АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары-2
Бағдарламаның бірінші бөлімінде АҚШ үкіметінің ИИР-на қарсы санкция салу саясатын бастау тарихына тоқталдық.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, америкалықтар Теһрандағы АҚШ елшілігінің басып алынуы сылтауымен 1980 жылы Ислам революциясы жеңіске жеткеннен бір жыл өткен соң Иранға санкция салды. АҚШ елшілігін басып алу бұл елдің Иранның ішкі ісіне ұзақ жылдар бойы араласып, 25 жыл бойы Пехлеви үкіметін қолдағанына берілген жауап болды. Санкциялар америкалық азаматтарға Иранмен сауда жасауға тыйым салу, АҚШ-тағы Иранның активтерін бұғаттау және бұрынғы билік кезінде Иран халқының ақшасына сатып алынған қару-жарақтарды тапсыруға тыйым салуды қамтыды. Тұтқынға алу оқиғасы Алжир мәлімдемесі жасалып, АҚШ Иранның ішкі ісіне араласуын доғаруға міндеттеме бергеннен кейін де Вашингтон лаңкестікпен күресу, адам құқығының бұзылуы және жаппай қырып-жою қаруына ие болуға талпыныс жасады деген сылтаулармен Теһранға қарсы өзініңсанкция салу саясатын жалғастырды. Иран армиясы Ирактың Баас режимінің басқыншылығынан қорғану үшін америкалық қару-жарақтардың бөлшектерін қажет етті. Бұған қарамастан, АҚШ Иран халқын тізе бүктіру үшін Иранға қорғаныс құралдарының сатылуына кедергі жасады. Олар тіпті Иранның Парсы шығанағындағы мұнай нысандарына шабуыл жасап, Иранның жолаушы тасымалдаушы ұшағын құлатып, 290 адамның көз жұмуына дейін себеп болды.
1990 жылғы Ирактың Кувейтке шабуылы да АҚШ-тың Иранға жауластық қатынасына өзгеріс енгізбеді. Иран кез келгенбасқыншылыққа қарсы болу деген принципті саясат ұстану арқылы бұл жауластыққа араласпады. Алайда, соған қарамастан Ирак жеңілгеннен кейін Билл Клинтон бастаған АҚШ-тың жаңа үкіметінде Иранға қарсы "екіжақты ауыздықтау" деп аталатын жаңа саясат қабылданды. Бірінші санкциялардың екінші санкцияларға айналуы осы саясаттың ең маңызды бөлігі саналады. АҚШ үкіметі Иранға қарсы санкциялар аясын өз аумағынан тысқары шығармас бұрын Иранның мұнай өнеркәсібін қайта жөндеуді нысанаға алды. Иран үкіметі Ирак таңған 8 жылдық соғыстың қирандыларын, әсіресе мұнай-газ саласындағы нысандарды қайта жөндеу үшін шетелдік компанияларды осы салаға инвестиция салуға шақырды. Бұл шақыру Иранның мұнай саласындағы әлеуеттерінен хабардар батыстық компаниялардың ауқымды қолдауына ие болды. Бұл арада "Соnoсо Inc." деп аталатын америкалық компания да тендерде Иранның мұнай саласына инвестиция салу жобасын жеңіп алды.
Батыс мұнай компанияларының, әсіресе бір америкалық компанияның Иранға инвестиция салуға құлшынысы Вашингтондағы Иранға қарсы сионистерге тәуелді ағым үшін қауіп дабылы болды. Бұл ағым "Иран соғыстан қалған қирандылар мен мұнай саласын жаңартқаннан кейін күшейіп кетеді" деген уәжбен сол кездегі АҚШ үкіметіне қысым жасап, америкалық компаниялардың Иранға кіруіне тыйым салуға итермеледі. Қысымдар соңында нәтиже беріп, Билл Клинтон 1995 жылы америкалық компаниялардың Иранның мұнай саласына инвестиция салуына тыйым салды. Бұл шешімнің сылтауы "Иран лаңкестікке қолдау көрсетеді және Таяу Шығыстағы бейбіт үдеріске қарсы" деген уәждер болды. АҚШ Президентінің мұнай компанияларын Иранның тартымды нарығына кіруіне тыйым салуы нәтижесіз болғандықтан, ақырында Клинтон екі айдан кейін мамыр айында №12957 нұсқаулығын қабылдап, Иранмен барлық сауда қарым-қатынастары мен бұл елге инвестиция салуға тыйым салды. Сол шешіммен "Соnoсо Inc." компаниясы Иранның мұнай нарығынан шығарылды. Еуропалық компаниялар іле-шала америкалық компанияның орнын басты.
