Босқындар – еуропалықтардың адам құқығына беріктігінің өлшемі (2)
Бұл бағдарламада Жерорта теңізінің тулаған толқындарынан өтіп, Еуропа жеткеннен кейінгі босқындардың осы құрлықтағы ауыр жағдайы жайлы сөз қозғаймыз.
Армысыздар, ардақты ағайын! «Босқындар – еуропалықтардың адам құқығына беріктігінің өлшемі» атты бағдарламамыздың екінші бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. 2015 жылы босқындардың Еуропаға ағылуы Еуроодақты саяси-әлеуметтік және қауіпсіздік түйткіліне ұшыратты. Бұл дағдарыс шарасыз босқынға айналған миллиондаған адамның қауіп төндіру ықтималдығына қатысты болған жоқ, Еуроодаққа мүше елдердің әрқилы антигуманитарлық көзқарасына қатысты болды. Олар Еуропаға ағылған босқындар нөпірін Еуропа үшін үлкен түйткіл деп қабылдады. Еуропалық елдердің үкіметтері әрдайым өздерін гуманизмнің шынайы қорғаушысымыз деп санайды. Еуропаның кейбір дамыған елдерінің даму көрсеткіштерінің бірі ретінде саналған тақырып – адамды сүю және жынысы, этносы, ұлты мен дініне қарамай адамдардың табиғи құқықтарына құрмет көрсету. Алайда еуропалық елдер өз шекараларынан тысқары жерде адамды сүю көрсеткішіне аса берік емес және адам құқығы мәселесін құрал ретінде екі қырлы пайдаланады. Олар өздерінің шекаралары аясында ғана белгілі бір стандарттарды ұстанады. Осы стандарттар негізінде өз елдерін азырақ дамыған елдер үшін үлгі деп таныстырады. Алайда Еуропадан тысқары жерде олар басқаша қатынас көрсетеді.
Батыс үкіметтері үшін шекарадан тысқары жерде басты басымдыққа ие нәрсе – оладың мүдделері. Бұл мүдделердің заңды не заңсыз болуында айырмашылық жоқ. Олар екі қырлы стандарттарды пайдаланатындықтан іс жүзінде заңды, заңсыз мүдделердің арасына шек қоймайды. Еуропаға ағылған босқындардың нөпірі батыстықтардың адам құқығына қатысты екі қырлы стандарттарын олардың өздерінің шекараларының ішіне алып барды. Бұл мәселе еуропалық үкіметтер үшін үлкен түйткіл тудырды. Гуманитарлық апат және батыс үкіметтері үшін үлкен масқарашылық деп аталуы тиіс осы оқиға адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтушыларға үлкен сынақ болып отыр. Бүкіл әлем, соның ішінде Батыстың қоғамдық пікірі Батыс үкіметтерінің гуманизмді қорғауға қатысты сөздері мен істеріндегі қайшылықты көруі тиіс.
Жерорта теңізіндегі қатерлі сапардан өтіп, полицияның қатігез қатынасынан аман қалып, табиғи кедергілер, тікенді сымдар мен шекаралық дуалдардан өтіп Еуропаға жеткен босқындарды басқа да қиыншылықтар күтіп отыр.
Еуропа елдеріндегі босқындардың осы күнгі жағдайы туралы жарияланған ақпараттар олардың санитарлық жағдай және азық-түлікпен қамтамасыз ету тұрғысынан бейберекетті жағдайда қалып отырғанын хабарлайды. Аштық және жұқпалы аурулардың таралуы Еуропа елдерінің көңіл бөлмеуі салдарынан босқындар ұшырап отырған екі қиындық болып табылады. Босқындардың жағдайы басқа елдермен салыстырғанда нашар болып отырған ел – Грекия. Бұл ел БҰҰ-ның босқындардың жағдайын дұрыстауға бөлген көмегіне қарамастан босқындарды ең қарапайым тұрмыс жағдайымен қамтамасыз етуде қауқарсыз болып отыр. Бұл елде босқындардың көбі ыстық пен суықта парктер мен көшелердің бойында, қаланың алыс жатқан аудандарында ашық аспанның астында өмір сүріп жатыр. Үкімет мұндай адамдарға ешқандай көмек бермейді. Олардың көбі азық-түлік тапшылығы мен аштыққа ұшырап отыр. Олар мейрамханалар мен жылдам тамақ беру орталықтарының маңындағы қоқыс шелегінен тамақ іздеуге мәжбүр. Грекиядағы босқындар жағдайының нашарлығы кейбір еуропалық қайраткерлердің наразылығын тудырды.
