Дұғаның орындалуы
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i38838-Дұғаның_орындалуы
Алланың үйіне аттанған шынайы зияратшылар Алланың сүйікті пендесіне айналып, Оның ілтипатына бөленеді. Олардың Алладан тілеген дұғалары қабыл болады.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Там 31, 2018 16:20 Asia/Almaty
  • Дұғаның орындалуы

Алланың үйіне аттанған шынайы зияратшылар Алланың сүйікті пендесіне айналып, Оның ілтипатына бөленеді. Олардың Алладан тілеген дұғалары қабыл болады.

Алланың атымен бастаймыз!

Бір жылы Басра халқының бір тобы қажылық рәсімдерін орындау үшін Меккеге аттаныпты. Меккеге жеткенде қала тұрғындарының қиындықта күн кешіп жатқанын көреді. Меккеде су тапшы екен. Ыстық ауа райы мен су тапшылығы Мекке халқын титықтатып жіберсе керек. Басра тұрғындарының бір тобы Қағбаны тәуәп етіп, Құдайдан бар ынталарымен Мекке халқына өз рақымымен жаңбыр жаудыруды сұрайды. Олар Құдайға қатты жалбарыныпты, бірақ дұғалары орындалмапты. Адамдар не істерлерін білмеген кезде бір жас жігіт Қағбаға келіп: "Алла Тағала кімді жақсы көрсе, соның дұғасын қабыл етеді",-депті. Жас жігіт осыны айтып, Қағбаның жанына барып, сәждеге жығылып, Құдаймен сырласып,  жалбарыныпты.

Жас жігіт сәжде еткен күйде дұға тілеп: "Уа, Ием! Маған деген достығың үшін мына халықтың шөлін жаңбырдың суымен қандыр",-дейді. Жігіттің дұғасы аяқталмай жатып, ауа райы өзгеріп кетеді. Аспанда бұлт пайда болып, жаңбыр жауа бастайды. Біртіндеп жауынның күшейгені соншалықты, су торсықтарды толтырып, сыртына төгіле бастапты. Жас жігіт сәждеден басын көтергенде халық одан: "Ей, жігіт! Алланың сені жақсы көретінін, сол себепті дұғаңды қабылдайтынын қайдан білдің?"-деп сұрапты. Жас жігіт: "Өйткені, Құдай мені өзіне шақырды. Мені жақсы көретінін білдім. Сондықтан Құдайдан маған деген достығы негізінде жаңбыр жауғызуды сұрадым. Мейірімді Алла менің дұғамды қабылдады",-дейді. Жігіт осыны айтып, кетіп қалыпты.

Басра тұрғындарының бірі: "Уа, Мекке халқы! Мына жігітті танисыңдар ма?"-деп сұрағанда халық: "Бұл – Исламның ұлық пайғамбарының ұрпағы Әли бен Хосейн (ғ.)",-депті.

Алла үйіне аттанған шынайы зияратшылар Алланың сүйікті пендесіне айналып, Оның ілтипатына бөленеді. Олардың Алладан тілеген дұғалары қабылданады.

Исламның ұлық пайғамбары: "Өзінің шақырылғанын сезіп, Қағбаға қараған әрбір адамның күнәсін Алла кешіріп, оның өміріне береке сыйлайды",-деген.

Сондай-ақ, Алла елшісі: "Қажылық немесе умра жасау ниетімен үйінен шыққан адамның ғамал кітабына қайтып оралғанға дейінгі қадамдарының санына сәйкес 1 миллион сауап жазылып, 1 миллион күнәсі жойылады. Ол Алланың қорғауында болады. Егер осы сапарда көз жұмса, Алла Тағала оны кешірілген күйде жұмаққа жібереді. Оның дұғасы қабылданады. Сондықтан оның дұғасынан құр қалмаңдар, өйткені Құдай дұғаны кері қайтармайды. Ол қиямет күні жүз мың адамға шапағат тілеу рұқсатына ие",-деді.