Халыққа қызмет ету (1)
Бұл бағдарламада имам Зейн ул-Абедин мен оның қажылар керуеніне көмегі туралы хикаяны ұсынамыз.
Алланың атымен бастаймыз!
Қажылық рәсімдерін орындау мақсатымен жолға шыққан мұсылмандар керуені Мединеге келіп жетті. Керуеншілер бірнеше күн бойы сол қалада қалып, шаршағандарын басып, тынығып алды. Аттарын демалтып алған соң Меккеге аттанды. Мединеден Мекке барар жолдағы үйлердің бірінен ер адам шығып, керуенге қарай жүрді. Керуеншілер оны танитын еді. Ер адам керуендегі адамдармен әр түрлі тақырыпта сөйлесті. Сөйлесіп тұрғанда керуен арасынан басқаларға бар ынтасымен шапшаң қызмет етіп жүрген адамды көрді. Ер адам оның жүзіне барлай қарады. Әлгі адамның жүзі нұрланып тұрған еді. Жүзінен ақ ниетті тақуа адам екені білініп тұрды. "Құдай-ау, мына керуеншілер не істеді?"-деп ойлады ішінен.
Ер адам керуеншілерге қарап: "Сіздерге қызмет етіп, жұмыстарыңызды істеп жүрген адамды танисыздар ма?"-деп сұрады. Олар: "Жоқ, оны танымаймыз. Бұл кісі біздің керуенге Медине қаласында қосылды. Қарапайым, тақуа адам. Біз одан бізге қызмет етуді сұрамадық. Оның өзі басқаларға көмектесуге ынталы",-деді. Ер адам оларға: "Әрине оны танымайсыздар. Егер танысаңыздар, мұндай құрметсіздік көрсетпес едіңіздер, оның сіздерге қызмет етуіне жол бермес едіңіздер",-деді. Керуеншілер: "Соншалықты ол кім еді?"-деп сұрағанда әлгі адам: "Ол – Хосейн бен Әлидің (ғ.) ұлы әрі Алла елшісінің (с.ғ.с.) ұрпағы. Ол Әли бен әл-Хосейн Зейн ул-Абедин",-деп жауап береді.
Адамдар орындарынан тұрып, ұялғандарынан асығыс хазірет Әли бен әл-Хосейннің (ғ.) алдына барды. Керуеншілер оған реніш білдіріп: "Сіз бізді ұялттыңыз. Неліктен өзіңізді таныстырмадыңыз? Білместіктен сізге құрметсіздік көрсетіп, Алланың алдында үлкен күнәға батуымыз мүмкін еді"-дейді. Әли бен әл-Хосейн (ғ.): "Мен әдейі сіздердің керуендеріңізді таңдап, сіздермен сапарлас болдым. Мені танитын керуенмен жолға шықсам, олар Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген құрметтен маған ілтипат білдіріп, маған сапарда қызмет еткізбейді. Сол себепті өзімді танымайтын жолаушыларды таңдағанды ұнатамын. Өзімді де таныстырмаймын. Сонда ғана достар мен жолаушыларға қызмет ету бақытына бөлене аламын",-деді.
Алла елшісі (с.ғ.с.): "Халыққа қатынасын түзейтін, оларға көмектесуден аянбайтын, зиянын тигізбеуге тырысатын адам бақытты",-деген.