Әл-Ходейда портындағы «Алтын жеңіс» операцияларының мақсаттары мен салдарлары
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i38284-Әл_Ходейда_портындағы_Алтын_жеңіс_операцияларының_мақсаттары_мен_салдарлары
Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігі Йеменге қарсы соғысының жаңа толқынын әл-Ходейда қаласына қарсы шабуылымен бастады.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Шіл 16, 2018 20:20 Asia/Almaty

Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігі Йеменге қарсы соғысының жаңа толқынын әл-Ходейда қаласына қарсы шабуылымен бастады.

Саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысы 2015-ші жылдың наурыз айының 26 күні басталды. Сауд үкіметі Йеменге қарсы соғыс қысқа уақытта аяқталады деп ойлады. Бірақ, соғыстың басталуынан бері үш жылдан астам уақыттың өткенінен қарамастан бұл теңсіз соғыстың қашан аяқталатыны әлі белгісіз. БҰҰ 2018-ші жылдың наурыз айында, яғни соғыстың үшінші жылының соңында жариялаған мәлімдемесінде соғыста кемінде 10 000 әскери емес адамның қаза болғанын, 40 000-нан астам адамның жарақат алып, соғыстың негізгі құрбандарының бейбіт қарапайым халық екенін жариялады. Жақында тек өткен 2017-ші жылы ғана шамамен 50 000 йемендік баланың, яғни Сауд Арабиясының бұл елге қарсы соғысына байланысты әртүрлі себептерге байланысты орта есеппен күніне 130 баланың қаза болғаны туралы мәлімдеме жасалды. БҰҰ-ның гуманитарлық істер кеңсесі де 3 миллионнан астам йемендіктің елдің ішінде, 280 мың йемендіктің Джибути мен Сомали сияқты елдерде босқынға айналып, азық-түлік тапшылығы, сонымен бірге санитарлық-гигиеналық жағдайы жоқ қосындарда орналасқандары туралы хабарлады. Мұндай жағдайда Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігі 2018 жылдың маусым айының 13 күні Йеменнің әл-Ходейда қаласына қарсы шабуылын бастады. Дэвид Игнатиус «Вашингтон пост» газетіндегі «Йемендегі әрекеттер» атты сараптамасында: «Әл-Ходейда  портына шабуыл – Йеменге қарсы соғыстың ең қиын кезеңі»,- деп жазды.

Саудиялық коалицияның әл-Ходейдаға қарсы шабуылының ең маңызды мақсаттарының бірі бұл қаланы хусилердің бақылауындағы басқа аймақтардан бөлуі болды. Әл-Ходейда – хусилердің бақылауына түскен Санадан кейінгі екінші үлкен қала. Әл-Ходейда стратегиялық маңызға ие, өйткені хусиліктерді сыртпен байланыстыратын маңызды логистикалық орталық. Әл-Ходейданың батысында орналасқан Қызыл теңізді халықаралық кемелер тауарды Суэц каналы арқылы Еуропа, Азия және Африкаға тасымалдау үшін пайдаланады. Әл-Ходейданың шығысында Йеменнің ең маңызды ауылшаруашылығы аймақтары саналатын құнарлы жерлері, солтүстігінде Йеменнің негізгі экспорттық терминалы саналатын «РаасИса» атты мұнай терминалы орналасқан. Сол себепті әл-Ходейда порты Ансаролла үшін қаржы тұрғысынан маңызды. Бақылауы хусиліктердің қолына түскеннен бері бұл порт 1 миллиард 200 миллион доллардан артық кіріске ие болды. Сауд Арабиясына жақын журналист Салман Дусри әл-Ходейдадағы әрекеттерді «басты денеден бөлу» деп сипаттады. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігі әл-Ходейданы өз ықтиярына алып, Ансаролланы теңізден толығымен қоршауға алып, қаржы көздерін тоқтатуды көздеуде. Мұнымен қатар отставкаға кеткеніне  екі жылға жуық уақыт болған Мансур Хади үкіметі қызметкерлерінің  ақылары төленбеген. Сондықтан әл-Ходейда портын басып алу Йеменнің бұрынғы үкіметінің қаржы қиындықтарының үлкен бөлімін шеше алады. Сауд Арабиясы  мен Біріккен Араб Әмірлігінің әл-Ходейдаға қарсы соғысының ең маңызды мақсаттарының бірі портты өз бақылауына алып, теңіз қоршауын арттырып, Ансаролланы Санада қоршауға алу болып табылады. Әл-Ходейданың Санадан 140 километр жерде орналасқанына байланысты оны басып алу саудиялық коалицияға Сананы қоршауға алу үшін мүмкіндік тудыра алады. "Ray al-youm" газеті әл-Ходейдаға қарсы соғысты сараптап: "Ансаролла әл-Ходейдадан айырылудың саудиялық-эмираттық коалиция күштеріне Сананың дарбазаларын ашу екенін  біледі",- деп жазды. Сауд Арабиясы  мен одақтастарының әл-Ходейдаға қарсы соғысының мақсаты – Ансароллаға қысым көрсетіп, оны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2216-шы қарарының негіздері бойынша келіссөздерге қайтару. Өйткені, Қауіпсіздік кеңесінің №2216-шы қарарының маңызды баптарының бірінда Ансаролланы өз бақылауына алған аймақтардан шығарып, қаруын тапсыруы, сондай-ақ Мансур Хади үкіметінің  Йеменнің билік басына оралуы туралы айтылған. Бұл – 2015-ші жылы Йеменге қарсы соғысты бастаудағы негізгі мақсаттың өзі.

