Аспандық жолдаулар (14)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i37698
Назарларыңызға "Аспандық жолдаулар" атты топтамамыздың кезекті бөлімін ұсынамыз.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Маусым 12, 2018 10:33 Asia/Almaty

Назарларыңызға "Аспандық жолдаулар" атты топтамамыздың кезекті бөлімін ұсынамыз.

Рамазан – һәм Құран "көктемінің" айы, һәм Құран мен дұға оқуға қатысты әртүрлі кеңестер берілген ай. Біздің саналық және ғылыми бағыттарымызды сипаттап, өміріміздегі шарықтаулар мен құлдырауларда бізді жігерлендіруші Құран мен дұғалардағы жолдаулар мен ұғымдарға аздап ой жүгірткеніміз жақсы болар. Егер естеріңізде болса, өткен бағдарламамызда жетекшілікке алынған илаһи даналыққа ие пенделерге тән қасиеттердің бірі саналатын жақсы сөз сөйлеу мен ең игі сөздерге құлақ салу жайлы сөз қозғаған болатынбыз. Енді әрбір сөзге құлақ асу керек пе, әлде бұл мәселеге мұқият, асқан жауапкершілікпен қарау қажет пе  деген сауал туындап отыр.
Имам Джавад (ғ.с) бір рауаятта былай дейді: "Сөз сөйлеушінің сөзіне құлақ салатын адам Құдайға құлшылық жасағанмен тең. Егер сөз сөйлеуші Құдай жайлы сөз айтса, онда Құдайға құлшылық жасағаны. Ал егер сөйлеуші шайтанның сөзін сөйлесе, онда шайтанға қызмет еткенмен тең" (Туһаф әл-Уқул, 456-бет). Бұл хадис таухид мәдениетіндегі мынадай өте маңызды жайтты баяндайды: иманды әрі Құдайға сенетін адам барлық салаларда жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол кез келген сөзді тыңдап, әрбір айтылған сөзге құлақ аспайды. Себебі, сөйлеушінің сөзі тыңдаушыға, оның санасы мен жеке тұлғасына әсер етеді. Сол себепті, имам (ғ.с) сөйлеушілер мен тыңдаушыларды екі топқа бөліп қарастырады. Сол екі топтың сөзіне құлақ асу оларға құлшылық етіп, қызмет көрсеткенмен тең. Сонымен қатар сөз адамды Құдайға немесе шайтанға қарай жақындата алатындай дәрежедегі әсер ету тереңдігін көрсетеді.
Ақпарат құралдары үстемдік етіп отырған қазіргі заманда имам Джавадтың (ғ.с) осындай ағартушылық сөздерінен шығаратын тұжырым мынадай: ықпалды ақпарат құралдарының алдында аса сезімтал әрі қырағы болып, біздің саналық және ғамалдық шектерімізді өздері қалағандай құра алмас үшін өз ойымыз бен жеке тұлғамыз және отбасымызды басқару тізгінін олардың қолына ұсынбауымыз тиіс. Өзіміздің тамақтану жүйесіне асқан маңыздылықпен қарап, кез келген тағамды жей бермейтін біздердің жеке тұлғамыздың негізін қалыптастыратын рух пен жан дүниеміздің азығына қатысты да сезімтал болуымыз қажет пе?
Құранда жұмақ пен оның тартымды тұстары және лайықты амалдар жасаған мүміндердің онда кіруі туралы сипатталғаннан кейін олар жайлы былай деп айтылған: "Олар көркем сөзге көндіріліп, мақтаулы Алланың жолына салынғандар" (Хаж сүресі, 24-аят).

Ал көркем сөз дегеніміз не және оның қандай ерекшеліктері бар? Бұл жайында әртүрлі көзқарастар мен пікір бар. Оларға жақсы, көркем әрі жағымды, махаббат пен руханилыққа толы рухтандырушы әрі шаттандырушы, Алланы қастерлеп, оның даналығын мойындайтын, адамды толық кәмілдік пен мінсіздікке жетелейтін сөздер жатады. Осы айтылған мағыналардың әрқайсысын назарға алатын болсақ, сол аспектілердің бірінде біздің болмысымыз бен табиғатымыз елеулі рөл атқарады. Олардың ішіндегі ең маңыздысы саналық және ғамалдық тұрғыдан бізді мінсіздікке жеткізіп, мақтаулы, яғни Алла Тағала ұнататын және соңында біздің жұмаққа кіріп, Аллаға жақындай түсуімізге себеп болатын жолға итермелейді. Сөз әдебін сақтайтын адамның ғамалдық тұрғыдан да белгілі бір қағидалар мен құндылықтарға берік болатыны белгілі. Мүмкін, сол себепті де кейбір тәпсіршілер "мақтаулы жолды" игі әрі ұнамды ғамалдар ретінде түсіндірген шығар.

Сөздің адам рухына, ішкі жан дүниесіне әсерін көрсететін салалардың бірі ата-анаға, әсіресе олардың қарттық кезеңді бастан өткізіп, кез келген шақпен салыстырғанда құрмет пен сыйластықты аса қажет ететін кезеңде оларға құрмет көрсету саналады. Құранда бұл мәселе жайлы былай деп жазылған: "Раббың, өзіне ғана ғибадат етуді, әке-шешеге жақсылық қылуды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле" («Исра» сүресі, 23-аят).

Бұл аятта екі түсіндірме назар аудартады: бірі Құдайдың: "فَلَا تَقُلْ لَهُمَا أُفٍّ ата-анаңды ренжітетін "түһ" деген кішкентай болсын сөз айтпа" деп, басқасы "وَقُلْ لَهُمَا قَوْلًا کَرِیمًا және олармен сыпайы түрде сөйлес, яғни ата-анаға асқан сыпайылықпен әрі олардың құрметі сақталатындай сөз айт" деп бұйыруы жатады. Мұндай сөздердің маңыздылығын Құдайға сыйынып, құлшылық жасағаннан кейін ата-анаға игілік жасап, осылай сыпайы сөйлеу мәселесі көтерілгеннен соң жақсырақ түсінеміз. Құдайға құлшылық жасағаннан кейінгі ең маңызды әрі ең құнды ғамал отбасыға құрмет көрсету саналады. Әке-шешені құрметтеп, сыйлау дегеніміз оларды ренжітетін тіпті ең кішкентай сөз айтпай, керісінше оларға деген құрметтің нағыз шыңын көрсететін көркем сөз айту саналады.

Осы бөлімді қорытындылай келе, сөз сөйлеу мәдениетінің исламда ерекше орынға ие екендігін, жақсы, көркем,  пәк әрі сыпайы сөздің оның көріністерінің қатарын құрайтынын, олардың әрқайсысының біздің қатынастарымызды реттеу мен нығайтуда шешуші рөл атқаратынын айтып кеткен жөн болар.