АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін әлемде орналастыруына қатысты Ресейдің реакциясы
Ресей 1991 жылы Кеңес одағы құлап, өзінің егемендігін жариялағаннан бері үнемі АҚШ-тың жауластық қатынасымен бетпе-бет келіп отыр.
1990 жылдары ресейліктер Борис Ельциннің билігі кезінде Батысқа бастапқыда оптимистік көзқарас танытқанымен, Батысты бастаған АҚШ-тың жауластық қатынасы тез арада ресейліктерге АҚШ және жалпы Батыс тарапынан оң көзқарасты күтудің жеңілтектік екенін, Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ мақсатының Ресейді мейлінше әлсіретіп, ақырында оны бөлшектеу екенінтүсіндірді. РФ Президенті Владимир Путин осы мәселені түсініп, 2000 жылдардың басында АҚШ-тың Ресейге қатысты қатынасын сынады. 2014 жылы Украина дағдарысы орын алғаннан кейін және АҚШ тарапынан Ресейге Katsa заңы аясында жаңа санкциялар салынған соң Мәскеу мен Вашингтонның қарым-қатынасы қатты суып кетті. Саяси мәселелердің сарапшысы Поль Сваткиновтың пікірінше, Мәскеу мен Вашингтонның қарым-қатынасы "қырғи қабақ" соғысынан кейінгі байланыстар тарихында өзінің ең төменгі деңгейіне жетті деп айтпасақ та, өзінің ең ауыр жағдайына жеткені күмәнсіз. Ресей мен АҚШ арасындағы маңызды қайшылықтардың бірі – АҚШ бастаған НАТО-ның 1990 жылдардан осы күнге дейін өз күштерін Шығысқа қарай жылжытып, Ресейді қоршап алуға бағытталған тұрақты талпынысы. Ресей мен АҚШ арасындағы қайшылықтардың негізгі тақырыптарының бірі АҚШ-тың 2007 жылдан бері әлемнің стратегиялық аймақтарына өзінің зымыранға қарсы кешендерін орналастырып, кеңейтуге ұдайы талпынуы болып отыр. Алғашқыда АҚШ-та Джордж Буш билік басында болған кезде Вашингтонның басты талпынысы "Зымырандық қалқан" деп аталатын қорғаныс кешенін Шығыс Еуропаға орналастыру болды. Бұған Ресей наразылық білдіріп, қарымта әрекет жасады. Алайда екінші кезеңде АҚШ-тың зымыранға қарсы кешендерінің Шығыс Азияда, әсіресе Оңтүстік Кореяда орналастырылуына куә болдық. Бұл шара Ресейдің өткір сынына ұшырады. АҚШ Таяу Шығыста зымыранға қарсы іздеу амалдарына арналған радарларды орналастыру үшін де шара қолданды.
АҚШ-тың Еуропада зымыранға қарсы кешендерді орналастыру жобалары осы күнге дейін әртүрлі кезеңдерді бастан өткерді. 2007 жылы Джордж Буш тарапынан ұсынылған «Зымырандық қалқан» жобасына Чехия республикасында "X band" іздестіру радарын, Польшада зымыранға қарсы іздеуші аппараттарды орналастыру енді. Буш үкіметінің осы жобаны орындауға табандылық танытуы және Мәскеудің қатты қарсылығына қарамастан оның екі шығысеуропалық ел – Польша мен Чехия тарапынан қолдау табуы Буш президенттігінің соңғы жылдарында бұл мәселенің Ресей мен АҚШ қайшылықтарының негізгі өзегіне айналуына себеп болды. АҚШ-тың демократ Президенті Барак Обама билік басына келгеннен кейін осы елдің зымыранға қарсы кешендерін Еуропағаорналастыру жобасын жаңа қалыпта қайта бастағанына куә болдық. Жаңа жоба қалыбында зымыранға қарсы кешендер төрт кезеңде 2020 жылға дейін Оңтүстік Еуропа және Шығыс Еуропада орналастырылатын болды. Кейін бұл жоба тоқтатылып, 2018 жылға дейін Жерорта теңізіндегі Түркия, Румыния мен Польшада үш кезеңде зымыранға қарсы кешендерді орналастыру аяқталады деп күтілді. Қазіргі таңда бірінші кезеңде Түркия мен Жерорта теңізіне, екінші кезеңде, яғни 2016 жылдың мамыр айының аяғында Румынияның астанасы Бухаресттің оңтүстік-батысынан 180 км жердегі "Девеселу" әуе базасына зымыранға қарсы кешендер орналастырылды. Зымыранға қарсы базаны орнатудың құны 800 млн долларды құрады. АҚШ-тың Румыниядағы зымыранға қарсы базасы бір радар, бірнеше зымыран іздеуші және байланыс жүйелерінен тұрады. АҚШ базаны ашудағы мақсатын өзінің еуропалық одақтастарын бағынбайтын елдерден қорғау деп атады. АҚШ Қорғаныс министрінің орынбасары Роберт Верек осы зымыранға қарсы базаның ашылу рәсімінде Румыниядағы зымыранға қарсы кешеннің Еуропаны Ресейдің зымырандық қатерінен қорғау мақсатындаорналастырылғанын теріске шығарды. Бұған қарамастан, Мәскеу мемлекеттік университетінің ұстазы әрі сарапшысы Сергей Рекеданың пікірі бойынша, НАТО тарапынан арандатушы мәселелер көтерілуде. Мұның өзі бұл ұйымның Ресеймен текетіресті жоюды ойламайтынын көрсетеді.
