Парсы әдебиетіндегі Рамазан айы (8)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i28104
Рамазан айының парсы әдебиетіндегі алатын рөлі жайлы топтамамыздың бүгінгі бөлімін Аттар Нишабуридің поэзиясына арнаймыз.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Маусым 17, 2017 10:46 Asia/Almaty
  • Парсы әдебиетіндегі Рамазан айы (8)

Рамазан айының парсы әдебиетіндегі алатын рөлі жайлы топтамамыздың бүгінгі бөлімін Аттар Нишабуридің поэзиясына арнаймыз.

Шейх Аттар Нишабури деген лақаппен танымал Фаридеддин Абуджамед Мохаммад Аттар Нишабури – х.қ.ж.с.б. алтыншы ғасырдың соңы мен жетінші ғасырдың басында өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы. Аттар басқа шайырлар секілді өз өлеңдерінде Рамазан айы мен ораза тақырыбын көп көтерген. Әсіресе туындыларында ораза тұтуға байланысты тақырыптар мен оның философиясы жайлы көп сөз қозғап, өзінің көркем қасидасында шынайы ораза жайлы сөз қозғап, оның салт-дәстүрін ораза тұтушы оқырмандарға баяндайды.

Өмірін өзін мақтаумен өткізгендер,

Еңбек ететін уақыт келді.

Орындарыңнан тұрып, іске кірісіңдер.

Уа, досым! Ораза тұтатын ай келіп жетті.

Сен болсаң, әлі ұйқыда жатырсың.

Ерте ме, кеш пе, қапылдық ұйқысынан оянасың.

Ұзақ жыл бойы нәпсінің артынан қудың.

Енді бір Құдайдың айы келді, нәпсіңді тый.

Аттардың пікірінше, оразаның шынайы болмысын тек ас жемей, су ішпеумен ғана шектеуге болмайды. Себебі, ораза ұстаудың өзіндік салты, әдет-ғұрпы мен шарттары бар. Ораза тұтушы адам соларға назар аударып, оларды орындауы тиіс:

Тек ас ішпеу ғана ораза емес,

Ораза тұтудан басқа көп оның шарттары.

Діни әулиелер мен ұлылардың жолын қуған Аттардың көзқарасына сәйкес, әрбір дене мүшесі үшін арнайы ораза қарастырылған. Басқа сөзбен айтқанда, тіл, құлақ, көз, қол мен аяқтар да ораза ұстауы қажет:

Әрбір мүше үшін ораза тұту керек.

Сонда сенің ұстаған оразаң,

Алланың жанында шынайы ораза саналады

Ақынның айтуынша, көзді жаманшылықты көруден, құлақтарды жаман нәрселерді естуден тыю қажет. Себебі, дәл осы екі мүше адам баласын құрдымға оңай апаратын мүшелер саналады:

Алдымен назарыңды тек гүлдей көркем нәрсеге аудар.

Жанарыңа өз махаббатыңның тікені кірмесін.

Сосын құлағыңды жаманшылық естімес үшін қатты жап.

Себебі екеуінің сұхбатынан ақыл адасады.

Аттардың көзқарасына сәйкес, тіл тек Құдайды мадақтау үшін ғана жаралған. Оны басқа сөздермен ластау оған лайық емес:

Тіл тек Оны мадақтауға арналған.

Оны өсек пен өтірік айтумен қорлама.

Ораза тұтушы адам өз оразасын тек халал тағаммен ашуы тиіс. Ол тағамның көлемі қанша жерден аз болса да, харам тағамнан әлдеқайда тәуір әрі пайдалы саналады. Сонымен қатар, ораза ұстаушы шамадан тыс тойып тамақтанудан бас тартқаны жөн. Себебі қарынды толтырып, көп тамақ ішу ақыл мен жүректі адастырады:

Ауыз ашар кезде харам ас ішпе.

Себебі одан мың рет қан іштің.

Шамадан тыс тамақтанба, тойдырып қарынды.

Дене мүшелерің аш әрі тынышсыз болсын.

Ораза тұтуға ниет етсең, осы – оразаның шарты.