Maм 31, 2016 16:34 Asia/Almaty
  • Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (79)

Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді.

Сухравардидің қысқа, бірақ жемісті өмірінен 50 ғылыми еңбек қалған. Осы ирандық философтың туындыларының бір бөлігін тұспалды және құпиялы трактаттар мен әңгімелер құрайды. Зерттеушілердің пікірінше, бұл туындылар Сухравардидің келбетін бетпердесіз көрсетеді. Әдемі тіл және құпия-тұспалдармен жазылған туындылары Сухравардидің  рухани тәжірибелерін қамтиды. Сондай-ақ, Сухравардидің құпия мен тұспалға бет бұру себептерін баяндадық. Шейх Ешрақтың құпия сөздерінің  парсы әдебиетінің ұлыларына, соның ішінде Моулави, Аттар мен Хафизге әсері жайында сөз қозғадық.

«Лұғат-е Муран» трактаты – шейх Шахабеддин  Сухравардидің парсы тіліндегі трактаттарының бірі. Бұл трактат осы уақытқа дейін бірнеше рет жарық көрген.  Бірінші рет Отто Шпис пен Хатак оны редакциялап, ағылшын тіліндегі аудармасы және басқа екі трактатпен бірге «Сопылыққа қатысты үш трактат» деген атпен басып шығарды. Сонымен қатар осы трактаттың парсы тіліндегі мәтіні 1935 жылы «Азиялық газет» атты журналда Генри Корбон мен Поль Кровостың француз тіліндегі аудармасымен бірге жарық көрген. Доктор сейіт Хосейн Араб та оны текстологиялық тұрғыдан қадағалап, басып шығарған. Осы мақсат үшін одан бұрынғы басылым мен Ұлттық кітапханаға тиесілі Шейх Ешрақтың парсы тіліндегі туындылар жинағындағы басқа бір қолжазбаны пайдаланған.

Лұғат-е Муран – шейх Шахабеддин  Сухравардидің толығымен сопылық сипатқа ие парсы тіліндегі трактаттарының бірі. Шейх бұл трактатты өзінің бір досының өтінішімен жазған. Трактаттың атауы аллегориялық астарға ие.  «Лұғат-е Муран» құмырсқалардың тілі немесе сұхбаты деген мағынаны береді. Сухраварди трактатты Алланың атымен және пайғамбарға салауат жолдаумен бастайды. Бұл оның сенімі мен иманынан хабар береді. Қоғамдағы діни фанатизм мен әлеуметтік жағдай оны өз сөзін құпиялап  айтуға мәжбүрлеген.  

Бұл трактатта шейх құмырсқалардың түр-түсіне еніп, солармен қатар жүріп, құпия мен белгі тілінде ақиқатқа жету жолының тәсілін баяндайды. Ол құмырсқалардан көп нәрсе үйренеді. Еңбекқор құмырсқалар өздерінің күнделікті тамағын табу үшін даланы кезіп, көптеген қиындықтарды бастарынан өткереді. Тура сол құмырсқа кейде жоғары орын мен мәртебеге ие болып, аспан нұрының көрінісіне айналып, Сүлейменге жолнұсқаушы болып, оны құтқарады. «Лұғат-е Муран» трактатында Сухраварди тасбақа, жарқанат, көкек, үкі сияқты жәндіктер мен құстардың атынан хикаялар айтып, құстардың Сүлейменнің алдына келуі, Андалибтің кінәсі және оның болмау себебін сұрау туралы әңгімелерді баяндайды. Сондай-ақ, мұнда мистиктің таза жүрегін білдіретін Кейхосроудың шарайнасы туралы хикая мен бір адамның жындар патшасымен достасуы туралы хикая қысқаша берілген. Олардың әрқайсысынан ерекше мистикалық нәтиже шығарылған.

Жалпы алғанда трактаттың тақырыбы – ішкі даму жолы. Ақиқаттың іздеуші материалдық дүниеге тәуелділіктен арылып, Аллаға жақындай түсу үшін осы жолды жүріп өтуі тиіс. Сухраварди бұл тақырыпты әртүрлі тұспалдарды пайдалану арқылы хикая тілінде баяндаған. Трактат 9 тараудан тұрады. Бесінші тарауда 4 хикая баяндалған. Бұл тарауларда адамның илаһи негізі, артта қалған адамдардың ақиқатты түсінуден мақрұм қалуы, көкірек көзі соқыр адамдарға тәлім беріп, жол сілтеудің нәтижесіз болатыны, адамның өз илаһи негізін ұмытуы, жоғары әлемге қосылуы үшін ақиқат жолын жүріп өту қажеттігі және Кейхосроудың шарайнасы туралы әдемі аллегориялық әңгімелер берілген.

