Хақ сөз
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i38732-Хақ_сөз
Қажылық күндеріне арналған кезекті бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз. Ең игі джиһад жауыз, қанаушы билеушіге айтылған хақ сөз саналады.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Там 21, 2018 18:44 Asia/Almaty

Қажылық күндеріне арналған кезекті бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз. Ең игі джиһад жауыз, қанаушы билеушіге айтылған хақ сөз саналады.

Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймыз.

Бір күні Хаджаж ибн Юсуф Меккеде Қағбаның маңында отырған болатын. Кенет оған Тавус әл-Яманидің Меккеге келгені туралы хабар жетеді. Хаджаж Тавусты оған жолығып кетуге шақырады. Тавус Хаджажға барып, қасына отырып, екеуі әңгіме-дүкен құрады. Кенет, Хаджаж ләббейк айтып, Қағбаны айналып, тәуәп етіп жатқан ер кісіні көреді:

لَبَّیْکَ ألَّلهُمَّ لَبَّیْکَ, لَبَّیْکَ لا شَرِیکَ لَکَ لَبَّیْکَ. إنَّ الْحَمْدَ وَالنِّعْمَةَ لَکَ وَالْمُلْکَ لا شَرِیکَ لَکَ

«Аллаһым, мен сенің әміріңді орындауға келдім, сенің әміріңе бойсұндым. Сенің серігің жоқ, сенің әміріңді орындау – менің парызым. Күмәнсіз, барлық мадақ саған тән, жалпы иелік пен нығмет саған тиесілі. Сенің еш серігің жоқ».

Хаджаж: "Мына адамды менің алдыма шақырыңдар",- дейді. Әлгі адамды Хаджаждың алдына ертіп келгенде Хаджаж одан: "Сен кімсің?",- деп сұрайды. Сонда әлгі ер адам: "Мен мұсылманмын",- деп жауап береді. Хаджаж: "Мен сенің қай қаладан келгеніңді, қай тайпадан шыққаныңды сұрап тұрмын",- дейді.

Ол: "Йеменнен келдім",- деп жауап қайтарады. Хаджаж: "Йеменнің билеушісі бауырым Мұхаммадтың жағдайы қалай?",- деп сұрайды.

Ер адам: "Ол – жібектен тігілген киім мен атқа мінгенді жақсы көретін, ысырапшыл, нәпсіқұмар адам",- дейді.

Хаджаж ашуланып: "Мен оның билеуші ретіндегі мінез-құлқы мен басқару тәсілі жайлы сұрадым",- дейді.

Сонда әлгі адам: "Ол – қатыгез, халықтың қанын төгіп жатқан қанаушы. Ол Құдай жаратқан адамның бұйрығын тыңдағанымен өзінің Жаратушысына бағынбайды",- деп жауап береді.

Хаджаж ашуланып: "Оның менің бауырым екенін және қандай мансапты иеленіп, мен үшін қандай орынға ие екенін біле тұра, ол жайлы мұндай өрескел сөз айтуға қалай батылың барды?",- дейді. Сонда ер адам: "Оның сенің алдыңда алатын орны мен мансабы жоғары ма, әлде менің Құдайдың алдында алатын орным жоғары ма?

Мен Алланың үйін зиярат етуге келген, оның пайғамбарына иман келтірген адаммын",- дейді. Ер адам осылай деп, Хаджаждан рұқсат сұрамастан кетіп қалады.

Тавус Ямани әлгі ер адамның соңынан барып, оған: "Уа, қадірменді мырза! Сенімен жолдас әрі сұхбаттас болу өтінішімді қабылда",- деп сұрайды. Сонда әлгі ер адам: "Ей, Тавус! Мен халықтың діни мәселелер мен ахкамдар жайлы саған сауал қойып, сенің түрлі мәселелерге қатысты пәтуа шығаруыңды сұрағанын көрдім. Ал енді сен мына қасиетті мекенде ана жауыз адаммен сұхбаттасып отырдың",- дейді. Сонда Тавус: "Мені де мұнда сен секілді күштеп әкелді",- дейді.

Әлгі ер адам: "Сен Хаджажға халыққа зұлымдық жасамауға кеңес бере алмадың ба?",- дейді.

Сонда Тавус оған: "Осы ағаттығым үшін Құдайдан кешірім сұраймын. Мені өзіңнің досың сана",- дейді.

Ер адам: "Менің сырласатын өте қызғаншақ досым бар. Егер мен басқа адаммен сөйлесетін болсам, ол мені тастап кетеді",- деп бас тартады.

 

Алланың елшісінен (с.ғ.с): "Ең игі джиһад - жауыз, қанаушы билеушіге айтылған хақ сөз",- деген сөз қалған.