Ораза айт 2
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i37786
Ораза айттың келуімен мұсылмандардың көңіл-күйі көтеріліп, өз болмыстарынан ішкі ләззатты сезінеді. Бірақ, олардың барлығы Ораза айтты бірдей қарсы алмайды. Өйткені, әр адам бұл үлкен мейрамға өз білімі мен иманына сай қарап, пайдаланады.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Маусым 15, 2018 13:30 Asia/Almaty

Ораза айттың келуімен мұсылмандардың көңіл-күйі көтеріліп, өз болмыстарынан ішкі ләззатты сезінеді. Бірақ, олардың барлығы Ораза айтты бірдей қарсы алмайды. Өйткені, әр адам бұл үлкен мейрамға өз білімі мен иманына сай қарап, пайдаланады.

Қасиетті Рамазан айы – Алланың қонағы болуға шақыратын ай. Бұл шақыру Ораза айтпен аяқталады. Ораза айт – құлшылық ету айының көрінісі және Алланың пенделеріне ризалығын білдіретін мейрам. Алланың пендесіне ризалық білдіруі ең жоғары илаһи нығметтердің бірі. Мұсылмандар Аллаға құлшылық ету және Алланың қонағы болған қасиетті Рамазан айының соңында бұл айдың күндері мен түндерін өткізуге көмектескені үшін Аллаға рақмет айтады. Ораза айт – Алланың қонағы болып, Қадір түндерін түсініп, Құран мен дұға оқып, қолдарына аспанға қарай жайып, Жаратушыдан кешіруді сұраған ораза тұтушылардың мейрамы. Бұл күннің маңыздылығын Алланың: «Мен Рамазан айында ораза тұтып, бүгін намазға тұрған мүміндердің сыйын Өзім беріп, оларды кешірдім»,- деген сөзі білдіреді.

Ейд ал-Фитр (Ораза айт) – фитр, яғни ақиқаттың бұлағы, адамның пәк болмысына оралу. Адамның болмысы бұлақтан сарқырайтын мөлдір су сынды. Бұлақтан ағатын су әрқашан таза. Айт-«ейд» оралу мағынасын білдіретін сөзден шыққан. Сондықтан әрқашан өз болмысына сай амал ететіндердің әр сәті мейрам саналады. Бірақ, жыл бойы күнәларының салдарынан болмыстарына қайшы сырттары мен іштері ластанып, өз болмыстарынан алыстағандар үшін Алла Тағала қасиетті Рамазан айы сынды маңызды мұрсатты жіберіп, олардың бақытты болуы үшін жағдай жасайды. Бұл айда ораза тұтушылар Алламен қарым-қатынас орнатып, рухтары мен жандарын алғашқы болмыстарына жақындатады. Олар Рамазан айында ішіп-жеуден тартынып, жүректерін иманның нұрымен жарқыратады. Бұл жарық олардың күнәларға қарсы тұру жігерін күшейтеді. Аллаға бағынудан туындаған нұр мен құдырет олардың болмысын тозақтың отына қарсы күшті қалқанға айналдырады. Сөйтіп, ораза тұтушылар Рамазан айының аяқталуын адамның шынайы болмысына оралатын күн санап, Ораза айтын тойлайды. Адамның таң атқаннан түн батқанға дейін күнә жасамаған әрбір күні ол үшін айт саналады. Осы анықтама бойынша біз бүкіл жылды өзіміз үшін айтқа айналдырамыз. Ораза айт күнгі қуаныш пен тойдың хикметіне қатысты имам Әли (ғ.с.)-ның сөзін еске алуға болады. Хазірет: «Бүгін оразалары қабыл болған және оразалары үшін сый беріліп, күнәлары кешірілген адамдар үшін айт. Бүгін біз үшін мейрам; Алланың алдында күнә жасамаған әр күніміз біз үшін мейрам»,- деген болатын. Осыған орай ораза тұтпағандар немесе оразалары күнә немесе Аллаға бағынбаумен ластанған адамдар қуана алмайды. Қуаныш жүректері пәк әрі рухтарын нұрландырып, жақсылық жасағандар мен Аллаға ғибадат етіп, құлшылықтары қабыл болғандарға тиесілі.