Мәскеудің ескертулеріне қарамастан, АҚШ Польшаның солтүстігіндегі және Балтық теңізіне жақын жерде "Редзико" әуе базасында зымыранға қарсы кешенді орналастыруды бастады. НАТО-ның басшылары 2010 жылы Португалияның астанасы Лиссабонда өткен отырыс барысында АҚШ-тың зымыранға қарсы кешендерін Еуропада орналастыруға келісті. Зымыранға қарсы бұл база "Девеселу" қорғаныс базасы мен "Иджис" зымырандық қорғаныс жүйесімен жарақталған 4 америкалық эсминецпен бірге бір жүйені құрайды. Олар Еуропаға қарай атылған баллистикалық зымырандарды анықтап, ізіне түсіп, жойып жібере алады. Түркия да 2012 жылдан бастап "X band" іздеуші радармен жарақталды. Бұл радар "Иджис" зымырандық қорғаныс жүйесін іске қосып, олардан алынған ақпараттарды Ұлыбританиядағы басқа бір радарға жібере алады. Нидерланды мен Данияның соғыс кемелері осы жүйеге қосылған аппараттармен жабдықталған. Бұл жүйені АҚШ-тың Германиядағы Рамштайнда орналасқан әуе базасы бақылайды. Бұл жүйе сырттай НАТО-ның бақылауында болғанымен, шын мәнінде АҚШ-тың басқаруына алынып, қаржылай қамтамасыз етіледі. Чикагодағы Брукинг институтының қару-жарақтар жөніндегі сарапшысы Стивен Пифердің айтуынша, зымыранға қарсы кешендер саласында келісімге келудің негізгі кедергілерінің бірі Ресейдің АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдіктерін талап етуі болды. Ресей АҚШ-тан құқықтық кепілхат беріп, бұл елге қорғаныс кешені арқылы қоқан‑лоққы жасамайтынын кепілдендіруді талап етті.
Ресей АҚШ-тың Шығыс Еуропада зымыранға қарсы кешендерді орналастыруын жалғастыруына ғана наразы емес, Вашингтонның Трамп кезінде Оңтүстік Кореяда зымыранға қарсы кешенін THAAD орналастыруы да Мәскеудің теріс реакциясына ұшырады. АҚШ пен Оңтүстік Корея 2016 жылдың шілде айында Солтүстік Кореяның зымырандық қоқан-лоққыларымен күресу уәжімен бұл елде зымыранға қарсы THAAD кешенін орналастыруға келісті. Бұл іс Қытай мен Ресейдің қарсылығына ұшырады. Мәскеудің көзқарасы бойынша, АҚШ-тың жаһандық зымырандық қорғаныс жүйесінің географиялық аумағын кеңейту бағдарламасын орындау практикалық кезеңге аяқ басты. Мәскеу Вашингтонның әлем бойынша зымыранға қарсы кешенді орналастыру және кеңейту үшін жасап жатқан үздіксіз талпыныстарына бірнеше рет ескерту жасады. АҚШ-тың мұндай шараларының аймақ пен әлем деңгейіндегістратегиялық тұрақтылық үшін қауіпті салдарлары болуы мүмкін. Ресейліктердің пікірі бойынша, Азия мен Тынық мұхиты атты маңызды аймақта зымыранға қарсы THAAD кешені орналастырылған соң шын мәнінде жаңа бүлдіргі фактор қалыптасты. Ол Солтүстік Кореяның ядролық мәселесі мен Корей түбегінің басқа мәселелерін шешуді қиындатып, аймақ пен әлемдегі қару-жарақ бәсекелестігін, соның ішінде зымырандық саладағы бәсекелестікті арттырады. Ресей Думасының халықаралық істер комитетінің басшысы Леонид Слуцкий АҚШ-тың Шығыс Азия аймағына зымыранға қарсы THAAD кешенін орналастырудағы мақсатының Солтүстік Кореяның ықтималды қоқан-лоққыларына қарсы бір тежегіш күш болудан жоғарырақ екені айқын дейді. Вашингтон осы даулы жобаны орындау арқылы өзінің зымыранға қарсы жан-жақты қорғаныс кешендерінің басқа бір бөлігін Солтүстік-шығыс Азияда, Ресейдің шекараларына жақын жерде орналастыруға күш салып жатыр. Бұл қорғаныс кешендерін Ресейдің шекараларына жақын маңда орналастыру Ресейдің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіреді.
