Қарызды қайтару
Бүгінгі бағдарламада қарызды қайтару қажеттігі жайлы сөз қозғаймыз.
Алланың атымен бастаймыз!
Сайабенің ұлы Абдуррахман Куфада өмір сүріпті. Абдуррахман әкесінен ерте айрылған екен. Сайабе өмірден озған кезде ұлына мұра қалдырмапты. Әкеден айрылуы бір жағынан, жұмыссыздық екінші жағынан Абдуррахманның қам-қайғысын арттыра түседі. Ол енді не істерін білмейді. Өзі мен шешесінің қалай өмір сүруі керектігін білмепті. Бір күні тізесін құшақтап қайғырып, ойланып отырған кезде үйдің есігін біреу қағады. Есікті ашқанда әкесінің достарының бірі келгенін көреді. Ол Абдуррахманға әкесінің қайтыс болғанына орай көңіл айтады. Содан соң Абдуррахманнан: "Әрі қарай өміріңді жалғастыра алатындай әкең саған мал-мүлік қалдырды ма?"-деп сұрағанда Абдуррахман басын төмен салып: "Жоқ" деп жауап беріпті. Әлгі ер адам Абдуррахманның қолына бір қапшық беріп: "Мынау – мың дерхам. Ал да, ісіңді бастауға жұмса. Істен түскен табысты керегіңе жарат",-дейді. Ер адам осыны айтып, Абдуррахманмен қоштасып, кетіп қалады. Абдуррахман қуанып, шешесіне барады. Бір қапшық ақшаны шешесіне көрсетіп, болған жайтты баяндап береді.
Абдуррахман әкесінің досының кеңесіне құлақ асып, бір кәсіппен айналысады. Мүмкіндікті пайдаланып, тура сол күні әлгі ақшаға тауар сатып алып, дүкен ашып, саудамен айналысады. Аз уақыттың ішінде Абдуррахманның ісі оңға басады. Берілген қаржымен тұрмысының қаржысын қамтамасыз етіп, мол табыс тауыпты. Қаржы жағдайы тұрғысынан қажылыққа баруға шамасы жеткендіктен Алланың үйін зиярат етуге шешім қабылдайды. Сондықтан шешесіне барып, шешімін айтқанда анасы: "Ұлым, алдымен әкеңнің досына бар да, біздің өміріміздің берекесіне айналған саған қарызға берген мың дерхамын қайтар. Содан соң Меккеге бара бер",-дейді. Абдуррахман әлгі адамға барып, ішіне мың дерхам салынған қапшықты алдына қояды. Әлгі кісі қапшыққа қарап оның не екенін сұрайды. Абдуррахман: "Бұл – сен маған қарызға берген мың дерхам",-дейді. Әкесінің досы: "Егер мың дерхам сенің қиындығыңды шешуге көмектеспей, онымен кәсіп аша алмасаң, оған тағы ақша қосайын",-дегенде Абдуррахман: "Жоқ, бұл ақша аз болмады. Керісінше, өте берекелі болды. Мен онымен кәсіп ашып, Алланың мейірімімен қаражат жинап алдым. Енді бұл ақшаға зәру емеспін. Мен сізге үлкен рахметімді айтамын. Енді қажылыққа аттанайын деп жатқандықтан, сізге қарызымды өтейін деп келдім",-дейді. Әлгі адам қуанып, Абдуррахманға денсаулық тілейді.
Абдуррахман қажылыққа аттанады. Қажылық рәсімдерін орындап болған соң Мединеде шиіттердің алтыншы имамы хазірет Садыққа барады. Оның үйі адамға лық толы екен. Абдуррахман бәрінің артында отырып, кезек күтеді. Кісі аяғы саябырлаған кезде хазірет Садық (ғ.) Абдуррахманға меңзеп, оның өзіне шақырып: "Сіздің менде жұмысыңыз бар ма еді?"-деп сұрайды. Абдуррахман: "Куфалық Сайабенің ұлы Абдуррахманмын",-дейді. "Әкеңіздің жағдайы қалай?"-деп сұрағанда Абдуррахман: "Әкем бақилық болған",-деп жауап береді. Имам: "Құдай алдынан жарылқасын. Әкеңізден сіге мұра қалды ма?"-деп сұрайды. Абдуррахман: "Жоқ, одан маған ештеңе қалмады",-депті. "Онда қажылыққа қалай келдіңіз?"-деп сұрайды имам. Абдуррахман өзінің кедей әрі жұмыссыз болғанын, әкесінің досы көмектескенін айтып: "Мен сол кәсіптен түскен табыспен қажылыққа келдім",-дейді. Абдуррахманның сөзі осы жерге жеткенде хазірет Садық (ғ.): "Әкеңнің досының мың дерхамын не істедің?"-деп сұрайды. Абдуррахман: "Шешемің айтуымен қажылық сапарымнан бұрын қарызымды төледім",-дейді. Имам Садық: "Жарайсың! Әрдайым шыншыл бол. Дұрыс әрі шыншыл адам халықтың малына ортақ",-дейді.