Ораза айттың келуімен мұсылмандардың көңіл-күйі көтеріліп, өз болмыстарынан  ішкі ләззатты сезінеді. Бірақ, олардың барлығы Ораза айтты бірдей қарсы алмайды. Өйткені, әр адам бұл үлкен мейрамға өз білімі мен иманына сай қарап, пайдаланады. Заманауи исламдық мистика үлемдерінің бірі Мирза Джавад Аға Малеки Табризи Ораза айт намазына жететін ораза тұтуды бірнеше топқа бөледі. Ол Ораза айтты қарсы алушылардың ең төмен деңгейінде орналасатындар туралы: «Ораза тұтушылардың бұл тобы – оразаның ақиқатын түсінбей, қиындықтарға төзіп жеп-ішу мен оразаны бұзатын басқа істерден тартынғанымен, денелерінің басқа мүшелерін қадағаламай, өтірік, өсек және балағатпен басқаларды қорлағандар. Олар Ораза айт күні шын ниеттерімен Аллаға бет бұрып, намаз оқитын мекенде күнәлары үшін кешірім сұрамаса, Алланың алдында олардың беделі қалмайды»,- деді. Бұл әйгілі ғұлама Ораза айтты күтушілердің ең жоғары деңгейде орналасушылары деп Алланың дауысынан ләззат алып, аштық пен шөлге төзіп, түндерін ояу өткізіп, Жаратушының шақыруына шынайы ләббәйк айтқандар деп санайды. Алла Тағала олардың амалдарын қабылдап, илаһи әулиелердің қасына отырғызады. Аллаға қарай оралу туралы ең көркем сөйлем «Иншиқақ» сүресінің 6-шы аятында айтылған: «Әй, адамзат! Негізінде сен Раббыңа қарай өте тырыссаң, сонда Оған жолығасың». Ораза айт – ақиқат пен діни білімнің көрінісі. Илаһи басшылар Ораза айтқа ерекше көңіл бөлген. Имам Әли (ғ.с.) Ораза айт күнгі уағызында: «Уа, халайық!  Бұл – сіздердің күндеріңіз; бұл – жақсылық жасаушыларға сауап пен сый берілетін күн. Күнәһәрлар зиян көреді. Бұл күн қиямет күндеріңізге ұқсас. Үйлеріңізден  діни мекендерге қарай шыққан кезде қабірлеріңізден Жараушыларыңызға қарай шыққандай және намаз оқитын мекенде тұрып, қиямет күні Алланың алдында тұрғандай болыңыздар. Намаз оқыған мекеннен үйлеріңізге оралған кезде жаннат немесе тозаққа оралған кезді еске алыңыздар»,- деді.

Ораза айт адамның Жаратушысымен рухани байланыс, адамдармен қарым-қатынас орнатқанын көрсетеді. Исламда Аллаға құлышылық ету Оның жаратылыстарына қызмет етуден бөлек емес. Ислам дінінде ғибадат туралы насихатталғандай, жаратылыстарға көбірек қызмет ету де насихатталды. Қасиетті Рамазан айы Алланың діни міндеттерін орындау, сонымен бірге Алланың пенделерінің алдындағы міндеттерді орындау үшін алтын мұрсат. Ислам кедей мен байларға бөлінген екіполюстік қоғамды қабылдамағандықтан, оның заңдары да байлықты әділет негіздеріне сай тарату қажеттігін қарастырады. Оның үкімдері байлар мұқтаждардың құқықтарын оларға берген жағдайда ғана мүмкін болады. Осыған орай Ораза айтта мұсылмандар біріншіден, пітір садақасын басқа мүлкінен бөліп барып, намазға тұрады. Пітір садақа – мүміннің Аллаға құлшылық етуге және илаһи нығметерден пайдалануға мүмкіндік берілуіне шүкіршілік білдіріп, мұқтаждарға беретін сыйы. Олар бұл ғамалдарымен Алладан жандарын ауру-сырқаудан, мал- мүліктерін әртүрлі шығындардан алыстатып, басқа адамдарға да шексіз нығметтерінен пайдалануға мұрсат беруді сұрайды. Пітір садақаның мөлшері шектеулі болғанымен, дұрыс бағдарлама бойынша жиналса, аз емес. Оның мөлшері жылдар бойы ислам қоғамының көптеген қиындықтарын шешіп келеді.