Германияның Өкілдер палатасы төрағасының орынбасары Грекия аралдарындағы босқындардың ауыр жағдайын сынап, алғашқы жәрдем қызметі, азық-түлік, баспана, дәрі-дәрмектің болмауына қатысты қатты алаңдаушылық білдірді. Ол, сондай-ақ, осы елдің аралдарында босқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тиісті шаралардың атқарылмағанын сынады. Сонымен қатар, БҰҰ-на қарасты Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссариаттың еуропалық бөлімінің басшысы Винсент Кучтел Грекияның Лесбос, Кос аралдарын көріп қайтқаннан кейін Грекия үкіметінен мыңдаған босқын кірген Жерорта теңізіндегі аралдарды толық бақылауға алуды сұрап: «Су, санитарлық жағдай, азық-түлік тұрғысынан бәрі жеткіліксіз. Аралдардың көбінде адам қабылдайтын ешқандай мүмкіндіктер жоқ. Босқындар бас қойып жататын күркелер мен баспана жоқ. Бұл аралдарда толық анархия орнаған. Бірнеше күннен кейін босқындар Афиныға тасымалданады. Алайда Афиныда да ешкім оларды күтіп отырған жоқ»,-деді.
Бұл арада қаржы жағынан жақсы қамтамасыз етілген еуропалық елдердің Грекия сияқты дағдарысқа ұшыраған елдерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Германия, Франция, Нидерланды мен Аустрия сияқты Еуропаның бірінші дәрежелі елдерінде бөгдемен жауласу көбірек таралған. Нидерландыда босқындардың көбі бос кеңселерде өмір сүреді. Олардың кейбіреулері қарызға алынған бір төсек және матраспен бір бөлмеде бірнеше адам өмір сүріп жатыр. Кей кездері матрастар жеке кеңістік тудыру үшін төбеге ілінген. Олар көбіне тамақты көшелердің бұрышында немесе көлікжайларда жиналған құтыларда жылытады. Бұл жерлерде адам көп болатындықтан жаңағы құтылар жуылмайды, әрдайым кір болып тұрады. Бұл адамдарды медициналық орталықтарда қабылдамайтындықтан олардың арасында өлім-жітім көбейіп, жұқпалы аурулар таралуда. Зорлау және жезөкшелікке салыну – әйел босқындар мен балалар бетпе-бет келіп отырған мәселелердің бірі. Германиядағы босқындардың қосындарында аз ақшаға тән сату жаңалыққа айналған мәселелердің бірі болып отыр. Германияның «Гоназ» телеарнасының хабарлауы бойынша, соңғы үш айдың ішінде ғана Германиядағы босқындар қосындарында жүзден астам зорлау амалы тіркелген. Сондай-ақ, осы қосындарда зорлау мен тән сату қатты артып кеткен. Босқындардың психикалық жағдайы төзуге келмейтін деңгейге жетті. Басқа жағынан әйелдердің құқығын қорғаушы бір топтың хабарлауы бойынша, Германиядағы босқындар қосындарында кейбір әйелдер 10 еуроға сатылады.
Еуропаға босқындардың ағылуы басталған соң тән саудасы туралы жантүршіктірерлік статистика жарияланды. Еуропаға босқындар ағылмас бұрын әйел саудасы Еуропада адам контрабандасымен айналысатындар үшін жыныстық қолданыс мақсатындағы ең қызу сауда түрі еді. Адам контрабандасымен айналысатындар әртүрлі елдерден, соның ішінде Кеңес одағынан бөлініп шыққан республикалар мен Балкан түбегіндегі кедей әрі дағдарысқа ұшыраған елдерден, Азия елдері мен Африканың кедей әрі дағдарысқа ұшыраған елдерінен жас әйелдер мен қыздарды әртүрлі сылтаулармен Еуропаға тартып, олардың барлық төлқұжаттарын тартып алып, жезөкшелер үйінде жыныстық құлдықтағы адам ретінде пайдаланады. Бұл әйелдер заңсыз түрде Еуропаға кіргендіктен қашып, полицияға шағым айту мүмкіндігінен айырылған. Мұнымен қоса, осындай жағдайда Еуропа полициясы мен сот органдары және қауіпсіздік күштері адам контрабандасымен айналысатындарға қарсы шара қолданбайды. Босқындардың Еуропаға ағылуы адам контрабандасымен айналысатындарға жас қыздар мен әйелдерді жыныстық құлдықтағы адам ретінде Еуропаның жезөкшелер үйінде пайдалануы үшін жақсы жағдай қалыптастырды.
Келесі бағдарламада Еуропадағы босқын балалардың аянышты жағдайы жайлы сөз қозғаймыз.