Аспандық жолдаулар (12)
Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде мүміндердің келесі ғамалдық жауапкершіліктерін талдаймыз.
"Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер" («Ахзаб» сүресі, 70-аят).
Тіл ұлы илаһи нығыметтердің бірі болып табылады. Бұл нығыметке деген ризашылық пен алғыс ретінде оны ең игі түрде пайдалануымыз жатады. Ахлақ ілімінің үлемдері былай деген: "Тіл – ең берекелі дене мүшесі; бойсұну, жетекшілік пен өзін-өзі түзетудің ең әсерлі құралы". Исламның ұлық пайғамбарынан (с.ғ.с) қалған бір хадисте былай деп айтылған: "Жүрегі түзелмейінше Құдайдың бірде-бір пендесі дұрыс жолға түспейді. Бұл оның тілі тұзеліп, қадағаланған жағдайда ғана іске асады" (Биһар әл-Анвар: 71-ші том, 78-бет). Жоғарыда айтылған аятты түсіндіруде тұрақты және ақиқатты растайтын "дұрыс сөз" ұғымын кейбір тәпсіршілер жалған мен өтіріктен ада, сыртқы кейіп пен ішкі жан дүниенің немесе мүдде мен өркендеудің үйлесуі деп түсіндірген. Айта кететін маңызды жайт, қасиетті Құранда "дұрыс сөз" ұғымы жайлы сөз қозғамас бұрын: "Алладан қорқыңдар",- деп айтылған. Сондықтан, егер иманды адамның бойында оны жолдан таюдан сақтап, игі қасиеттерге қарай жетелейтін тақуалық атты тежегіш күш болмаса, адам дұрыс сөз сөйлеу принципіне берік болмайды. Себебі, дұрыс сөз сөйлеудің қайнар бұлағы иман мен тақуалық саналады. Тағы бір хадисте былай деп айтылған: "Пайғамбар (с.ғ.с) "Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер" деген аятты айтпай, ешқашан мінберге шыққан емес (Әл-Мизан: 16-том, 376-бет).
Дұрыс сөз сөйлеудің нышандарының бірі сөзді даналық және насихатпен үйлестіріп, байланыстыру болып табылады. Сол себепті оған тән ерекшеліктердің бірі даналық саналатын Алла Тағала Исламның ұлық пайғамбарына (с.ғ.с) былай деп бұйырды: "Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр..." (Нахл сүресі, 125-аят).
Егер айтылатын сөз дана әрі дұрыс болатын болса, әсіресе егер жақсы ниет пен даналыққа толы насихатпен үйлескен болса, оның тыңдаушыға әсер ететіні анық. Бойында осындай қасиеті бар адамдардың сөзінің әсері мен салмағы болуымен қоса, жүректерге жол тауып, олар үлкен құрметке ие болады. Себебі, барлық адамдар табиғатынан ақылға қонымды әрі негізді сөздерден ләззат алады. Мүмкін сол себепті де Құранда былай деп жазылған болар: "Алла (Т.) хикметті (терең білімді) қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады" (Бақара сүресі, 269-аят).
Қасиетті Құранның көрнекті әрі әсерлі дәлелдерінің бірі мен оның тарих бойы мен қазіргі заманға дейін сақталуының сыры барлық дұшпандық ұстанымдарға қарамастан оның аяттарының даналыққа толы болуы екенін сенімді түрде айтуға болады. Құран аяттарының беріктігі мен тұрақтылығы соншалықты, Құранның күрескерлігіне шамамен он бес ғасыр өткеніне қарамастан, бірде-бір ғылыми-діни қауымдастық пен бірде-бір ойшыл Құрандағыдай бір сүре ғана емес, тіпті бір аят айта алмаған. Бұл мәселеге қатысты Құранда былай деп жазылған: "Әлиф Ләм Ра. Бұл аяттары бекітілген бір Кітап. Сонсоң аса дана, толық білуші тарапынан ашық баян етілген (Һуд сүресі, 1-аят).
Сол себепті, егер дана Алла Тағала иман келтіргендер мен мүміндерге олар даналық кітабын түсірген дана Құдайға иман келтіргендіктен және даналыққа толы сөздері мен ақыл-кеңестері арқылы халықты Жаратушы назарға алған жолға жетелеп отырған пайғамбардың мектебінен өткендіктен, дұрыс әрі ақылға қонымды сөз айтуды бұйырады. Мақсаты Мұхаммад (с.ғ.с) пайғамбардың кезіндегі таза ислам дінінің бейнесіне нұқсан келтіріп, бұзу және "америкалық исламды" тарату саналатын рақымды Ислам діні дұшпандарының қастандық әрекеттерімен күресудегі ең тиімді жол ақылға қонымды әрі принциптік әдістер арқылы қоғамдық пікір арасында ағартушылық жасау саналады. Соның ішіндегі ең әсерлі тәсілдердің бірі сөз бен жүріс-тұрысты түзету болып табылады. Егер осы екі нәрсе логика мен принципке негізделсе, басқаларды қызықтыруда ерекше әсерге ие болады. Сол себепті, Құдай дұрыс сөз сөйлеу жайлы кеңес бергеннен кейін былай дейді: "Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды..." («Ахзаб» сүресі, 71-аят). Яғни, егер сіздер сөздеріңізді түзетсеңіздер, мінез-құлықтарыңыз бен жүріс-тұрыстарыңыздың да түзелуіне себеп болады.
Құранда иман келтіргендерден дұрыс сөз сөйлеу мен ақылға қонымды мінез-құлық талап етілген. Бұл жолға жігерлендіретін нәрсе Құдай мен оның пайғамбарына бағыну саналады. Құран Кәрімде бұл жайлы былай деп айтылған: "Сондай-ақ, кім Аллаға, Елшісіне бой ұсынса, әрине ол ұлы табысқа ие болады" («Ахзаб» сүресі, 71-аят). Алла Тағаладан бізді осындай адамдардың қатарына қосуын сұраймыз.