Парсы әдебиетіндегі Рамазан айы (19)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i28328
Бүгінгі бағдарламамызда Санаи поэзиясындағы Рамазан айының рөлі жайлы сөз қозғаймыз.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Маусым 24, 2017 13:36 Asia/Almaty
  • Парсы әдебиетіндегі Рамазан айы (19)

Бүгінгі бағдарламамызда Санаи поэзиясындағы Рамазан айының рөлі жайлы сөз қозғаймыз.

Хакім Абул Маджд Махмуд ибн Адам Санаии – х.қ.ж.с.б алтыншы ғасырда өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы. Санаи парсы поэзиясында сопылыққа қатысты тақырыптарды көтерген ақындардың ішінде көшбасшы саналады. Ол өзімен замандас ақындарға қарсы Рамазан мен ораза ұстау тақырыбын өз өлеңдерінде көп көтерген. Санаи адамдарға о дүниенің қамын қазір дайындау қажеттігі туралы ескерту жасаған уағыз-насихатқа толы  қасидасында адамдарға бейқамдық пен қапылдықтан оянып, ақыреттегі өмір үшін қам жеу керектігін ескертеді:

Уа, қапыл жүрек, бұл кезеңді ұйқыда өткізбе!

Қиямет күнінің дабылын қақты, қапылдықта қалмай, орныңнан тұр!

Жастық дәурен өтіп кетті, қара шашыңды ақ шалды.

Ажалдың хабары келіп жетті.

Санаи Ғазнави

Ол барлық адамдардың о дүниеге баратыны және өлімнің баршаның басына жазылғаны туралы ескерту жасайды. Сондықтан «Басқалардың о дүниеге кеткені саған сабақ болсын. Есті жиып, ертеңгі күнің үшін қам жеу керек» дейді:

Сені дүниеге әкелген адам көз жұмды.

Сенен туған адам өз жолымен кетті.

Бұл жай қиял, я бос сөз емес.

Орныңнан тұр! Мына көрдегі жатқандардың жағдайы

Саған сабақ болсын.

Бүкіл дене топырақтың астында көмулі жатыр.

Бұл дүниеге иек артпа, сенің де бір күні жер ішіне кірер денең.

Санаидың пікірінше, адамдар бұл дүниеге қызығып, соған алданып қалған. Харам тағам жеу мен жетімдердің мал-мүлкін тартып алудың кең етек жайғаны соншалықты, Рамазан айында да оразасын жетімдерге тиесілі аспен ашады.

Үй алып, ішін толтырдың мал-мүлікке.

Бұл үй – харам пайдамен тапқан мал-мүлкің.

Аяғыңның астында кілем, жібек мата мен жайнамаз.

Ал көрші жесір әйелдің жағдайы мүлдем нашар.

Күндіз-түні аш отырса, сен дәмді тағам жеп жүрсің.

Жүкті әйелдің ішіндей қарның меске айналды.

Рамазан және ережеп айларында жетімдердің мал-мүлкін иемденбе.

Жетімнің мүлкімен ораза тұту себеттегі жылан секілді.

Жетімдердің мүлкін иемденіп алдың.

Жетімнің жолын кеспе, бұл істі доғар!

Санаии адамдардан Рамазан айын өзінің өмір сүру салтына айналдырып, қанағат етуді үйреніп, ашкөздік пен тойымсыздықтан бас тартып, жалғыз Аллаға сыйынуды сұрайды:

Ішетін асың болса – шүкіршілік, болмаса асың сабыр ет!

Жаратушының оразадан кейін бергенінен бас тартпа!

Мына азғана азыққа қанағат ет.

Ауыр жүк тиелген есектер мен иттер секілді

Таухидтің мәнін ұғынып, Санаидың кеңесіне құлақ ас.

Қиямет күні жеткенде тозақтың отынан құтыласың.