Сухравардидің тұспалдап, құпиялап сөйлеуінің басты себебі тілдің көркемдігі, сөздің мән-мағыналық әлеуеті мен сұхбаттардың сұлулығын арттырумен қоса, шәкірттерге қозғау салу үшін рухани тартымдылық тудыру болған. Мұндай құпиялар осы тұрғыдан маңызды, сондықтан Сухраварди оларды қолдануда шектеуді сезінбей, өзінің теңдессіз қиял күшімен әртүрлі тақырыптарды баяндаған. Сол себепті осы құпиялар жайлы зерттеу және олардың мән-мазмұнын анықтау өте қиын іс. Оларды табудың белгілі бір критерийі жоқ. Әрбір жайтты немесе көп дегенде осындай құпия мен тұспалдардың бір тобын анықтау нақты да кең түрде зерттеуді қажет етеді. Басқа жағынан осы құпиялардың шынайы мән-мазмұнын тануда жіберілген қателік Сухравардидің философиялық және мистикалық мақсаттарының ашылмай қалуына соқтырады.

«Лұғат-е Муран» трактатының ерекшеліктерінің бірі мынада: Шейх Ешрақ бұл еңбегінде хикаялардың арасында парсы және араб тілінде көптеген өлең жолдарын келтірген. Оның парсы тіліндегі басқа трактаттарынан осыншама өлеңді кездестірмейміз. Мысалы, «Жебірейіл қанатының үні» атты кітабында тіпті бір шумақ өлең жоқ. Ал бұл трактатта осы өлең жолдарының кейбірінің авторларының аты берілген. «Лұғат-е Муран» трактатының келесі ерекшелігі – Құран аяттары мен араб тіліндегі өлең жолдарының көптеп берілуі. Осы трактатта қолданылған  араб сөздері мен сөйлемдерінің көптігі оның прозалық тілін ауырлатып жіберді. Сухраварди бұл трактатты араб тілін де жақсы білетін парсы тілді адамдар үшін жазған. Бір хикаяда парсының «сангпошт» (тасбақа) және арабтың «солхфат» (тасбақа) сөзін бірдей қолданған. Бұл сөздердің өзі мен оқырман үшін айырмашылығы жоқ болғанға ұқсайды.

«Лұғат-е Муран» трактатының маңыздылығы оның прозалық тілінде емес, мистикалық мақсаттар үшін  әдеби тәсілдер, тұспалдарды қолдануы мен өлеңдер мен мақал-мәтелдерді келтіруінде жатыр. Трактатта философиялық құпиялар салыстырмалы түрде аз берілген. Оның кейбір хикаялары парсы прозасы мен поэзиясында келтірілген әңгімелер мен хикаяларға ұқсайды. Доктор Моджтабаидың «Сухраварди және ежелгі Иранның мәдениеті» атты еңбегінде жазған пікірі бойынша, «Лұғат-е Муран» трактаты «Джатаки» топтамасындағы кейбір буддалық әңгімелерге ұқсайды».

«Лұғат-е Муран» трактаты бірнеше құмырсқаның «Бір тамшы шық» туралы сұхбатынан басталады. Олар «Тамшы жерден бе, әлде көктен бе?» деп сұрайды.  Құмырсқалар тамшының буланып көкке ұшқанын көргенде «ол әуеден шыққан» деген нәтижеге келеді. Сухраварди хикаяның жалғасында кез-келген зат өзінің негізіне қайтып оралады, нұрға ие болған адам Аллаға қайтып оралады деген нәтиже шығарады.

Сухраварди бір хикаяда бірнеше тасбақа туралы баяндап, былай дейді: «Тасбақалар өзенде жүзіп жүрген бір құсты көріп: «Бұл құс судан ба, әлде көктен бе?»-деп сұрайды. Егер құс суға мұқтаж болмаса, судікі емес. Яғни, сусыз тұра алады. Хәкім: «Бетперде алынып, шетке ысырылмайынша, ішкі түйсік ашылмайды. Түйсік ашылған кезде пайда болатын жауһар тас – жаратылған дүние»,-дейді. Тасбақалар хәкімнен: «Бір жерде дүниеге келетін жауһар тас қалайша мекен мен бағытқа мұқтаж емес?»-деп сұрайды. Хәкім бұған жауап бермейді, сондықтан тасбақалар оны тастап кетеді. Сухраварди бұл мысалда шын мәнінде мекен мен алты өлшемді бағыт кеңістігінен сыртқа шығу болып табылатын пайғамбардың көкке көтерілуі мен нағыз сопылардың тәжірибелерін баяндаған. Ол бетперденің ашылуы мен мекен мен бағыттан сыртқа шығуды илаһи болмысқа қосылуға қажетті талап деп есептейді. Тасбақалар – осы мысалда ақиқат жолынан кешеуілдеп қалғандар. Олар шын мәнінде тариқат жолының ұстазы болып табылатын хәкімнің сөзін түсінбей, оны тастап кетеді.

Шейх Шахабеддин Сухравардидің ешрақи (платондық) ойлау жүйесі және ежелгі Иранның философиялық және мифологиялық құпияларымен таныс болу, сондай-ақ, шейхтің философиялық және мистикалық ойларын білу оның осындай еңбектерін түсініп, талдаудың кілті бола алады.