Босқындар – еуропалықтардың адам құқығына беріктігінің өлшемі (5)
(last modified Mon, 09 Jan 2017 08:36:31 GMT )
Қаң 09, 2017 14:36 Asia/Almaty
  • Босқындар – еуропалықтардың адам құқығына беріктігінің өлшемі (5)

Еуропадағы мигранттар мен босқындарға реакциялар Еуропада әсірешіл оңшыл ағымның күшейіп, қарқындай түсуіне себеп болды. Сарапшылардың көбінің пікірі бойынша, 2017 жыл Еуропа үшін оқиғаға толы жыл болады.

Өткен бағдарламада босқын балалардың, әсіресе қамқоршысыз қалған балалардың аянышты жағдайы туралы сөз қозғадық. Еуроодақ пен оған мүше елдердің ресми статистикасы бойынша, осы балалардың жартысынан көбі жоғалып кетеді. Бұл балалардың жоғалды деп жариялануы олардан ешбір белгі жоқ деген мағынаны береді.

Еуропалық елдердің аумағында сергелдеңде жүрген босқын балалар

Қамқоршысыз балалар Еуроодаққа заңсыз кіретіндіктен жемқорлық және жезөкшелікпен айналысатын бандалардың құрбандарына айналады. Бұл балалар жемқорлық және жезөкшелік орталықтарында жыныстық тұрғыдан пайдаланылады. Өйткені олардың жеке тұлғасы анықталмаған және еуропалық елдердің полициясы мен қауіпсіздік қызметтерінің де осы босқын балаларды тауып, оларға көмектесуге құлқы жоқ. Еуропалық елдер өздеріне ағылған босқындардың алғашқы легінде гуманитарлық қатынас көрсетіп, босқындарды сахналанған көрініспен қабылдауға тырысқанымен,  босқындардың Еуропаға ағылуы жалғасқан соң еуропалық елдердің көзқарастары мигранттарға қарсы әсірешіл оңшыл ағымдарға жақындай түсті. Венгрия сияқты Еуропаның оңшыл үкіметтері халықаралық хаттамалардағы міндеттемелеріне берік болмай, оған көңіл бөлмей, босқындардың өз еліне кіруінің алдын алу үшін мигранттарға қарсы шаралар қолданды. Еуропалық елдердің бұл шарасы іс жүзінде мигранттарға қарсы әсірешіл оңшыл партиялардың позицияларының нығаюына себеп болды. Шын мәнінде Еуропада билік ететін ұстамшыл солшыл және оңшыл партиялар қоғамдағы орындарын сақтап қалу үшін босқындардың кіруінің алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын  күшейту арқылы мигранттарға қарсы қатынас ұстануға бет алды. Осы саясаттың салдарынан мигранттарға қарсы партиялардың позициясы күшейіп, нәсілшілдік шаралары бірнеше есе артты. Статистикалық мәліметтер босқындар мен олардың уақытша тұрақтарына шабуылдардың көбейгенін көрсетеді. Еуропалық елдер де нәсілшілдік пен мигранттарға қарсы шараларға тосқауыл қоюға шынайы ерік-жігер танытпай отыр. Олар шын мәнінде осы нәсілшілдік әрекеттерге наразы емес. Бұл шараларды босқындарға еуропалық елдерден кетуі үшін көбірек қысым жасау және босқындардың Еуропаға кіруінің алдын алу үшін қауіпті жағдай тудырудың бір жолы деп санайды. Еуропалық елдердің бұл қатынасы барлық гуманистік қағидалар мен  босқындар мен мигранттардың құқығына қатысты халықаралық хаттамаларды аяқ асты етеді.  Алайда еуропалық елдердің осы қатынасының салдары еуропалық интеграция жобасы үшін дағдарыс тудырады.

Еуропалық оңшылдар мен нәсілшілдердің мигранттар мен босқындарға шабуылдары артты

Еуропалық интеграция жобасының принциптерінің бірі мәдени, діни, ұлттық және нәсілдік шекараларды алып тастау болып табылады. Осындай жағдайда мигранттарға қарсы саясаттар ұлтшылдық пен нәсілшілдік қатынастарды нығайту болып отыр. Бүгінде Еуроодақтағы ірі әрі ықпалдың елдердің көбінде әсірешіл оңшыл партиялар билік басына келіп жатыр. Аустрияда мигранттарға қарсы әсірешіл оңшыл партияның үміткерінің қаңтарда өтетін президенттік сайлауда жеңіске жетуіне бір-ақ қадам қалып отыр. Дания, Нидерланды, Швеция, Германия мен Францияда мигранттарға қарсы әсірешіл оңшыл партиялар жергілікті, парламенттік және штаттық сайлауларда өте жақсы позицияға ие. 2017 жыл Еуропа үшін маңызды жыл болмақ.