Ресейдің саяси және қорғаныс басшыларының көзқарасы бойынша, АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін Еуропада, енді Шығыс Азияда кең тарату Ресей мен Қытайдың ядролық күш-қуатын залалсыздандыру үшін жасалып отыр. Бұл кешендер Ресей мен Қытайдың стратегиялық ядролық зымырандарының ізіне түсу қабілетіне ие. Осы аяда РФ Президенті Владимир Путин АҚШ-тың Еуропа мен Шығыс Азияда зымыранға қарсы кешендерді орналастыруын бірнеше рет қауіп төндіретін шара деп атады. Шын мәнінде, Шығыс Еуропамен қоса, Вашингтонның зымыранға қарсы жаһандық жүйе құру жобасының басқа бір бөлігі бес жыл бұрын Жапонияда зымырандық шабуылдарды алдын ала ескертуге арналған радарларды орналастырудан басталды. Енді бұл жобаның келесі кезеңі, яғни Оңтүстік Кореяда зымыранға қарсы THAAD кешенін орналастыру кезеңі орындалды. Мәскеу мен Бейжің: "Бұл қорғаныс кешені Оңтүстік Кореяның шекараларынан асып түсетін ұшу ұзақтығына ие. Ол АҚШ пен Оңтүстік Кореяға зымырандарды анықтауға, қытайлық және ресейлік зымырандар жайлы ақпарат жинауға, АҚШ-тың Жапониядағы қорғаныс кешенімен байланысуға мүмкіндік береді",-деп сан рет қуаттады. АҚШ-тың Оңтүстік Кореяда осы кешенді орналастырудағы мақсатын тыңшылық жасау және Ресей мен Қытайдың әрекеттерін бақылауға талпыну санайтын бұл екі ел зымыранға қарсы жобаны орындаудың Солтүстік Кореяны баллистикалық зымырандар бағдарламаларын дамытып, ядролық қарулар қоймасын нығайтуға итермелейтіндігінен қорқады. Еуропа мен Шығыс Азиядағы АҚШ-қа бәсекелес екі әскери алпауыт елдер – Ресей мен Қытайдың бірнеше рет наразылық білдіргеніне қарамастан, Вашингтон осы саладағы өзінің шараларын жалғастыруда.
АҚШ пен НАТО-ның Ресейдің стратегиялық ядролық зымырандарын анықтау қабілетіне ие зымыранға қарсы кешендерінің одан ары кеңеюі Ресейдің ядролық қуатын залалсыздандыру үшін жасалған шарамен бірдей саналады. Ресей НАТО мен АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін Шығыс Еуропаға, яғни Румыния мен Польшаға орналастыруды жалғастыруына реакция ретінде көптеген қорғаныс шараларын атқарды. Маңызды шаралардың ішінен әуе-ғарыш күштері деп аталатын тәуелсіз бөлім құруын айтуға болады. Оған Ресейдің әуе-ғарыш кеңістігін қорғау жүктелген. Шын мәнінде, Ресейдің әртүрлі шекараларына жақын жерлердеорналастырылған алдын ала ескерту радарлары осы күштердің қол астында жұмыс істейді. Ресейдің басқа бір шарасы Польшаның шекараларына жақын жердегі Калининград облысында бірқатар тактикалық ядролық "Ескендір" зымыранын орналастыруы болды. Ресей НАТО мен АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс кешендеріне тойтарыс беру мақсатында ядролық оқтұмсық пен қарапайым бомбаны тасымалдауға қабілетті "Ескендір" зымырандарын Калининград облысына орналастыратынын ескерткен болатын. Бұл шаралармен қоса, Ресей АҚШ-тың Еуропада зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін орналастыруға табандылық танытқан жағдайда "Старт-2" деп аталатын стратегиялық ядролық қару-жарақтарды азайту келісімінен шығатынын ескертті. Мұнымен қоса, Ресейдің әскери басшылары бұл елдің құрлықаралық баллистикалық зымырандарының НАТО-ның зымыранға қарсы қорғаныс кешендерінен аман өтіп кетуге қабілетінің жететінін қуаттап отыр. Ресейдің қарымта әрекетіне қарамастан АҚШ-ның Еуропада зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін орналастыруды жалғастыру бойынша өз ұстанымына өзгеріс енгізбегені былай тұрсын, бүгінде АҚШ-тың Шығыс Азияда зымыранға қарсы қорғаныс кешендерді орналастыруды кеңейтіп, бұл маңызды аймақта текетірес тудыруға күш салып жатқанына куә болып отырмыз.