Иранға қарсы ағымның еуропалық компаниялардың Иранның мұнай саласына инвестиция салуға ұмтылуын тыюдағы сәтсіздігі санкциялардың жаңа легінің туындауына әкеліп соқтырды. Олар «трансшекаралық» немесе «екінші санкциялар» деп аталды. Ол кезге дейін АҚШ Президентінің Иранға экономика саласында санкция салу туралы нұсқаулықтары немесе Конгрестің қаулылары тек америкалық азаматтар мен компанияларды қамтыған болатын, алайда Билл Клинтон үкіметінен бастап Д'амато заңы деп аталатын «Иран мен Ливияға қарсы санкциялар» заңы орындалғаннан кейін шетелдер мен шетелдік компанияларға да АҚШ-тың санкциялық заңдарына немқұрайлы қарағаны үшін айыппұл салынатын болды. Бұл іс елдердің ұлттық егемендігі мен халықаралық заңдарға толығымен қайшы. "Иран мен Ливияға қарсы санкциялар" заңына 1996 жылдың тамыз айында АҚШ-тың сол кездегі Президенті Билл Клинтон қол қойды. Одан бұрын бұл заң Конрестің екі палатасы Сенат пен Өкілдер палатасында басым дауыспен бекітілген болатын. Сенатта республикашыл тегі италиялық Альфонс Д'амато осы жобаның негізгі қолдаушысы ретінде танылғандықтан ол "Д'амато заңы" деген атпен танымал болды. Бұл заң Иранның мұнай саласына 20 млн доллардан жоғары инвестиция салып отырған америкалық және америкалық емес барлық іскерлерге айыппұл тағайындады. Мұнай саласына салынатын инвестиция көлемінің жоғарылығына байланысты Д'амато заңында 20 млн доллар деңгейінің белгіленуі Батыстың бірінші немесе екінші дәрежелі кез келген мұнай және инженерлік қызметтер көрсету компаниясына Иранға кіретін жолды жапты. Осы заңда АҚШ Президенті қажет деп тапқан жағдайда бұл заңды бұзған кейбір компанияларға жаза қолданудың алдын алуға және осындай шешімді қабылдаудың себебін Конгреске хабарлауға рұқсат берілген.
Мұндай рұқсат берудің басты себебі АҚШ-тың өз трансшекаралық санкцияларына қатысты әлемдік реакцияларға алаңдауы болды. ILSA (The Iran and Libya Sanctions Act) заңы бекітілерден бір ай бұрын шетелдер, әсіресе Еуроодаққа мүше елдер АҚШ-тың ішкі заңына сәйкес өз компанияларының жазалануына үнсіз қалмайтындықтарын, сондай заңдар орындалған жағдайда қарымта әрекетке баратындықтарын ескерткен болатын. Олар тіпті АҚШ-тың үстінен халықаралық қауымдастыққа арыз түсіру туралы да қоқан-лоққы жасады. Осындай кесімді ұстаным америкалық заң шығарушылардың абайлап әрекет етіп, елдің Президентіне кейбір шетелдік компанияларды ILSA заңының жазаларынан босатуға рұқсат беруге себеп болды. Сондықтан, Францияның Total мұнай компаниясы Иранмен келісімшартқа қол қойғанда Клинтон жазбаша бұйрықта бұл компанияға америкалықтар тарапынан айыппұл салынбайды деп жариялады. Ақ үйдің Total-дың Иранмен келісімшартына қатысты кері шегінуі ILSA заңының тиімсіздігін көрсетіп, басқа шетелдік компаниялардың Иранның мұнай саласына кіруіне жол ашты.