Келесі маңызды мәселе "Сауд Арабиясы  мен Біріккен Араб Әмірлігі шабуылының Йемен дағдарысы үшін қандай салдарлары болады?" деген сұраққа жауап беру болып табылады. Әл-Ходейдаға қарсы соғыстың ең маңызды жолдауы ретінде Йемендегі адами апаттың күшеюін атауға  болады. Йеменге кіретін тауардың 70 пайызы әл-Ходейда арқылы енгізіледі.  Йемен халқының төрттен үш пайызы азық-түлік көмектерін қажет етіп, 8 миллион йемендік аштықпен бетпе-бет келіп, тамақтарын қайдан табатындықтарын білмейтін жағдайда бұл елге қарсы соғыс  одан сайын күшеюде. Өйткені, кемелердің әл-Ходейдадан сау өту мүмкіндіктері төмендеді. Сондай-ақ, өткен жылы бір миллион адам тырысқақ ауруына шалдықты. Әл-Ходейда ең нашар тұрмысқа ие бес аймақтың қатарына кіреді.   Бұл соғыс жағдайды одан сайын қиындата түсуі мүмкін. Өйткені, шабуыл су арналарына  зиян келтіреді. Азық-түлік тапшылығымен бетпе-бет келіп отырған йемендік 400 000 баланың үштен бір бөлігі әл-Ходейда қаласында өмір сүреді. Сондықтан да Йемендегі БҰҰ қайраткерлерінің бірі бұл порттың қалай болса да босатылуы керектігін қуаттады. Әл-Ходейдаға қарсы соғыс үшінші аптаға ұласты. Негізінде Сауд Арабиясының тақ мұрагері жан-жақты шабуылдың қысқа уақытта әл-Ходейданың құлауы мен Ансаролланың бағынуына себеп болады деп ойлаған болатын. Бірақ, Мұхаммад бен Салман қателесті. Ансаралла бұл шабуылмен қарсыласып, тіпті Риядқа қарсы зымырандық шабуылдарын жалғастыруда. Ибрахим Дарвиш Лондонда шығатын "Әл-Құдс әл-Араби" газетіндегі мақаласында: "2015-ші жылдың наурыз айында Сауд Арабиясының  тақ мұрагері ханзада Мұхаммад бен Салман хусилерді Санадан шығарып, Мансур Хадиді қайтаруды сылтауратып, Йеменге қарсы соғыс бастады. Йеменге қарсы соғыстың жобалаушысы бірнеше аптаның ішінде өз мақсаттарына жетіп, соғысты аяқтаймын деп ойлады. Бірақ, бірнеше апталық соғыс ұзаққа созылды. Бүгін оның басталуынан бері 3 жылдан астам уақыт өтуде. Соғыс Сауд Арабиясы шекараларындағы қауіпсіздікті күшейтудің орнына Сауд Арабиясының өз қалалары зымырандық нысанға алынуда. Әл-Ходейда  шабуылы да қате есеппен жасалды. Коалиция күштері хусилер мен олардың одақтастарына соққы беріп, Санаға қарай бет алып, хусиліктердің мәселесін бірден шешеміз деп ойлады. Бірақ, бүгінгі жағдай хусилердің коалиция күштері ойлағандай бас имегенін, тіпті коалиция күштерін әл-Ходейда портының көшелерінде қақтығысқа шырмағанын көрсеті",- деп жазды. Сондықтан, әл-Ходейдаға қарсы соғыстың басталуының салдарларының бірі Сауд Арабиясы  мен одақтастарының Йеменге қарсы соғыста сәтсіздікке ұшырап, Риядқа қарсы қоқан-лоққылардың артуы болды.

Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігінің әл-Ходейдаға қарсы соғысының АҚШ пен кейбір еуропалық үкіметтердің қолдауымен басталғанына еш күмән тумайды. Францияның "Лю Фигаро" газетінің мәліметі бойынша, Францияның арнайы күштері де бұл соғыста эмираттық әскерилерге қолдау көрсетуде. Жақында Ансаролланың басшысы Абдолмалек әл-Хуси АҚШ пен сионистік режимнің бұл соғыстың демеушілері екенін жариялады. АҚШ Конгресінің демократтар өкілі Рухана Йеменге қарсы соғыстың жаңа кезеңін апат деп атап: "Трамп үкіметінің араласуы Йеменге қарсы соғыстың жаңа кезеңінде жақсы көрінеді",- деп мәлімдеді. Оның айтуынша, "Трамптың Ақ үйге кіруімен  Біріккен Араб Әмірлігі  мен Сауд Арабиясы  Йеменге қарсы шабуылдарын күшейту мүмкіндігіне ие болды. АҚШ армиясының бұл соғысқа қатысуы артып, «көк каскалар» күштері майданға аяқ басты".