Maм 29, 2016 16:04 Asia/Almaty
  • Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (77)

Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді.

Сухравардидің қысқа, бірақ жемісті өмірінен 50 ғылыми еңбек қалған. Оның ең маңызды шығармаларының қатарына «Хикмет ул-ешрақ», «Талвихат», «Мұқавемат», «Машаре уа мутарехат», «Партунама», «Хайа кол ән-нур», «Әлвах Эмади», «Ресалат ут-Тейр», «Жебірейіл қанатының әні», «Ағл-е сорх», «Сопылар қауымымен бірге өткен күн», «Ресале фи хале ат-Туфулие», «Ресале фи хақиқат ул-ешқ», «Варедат» және «Тақадисат» жатады. Бұл еңбектердің кейбіреулері парсы тілінде, басқалары  араб тілінде жазылған.

Тұспалды және құпиялы трактаттар мен әңгімелер шейх Шахабеддин Сухраварди еңбектерінің бір бөлігін құрайды. Сухравардидің туындыларының бұл тобы тағылымдық туындыларынан көбірек  оның ішкі дүниесін таныту тұрғысынан, сондай-ақ оның хикметтік және мистикалық бағыты тұрғысынан құнды әрі маңызды. Бұл туындылар Сухравардидің шынайы келбетін бізге бетпердесіз көрсететін айна секілді. Туындылардың бұл тобында Сухраварди философиялық және мистикалық тақырыптарды түсіндіру үшін  тұспалдау тәсілін таңдаған. Сухравардидің трактаты мен барлық жазбаларының жалпы көрінісі туралы толық танымға жету үшін оның тұспалды хикаяттарын оқу қажет. Сухравардидің туындыларының бұл тобы рухтың ерекше тәжірибелерін өте құпия тілде баяндаған қысқа сопылық трактаттардан тұрады. Әрбір трактатта рухтың болмысы мен ішкі тәжірибелердің белгілі бір дәрежесі айқындалып, құпиялардың бір тобының беті ашылады. Сухраварди өз туындыларының осы тобында құпия пен ишараттың нәзік те әдемі тілімен болмыс пен рухани даму жолдары кезеңдерінің жанға жайлы панорамаларын оқырманның алдына жайып салып, отанынан адасып, сергелдеңде жүрген адамның биік мақсаттарын көрсетіп береді.

Сухравардиге кейде исламға қарсы пікірде болып, зороастризм дінін қайта жандандыруды қалады деген айып тағылған. Бұл толығымен қате түсінік. Сухраварди ежелгі Иран мен сол замандағы туындыларды жетік білгендіктен, өзінің көзқарасын білдіру үшін зороастристік тұспалдар мен құпияларды көп қолданған, алайда бұл іс оның көзқарасы Исламға қайшы болды деген мағынаны білдірмейді.

«Рәмз» (құпия) – деген араб сөзі парсы тілінде де қолданылады. Бұл сөз парсы тілінде әртүрлі мағынада қолданысқа ие. Рәмз, яғни ишара, сыр, құпия, жасырын меңзеу, бір ұғым түсінілетін арнайы белгі, басқалар білмейтін, бірақ екі немесе бірнеше адам арасында жасырынған нәрсе. Бұл адамдар арасындағы мақсат келісілген белгілер арқылы баяндалады. Университет ұстазы әрі қазіргі заманғы көрнекті зерттеуші доктор Тақи Пурнамдариан «Құпия және құпия әңгімелер» атты еңбегінде Шейх Ешрақ пен басқа да ирандық ойшылдардың құпияға толы туындыларын талдау барысында құпия туындылар дегенді сипаттай келіп: «Құпия сыртқы қалпынан басқа мән-мағынаны білдіретін кез-келген белгі, ишара, сөз бен сөз тіркесінен тұрады»,-деді.

