Аспандық жолдаулар 3
Топтамымыздың кезекті бөлімінде Құран аяттары негізіндегі шынайы иман келтіргендердің міндеттерінің келесі бөлігін қарастырамыз.
Құдайға жақындай түсу үшін өзін-өзі қалыптастырып, жетілдіру жолында илаһи көмекпен Рамазан айының барлық рухани мүмкіндіктерін барынша пайдалану қандай керемет! Өткен бағдарламамызда иман мен оның ерекшеліктері туралы баяндадық. Бүгін иманның негізгі принципі, яғни тек бір Аллаға сену жайлы маңызды жайтты қарастырамыз.
Таухидтік сенімнің негізгі ұраны, яғни "لااله الا الله" "Алладан басқа Құдай жоқ" деген сөзді назарға алып, бір Құдайға сенудің теріс және оң аспектілері бар екенін айтуға болады. Яғни, алдымен шайтанға, ақшаға, нәпсі мен биліке табыну секілді таухидке қарсы барлық құбылыстар мен көріністерді теріске шығарып, содан кейін таза әрі саналы түрде жалғыз Аллаға деген сенімді дәлелдеу керек. Зороастризм дінін ұстанушылардың екі Құдайға сыйынуы, христиандардың Үштікке сыйынуы мен таза таухидтік сенімдерге ашық түрде қайшы келетін яһудилердің шеркке толы көзқарасы секілді шерк пен күпірлік сипаттағы кез келген сенімдерден аулақ сенімді дәлелдеу керек.
Қазір ойларыңызда неліктен Құран Кәрімде бір Құдайға табыну осыншалықты баса айтылған деген сауал туындауы мүмкін.
Құранда: "Алла (Т.), періштелер және әділет үстінде тұрушы ғылым иелері, расында тым үстем, хикмет иесі Алладан басқа ешбір Құдай жоқтығына куәлік берді",- делінген («Әли Имран» сүресі, 18-аят).
Бұл сауалға былай деп жауап беруге болады: бір Құдайға табыну адамның жалған және қолдан жасалған пұттарға табынуды қойып, тек өзінің Жаратушысына ғибадат етуге бет бұрып, ешқашан қорланбай, илаһи қуатқа иек артып, саналық және ғамалдық тәуелсіздігін сақтай алуына себеп болады. Сонымен қатар, тек илаһи тура жолмен әрекет етіп, бір мақсатқа қарай қадам басуға, теріс жолға түсіп, тентіреуден сақталып, күмәндардан құтқарылып, біртұтас әрі жалғыз болмысын тауып, бірлікке үндейтін келесі сөздерді ұрандатуына себеп болады: "Менің оқыған намазым, жасаған құлшылығым мен ғибадатым, өмірім мен өлімім, мұның барлығы тек әлемдіктердің жалғыз Жаратушысына ғана арналады".
Таухидтік сенімнің берік қамалы мен рухани кеңістігіне кіріп, өміріміздегі барлық шарықтаулар мен құлдырауларға илаһи қасиетті дарыту үшін істі ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Пайғамбарлар мен әулиелер басқаларды бір Құдайға табынуға шақырмастан бұрын, алдымен өздері бұл салада қадам жасап, содан кейін өз замандарының адамдарын пұттарға табыну мен билік пен байлық иелеріне құлшылық жасауды, нәпсіқұмарлықты қойып, тек жалғыз Аллаға табынып, құлшылық етуге, одан пана сұрап, тыныштыққа қол жеткізуді сұрауға шақырған. Сол себепті Құранда: "Әй, мүміндер! Сендер өздеріңді түзелтулерің керек. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге кесір тигізе алмайды. Барлықтарыңның барар жерлерің Алла жақ. Сонда Алла сендерге не істегендеріңнің хабарын береді", деп баса айтылған. («Мәида» сүресі, 105-аят).
Өзін-өзі қалыптастыру мен түзетудің өте ауыр іс екені және ол үшін көп жаттығып, сабырлық пен төзімділік танытудың қажет екені белгілі. Материалдық дүниенің сырттай жылтыраған байлықтарына көз жұмып, нәпсіқұмарлықтармен күресу, шерк түрлерінің үстемдігімен шайқасу, таухидтік жүйені қалыптастыру үшін қиындықтар, қауіп-қатерлер мен жан қиюға төзу табандылық пен шыдамдылықсыз мүмкін емес.
Құдайға сенетіндердің таухидтік сенімдер мен құндылықтарға берік болу жолындағы қиын өткелдердің бірі – адамның жол айырықтың басына келуі. Бір жағынан арада таза таухидтік сенім болса, басқа жағында күпірлік пен Құдайға қарсы шығу бағытын таңдаған ең жақын туыстарға деген құштарлықтар мен эмоционалды тәуелділіктер орналасқан. Құдайға сенген адам өзінің тоухидтік идеяларын сақтап қалу үшін ішкі қалауына қарамастан, өз туыстарымен арадағы барлық қатынастарына көз жұмып, егер өте қажет болған деңгейге жеткен жағдайда барлық қатынастарын тоқтатуы тиіс. Бұл мәселеге қатысты Құранда былай деп айтылған:
"Әй, мүміндер! Егер әкелерің, туыстарың иманнан көрі қарсылықты жақсы көрсе, оларды дос тұтпаңдар. Ал сендерден кім оларды дос тұтса, онда олар залымдар" (Тәубә сүресі, 23-аят).
Алайда Құрандағы бұл жол сілтеу бізді жауапкершіліктен босатпайды және оларға жетекшілік ету үшін талпыныс жасамау керек дегенді білдірмейді. Бірақ, талпыныстар, дәлелдер мен ағартушылық әрекеттерге қарамастан әкелеріміз мен бауырларымыз әлі де шерктік көзқарастарға табандылық танытатын болса, онда сезімдер мен эмоционалды қатынастар негізінде оларды дос тұтуға қақымыз жоқ.