Парсы әдебиетіндегі Рамазан айы (5)
Парсы әдебиетіндегі Рамазан айы туралы бағдарламамыздың кезекті бөлімінде Хафиздың өлеңдеріндегі ораза мен Рамазан айының алатын орны жайлы сөз қозғаймыз.
Ораза, Рамазан айы мен Қадір түні Хафиз өлеңдерінің төрінен орын алып, оның поэзиясының асыл тасы секілді оған әсемдік беріп тұрады. Ол ораза айымен сұхбаттасуды қадірменді қонақ секілді күтіп, Ораза айттың келіп жетуін үлкен сый санады.
Ораза біздің жүректеріміз үшін қымбат қонақ. Бұл айда жан мен жүректің бірге болып, ораза ұстауы нағыз нығмет саналады. Бұл айдан аман-есен өту ораза ұстаушылар үшін үлкен сый мен марапат іспеттес.
Хафиздің Рамазан айына деген көзқарасы басқа ақындардан өзгеше. Парсы әдебиетінің атақты ғазалшысы Рамазан айына асқан даналық және сын көзбен қараған. Хафиз осы тақырып арқылы өз заманындағы халықтың мұсылманшылығын сынға алып, олардың діни және рухани өмір салттарына күмән келтірген.

Хафиздің өлеңдерінің ішінде осы тақырыпқа арналған алты ғазал бар. Оның төртеуі Ораза айт пен оны қарсы алу туралы болса, қалған екеуі жалпы Рамазан айы тақырыбына арналған. Хафиз өлеңдерінің үзінділерінде ақынның Рамазан айынан безінетіні сезілгенімен, поэзиясының ішкі құрылымында діннің ішкі болмысына көңіл аударылып, алдамшы сыртқы көріністен алыс болу мен сыртқы келбетті көріктендіру қажеттігі қуатталған.
Хафиз өз туындыларында екіжүзділік пен қулықтың мұсылманшылықпен қатар жүруіне қарсылық білдіріп, мұсылманшылықтың мұндай түрімен күреседі. Оның пікірінше, адам ораза ұстау арқылы құлшылық жасап, діннің ішкі көрінісін ұғынуы керек. Сонымен қатар, діннің сыртқы келбетімен тоқталып қалмай, оны халықты алдап, халықтың арасында келіспеушілік тудырудың құралына айналдырмау қажет. Хафиз көреген және білімді дінтанушы ретінде өз заманындағы халықтың мұсылманшылығын ғылыми тұрғыдан сынаған ақындардың бірі. Оның бұл істегі мақсаты өзі өмір сүрген кезеңдегі екіжүзді әрі бұзылған қоғам мен үкіметті жақсы жаққа өзгерту болды.