Нағыз қажы
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i38892-Нағыз_қажы
Қажылық күндеріне арналған бағдарламамызда нағыз қажы болудың шарттары жайлы сөз қозғаймыз.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Қыр 04, 2018 15:47 Asia/Almaty

Қажылық күндеріне арналған бағдарламамызда нағыз қажы болудың шарттары жайлы сөз қозғаймыз.

Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймыз.

Бір адам Алланың үйіне қажылық жасау үшін көптеген қиыншылықтарға шыдап, Меккеге келеді. Құдайға деген махаббаты мен Исламның Ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) қабіріне зиярат жасауға деген құштарлық оның қиындықтарға төзуін жеңілдеткен болатын. Ол қажылық ғамалдарын құлшыныспен орындап, ерекше мейірімді Құдайдан ғамалдарын қабылдауын шын жүрегімен тіледі. Ол қажылық рәсімдерін орындау үшін басқа қажылармен бірге Мина жазығына барады. Мина жазығында түнегенде түс көреді. Түсінде Құдай тарапынан екі періште түсіп, қажылыққа келген халықтың үстінен қарап тұр екен. Олардың ішінен кейбіреуін байқап, оларды нұсқап: "Мына адам – қажы",- дейді. Яғни, сол адамдардың жасаған қажылығы Алла тарапынан қабыл болғанын айтады. Сондай-ақ, кейбір адамдарды байқап, оларды көрсетіп: "Мына адам қажы емес",- деп айтып жатыр екен. Түсінің жалғасында әлгі екі періште түс көріп жатқан адамның үстінен келіп: "Мына адам қажы емес",- дейді.

Әлгі ер адам түсінен шошып оянады. Біраз уақыт айналысындағы адамдарға көз салады. Жүрегінде ауыр қайғы пайда болып, сабыр сақтап, Құдаймен сырласып: "Құдайым, осыншама қиындыққа шыдап, өзіңді көруге, өзің әмір еткен қажылықты орындауға келдім. Менің қажылығымның қабылданбауының себебі не?",- деп сұрайды. Ішінен ойланып, жасаған істері мен өткеніне ой жүгіртіп, Алланың рақымынан кенде қалатындай қандай іс жасағаны туралы ойланады. Қажылардың күнәлары кешіріледі, алайда кешіруге келмейтіндей ол қандай күнә жасады екен.

Мүмкін "хумсты", яғни табыстың бестен бір бөлігі мен зекет беруді толық орындамаған шығармын деп ойлап, перзенттеріне хат жазып, оларға: "Мен биыл Меккеде қаламын. Сендер менің барлық мал-мүлкімді есептеп, менің берілмей қалған, мойнымда қарыз болған зекет немесе "хумс" болса, соны төлеңдер",- деп жазады.

Хат балаларының қолына жеткен кезде олар әкесінің бұйрығын орындайды. Келесі жылы да әлгі ер адам қажылық рәсіміне қатысып, Мина жазығында түнегенде тағы түс көреді. Түсінде қажылардың үстінен бақылап тұрған екі періштені тағы көреді. Олар кейбірлеуді қажы деп атап, кейбіреуінің қажы еместігін айтады. Әлгі ер адамның үстіне келгенде тағы да оның қажылығының қабыл болмағанын айтады. Ер адам оянып, көңілін қайғы мен мұң басады. Ол жасаған қажылығының неліктен қабыл болмағанын түсінуі тиіс еді. Оның есіне үйі өте кішкентай кедей көршісі түседі. Қажылыққа келген адам үй салатын кезде көршісі оның үйіне де жарық түсуі үшін үйін үлкен етіп салмауды сұраған болатын. Алайда ол көршісінің сөзін елеместен көпқабатты үй салған болатын. Соны есіне алып әлгі ер адам: "Мүмкін, дәл осы ісім үшін Құдай қажылығымды қабылдамай отырған шығар",- деп ойлайды. 

Ер адам отбасына тағы бір хат жолдап: "Мен осы жылы да Меккеде қалатын болдым. Сендер әлгі көршімізбен сөйлесіп, одан үйін сатуды сұраңдар, егер сатуға келіспесе, оның үйіне күннің жарығы түсуі үшін үйімнің екі қабатын бұзыңдар",- деп жазады. Ер адамның отбасы көршіге барады. Бірақ, ол өз үйін сатқысы келмегендіктен, үйдің жоғарғы қабаттарын бұзуға тура келеді. Қажылықтың тағы бір маусымы келіп жетеді. Әлгі ер адам қайтадан Мина жазығына жетіп, сол жерде түнегенде дәл сол түсті қайта көреді. Алайда, бұл жолғы түсінің  алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда айырмашылығы болды. Екі періште ер адамның үстіне келген кезде бірнеше рет: "Мына ер адам – қажы; ол – қажы",- деп айтады.

Исламның Ұлық пайғамбары: "Құдай қиямет күні  екі адамға рақымшылық танытпайды, бірі – туған-туысымен байланысын үзген адам, екіншісі –көршісіне жамандық жасаған адам",- деген.