5 жыл ғана болған ILSA заңы 2001 жылы сол кездегі АҚШ Президенті Джордж Буш үкіметі кезінде Конгресте ұзартылды. Бұған қарамастан, 2006 жылы Ливияда саяси өзгерістер болып, бұл ел АҚШ-тың санкциялар тізімінен шығарылғаннан кейін ILSA заңы атауын ISA (Iran Sanctions Act) заңы деп өзгертті. ISA заңына азын-аулақ өзгеріс енгізілді. Соның ішінде инвестиция 20 млн долларлық шектеу деңгейінен 40 млн долларға жоғарылатылды. Оның жарамдылық мерзімі 5 жылдан 10 жылға өзгерді. 2016 жылы Барак Обама үкіметінде ISA заңы тағы ұзартылды. Ол кезде "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы деп аталатын ядролық келісімге қол жеткізілген болатын. Сондықтан ИИР америкалықтардың бұл шарасын "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын ашық түрде бұзу деп жариялады. Билл Клинтонның екінші президенттік кезеңі мен 2003 жылы Иранның ядролық бағдарламаларына қатысты жанжал басталғанға дейін АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялық саясатының басты өзегі болған ILSA заңымен бірге сол кезде ИИР-ға қарсы басқа да санкциялық заңдар қабылданды. Мысалы, 1996 жылдың сәуір айында "Лаңкестікпен күрес және өлім үшін жазалау" атты заң бекітілді. Оның мақсаты Иранмен кез келген қаржы айналымына тыйым салу және ИИР-на әскери құрал-жабдық пен қызмет көрсететін елдерге қаржылай көмек берудің алдын алу болды. Оның артынша 1997 жылдың тамыз айында Клинтон үкіметі жоғарыда аталған тауарларды алып, Иранға қайтадан экспорттауды көздеген елдерге мұндай іспен айналысуға тыйым салды. 1998 жылдың шілде айы мен 1999 жылдың қаңтар айында Клинтон үкіметі Ресейдің 10 институтына Иранның зымыран жасау өнеркәсібінің дамуына атсалысқаны үшін санкция салды. 1999 жылдың қыркүйек айында да АҚШ үкіметі Иранға мазхаб бостандығын бұзды деген айыппен жаңа санкция салды. Билл Клинтонның президенттік кезеңінің аяғына қарай аймақтық және әлемдік өзгерістердің ықпалымен Ақ үй Иранға санкциялық қысымды азайту жолын ұстанды. Мысалы, 1998 жылдың желтоқсан айында Иран АҚШ-тың халықаралық есірткі тасымалымен айналысатын елдер тізімінен шығарылды. 1999 жылдың сәуір айында да Клинтон бір жарғы шығарып, Иран, Ливия мен Суданға азық-түлік пен дәрі-дәрмек экспорттауға еркіндік берді. Сонымен қатар, 1999 жылдың қараша айында АҚШ үкіметі Боинг компаниясына Иранға сатылған жолаушы тасымалдаушы ұшақтарға қажет бөлшектермен қамтамасыз етуге рұқсат берді. 2000 жылдың наурыз айында сол кездегі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт елінің Иранның ішкі ісіне араласушылықтарына, соның ішінде ОББ-ның 1953 жылы Мұхаммад Моссадық Премьер-министрі болған Иранның қалаулы үкіметіне қарсы төңкеріске өкініш білдіріп, Иранның мұнайдан тыс тауарларына, соның ішінде кілем, уылдырық пен пістенің АҚШ-қа импортталуына салынған тыйымның күшін жойды.
Бұған қарамастан, АҚШ-та үкімет ауысып, Джордж Буш билік басына келіп, 2001 жылы 11 қыркүйек оқиғасы орын алғаннан кейінбұл елдің ИИР-на қарсы жауластық саясаты үдей түсті. Келесі бағдарламада осы саясат пен Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасы сылтауымен санкциялардың жаңа кезеңінің басталғаны жайлы кеңірек сөз қозғайтын боламыз.