Урумие көлі қайта жанданды
Иран, Жапония мен БҰҰ-ның Абадтандыру кеңсесі арасында Урумие көлін қайта жандандыруға бағытталған ортақ әріптестік құжатының төртінші фазасына қол қойылды.
20 фарвардин (9 сәуір) күні Иранның Қоршаған ортаны қорғау ұйымының басшысы Масуме Ебтекар мен БҰҰ-ның Ирандағы тұрақты өкілі Герри Льюис Иран, Жапония мен БҰҰ-ның Абадтандыру кеңсесі арасында Урумие көлін қайта жандандыруға бағытталған ортақ әріптестік құжатының төртінші фазасына қол қойды. Урумие көлі қоршаған орта тұрғысынан маңызды болғандықтан, әлемдік қауымдастықта биосфераны сақтау қоры ретінде тіркелген. Алайда, өкінішке орай, өткен бірнеше жылда әртүрлі себептермен, соның ішінде климаттық өзгерістерге байланысты құрғау қатеріне ұшырады. Бірақ бүгінде мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың қолдауы және халықтың атсалысуымен бұл көл қанағаттандырарлық жағдайға жақындай түсті. Осы жөніндегі бағдарламаға көңіл аударыңыздар.

Урумие көлі Ежелгі Иранда «Чичест» деген атпен танымал болған. Зерттеушілердің айтуынша, оның айналасы Иранның ежелгі Зәрдушт пайғамбардың туған жері болған. Көл Иранның солтүстік-батысындағы Батыс Әзірбайжан мен Шығыс Әзірбайжан облыстарының ортасында орналасқан. Көлдің негізгі ауданы – шамамен 6 мың шаршы шақырым. Үлкендігі жағынан әлемнің 25-ші көлі саналады. Урумие көлі – Ирандағы ең үлкен, әлемдегі ең тұзды екінші, сондай-ақ, Батыс Азиядағы ең үлкен тұрақты тоған. Көл 60 өзеннің суымен толады. Соның ішінде 21 тұрақты, 29 мезгілдік өзен бар. Заринеруд (Джагатучай) пен Аджичай – Урумие көліне құятын ең негізгі өзендер.
Урумие көлінің суы өте тұзды. Тұздың мөлшері мұхиттан екі есе артық. Сол себепті онда терісі қалың балықтардан басқа ештеңе тіршілік етпейді. Көлде артемия, диатомдар мен фитопланктондар сияқты балықтар тіршілік етеді. Артемияның денесінің жартысынан көбі протеиннен тұрады, сондықтан балық пен асшаян өсіруге өте қолайлы азық көзі болып табылады. Бұл қалың терілі балық, сондай-ақ, жыл құстарының, соның ішінде қоқиқаздың негізгі қорегі саналады. Урумие көлі Әзірбайжан аймағындағы маңызды табиғи тіршілік орталардың бірі болғандықтан, суда жүзу, қайықпен жүзу және су үстінде сырғанау сияқты спорт түрлері үшін қолайлы жер болып табылады. Көл өзінің әдемі жағалауы және тұзды суымен әртүрлі маусымдарда, әсіресе жазда көптеген туристерді қабылдайды. Көлде сондай-ақ, түрлі минералды заттар бар.

Урумие көлінде 102 арал бар. Бұл аралдардың барлығы ЮНЕСКО ұйымы тарапынан әлемдегі табиғи қорық ретінде тіркелген. Ешк аралы – кішкентай әдемі құстардың, соның ішінде «от құсы» мен үйректердің тіршілік ететін жері. Өткен жылдары ирандық сары бұғылар, жабайы қой мен қошқар да аралға әкелінді. Иранның Қоршаған ортаны қорғау ұйымы да көлдің көп бөлігін ұлттық парк ретінде тіркеген. Урумие көлінің ұлттық паркі 460 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Бұл парк Ирандағы 9 биосфераны сақтау орталықтарының бірі саналады әрі тіршілік иелерінің алуан түріне бай. Парктің хайуанаттар әлемін 27 сүтқоректі, 212 құс, 41 жорғалаушы, 7 қосмекенді мен 26 балықтың түрлері құрайды.

Урумие көлінің экожүйесі өзіндік екі өсімдік жамылғысынан тұрады: біріншісі, көлдің айналасын алып жатқан сор жерлердегі өсімдік жамылғысы ұлттық парктің құрғақ экожүйесін құрайтын бүкіл ауданның басым бөлігін құрайды; екіншісі, аралда өсетін өсімдік жамылғысы жалпы алғанда Кабудан, Ешк, Еспир, Арезу және Ислами аралдарында байқалады. Көлдің айналасында анықталған өсімдік түрлерінің саны – шамамен 177. Ал аралда өсетін өсімдік түрлерінің саны –174-ке жуық.
Көлдің атырабындағы ең үлкен өсімдік тұқымдарына шашыратқы (Asteraceae) тұқымы 33 түрмен, тары (poaceae) тұқымы 21 түрмен, сүттіген (Euphorbia) мен жабайы бедебастың (Trigonella) ең үлкен түрі жатады. Осылайша био түрлердің көптігін Урумие көліндегі ұлттық парктің айқын құндылықтарының бірі деп айтуға болады. Бұл паркте құрлық және су ортасының болуы ондағы био түрлердің тіршілік ету қабілетін арттыра түсті. Құрлық ортасына өсімдік жамылғысы, әртүрлі жануарлар, соның ішінде ирандық сары бұғы, қамысты орман, тоғандар мен жыңғыл орманы жатады. Физикалық және химиялық ерекшеліктерге ие су ортасында өмір сүретін тіршілік иелері, яғни артемия, балдыр, сирек кездесетін әрі түрлі түсті құстардың тобы оны Иран мен әлемнің барлық парктерінен ерекшелендіреді.

