Қытай мен АҚШ қарым-қатынастары: Трамп кезеңіндегі текетірес
Дональд Трамп билік басына келгеннен бері АҚШ пен Қытай қатынастары саяси-қауіпсіздік бәсекелестігінің жаңа кезеңіне аяқ басты. Трамп Қытайға қарсы қысымдарды күшейтіп, Бейжіңнен экономикалық, саяси және қауіпсіздік салалары бойынша ұпай алуды көздеуде деген ой туады.
2016-шы жылдың ортасында АҚШ президенттік сайлауы қарсаңында үгіт-насихат бәсекелестігі басталғаннан бері Дональд Трамп Қытайға қарсы шапқыншы саясат ұстанып, екі елдің қарым-қатынасы жаңа кезеңге енді. Трамп сайлауда жеңіске жету үшін АҚШ-тың экономикалық қиындықтарын Қытаймен байланыстырып, бұл елде ішкі өнім шығаруды қолдайтын саясат ұстанды. Трамп АҚШ-тың президенттік сайлауында жеңіске жету үшін Қытайға қысым көрсетуді негізгі ұраны ретінде жариялады. Сол кезден бастап Қытай мен Американың экономикалық саясаттарын дағдарысқа тіреді. Трамп сайлауда жеңіске жетіп, Ақ үйге аяқ басқаннан бері әртүрлі салалардағы Вашингтонның Қытайға қарсы саясаттарын күшейтті. Біріншіден, экономикалық салада толығымен саудагерлік пікірге ие Трамп Қытайды АҚШ-тың нарығын жаулап алумен айыптап: «Мұндай жағдай АҚШ-тағы жұмыссыздықты арттырды»,- деген уәж айтты. Ол сондай-ақ: «Қытайға елімізді бұдан артық талан-таражға салуға рұқсат бере алмаймыз»,- деп мәлімдеді.
Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы сауда айналымы теңгерімін қалыптастыру үшін АҚШ-қа жіберілетін қытайлық тауарларға ауыр салық салумен қорқытты. Мұндай жағдай Жапония мен Оңтүстік Кореяға да қатысты болды. Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің АҚШ сапары кезінде бұл елге үлкен инвестиция салу туралы уәделері Жапонияны Трамптың жазалау саясаттарынан аман алып қалды. Алайда Си Цзиньпинның АҚШ сапары және бұл елдің Президентімен кездесуі АҚШ пен Қытайдың экономикалық ынтымақтастықтарын дамыту туралы келісімге жеткізбеді. Трамптың Қытайға қысым көрсету құралы ретінде пайдаланған екінші мәселе Тайвань аралы және бұл аралдың тәуелсіздік талап етушілерін қолдау мәселесі болды. Трамп телефон арқылы Тайвань үкіметінің басшысымен сөйлесіп, Қытайдың ашу-ызасына себеп болып, Бейжің Трампты біртұтас Қытайды ресми қабылдаған келісімге немқұрайдылық танытумен айыптады. Алайда, АҚШ үкметі Тайваньға шамамен екі миллион долларға қару сатқанын растап, бұл аралды Қытайға қарсы шынайы қысым көрсету үшін пайдаланатынын көрсетті. Трамптың Қытайға қатысты екі мәселеден көбірек мән берген мәселесі Корея түбегін дағдарысқа тіреу және Солтүстік Кореяны соғысқа итермелеу деген үшінші мәселе болды. Трамп жұмысын бастай салысымен Корея түбегінде қауіпсіздік саласында алаңдаушылық тудырып, Қытайға Солтүстік Кореяның зымырандық және ядролық бағдарламасын тоқтатуға 100 күн мұрсат берді. Бейжің үкіметі бұл кезеңде Трамптың талаптарына сай әрекет етпеу түгілі, АҚШ-қа Солтүстік Корея дағдарысын Қытайдың аймақтық саясаттарымен байланыстыруына қатысты ескерту жасап: «Солтүстік Корея мәселесі – осы ел мен АҚШ-тың арасындағы екіжақты мәселе. Сондықтан ол мәселені екі жақ өзара шешуі керек»,- деп мәлімдеді. Бірақ, АҚШ аймаққа «Рейган» мен «Мичиган» сынды әскери кемелерін аттандырып, Солтүстік Корея дағдарысында кейін шегінбейтінін көрсетті. Сонымен бірге АҚШ Жапония және Оңтүстік Кореямен ортақ жаттығулар өткізіп, аймақтың қауіпсіздік жағдайын қатерге тіреді. Трамп Солтүстік Корея мәселесін шешу саласында Қытайды ынтымақтастық етуге мәжбүрлеу үшін экономикалық қысымдар жасап, Тайвань мәселесін пайдалануда. Саяси мәселелердің эксперті Эрик Гомес: «Қытай Трамп ойлағандай Солтүстік Корея басшыларына ықпал ету саласында күшке ие емес»,- деді. 2011-ші жылы АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама тарапынан Шығыс Азияда әскери шоғырлануымен Қытайды әлсірету саласында басталған саясат Трамп кезеңінде расталмауымен қатар бүгінде Үндістан арқылы күшейтілуде. АҚШ Үндістанды Вашингтонмен сауда және әскери қарым-қатынастарын арттыруға жігерлендіріп, Қытайды қоршауға алуды толықтыру үшін басқа одақтастары сынды бұл елді де жабдықтамақ. Австралияның саяси мәселелер эксперті Дэвид Бростер: «АҚШ-тың Жапония және Үндістанмен әскери ынтымақтастық орнатуы үш мемлекеттің Қытайға қарсы бірлігін көрсетеді. Қытай осы бірлікті әлсіреткісі келеді»,- деді. Трамп бір жақтан Қытаймен қайшылықтары бар Қытай теңізінің оңтүстігіндегі мемлекеттерді қолдап, екінші жақтан Жапонияны Конституциясын өзгерткен соң мықты армияға ие болуға жігерлендіріп, Бейжіңді тығырыққа тіреуді мақсат етуде. Трамптың Синдзо Абэні уақытынан тыс өткен парламенттік сайлауда жеңіске жетуімен құттықтауы АҚШ Президентінің алдағы аймақ сапарында Қытайға қарсы бағдарлама дайындағанын көрсетеді. Іскерлік қабілетке ие Трамп Шығыс Азия аймағының қауіпсіздік жағдайын бұзып, аймақ мемлекеттерін өз қауіпсіздіктерін АҚШ-тан сатып алуға мәжбүрлемек. Сөйтіп, Трамп бір жағынан пайда көреді, екінші жағынан Австралия, Үндістан және Жапонияны Қытайға қарсы қоймақ. Трамп өткен тоғыз айда Корея түбегінің дағдарысын шешудің орнына керісінше, одан сайын күшейтті. Ресейдің саяси мәселелер бойынша маманы Алексей Мазловтың айтуынша, «Трапмтың Қытайға қарсы тұрақты және маңызды стратегиясы жоқ. Өйткені, ол стратегиясын қайта-қайта өзгертіп отыр». Қорыта айтқанда, Қытай АҚШ Президентінің шапқыншы саясаттарына реакция білдіріп, Вашингтонмен текетірес жолына түсуді мақсат етпейтінін көрсетіп, дағдарысты басқаруды сақтап қалуға келісті.