Мұхаррам және Ашураның әртүрлі халықтар арасындағы көріністері 2
Имам Хусейн (ғ.с.)-ға арналған аза рәсімін бірінші рет хиджри жыл санағы бойынша 61-ші жылдың мұхаррам айының 11-ші жұлдызында шәһидтердің пәк мәйіттерінің қасында пайғамбар (с.ғ.с.) әулеті өткізді.
Умар бен Саад пайғамбар әулетін шатырларынан шығарып, Куфеге қарай әкетуді бұйырған кезде шәһидтердің аналары, әйелдері мен қыздары уайым-қайғыға батып, аза тұтып, жақындарының қанға бөккен мәйіттерімен қоштасты. Әйелдердің басшысы хазірет Зейнаб болды. Ол ағасы мен басқа жақындарынан айрылған сол мекенде өзінің өткір сөзімен дос пен дұшпанды жылатты. Хазірет Зейнаб былай деді: «Уа, Мұхаммад! Сізге аспандағы періштелердің сәлемі жетсін! Жерге құлап, өз қанына бөгіп, дене мүшелері бөлшектенген – Хосейннің өзі. Уа, Мұхаммад! Тұтқынға түскендер – қыздарыңыз, денелерінің үстінен жел соғып тұрған – сіздің перзенттеріңіз». Тұтқындар керуені Куфеге кірген кезде имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.) мен хазірет Зейнаб және хазірет Умма Күлсүм өздерін көру үшін жиналған Куфе халқының алдында сөз сөйледі. Олардың сұхбаттарынан кейін үйлерден шәһидтерді жоқтаған, Амави билігі үшін әшкерелеу болған Куфе халқының жылаған дауыстары естілді. Тұтқындар керуені Шамға кіріп, имам Саджад (ғ.с.) бұл жерде сөз сөйлегеннен кейін Язид имам Хусейн (ғ.с.) отбасына аза рәсімдерін өткізуге рұқсат етті. Сөйіп олар ресми түрде үш күн бойы Шамда аза тұтты. Бұл сөздер мен аза рәсімдерінен кейін Шам ой-пікірдің оянуымен бетпе-бет келді. Нәтижесінде халықтың көбі билік басындағыларға жиіркеніштерін білдірді.
Келесі аза рәсімдері Мединеде өтті. Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеті Мединеге кірген соң жалпыхалықтық аза орнатылып, қаланың бүкіл халқы жылап, жоқтау айтты. Содан кейін танымал жеке адамдар аза рәсімдерін өткізді. Мединеде аза рәсімін өткізген адамдардың бірі хазірет Зейнаб еді. Хазірет Зейнабтың аза рәсімдері Мединені қоғамдық қозғалыс қарсаңына жеткізіп, Умар бен Саад бұл ағым туралы Язидке хабарлап: «Зейнабтың Мединеде болуы қала халқының ой-пікірін өзгертуде, өйткені ол шешен, ақылды әрі дана. Оның өзі мен қасындағылары Хусейннің қаны үшін кек алуға көтерілмек»,- деді. Хазірет Зейнаб Шам немесе Мысырға жер аударылып, сол жақта дүниеден озды. Имам Хусейн (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін имамдар өздері аза рәсімдерін өткізіп, шиіттерді аза тұтып, жоқтауға жігерлендірді.
Имам Бақер (ғ.с.) мен имам Садық (ғ.с.)-ның имаматы кезінде Бани Умайе үкіметі бұрынғысынан әлсіреп, соңында Аббаси үкіметі тарапынан құлатылды. Бұл кезеңде Аббаси үкіметі пайғамбар әулетімен жұмсағырақ қарым-қатынас орнатып, бұл екі имам жыл сайын имам Хосейн (ғ.с.)-ға арналған аза рәсімдерін өткізді. Бірақ кейін аза рәсімдеріне тыйым салынды. Мұндай жағдай имам Реза (ғ.с.)-ның имаматына дейін жалғасты. Бұл кезеңде шиіттер жақсырақ жағдайда өмір сүріп, аза рәсімдерін қауіпсіз кеңістікте өткізді. Алайда имам Реза (ғ.с.) шәһид болғаннан кейінгі уақытта келесі пәк имамдардың аза рәсімдерін өткізетін мүмкіндіктері болмады. Пәк имамдардың кезеңдеріндегі ашық аза рәсімдері тек Кербалада имам Хосейн (ғ.с.)-ның қабірінің қасында өтіп, шиіттер өмірлерін қорғау үшін тек үйлерінде ғана аза тұтатын. Азалар тек мәрсие оқу, жылау мен жоқтау айту түрінде өтті.
Үшінші, төртінші және бесінші ғасырларда Иракта әл-Буие, Сирияда Хамеданиун мен Мысырда Фатемиун үкіметтерінің құрылуымен тұспа-тұс шиіттер мазхабы кеңейіп, аза рәсімдері де көбейіп, Ашура күні қалалардың көбінде рәсімдер өтіп, бұл күн демалыс деп жарияланды.
Хиджри қамаридің 353-ші жылының мұхаррам айында Муазадуле Дилами дүкендерді жауып, демалыс жариялап, халыққа аза тұтып, көшелерге шығуды бұйырды. Сөйтіп, шиіттердің арасындағы қоғамдық аза дәстүрге айналды. Бұл кезде өлеңдер қасиде түрінде жырланды. Өлеңдерде Бани Умайе мен Бани Аббас үкіметтерінің зорлық-зомбылықтары туралы айтылып, Исламның ұлық пайғамбары әулетінің мәртебесі мен рөлі баяндалды. Халық аза рәсімдерінде, ақындар қасидаларында пайғамбар әулетіне ерекше көңіл бөлді.
Билік басына Селжұқ үкіметі келген бесінші ғасырдың екінші жартысында шиіт мазхабына деген қайшылықтарына қарамастан олар имам Хосейн (ғ.с.)-ның қасиетті қабірі мен оған зиярат жасауға кедергі болмады. Селжұқ патшаларының бірі Мулкшах Хавадже Низаммен бірге хиджри қамаридің 479-шы жылы Каземайн, Наджаф және Кербалаға зиярат жасауға аттанды. Сол кездің жазушыларының бірі Мұхаммад бен Абдолла Низамиедегі ғалымдары, басшылары және сүннит діні шәкірттерінің алдында сөз сөйлеп, одан кейін жоқтау айтып, пайғамбар әулетінің мазлұмдығын баяндады. Бұл рәсімдер Тоғрул Селджуқи үкіметінің басына дейін Бағдад пен Иранның кейбір қалаларында жалғасты. Монғол халқы және Шыңғыс ханның перзенттері болған Илхандар жетінші ғасырдың екінші жартысында билік басына келді. Бұл кезеңде шиіттер діни рәсімдерін өткізу мүмкіндігіне ие болды. Ғазан ханның шиіттер мазхабымен мәселесі болмады, сондықтан Олджейту үкіметі кезінде шиіт мазхабы елдің ресми мазхабына айналды. Шиіттер жыл сайын мұхаррам айында еркін түрде аза рәсімдерін өткізді. Тіпті, тоғызыншы ғасырда Ақсақ Темір кезеңінде олардың астанасы Гератта мұхаррам айында қара халықтан басқа басшылар мен ақсүйектер де имамға қатысты аза рәсімдеріне қатысты.