Иранға сапар
Мешхед қаласындағы Имам Реза (ғ.) кесенесінің аумағы мен басқа да жерлерде көптеген ұлылар мен ғалымдар жерленген.
Осындай ғұламалардың бірі – «шейх Бахаи» деген атпен танымал исламның ұлы ғалымы Бахауддин Мұхаммад Амели. Оның мазары имам Реза (ғ.) кешенінің «Мұражай» ауласында, ал «Васайел әл-Шие» кітабының авторы әрі ұлы хадисші шейх Хор Амелидің мазары «Атиқ» ауласында орналасқан. Х.қ.ж.с.б. 548 жылы қайтыс болған Құранның ұлы тәпсіршісі әрі «Маджма ул-Баян» атты тәпсірдің авторы шейх Табарсидің мазары Табарси көшесінің басындағы зиратта орналасқан.
Мешхедте мешіттер мен зиярат орындары көп. Сонымен қатар оларды зиярат ететін адамдар да көп. «72 адам» мешіті, «Керамат» мешіті мен хоссейниесі, «Насер мен Ясер» имамзадасы, қажы Абасалт кесенесі, қажы Мұрат кесенесі, шейх Нохудаки кесенесі, Шикі кірпіш күмбезі (имамзада Мұхаммадтың мазары), Көк күмбез (шейх Мұхаммад Муменнің кесенесі), қажы Рабии кесенесі Мешхедтің танымал мекендерінің қатарын құрайды. Мұнымен қоса, Тус қаласындағы Фердоусидің кесенесі, Надир шах Афшардың кесенесі, Харуние күмбезі мен Мешхедтің атырабындағы жайлаулар да осы қаланың тарихи және туристік тартымдылықтарының қатарына жатады.
«Қажы Рабии» деген атпен әйгілі Рабии бен Хасим – тақуалығымен танымал болған исламның ұлы тұлғаларының бірі. Оның кесенесі бақтың ортасында биік күмбездің астында орналасқан. Бұл ғимарат шейх Бахаидің кеңесімен шах Аббас Сефеви тарапынан х.қ.ж.с.б. 11 ғасырдың бірінші жартысында салынған. Қажы Рабии х.қ.ж.с.б. 63 жылы қайтыс болған. Кесененің жобасы сырт жағынан сегіз қырлы, ал ішкі жағынан 4 терассадан тұрады. Ғимараттың үстіне көгілдір күмбез салынған. Күмбездің еденнен есептегендегі биіктігі 18 метр. Негізгі төрт терассада шах демалатын орындарға жол бастайтын 4 кіреберіс есік бар. Негізгі кіреберіс есік жоғары және төменгі екі аркадан құралған биік терассадан тұрады. Аркалардың ортасында кіреберіс есік пен тік төртбұрышты терезе салынған. Сонымен қатар ғимараттың сыртқы келбеті тартымды көркемделген. Терассаның астындағы сырлы кірпіштер кешенге ерекше тартымдылық сыйлап тұр. Кесененің ішінде ирандық әйгілі каллиграф Әлиреза Аббаси жазған екі тақташа ілінген. Бұл зиярат орыны қасиетті Мешхед қаласында орналасқан әрі Иранның ұлттық ескерткіштерінің бірі ретінде тіркелген.
«Қажы Абасалт» деген атпен танымал Абдулсалам бен Салех Херави шиіттердің ұлы хадисшілерінің және дін білгірлерінің бірі болған. Ол имам Резаның (ғ.) жақын достарының қатарында болып, «Вафат ул-Реза» (Резаның қайтыс болуы) атты еңбек жазған. Херави х.қ.ж.с.б. 207 жылы 17 шәууәлде Хорасанда қайтыс болған. Кесенесі Мешхед қаласының оңтүстік-шығысынан 14 шақырым жерде орналасқан. Қажы Абасалт мазарының негізгі құрылысы төрт бұрышты. Ол төрт жағындағы төрт есік арқылы сыртпен байланысқан. Жеті түсті сырлы кірпіштен жасалған безендірулер, тік төртбұрышты екі діңмаңдайша мен оған жапсырылған айна сынықтары өте әдемі де көзтартарлық көрініс тудырған.
Фердоуси кесенесі – Мешхедтің атырабындағы ең танымал тарихи орындардың бірі. Бұл кесене Мешхед қаласының солтүстік-батысынан 24 шақырым жердегі Тус қаласында орналасқан. Хакім Әбілқасым Фердоуси –Иранның ең ұлы эпосшысы әрі әлемнің ең ұлы ақындарының бірі. Ол парсы поэзиясындағы ең көне туындыны, яғни «Шахнаманы» 30 жылдың ішінде жазып шыққан. Фердоусидің «Шахнамасы» 60000 бейттен тұрады. Мысалы, Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» поэмаларын қосқанда 15000, ал Вергилийдің еңбегін 10000-нан астам өлең құрайды. Осыдан-ақ Еуропаның ең ұлы эпосшыларымен салыстырғанда Иранның бастамашы ұлы ақынының қандай үздік туынды тудырғанын көруге болады.
Фердоуси х.қ.ж.с.б. 411 жылы өмірден озды. Иранның өнері мен әдебиетіндегі құнды қызметінің арқасында оның кесенесі Иран өнері және парсы әдебиетін сүюшілердің зиярат орнына айналды.
