Қаң 27, 2017 16:09 Asia/Almaty
  • Еуропада оңшыл экстремизм мен исламнан үркіту үдерісі артуда 4

Популистер барша қабылдайтын, қарапайым ұрандарымен халықтың сезімдерін дауыс жинау үшін пайдаланып, наразылық толқынын қолдап, билік басына жетуді көздейді. Ол халықтың қызғаныш және жиіркеніш сынды сезімдеріне сүйеніп, қоғамда қауіпсіздіктің орнатылуын қажет деп көрсетіп, халықтың сеніміне ие болуды мақсат етеді. Ол көрінбейтін дұшпанды ойлап шығарып, оны барлық сәтсіздіктердің себебі деп атайды.

Экстремистік ұлтшылдық Еуропадағы оңшыл экстремистік партиялардың екінші ерекшелігіне жатады. Басқа халықтарға деген өшпенділік және интеграциямен қарсыласу экстремистік ұлтшылдықтың салдарлары саналады. Экстремистік ұлтшылдық Еуропадағы нәсілшіл ұстанымдарының артуына себеп болды. Антимигранттық саясаттар мен ксенофобия да – Еуропадағы экстремистік ұлтшылдықтың артуының салдарлары. Еуропалық мемлекеттерде өткен жылдары оңшыл партиялардың пайда болуына бір жақтан мигранттардың толқыны әсер етті. Әр мемлекеттің халқының арасындағы мигранттарға деген қоғамдық наразылықтарға байланысты оңшыл экстремистік партиялар бұл мәселені өз мүдделеріне пайдалануда.

Экстремистік ұлтшылдық

Мигранттарға қарсылық білдіру Еуропадағы жаңа мәселе емес. Еуропада нәсілшіл ұстанымдардың ежелден келе жатқандығына назар аударып, мигранттар мен басқа елдерден келген тұрғындарының әрқашан оңшыл экстремистік партиялар мен топтардың нысанасына бірінші түсетіндігін байқауға болады. Еуропадағы бірнеше маңызды өзгеріс антимигранттық ұстанымдар мен оңшыл экстремистік партияларға қарай бет бұруды арттырды. Экономикалық тоқырау мен бейберекеттіктер және Батыс үкіметтерінің Таяу Шығыс аймағы елдерінде, әсіресе Сирияда дағдарыс тудыруы босқындардың Еуропаға қарай ағылуына соқтырды. Бұл толқын Еуропада оңшыл экстремистік партиялардың көбеюіне қатты әсер етті. Еуропадағы лаңкестік әрекеттердің артуы антимигранттық, ксенофобия және исламофобия сынды ұстанымдардың күшеюіне жеткізді. Еуропаға ағылған мигранттардың көбі Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінің азаматтары болғандықтан антимигранттық және ксенофобия саясаттарының мұсылмандарға қарсы саясатқа айналуына себеп болды.

Еуропада оңшыл экстремизм мен исламнан үркіту үдерісі артуда

Ксенофобия, антимигранттық долылық, мұсылмандарға қарсылық – Еуропадағы оңшыл экстремистік партиялардың ерекшеліктері. Оңшылдар мигранттарға қарсылықтарын олардың ұлттарына емес, мәдениеттері мен болмыстарына байланысты деп көрсетпек. Яғни, мигранттар өз мәдени болмыстарын сақтап, оларға панажай берген мемлекеттердің мәдениетін қабылдамағандықтан және олардың ұлттық құндылықтарына қауіп-қатер  тудыруына байланысты өз елдеріне қайтулары керек. Негізінде оңшыл экстремистік партиялар мигранттар мен олардың жанұялары бірнеше мәдениеттік қоғам құрып, оларды қабылдаған елдің ұлттық болмысы мен мәдениетіне және бірлігіне қауіп-қатер тудырады деп санайды. Бұл мемлекеттердің оңшыл экстремистік партияларының «Франция француздар үшін», «басымдылық  австралиялықтарға» сынды басқа да осыған ұқсас ұрандары осындай мақсатта айтылады.

