Maм 14, 2017 16:24 Asia/Almaty
  • Ливияда ұлттық үкіметтің құрылмау себептері

Билік ауысып, үкіметке қарсы наразылықтарға куә болған араб елдерінің арасында Ливия өзгеше тәжірибені бастан өткерді.

Ливияның өзгеше тәжірибесі үш аспектіге ие: ондаған мың адамның қаза болуы мен жаралануына әкеліп соқтырған азамат соғысы, халықаралық әскери күштердің араласуы және революциядан кейінгі кеңістікте ұлттық үкіметтің құрылмауы. Алдыңғы екі тәжірибе ұзаққа бармай, Қаддафидің өлтірілуімен аяқталды. Ал үшінші тәжірибе, яғни  ұлттық үкіметтің құрылмауы әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Тіпті, 2015 жылы Сахират қаласында ливиялық топтар арасында БҰҰ-ның Ливия істері жөніндегі өкілі Мартин Коплердің бақылауымен Сахират келісіміне қол қойылса да, бұл елде ұлттық үкімет құрылмады. 

Сахират келісімі бойынша Ливияда ұлттық бірлік үкіметі құрылады деп келісілген болатын.  Сахират келісімін орындауға бағытталған бірінші және екінші қадамдар сәтті болды. Өйткені, бұл келісімде Ливия үшін 9 адамнан тұратын басқарма кеңесі назарға алынды. Бұл іс жүзеге асырылды.  Екінші қадамда басқарма кеңесі тарапынан Премьер-министр таныстырылды. Фаез әс-Серадж Премьер-министр болып тағайындалды. Бұған қарамастан, Сахират келісімінің екі маңызды тармағы, яғни ұлттық бірлік кабинетін құру және парламенттік сайлау өткізу 16 ай өтсе де орындалмады. БҰҰ-ның бақылауымен ливиялық топтар Сахиратта келісімге келгенге дейін 16 ай өтті. Енді осы келісімнен де 16 ай өткенімен, оның негізгі бөлімдері әлі орындалған жоқ. Ливияда 2014 жылдан 2015 жылдың желтоқсан айына дейін  екі үкімет құрылды. Бірақ 2016 жылдың басынан бастап осы уақытқа дейін, яғни Сахират келісіміне қол қойылғаннан кейін бір мезгілде үш үкімет құрылды. Парламенттің Өкілдер палатасына қарасты Бенгазидегі үкімет, халықаралық қолдауға ие болып отырған Триполи ұлттық бірлік үкіметі және Ливия Ұлттық конгресінің растауына ие жетекшінің бастауындағы Ұлтты құтқару үкіметі – Ливияда жұмыс істеп жатқан үш үкімет.

Мынадай сауал туындайды: Неліктен Ливия мұндай жағдайды бастан өткеріп отыр? Ливияның «ұлттық үкіметсіздік» немесе «көпқырлы үкімет» кезеңіне кіруіне не себеп болды? Осы сұраққа жауап беру барысында  бірнеше дәлел келтіруге болады. Соның ішіндегі кейбір дәлелдер маңыздырақ:

Ливиядағы үкіметсіздіктің үш дәлелі
  1. 60 жылдық тәуелсіз билік кезінде екі-ақ басшы болды.

БҰҰ 1951 жылы 24 желтоқсанда қарар жариялаған соң құрылған Ливияның тәуелсіздігіне 66 жыл болды. Бұл ел 60 жылдың ішінде тек екі басшыны көрді. Мұхаммад Идрис әс-Сануси Ливия тәуелсіздік алғаннан кейін осы елдің патшасы болып таңдалды. Алайда 1969 жылы Муаммар Қаддафидің қантөгіссіз төңкерісінен кейін биліктен кетті. Ливия тәуелсіздік алғаннан кейінгі екінші билеуші Каддафи елді 43 жыл бойы басқарды. 60 жыл бойы екі адам ғана ел басқарып, оның бірі 43 жыл бойы толығымен жабық, Конституциясыз, тайпалық құрылымдар негізінде билік құрған ортада жаңа заман талаптарына сай үкімет деп аталатын қуатты органның қалыптаспайтындығы табиғи нәрсе.

Мұнымен қоса, 60 жыл бойы Ливияда азаматтық органдар деген ұғым болған жоқ, саяси топтар да осы елдің билік құрылымында ешқандай рөл атқарған емес. Қаддафиден кейінгі кеңістікте де бір жағынан үкімет құрып, ел басқару тәжірибесі болмады, екінші жағынан Ливия халқының ерекше мінез-құлқы жайлы, әсіресе бұл елдегі тайпалардың рөлі мен орнынан хабардарлық болмағандықтан, елді басқару қиынға соқты. Ливия –  тайпалық  құрылымға ие ел. Мұнда 140-қа жуық тайпа бар. Муаммар Қаддафидің кезіндегі елдің саяси құрылымында 30-ға жуық тайпа маңызды рөл атқарды.

  1. Шетелдік әскери күштер үкімет құру саласында ешбір техникалық көмек көрсетпестен елдің ісіне араласты.