Фердоусидің кесенесі шамамен 6 га ауданды алып жатқан өте жайлы бақта орналасқан. Кесене залының едені мен қабырғалары көк жолақтары бар мәрмәр таспен жабылған. Ақынның қабірі 20 жуан бағанмен айнала қоршалған. Бағанның әрқайсысының диаметрі шамамен 70 см. Кесененің ішінде осы қадірлі ақынның мәңгілік туындысы «Шахнаманың» мазмұнынан алынған бедерлі нақыштар мен жазба тақташалар ілінген. Кесененің жанында «Фердоуси» мұражайы орналасқан. Бұл мұражайдағы әртүрлі бөлімдер, соның ішінде археологиялық зерттеулер, қыш бұйымдары, металдан жасалған бұйымдар, шыныдан жасалған бұйымдар, алтын және күміс тиындар мен сол замандағы сәулет өнерінің кейбір үлгілері мен мұражайға сыйланған заттар қойылған бөлімдер қызығушыларды қабылдауға дайын.
«Харуние» де Тус қаласының тарихи ғимараттарының бірі. Ол да хакім Әділқасым Фердоуси кесенесінің аумағында шамамен 600 метр ауданды алып жатыр. Бұл ғимарат х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда қаланың ескі құрылыстарының үстіне салынған «ханеқаһ»-дәруіштер жиналатын орын немесе қабір болуы мүмкін. Бұл ғимараттың жанына х.қ.ж.с.б. 5-6 ғасырларда өмір сүрген мистиктердің бірі имам Мұхаммад Ғазалиге ескерткіш ретінде қара тас қойылған.
«Аханган» бағаны да кірпіштен жасалған ғимарат. Ол Мешхед қаласынң солтүстігінен 22 шақырым жерде Аханган есімді ауылдың маңында Тустан Бажға (Фердоусидің туған жеріне) баратын жолда орналасқан. Бұл мұнараның архитектуралық жобасы х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдағы Тимурлер дәуіріне тиесілі. Көне мәтіндердегі рауаят бойынша, Аханган бағанының жанында Кардеһ сайына кіре берісте х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда Хорасан билеушілері мен сұлтан Махмұд Ғазнавидің арасында қанды шайқас болған.
Бұл мұнара-қабірдің биіктігі 17 метр. Ол 8,5 бұрышты дөңгелек іргетастың үстіне салынған. Оның сыртқы пішіні шеңбер пішіндес болумен қатар қосымша 8,5 бағанмен көмкерілген. Құрылыстың төбесіне конус пішіндес күмбез салынған. Көк және көгілдір түсті сырлы кірпіштер күмбезге горизонталды жолақ бойымен жапсырылған. Жалпы бұл ескерткіштің архитектуралық құрылысы Тимурлер дәуіріндегі мұнараларды еске түсіреді. Бұл мұнарада жерленген адамның аты-жөні белгісіз болғанына қарамастан, кейбіреулер бұл ғимаратты Шахрух Тимуридің жұбайы Гаухаршадтың сіңлісі Гаухартадждың жерленген жері деп санайды. Кейбір зерттеушілер де құрылыстың қабырғаларына салынған түймедақ гүлінің суреттеріне қарап, бұл бағанның «Аханган хатун» есімді әйелге арналып салынғандығына сенімді.
Хорасан-е Разавидің жыл бойы көптеген жолаушылар мен зияратшыларды тартатын туристік және тарихи жерлерінің бірі – Мешхедтің солтүстік-шығысындағы Калат-е Надери елді мекеніндегі «Хуршид» сарайы. Калат қаласындағы Калат-е Надери бағы Хорасан-е Разави облысындағы екі таулы сілемнің ортасында орналасқан. «Хуршид» сарайы ерекше архитектуралық құрылыс негізінде цилиндр пішінде (жер астынан 20 метр, жер бетінен есептегенде 11 метр биіктікте) салынған.
Надир шахтың кесенесі де Мешхедтің ішіндегі ең маңызды тарихи және туристік мекендердің бірі болып саналады. Бұл ғимарат 14400 шаршы метрді алып жатқан бақта салынған. Кесенеде 12 баспалдақты сәкі, қабір орналасқан жер, қабірді жауып тұрған шатыр пішіндес бүркеме мен оның жанындағы биік платформадан тұрады. Кесененің үстіне аттың үстінде қолына айбалта ұстаған Надир шахтың мүсіні қойылған. Бұл мүсіннің биіктігі 5 метр. Кесененің ішінде мұражай да бар. Иранның жандармериясының негізін қалаушы әрі алғашқы қолбасшысы полковник Мұхаммадтақихан Пасианның кесенесі Надир шахтың кесенесінің артында орналасқан.
Мешхедте Иранның басқа да қалаларындағы сияқты әртүрлі дәуірлердің сәулет өнерін паш ететін көптеген көне үйлер бар. Мешхедтің имам Хомейни (р) атындағы көшесінде орналасқан «Малек» үйі – Қаджарлар дәуірінің соңындағы архитектуралық өзгеріс кезеңінен қалған әдемі үйлердің бір үлгісі. Аталған үй бұрын өте кең болған, бірақ бүгінде оның тек екі қабаттан тұратын сыртқы жағы ғана қалған. Жоғарғы қабатының төбесі ағашпен өрнектелген. Ол жерде алебастрдан жасалған алауошақ бар. Малек үйі – қазіргі таңда Хорасан-е Разавидің мәдени және туристік мұрасының дәстүрлі өнерлердің орталығы.
Құнды тарихи ескерткіштермен қоса, «Кухсанги» мәдени ойын-сауық кешені, «Шандиз» жайлау-қаласы, «Меллат» паркі, «Вакилабад» орманды паркінің де Мешхедтің жыл сайын миллондаған турист пен зияратшыны қабылдайтын әдемі әрі жанға жайлы жаздық демалыс орындары болып саналатынын біліп жүргендерініңіз жақсы.