Германия, Франция, Нидерланды мен Аустрияда парламенттік және президенттік сайлаулар өтеді. Бұл елдердің барлығында мигранттарға қарсы әсірешіл оңшыл партияларда Парламенттерде көбірек орын алып, екінші немесе үшінші орындарға көтерілу мүмкіндігі бар. Аустрияда «Жасылдар» партиясының үміткері мен «Азаттық» әсірешіл оңшыл партиясының үміткері арасында тайталас жүріп жатыр. Францияда Ұлттық майдан партиясының жетекшісі Марин Ле Пен соңғы сауалнамалар нәтижесі бойынша президенттік сайлаудың екінші кезеңіне өту мүмкіндігіне ие. Марин Ле Пен  мигранттарға қарсы көзқарасқа ие. Францияның оңшыл және солшыл үміткерлері дауыстар Ле Пеннің себетіне түспеу үшін олар да босқындарға қарсы тұруға бағытталған заңды және қауіпсіздік шараларын арттыруды өздерінің жарнамалық бағдарламаларына кіргізген.

Марин Ле Пен – Францияның әсірешіл оңшылдарының жетекшісі

«Германия үшін альтернатива» атты мигранттарға қарсы партия 16 штаттың 10-ында Парламентке жолдама ала алды. Германияда 2017 жылдың тамыз айында парламенттік сайлау өтеді. «Германия үшін альтернатива» мигранттарға қарсы партиясы осы елдің Парламентінде  үшінші, тіпті екінші партияға айналу үшін жақсы позицияда тұр. Нидерландыда исламмен жауласушы атақты Герт Вилдерс басқаратын «Азаттық» әсірешіл оңшыл партиясы осы елдің төрт негізгі партияларының қатарына жатады. Герт Вилдерс партиясының Нидерландыдағы парламенттік сайлауларда жеңіске жетіп, үкімет құру мүмкіндігіне ие болу ықтималдығы өте зор. Аустрияда президенттік сайлаудың екінші кезеңі күшін жойғаннан кейін қаңтар айында осы елдің халқы Президент сайлау үшін сайлау учаскелеріне тағы барады деп күтілуде. Аустрияның күшін жойған президенттік сайлауында оңшыл партияның үміткері өте аз айырмашылықпен жеңілді. Қаңтар айында өтетін сайлауда әсірешіл оңшылдардың жеңіске жету ықтималдығы зор.

Еуропада әсірешіл оңшылдардың пайда болу қатері

Еуропадағы саяси-әлеуметтік өзгерістер үдерісі көрсеткендей, босқындар үшін жарқын перспектива жоқ. Еуропада әсірешіл оңшыл партиялардың билік басына келуі Еуропада қауіпсіздік диалогы мен ұлттық болмыс-бітімді нығайтады. Қауіпсіздік диалогы мен ұлттық болмыс-бітімді нығайту дегеніміз босқындармен қатынаста адам құқықтарының шетке ысырылатынын білдіреді. Германия канцлері Ангела Меркель өткен 2 жылда еуропалық елдер арасында ортақ миграциялық саясат қабылдауға талпыныс жасады. Осы саясаттардың бірі босқындардың Еуроодаққа мүше елдер арасында халық санына сәйкес бөлінуі болды. Алайда еуропалық елдердің көбісі бұл жобаны қабылдауға дайын болмай шықты. Еуроодақтағы сияқты Германияның өз ішінде де босқындар толқынымен қатынас тәсілінде үлкен алшақтық бар. Бұл айырмашылықтың үлкендігі соншалықты, ол тіпті Ангела Меркельді босқындардың кіруіне қатысты тәсілді қайта қарауға мәжбүрледі. Осындай жағдайда Африканың солтүстігі мен Таяу Шығыста дағдарыс ошақтары әлі де қалып отыр. Дағдарысқа ұшыраған осы  елдер азаматтарының көбі қатерге толы Еуропаға сапарды тірі қалу мен жақсырақ өмір сүрудің жалғыз шешім жолы санайды. Босқындардың Еуропаға кіруіне  қарсы қатаң шаралардың күшейтілуі мен олардың осы құрлыққа ағылуының жалғасуына байланысты босқындардың Еуропаға қатерлі сапарынан басқа да трагедиялық жағдайларды күтуге болады.