны бар бұл аудан Мешхед ауданынан кейін осы облыстағы адам санының көптігі тұрғысынан екінші үлкен аудан болып табылады.

Нишапур ауданының экономикасы егін, мал шаруашылығы мен өнеркәсіпке негізделген. Ондағы ең маңызды ауыл шаруашылығы өнімдеріне бидай, арпа, жүгері, мақта, түйе бұршақ, көкөністер, әртүрлі жеміс-жидектер мен мал шаруашылығы өнімдері жатады. Бұл ауданда өнеркәсіптік және дәстүрлі егін шаруашылығы кең таралған. Хорасан-е Разави облысында өндірілетін өнімдердің 83 түрінің 76-сы Нишапурда егіледі. Бұл аудан 47 өнімді өндіруде облыс бойынша 1-3-ші орынды иеленеді. «Қаннат»-жер асты су жолдары осы күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтпаған Нишапурдың басты су көздері әрі осы ауданның айрықша белгілерінің бірі болып саналады.

Нишапур алқабы солтүстік пен шығыста Биналуд тауларымен, оңтүстікте Кашмар қызыл тауы және Чехел тән Торбат-е Хейдарие тауларымен, батыста Сабзевар шөлімен шектесіп жатыр. Бұл алқаптың өнімділігі жоғары. Сондықтан Нишапур жайлы ауа райы, жасыл-желекті бау-бақшалары және жеміс-жидектердің әралуандығымен танымал. Халықтың саны көп және өнімі мол жерлердің дені осы ауданның солтүстігінде орналасқан. Мысалы, осы аудандағы жеті қаланың алтауы осы жерде орналасқан. Ол жерде көптеген өзендер ағып жатыр. Олардың ең маңыздысы – Сабзевардың Калшур өзені. Бұл өзен осы ауданның тауларынан бастау алып, Сабзевардан өткеннен кейін Кавир шөліне барып құяды. Басқа өзендердің қатарын Доруд, Хур, Бужан, Бағруд, Мирабад, Таған, Бар, Бақи мен Сарулайт өзендері құрайды. Бұл ауданның ең биік шыңы, яғни 3211 метрлік Биналуд шыңы «Хорасанның төбесі» деген атпен танымал. Ол Бужан ауылына жақын жерде орналасқан.

Нишапур қаласы – Нишапур облысының орталығы және Иранның шығысында Биналуд тауының етегінде орналасқан Хорасан-е Разави облысының ең маңызды қалаларының бірі. Нишапур Иранның солтүстік-шығысындағы ең маңызды тарихи, мәдени, туристік және өнеркәсіп орталықтарының бірі. Ол Иранның мәдени және тарихи символдарының бірі ретінде танымал.

Нишапур – Ұлы жібек жолы бойында орналасқан Иран мен Хорасанның ең берік қалаларының бірі. Нишапурда жүргізілген археологиялық зерттеулер бұл аймақтың б.з.д. үшінші мыңжылдықта Пәкістандағы Сенд сайымен де, Қос өзен аймағымен де сауда-саттық байланыста болған Үлкен Хорасанның ең көне тарихи аймағы болғаны көрсетіп отыр.

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдан 6 ғасырға дейінгі үш жүз жылдық кезең Нишапур тарихында аумалы-төкпелі оқиғаларға толы ең маңызды жылдар болып табылады. Бұл қала Сасанилер заманында б.з. 3 ғасырдың ортасында Шапур 1-шінің бұйрығымен салынып, 643 жылы Омар бен Хатабтың халифаты кезінде жаулап алынды. Нишапур алғаш рет Тахерилер кезінде, екінші рет Селджұқтар дәуірінің басында Иранның астанасы болып таңдалынды. 11 ғасырда әлемнің тұрғыны көп он қаласының бірі болған. Бұл қала мен оның айналасы исламның Хорасанға енген орта ғасырлар мен моңғол шапқыншылығына дейінгі аралықта салтанатты да танымал болған. Бұл аралықта Нишапур Иранның мәдени астанасы болып танылған. Бұл қала сол замандағы сауда-саттық жолы, яғни Ұлы жібек жолының бойында орналасып, «Шығыс дәлізі» деп аталған. Ирандық саудагерлердің Түркістанға баратын негізгі жолы Нишапурдан Сарахсқа (Иран мен Түркіменстанның шекарасында), содан соң Мервке (Түркіменстанның оңтүстік-шығысында) жеткен екен. Бұл жолдың маңызы өте зор болған.

Нишапур ислам өркениетінің алтын дәуірінде, әсіресе Аббасилер халифаты кезінде ғылым-білім мен жаңашылдықтың орталықтарының бірі еді. Бұл қала сол заманда көптеген данышпандар, ақындар, сопылар мен басқа да ғылыми және діни тұлғалардың отаны болған. Моңғолдардың жабайы шапқыншылығы мен содан туындаған салдарлар Нишапурдың тарихына, содан соң Иран мен ислам өркениетіне ауыр соққы болып тиді. Бірақ моңғол шапқыншылығы мен көптеген жерсілкіністері Нишапурды жойып жібере алмады. Бүгінде бұл қала тұрғындарының саны жөнінен Хорасан-е Разави облысы мен Иранның халқы көп қалаларының бірі және осы облыстағы өнеркәсіп пен экономика бойынша ең белсенді қалалардың қатарында тұр. Бұл әдемі қала табиғи, рухани және мәдени тартымдылықтарды пайдалану арқылы және Ұлы жібек жолының бойында орналасуына байланысты қызығушыларды өзіне тартады. Үш ғасырға жуық уақыт өтсе де бұл бұрынғысынша қарқынды дамыған, өнімділігі жоғары, гүлденген қала болып табылады. Сондықтан х.ш.ж.с.б. 1389 жылы бахман айында (2011 жылы) Нишапур ЮНЕСКО ұйымындағы әлемнің рухани мұрасы жүйесінде Иранның ең берік қаласы ретінде тіркелді.