Сухраварди өзінің ойларын жеткізу үшін неге құпия тілді қолданған? Шейх Ешрақтың құпияны қолдануына төрт дәлел келтіруге болады: біріншіден, кейде көркем сөздің  әдемілігі мен тілді әрлеу үшін құпия сөз пайдаланылады. Бұл мақсат Сухравардидің тұспалды және құпиялы туындыларының бәрінен байқалады; екіншіден, құпия туындының риторикалық көркемдігін арттыру үшін қолданылады. Сухраварди сөздердің мықты рухани қуатынан хабардар болған. Ол бұрынғылардың аңыздары, дәстүрлері мен наным-сенімдерінің бұлыңғыр мағыналарынан көмек алып, сол арқылы тілдік нұқсанды жойып отырған. Кейде құпия тәсіл шәкірттердің құштарлығын арттырып, жақтаушыларды тарта түсу үшін пайдаланылады. Ақырында құпияны пайдаланудың келесі бір себебі сырды көлденең адамдардан жасыру болған. Бұл стимул барлық діни, мазхаби және мистикалық құпия рәсімдердің барлығына қатысты.

Шейх Ешрақтың рөлі әдеби қалыптар, проза тілі, сөз тіркестері мен интерпретация сияқты әдеби құралдар тұрғысынан аса көңіл аударуға тұрмайды. Тілдік тәсіл тұрғысынан одан тікелей және жанама түрде әсер алған ақын мен жазушы сирек кездеседі. Алайда сопылық пен хикмет салаларындағы көзқарас түрі, талдау тәсілі, бұрынғы заманғы және өз уақытындағы  мәселелерге қатынас тәсілі тұрғысынан Сухравардиден әсер алған ұлылар көптеп кездеседі. Бұл әсер екі сипатта орын алған: бір топ Сухравардидің тәсілі мен ешрақ жүйесін толығымен  қабылдап, оның сопылық мәселелерге қатысты көзқарасы мен қатынасын сопылық мәселелерді ұсынуға қажетті құралдар ретінде қолданған. Аттар «Мантеқ ат-Тейрде» (Құстар қисыны), Моулави «Мәснауиде» Сухравардидің құпиялау тәсілін көп қолданған. Аттардың «Мантеқ ат-Тейрдегі» көптеген құпия ұғымдар мен тақырыптары, самұрықпен кездесу жолындағы әртүрлі құстар мен вади-кезеңдерді кең түрде пайдалануы шын мәнінде алғаш рет Шейх Ешрақтың құпиялы туындыларында баяндалған. Алайда бұл да осы тақырыптардың басы мен соңы емес. Оған дейін бұл тақырыптар басқа бір түрде Газали мен ибн Синаның еңбектерінде кездеседі. Бұл ықпал әңгіменің қалыбы, кейіпкерлердің мінез-құлқынан да, ұғымдар саласына тереңірек бойлау тұрғысынан да байқалады. Мысалы, Моулананың «Нейнамасы», қамысты көлге қайтып оралуға құштарлық, айырылуға шағымдану, адамның болмыстағы жалғыздығы сияқты тақырыптардың негізі Сухравардидің «Ғорбат-е ғарбие» атты әңгімелерінен алынған.

Сопылар, әдебиетшілер мен ақындардың тағы бір тобы Сухраварди тудырған өте әдемі мистикалық ойлар мен түсініктерді қолданған. Мистиктер арасында Шейх Ешрақтың алар орны ерекше. Мистик ақындардың арасында Хафиз басқалардан көбірек осы әдемі де нұрлы мистикалық ойлар мен интерпретацияларға қарыздар. «Моғанені»  ұсыну және оны мистикалық тақырыптар үшін пайдалану, жаратылыс философиясын ұсыну және ғашықтықтың болмыста көрініс табуы – осының барлығы  Шейх Ешрақтың көзқарасынан алынған.

Моулави тұспалдау тәсілін пайдалануда Сухравардиден әсер алса да, Шейх Ешрақтың тұспалдау тәсілінің Моулавидің аллегориялық хикаяларынан айырмашылығы барына назар аудару қажет. Моулави тұспалды толықтай қарапайым баяндап, олардың барлығын  өзінің философиялық және мистикалық мақсатын баяндап, түсіндірудің құралы ретінде пайдаланады. Ал шейх Шахабеддин Сухравардидің құпиялау және тұспалдау тәсілі Моулавдің тәсіліне керісінше. Яғни, оның тұспалының бір бөлігі мен әрбір сөйлемі бір тақырыптың құпиясын баяндайды. Моулавидің тәсілін  «тұспалдау тәсілі», ал Шейх Ешрақтың тәсілін «құпиялау тәсілі» деп атауға болады. Шейх Ешрақ жалпы өзінің туындыларында тұспалдауды да, құпиялауды да пайдаланған.