Бұл маңызды көл өзінің қорықтарымен соңғы жылдары көптеген қиындықтардың, соның ішінде климаттық өзгеріс, жауын-шашынның азаюы, ауа температурасының жоғарылауы, өзендердегі суды дұрыс әрі тиімді пайдаланбау салдарынан су тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр. Су саласындағы мамандардың көзқарасы бойынша, су тапшылығының ең маңызды себебі – ұзақ мерзімді құрғақшылықтың болуына байланысты адамдардың суға деген қажеттілігінің артуы мен егіншілердің жерасты суларын ысыраппен пайдалануы. Олар Урумие көліндегі су деңгейінің қатты төмендеуі 1998 жылы басталып, осы күнге дейін арагідік жалғасып жатқан құрғақшылыққа сәйкес келеді деп санайды. Тура осы жылдары жер бетінде қажетті су болмағандықтан, халық жер асты суларын көп тұтынған. Тіпті Урумие көлінен су алу көлемі жылына шамамен 250-ден 2000 млн текше метрге жетті. Содан кейін қатер дабылы соғылды.

Кейбір мамандар Урумие көлінің құрғау қатері туралы былай дейді: «Бұл көл құрғайтын болса, аймақтың қоңыржай ауа райы тұзды желді ыстық ауаға айналып, аймақтың климатын өзгертеді». Біртіндеп құрғау салдарынан Урумие көліндегі ұлттық парк жойылады. Көлдің түбінен көтерілетін шаң 6 млн адамның денсаулығы мен өміріне қатер төндіреді.
Осындай қатерлердің болуы аталмыш құнды көлді қайта жандандыру үшін шұғыл шаралардың жасалуына, бірінші кезекте Урумие көлін құтқару бойынша ұлттық жұмыс тобының құрылуына себеп болды. Содан соң әртүрлі бөлімдердің, соның ішінде Қоршаған ортаны қорғау ұйымы, облыстық және жергілікті мекемелер, егіншілер, халықтық органдар және БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдарның әріптестігі мен Жапония үкіметінің көмегі көлдің тұрақты жағдайға жетуіне себеп болды. Осы әріптестің 4-ші фазасына қол қойылғаннан кейін Урумие көлінің жағдайын жақсарту үдерісі жаңа сатыға көтеріледі.

БҰҰ-ның Ирандағы тұрақты өкілі Герри Льюис Иранда Жапония, БҰҰ-ның Абадтандыру кеңсесі мен Иранның Қоршаған орта ұйымының арасында Урумие көлін қайта жандандыруға бағытталған ортақ әріптестік құжатының төртінші фазасына қол қою рәсімінде: «Иранда болған 4 жылдың ішінде Урумие көлінде көптеген өзгерістерге куә болдым. Көлге барған кезде жағдайдың жақсарғанын байқадым. Урумие көлін қайта жандандыруға бағытталған шаралар әлемдік деңгейде сәтті үлгі ретінде аталып, басқа елдерде қолдануға болады»,-деді. БҰҰ өкілінің көзқарасы бойынша, Урумие көлі жағдайының жақсаруына үш фактор себеп болды: Иран үкіметінің бөгеттердегі суды босатуы, көлге құятын каналдар мен өзендердің арнасын тазарту, тұрақты егін шаруашылығы. Әріптестіктің 4-ші фазасының құжатында да тұрақты егін шаруашылығы тақырыбына көңіл бөлінді. Мұнда суды үнемдеп пайдалану қарастырылған.

ИИР-ның Қоршаған ортаны қорғау ұйымының басшысы да 4-ші фаза құжатына қол қою рәсімінде тұрақты егін шаруашылығы тақырыбын Урумие көлін қайта жандандыру үдерісінде өте маңызды деп атап: «Барлық деректер осы ерекше жобаның тұрақты егін шаруашылығын сақтауда айтарлықтай ілгерілегенін және көл жағдайының жақсарып бара жатқанын көрсетеді. Әлі де бірталай іс атқарылуы тиіс, алайда біздің Урумие көлі жағдайының тұрақтауы саласында әсерлі қадамдар жасағанымыз анық. Бірлесіп жұмыс істеу үлгісі сәтті де әсерлі болды»-деді. ИИР Қоршаған ортаны қорғау ұйымы басшысының көзқарасы бойынша, бұл салада әсерлі болған факторлардың бірі халықтың қатысуы мен егіншілерді үйрету болды. Су тасымалын тоқтату, арықтар мен өзендердің арналарын тазалау, егіс алқаптарын азайту Урумие көлін құтқаруда әсерлі болды. Алайда мәңгіге қалатын іс – халықтың қатысуы.

Осылайша Урумие көлі бүгінде қайта жанданып, оның сұлу табиғаты қайта тіріле бастады. Осының барлығы халық, ұлттық және халықаралық ұйымдардың әріптестігінің арқасында жүзеге асырылды. Бұл үлгіні әлемнің басқа жерлерінде де қолдануға болады.