Ливияның 2011 жылы үкіметі ауысқан басқа араб елдерінен ең маңызды айырмашылығы мынада: Ливияда билік халықаралық әскери күштердің араласуымен ауысты.  БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі 2011 жылы 26 ақпанда  №1970 қарарды «қолдау жауапкершілігі» деген ұғымына сүйеніп, 10 оң, 5 қалыс дауыспен бекітті. Осы қарарда Ливияда қалыптасқан жағдайға қатты алаңдаушылық білдіріліп, қатігездік пен азаматтарға қарсы күш қолдану айыпталды. Ливияның жағдайы туралы іс халықаралық қылмыстық сотқа берілді. Бұл сотта да Қаддафи адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыпталды.

Қаддафи үкіметінің қатігездікті жалғастыруы және №1970 қарарға  немқұрайды қарауы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің №1973 қарарды бекітіп, Ливияның жағдайын халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті бұзу деп анықтап, Ливияның әуе кеңістігінде ұшуға тыйым салынған аймақ құруына себеп болды. Бұл қарарды қабылдаудағы мақсат Ливиядағы бейбіт тұрғындарды қорғау деп жарияланды.  Ливия дағдарысы шарықтау шегіне жеткен кезде НАТО Қаддафиді биліктен кетіріп, өзгеріс жасау үшін  іске кірісті. Бұл елдегі соғыс 9 айға созылды.  Ақырында ол ондаған мың азаматтың қаза болуы мен жаралануы және Муаммар Қаддафидың өлтірілуімен аяқталды. Бұған қарамастан, Қаддифиден кейінгі Ливияның үкімет құру саласында техникалық кеңестерді қажет еткеніне қарамастан, шетелдік ойыншылар, әсіресе Батыс елдері  мұндай көмек беруден бас тартты.

Батыс елдері  Ливияға үкімет құру үшін техникалық көмек беруден бас тарту арқылы бұл елді тынышсыздық пен тұрақсыздықтың жаңа кезеңіне кіргізіп, тағы да осы елге еніп, осы жолы бай қуат көздеріне қол жеткізу сияқты мақсаттарды орындауды көздейтін сыңайлы. Осы негізде соңғы 6 жылда, әсіресе соңғы 2 жылда Батыс елдерінің Ливияның ішкі ісіне қайта араласуы туралы тақырып бірнеше мәрте көтерілді.

  1. Жергілікті армия мен параллелді күштердің қалыптасуы

Батыс Азияның тынышсыз аймағындағы кез-келген үкіметтің сәтті әрекет етуінің ең маңызды тетігінің білікті, мықты әрі заманауи армия екендігі айқын. Алайда Ливия осындай ықпалды тетіктен кенде. Ливияның армиясы Муаммар Қаддафидің диктаторлық режимі таңған 9 айлық азаматтық соғыс кезінде өзінің тұтастығынан айырылды. Қазіргі Ливия ұлттық үкіметтен мақұрым қалғаны сияқты ұлттық армиядан да кенде қалып отыр. Бұл елде содырлар мен лаңкестік топтардың қалыптасуы үшін жағдай қалыптасқан. Халықаралық дағдарыс тобының есептеуі бойынша, Муаммар Қаддафи биліктен кеткеннен кейін Ливияда 100-ден 300-ге дейін қарулы содырлар тобы болған. 2014 жылы бұл елде шамамен 1600 содырлар тобы болды. Олардың саны 2015 жылы 1700-ге жуық деп есептелді.

Шын мәнінде, содырлар тобының қалыптасуы лаңкестік топтардан басқа. Содырлар тобы бәрінен бұрын Ливиядағы қауіпсіздік деңгейінің «жергіліктендірілгенін» көрсетеді, өйткені бұл топтардың әрқайсысы ливиялық революцияшылдар тарапынан құрылған топтармен бірге Ливияның ұлттық қауіпсіздігінен гөрі жергілікті және аудандық деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жөн көреді. Мұнымен қоса, Ливиядағы үш түрлі үкіметтің ешқайсысы өзіне тиесілі армия құрған жоқ. Мысалы, Ұлтты құтқару үкіметі Триполиде «Ұлттық күзет» деп аталатын әскери күш құрды. Бұл Ливияның ұлттық бірлік үкіметінің теріс реакциясына ұшырады. Ұлттық бірлік үкіметі «Ұлттық күзет» тобын құруды параллелді қауіпсіздік органын құрумен тең санайды. Бұл Ливияның ұлттық егемендігіне қайшы.  

Сөз соңында айтарымыз, Ливияда өткен жеті жылда орын алған өзгерістердің нәтижесі мынадай: бұл ел басқа елдер сияқты лаңкестік мәселесімен бетпе-бет келудің орнына «ұлттық үкіметсіздік» және «жергілікті және параллелді армиялардың құрылуы» деген мәселелерге тап болып отыр. Бұл жағдай лаңкестік топтардың қалыптасып, дамып, таралуы үшін жағдай жасайды.  Халифе Хафтар мен Фаез әс-Серадж 2017 жылдың мамыр айында біртұтас армия құру туралы келіскеннен кейін Ливия біртіндеп «ұлттық үкіметсіздікті» тоқтату жолына түседі  деген үміт бар.

Тегтер