Нишапур моңғол шапқыншылығымен қоса жерсілкінісінің салдарынан да бірнеше рет қирады. Сондықтан қала тұрғындары ескі Нишапур қаласының солтүстік-батысында жаңа қала салып, сонда тұрақтаған. Көне Нишапурдан қалған жер «Кохандеж» деп аталады. Ол 3500 га ауданды алып жатыр. Нишапурда жүргізілген алғашқы археологиялық қазба жұмыстары 1935 жылы басталып, әлі күнге дейін жалғасуда. Қазіргі Нишапур қаласының атырабындағы көптеген қирандылар мен ғимараттардан тұратын бүгінгі белгілер мен айғақтар бұл қаланың бағзы замандағы аумағын, яғни көне Нишапур қаласының салтанатын паш етеді.

Х.қ.ж.с.б. 3-4 ғасырлардың Нишапурда қыш бұйымдарын жасау өнерінің шарықтап тұрған кезеңі болғандығын біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұл қала қыштан бұйымдар, әсіресе құмыра жасау өнеркәсібі мен соған қатысты өнеркәсіптер дамыған үлкен орталықтардың бірі болып саналған. 1988 жылы (х.ш.ж.с.б. 1367 жылы) Нишапурда жүргізілген алғашқы археологиялық қазба жұмыстары барысында бұл қаладағы қыш бұйымдарын жасау өнерінің тарихы анықталды. Нишапурдан табылған қыш бұйымдары Теһранның «Шыны және қыш бұйымдары» мұражайы мен Нью-Йорктің «Метрополитен» мұражайы сияқты жерлерде сақталынады.

Зерттеушілердің пікірлері бойынша Нишапурдағы қыш бұйымдарын жасау өнері Сасанилер дәуіріндегі металдан бұйым жасау өнерінің жалғасы болып табылады. Бұл үдеріс қыш бұйымдарының бетіне әртүрлі сөздер жазып, нақыштар салу шеберлігін қарастыруға мүмкіндік береді. Нишапурдағы қыш бұйымдарын жасау өнерінде техникалардың әралуандығымен қоса, нақыштардың жобалары мен каллиграфиялық жазбалар бойынша да жаңашылдық бар. Мұның өзі өнерпаздардың қарым-қабілетін көрсетеді. Эмальдау, ыдыс-аяқтардың бетіне куфа жазуымен сөздер жазу, өсімдік, жануарлар мен адамның суреттерін бедерлеу ислам өнерінің осы түрін айшықтата түсті. "Самани қышы" деп аталатын 3-4 ғасырлардағы қыш бұйымдарын жасау өнерінің ерекшеліктеріне байланысты қыштың бұл түрі «балшықты эмаль» деген атпен танымал.

Нишапур қаласы сапалы көгілдір ақық тасы кенінің болуына байланысты ерекше танылып, әлем халықтарының назарына ілінген. Нишапурдың көгілдір ақық кен орындарының әлемнің ең сапалы көгілдір ақығы ретінде өндіріліп, әлемнің түкпір-түкпіріне жіберіліп жатқанына ғасырлар болды. Нью-Мексика, Невада, Колорадо, Тибет, Синай түбегі мен Чилиде көгілдір ақық қорларының барлығына және кейбіреулерінің көлем жағынан айтарлықтай қорға ие болғанына қарамастан, кен мамандары мен сарапшылардың пікірінше әлемдегі ең жақсы әрі сапалы көгілдір ақықтың түрі Нишапур кен орнынан алынады. Көгілдір ақық – өте қымбат тастардың бірі. Оны б.з.д. 3400 жыл бұрын Мысыр перғауындары Синай түбегіндегі кен орындарынан өндіріп, әшекей бұйымдар ретінде пайдаланған деседі. Көгілдір ақық тасын өндіру және өңдеу Иранда Сасанилер заманында кең қолданысқа еніп, оны сұлтандардың ыдыс-аяқтарын безендіру және жүзік жасау үшін пайдалатын болған.

Көгілдір ақық кен орны Нишапур кені аулының жанында орналасқан. Оның жер бетінен биіктігі 2012 метр. Көгілдір ақық кен орнындағы шұңқырлар мен үңгірлердің аумағы Нишапурда көгілдір ақықты өндірудің терең тарихын айғақтайды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған үлгілер көгілдір ақықтың б.з.д. 2 мыңжылдықта Иранда әшекей тасы ретінде қолданылғанын көрсетеді. Бүгінде Түркия, Италия мен Швеция Иранның көгілдір ақығын сатып алатын басты елдер болып табылады.

Нишапурдың ұлы мистик шейх Аттар мен математик әрі ақын хакім Омар Хайям, атақты суретші Камал ул-Мүлк сияқты көрнекті ғылыми және мәдени тұлғаларды өз саясында тәрбиелегенін біліп жүргендеріңіз жөн.