Мигранттарға қарсы мәселе адамдардың теңдігі туралы негізге қарсылық білдірудің бір түрі болып, соңында ксенофобияға айналып, исламофобия сынды әртүрлі түрде байқалады. Оңшыл экстремистік партиялардың дискуссияларында  мигранттар үш тұрғыдан қауіп-қатер тудырушы болып көрінеді: мәдени тұрғыдан  мигранттар келген елдерінің мәдени біртұтастығына қоқан-лоққы болып саналады. Осы ретте олар қоғамдық ой-пікірді мигранттар өздерін қабылдаған мемлекеттің мәдениетін қабылдағысы келмейді, әрі қабылдай алмайды деп сендіргісі келіп, мигранттарды  көбінде «цунами» деп атайды; қауіпсіздік тұрғыдан «мигранттар» мен «қылмыстар» деген сөздерді әрқашан бірге қолданады. Оңшыл экстремистік партиялардың пікірінше мигранттар көбінесе қылмыс жасайды; экономикалық тұрғыдан оңшыл экстремистік партиялардың көзқарасы бойынша еуропалық мемлекеттер мигранттар үшін қыруар қаржы жұмсайды. Сонымен бірге олар еуропалық тұрғындардың жұмыс орындарын алып қояды. Аталмыш партиялар жұмыссыздықты да мигранттармен байланыстырады. 2008-ші жылдағы экономикалық тоқырау мен өткен жылдардағы мигранттардың дағдарыстары бұл партияларға зардап шеккендердің дауыстарына ие болуға көмектесті.

Батыстағы антимигранттық долылық

Еуропадағы мигранттардың көбі мұсылман елдерден болғандықтан антимигранттық долылық пен ксенофобия мұсылмандарға қарсы құбылысқа айналды. Бүгінде исламофобия кейбір оңшыл экстремистік партиялар мен топтардың  ерекшеліктері болып саналады. Бұл салада Германиядағы PEGIDA қозғалысын мысал ретінде атауға болады. Осы күні бұл ең табысты топ болып,  оңшыл экстремистік партиялар мұсылмандарды өз елдеріндегі проблемаларды арттырушы деп санайды. Британияда жасалған зерттеулер бойынша, бұл елдегі оңшыл экстремистік партиялардың жақтастары басқа дауыс берушілермен салыстырғанда Исламға екі есе көбірек қарсылық білдіреді. Еуроодақтың Негізгі құқықтар ұйымының  мәліметі бойынша, Еуропадағы әр үш мұсылманның біреуі кемсітушілікпен бетпе-бет келген.  Жеті еуропалық мемлекеттің 11 қаласындағы мұсылмандармен сұхбаттасу негізінде дайындалған  мәліметтерге сәйкес, мұсылмандардың 50 пайызы кемсітушілікті бастан өткерген. Бұл мөлшер мұсылман еместердің арасында шамамен 9 пайызды құрады.

Әсіресе 11-ші қыркүйек оқиғасынан кейін оңшыл экстремистік ағымдар өз елдеріндегі аз санды мұсылмандарға дұшпандық білдіретін болды. Бұл ағым мұсылмандарды Батыс қоғамның құндылықтары үшін қатер деп таныстырады. Австрияның оңшыл экстремистік партиясының іргетасын қалаушы Йорг Хайдердың айтуынша, Ислам – Батыстың құндылықтарына қайшы. Голландияның экстремистік оңшыл партиясының төрағасы Герд Вилдерс мұсылмандарды бейберекеттіктердің себепкерлері деп санайды. Айта кететін жайт, барлық еуропалық мемлекеттерде мигранттарға  қарсы ұстанымдарға қайшы исламға қарсы ұстаным бірдей емес. Шығыс және орталық Еуропа елдері бұл мәселемен азырақ кезігуде. Шығыс Еуропада нәсілшілдік пен антисемитизм әшкере байқалады. Бұл елдердің мигранттар мәселесіне қатысты әртүрлі тәжірибелеріне сәйкес, Шығыс Еуропадағы оңшыл экстремистердің көбінесе ұлтшылдық және цыгандарға қарсы екендіктері көрінеді.

 

 

Тегтер